Азамат ӘБІЛДАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Біздің елдің негізгі экспорты мұнай мен газ және басқа да табиғи қазба байлықтарымыз ғой. Десек те, бұлардың қатарынан ауыл шаруашылығы саласын шығарып тастауға болмайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің болашағы зор. Президент те әркез ауыл шаруашылығына көңіл бөлу керектігін ерекше айтып жүр. Үкіметтің осы саланы дамытуға арналған кешенді бағдарламалары да бар. Демек, біз ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттарға тыйым салмауымыз керек. Экспортта табиғи байлықтардан кейін осы ауыл шаруашылығы өнімдері тұр. Қазір бізден бұл өнімдерді Қытай алып жатыр екен. Өз елімізде оны өңдеп, кәдеге асырып жатқандар мал шаруашылығымен айналысатындарды қанағаттандырып отырған жоқ. Сонымен қатар тері мен жүн экспортын тоқтату арқылы біз контрабанданы ауыздықтай алмаймыз. Контрабандамен күресті өзге тәсілдермен де жүргізуге болады. Ол үшін қолданыстағы заңның орындалуын қамтамасыз ету қажет.
Оразәлі СӘБДЕН, экономика ғылымының докторы:
– Тері мен жүнді экспорттауға тыйым салу дегеніміз – жай айтыла салынған, жеңіл дүние. Қытай арзан бағамен алады деп жатыр. Ал қымбат бағамен сатып алып, ауыл шаруашылығындағы азаматтарды жарылқайтын зауыттар қайда? Контрабандамен күресті желеу етіп, экспортқа тыйым салғанды өзім құптамаймын. Кезінде Жамбыл облысында тері мен жүн өңдейтін үлкен зауыт болатын. Қазір бұл сала кенжелеп тұр. Малдың еті ғана адал, жүні мен терісі арам болып, түкке керексіз болып қалды. Түрік ағайындардан үйренетін кез жетті ғой. Түркия қазір осы тері және жүн өнімдерімен бүкіл Еуропаны қамтамасыз етіп отыр. Ал біз ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүре бергіміз келеді. Жүн мен теріні кәсіп еткенше, мұнай мен газды сатқанды қалаймыз. Табиғи қазба байлықтар мәңгілік емес. Сондықтан стратегиялық шараларға көңіл аударуымыз керек. Мемлекеттен ақша бөлініп жатыр. Неге соны ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыт-фабрикалар салуға жұмсамасқа?! Экспортқа тыйым саламыз десек, шаруаларды жарылқайтын тері мен жүнді сатып алатын жергілікті зауыттар болуы қажет.
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы:
– Біріншіден, нарық заманында қандай да бір кіріс көзіне тыйым салу деген болмайды. Оның үстіне біз нарыққа жасалатын әкімшілік кедергілерді жоямыз дейміз. Екіншіден, ешқашан контрабанданы экспортқа тыйым салу арқылы жоя алмаймыз. Сондықтан бұл салаға шынайы көңіл бөлінуі қажет. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламада ауыл шаруашылығын дамыту туралы айтылды. Бізге жаңадан зауыттар салудың қажеті жоқ. Бұрын бізде тері мен жүн өңдейтін зауыт-фабрикалардан бастап, ауылдық деңгейде де арнайы цехтар болған. Сол тәжірибемен бәрін қайта қалпына келтіруді ойластыру керек. Егер мемлекет бұған көңіл бөлмесе, мал шаруашылығындағылар Қытай асып, контрабандалық жолмен жұмыстарын жүргізе береді. Жүн, тері дегендер не өртеуге келмейді, тастасаң, шіриді. Сондықтан Отанымызда өңдеуді қолға алуымыз шарт деп есептеймін.
Тері және жүнді экспорттауға уақытша тыйым салу арқылы контрабанданы тоқтата аламыз ба?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора