Нұрғали ӘЗІМБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданының әкімі:
– Әрине, қауіп төндіріп тұрған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек деп ойлаймын. Қар еріп, сай-саланы су басып қалғаннан кейін төтенше жағдай жариялау тым кеш болады. Егер қазірден бастап төтенше жағдай жарияланбаса, қажетті техникалар мен қосымша қаржыны керек кезінде ала алмаймыз. Биыл біздің өңірде бұрын-соңды болмаған қыс түсіп, қар көп жауды. Күн жылитын да уақыт алыс емес. Сондықтан қазірдің өзінде облыстық арнайы комиссия құрылып, нақты істермен айналысып жатыр. «Суға кеткен тал қармайдының» кебін кимес үшін ертерек қамданған жөн. Қазір біздің облыстағы қауіпті жерлерді аймақ басшысы мен төтенше жағдайлар жөніндегі министр аралап жүр. Өңірге қажетті техникалар мен қаржы бөлу мәселесі де шешіліп қалар деп ойлаймын.
Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Төтенше жағдайды жариялаудың өзінің тәртібі бар. Төтенше жағдай тұрғындардың өміріне қауіп төнген кезде, оларды қауіпсіз аймақтарға қоныстандыру күн тәртібіне шыққан уақытта ғана жариялануы керек. Сондықтан қазірден бастап төтенше жағдай жариялаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі қауіпті аймақтары бар облыстардың жергілікті әкімшіліктерінде қауіптердің алдын алатын жоспарлары, қосымша қаржылары және техникалары болады. Осы ресурстарды тиімді пайдаланып, уақытында жоспарды орындап отырса, кез келген қиындықты еңсеру мүмкін болады деп есептеймін.
Гүлшат ДӘУРЕНБЕКОВА, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Қауіпті аймақтардың барлығы жылдың қай мезгілі болмасын жергілікті атқарушы органдардың назарында болады. Сондықтан қаншалықты қауіпті екені сараланып отырады. Егер аса қауіпті жағдайлар орын алады деп болжанатын жерлер болса, онда төтенше жағдай жариялау дұрыс. Төтенше жағдай жөніндегі басқармалардың мамандары тұрғындарға алдын ала ескерту жұмыстарын жүргізіп отыруы шарт. Қазір республикалық деңгейде «Көктем 2010» атты оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде. Осының негізінде төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының барлық түрі қарастырылып жатыр. Мысалы, алдын ала төтенше жағдай жарияламасақ та, қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма мамандары су тасқыны, қар көшкіні болуы мүмкін жерлер туралы қала тұрғындарын үнемі құлақтандырып отырамыз.