Рамазан САРПЕКОВ, Мәжіліс депутаты:
–Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру – уақыт талабы. Елбасы мұны тегіннен-тегін айтып отырған жоқ. Өзінің жеке мүддесін қорғауы үшін, өмірге деген көзқарасының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін әркім қолданыстағы заңдардан хабардар болуы тиіс. Құқықтық сауаттылық әркімге әп дегеннен орныға салмайды. Ол үшін ең бірінші ынта керек. Бұл ретте жұртшылықты партаға отырғызып қойып, құқық сабағынан дәріс берудің қажеті жоқ шығар, алайда заңгерлік қызмет көрсететін орталықтар, жергілікті билік, Әділет басқармасының мамандары, құқық қорғау саласының қызметкерлері халыққа осы тараптан көмектесіп, құқықтық сауаттылықты арттыру төңірегінде кездесулер, конференциялар ұйымдастыруы тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекетті дамытуда бұқараның рөлін арттыра алатын боламыз. Халық әркімнің алдына жалынышты болып бара бермей, заңға сүйенетін дәрежеге жетуі керек.
Ғабиден ЖАЙЛИН, заңгер, «Әділет» демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
–Бұл ретте заң органдары мен БАҚ құралдары бірлесіп жұмыс жасауы қажет. Газет-журнал, теледидарларда құқықтық сауаттылықты арттыру төңірегінде заң саласы мамандарының пікірі жиі жариялануы тиіс. Бұл төңіректе жан-жақты үгіт-наихат жұмыстарын жүргізбей, нәтижеге қол жеткізу қиын. Елбасы қос палата депутаттарымен кездескенде қоғамдық тәртіп бұзушылықпен күресті төменнен бастауға шақырды. Шынында да, кішігірім бұзақылықты, тәртіпсіздікті анықтай отырып, оны жазалау, соған барынша мән беру зор қылмыстардың қатарын азайтады. Бұл әлемдік тәжірибеде солай. Сондықтан қоғамдық тәртіпсіздікті бұзғандар жазалануы тиіс. Сондай-ақ ол БАҚ құралдарында жарияланғаны жөн. Себебі қоқыс лақтырған адам ұсталмаса, жазаланбаса, қоғам ешқашан тәртіп бұзуын тоқтатпайды. Жазалау тәжірибесі қалыптасуы қажет. Шынында да, бізде халықтың құқықтық мәдениеті төмендеу. Сондықтан ол үшін құқықтық сауаттылықты арттыру жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын көптеп жүргізіп, жауапкершілікті арттырғанымыз жөн.
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаткер:
–Біз бұрын бұзақылықты, тәртіпсіздікті, жалпы заңсыздықты ағайын-туыс, ауыл ақсақалдары арқылы шешуші едік. Қазір сот арқылы шешетін болдық. Демек, өмірдің өзі халықтың құқықтық сауатын көтеруге алып келіп отыр. Яғни қажеттіліктен туындауда. Кезінде мен АҚШ-та көршінің, ағайынның бір-бірімен соттасқанын көріп таңғалушы едім, қазір біз де соған келдік. Бұл ретте біз ең бірінші, Ата Заңды халыққа жан-жақты түсіндіруіміз керек. Қазір көпшілік Конституцияның қай жылы қабылданғанын білмейді. Ондағы ережелерден бейхабар. Осының салдарынан кей жағдайларда басшының сөзі, әкімдердің бұйрықтары Конституцияның заңынан жоғары тұрады. Кейде «Ата Заңда былай деп жазылған, бұл мәселе осылай шешілу керек қой» десең, кейбіреулер «жоқ, әкімнің осындай шешімі бар, бастықтың былай деген бұйрығы бар» деп шыға келеді. Сондықтан Ата Заңды халыққа жан-жақты насихаттауымыз керек. Одан ешқандай бұйрық, шешім жоғары болмауы тиіс. Егер Конституцияға қайшы әрекет жасалды ма, онда қатаң жаза қолданғанымыз жөн. Өйткені қатаң жаза қолданылмай, алға жылжу болмайды.