Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
– Қазір көркем шығармаларда еңбек адамының бейнесін сомдамақ түгіл, олар жайлы жазудың өзі күлкілі сияқты көрінеді. Себебі Кеңес өкіметі тарағалы бері әдебиеттің алдына еңбек адамы жайлы жазу міндеті қойылған жоқ. Оның үстіне, қазіргі таңда адамдар да тап-тапқа бөлінбейді. Еңбек адамы болмаса партия қайраткері деген сияқты ұғымдар жоғалғалы қашан?! Ал әдеби шығармалар мен кино саласында болсын еңбек адамы жайында жазбаудың, түсірмеудің бірден-бір себебі – екі арадағы байланыстың үзілгені. Бұрынғының жазушылары ауыл-аймақтарды, зауыттарды,цехтарды аралап, еңбек адамдарының тыныс-тіршілігінен хабардар болған. Ал қазір қара металлургия болсын, Соколов-Сарыбайда болсын, ауыр индустрия болсын олардың маңына жолау мүмкін емес. Қоршалған қорғандардың сыртынан қайтамыз. Сол себепті қазіргі жазушылардың шығармаларындағы еңбек адамы ауылдың адамы сияқты. Солардың бейнесін суреттеп, бұрынғы өткендердің еңбегін жазумен шектеледі. Оның үстіне, қазіргі оқырманды еңбек адамы жайлы тақырып қызықтырмайды.
Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, мәдениет сарапшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
– Әдебиетті белгілі бір деңгейде қоғамдық өмірдің, қоғамдық идеалдардың айнасы десек, бүгінгі әдебиеттің басты объектісі еңбек адамы дей алмаймыз. Бұрынғы біртұтастық жойылып, қоғам әлеуметтік таптарға бөлініп кетті және бұл ретте таптық, топтық жіктелу қатты байқалады. Біздің қоғамда адал еңбектің қадірі қатты түскен. Әдебиетте еңбек адамы бейнеленбей қалған жоқ, бірақ көбіне жасампаз еңбек адамы емес, айналасындағы алаяқтық, арамдықпен күрескен, сондай-ақ көп қиындық, қиянат көрген адамдар көбірек бейнеленеді, яғни бүгінгі әдебиетте кейіпкерлердің әлеуметсізденуі басым. Зерттеу объектісі бүгінгі өмір, бүгінгі адам болып келетін повестер, әсіресе әңгімелерде бүгінгі өмір әр қырынан көрініс береді. Жаңарған ұрпақ, өзгерген, шираған психология, жаңа дүниетанымның орнығуы, Тәуелсіздіктің тәтті дәмі – бәрі бар. Бүгінгі көркем шығармаларда елінің, жерінің, ұрпағының бүгіні мен ертеңіне алаңдайтын кейіпкер мол. Бірақ олардың «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» болып жүргенін сирек көреміз. Еңбек басты құндылықтардың біріне айналған жағдайда олар қоғамды алға тартуға дайын қаһармандар. Демек, әдебиетте де еңбек адамын, жасампаздықты паш ету кезеңі енді басталатын сияқты.
Жаңабек ЖЕТІРУОВ, кинорежиссер:
– Қазіргі заманғы шығарманың қайсысында болсын еңбек адамының бейнесі мүлдем сомдалып жүрген жоқ. Мысалы, кино саласында бұл тақырып түбегейлі жоғалған. Кеңес өкіметінің тұсында «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөздер жиі айтылатын. Себебі еңбек басты назарда еді. Халықты да сол еңбек тәрбиелеген. Ал қазіргі жастардың түсіріп жатқан фильмдерінің басты тақырыптары – қалалық жастардың өмірі. Себебі қоғамды сол қызықтырады. Фильм дегеннің өзі де – халықты қызықтыру, еліктіру, тәрбиелеу деген сөз. Өкінішке қарай, еңбек және еңбек адамы тақырыптары қазір іш пыстырарлық тақырыптарға айналған. Оған қарағанда махаббат, түнгі өмір, қыз алып қашу, көңіл көтеру орындары жайлы түсіруді жөн көреді. Атыс-шабыс, алдау-арбау және сол бандалардың, қазіргі тілмен айтқанда, «мафиялардың» бастығын сомдау еңбек адамын сомдауға қарағанда тиімді болған. Осыдан алты жыл бұрын «Дүние жарық» деген фильмімді түсірдім. Еңбек адамының образы сол фильммен тоқтады.
Қазіргі көркем шығармаларда еңбек адамының бейнесі қалай сомдалып жүр?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора