Данияр СЕЙСЕНБАЕВ, журналист:
– Қазақ балаларының шет елдік мультфильмдердің қаһармандарына еліктеуі – жойқын ақпараттық экспансиясының жемісі. Біздің балаларымыз солардың киген киімдері, бүкіл символикаларын Қабанбайың-нан да, Бөгенбайыңнан да, Байғозы батырыңнан да жоғары қояды. Сондықтан эпостан келе жатқан бұрынғы Алпамыс секілді батырлардың образдары қазіргі балалардан байқалмайды. Оның үстіне біздегі бар мультфильмдердің өзі 21-ші ғасырдың талаптарына сай келмей тұр. Және оған талап қоятын да ешкім болмай тұр. Нақтырақ айтқанда, біздің мультфильмдердегі Алдар көсе болсын, Қаңбақ шал болсын сол баяғы 17-ші ғасырда тігіліп қойылған киіз үйді айналсоқтап шығар алмай жүргендей көрінеді маған. Сондықтан біздің киногерлер мультфильм кейіпкерлерін бүгінгінің көлігіне отырғызып, бүгінгінің үйіне кіргізулері керек. Сонда ғана балаларды баурап аламыз. Ал олай болмаған жағдайда балаларымыз өздері көріп үйренген шет елдік мультфильмдерін көргені көрген. Бұл мәселені тездетіп шеше алмасақ, шет елдік қатыгез мультфильмдерді көріп өскен ұрпақтан мейірім күту әбестік болар. Тағы бір айтарым, біз әр баланың бойына қазақтың алғыр екенін, жаужүрек, қайсар, әрі парасатты екенін сіңіріп отыруымыз керек. Сөзбен де, көрініспен де, іспен де.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Азаматты тәрбиелеу – мемлекеттің мойнындағы мәселе. Әр елде батырлық культін жасаудың өзіндік үрдістері бар. Яғни баланы балабақшаға барғаннан бастап, күнделікті көріп жүрген теледидарынан, оқып жатқан оқулықтарынан өзі еліктейтін қасиетті ұғымдар мен кейіпкерлердің образдарын қалыптастыру керек. Мысалы, ағылшындардың «Король Артур» деген үлкен эпостары бар. Сол туралы жылына бір кітап, бір мультфильм шығарады. Насихаты керемет! Мұны басқа елдерден ерекшелігін білу және тарихының қалай қалыптасқанын баланың тілімен түсінікті етіп жеткізу үшін жасайды. Ал бізде ше? Бір ғана «қазақ» сөзінің шығу тарихының 23-24 нұсқасы бар. Соның қайсы бірін балаға айтып жеткіземіз? Ресейде О.Шипокович, И.Муромец сынды кейіпкерлерін, үлкен ертегілерін 10-15 беттік кітапша етіп, айына бiр рет шығарады. Бізде ондайдың бірі де жоқ. Мысалы, біз Алпамысты ата-бабамыздан келе жатқан қадір-қасиеттің жиынтық образы деп түсінсек, онда талай нәрсені шешуге болар еді. Одан кейін Амангелдіден бастап, 37-жылғы, кеше болған Желтоқсан көтерілісіндегі, жалпы ұлт үшін күрескен барлық батырларды сөзсіз дәріптеу керек. Бұл көрінгеннің ермегі, ойыншығы емес, ұлттық батырымызды дәріптеуде де мемлекеттік саясат болуы керек!
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы АҚ «Анимациялық кино» шығармашылық бірлестігінің редакторы:
–Біздегі киноиндустрия нарығы дамымағандықтан шығарылған өнімдерді жасауға кеткен шығындарды жабу мүмкін болмай тұр. КСРО тұсында кино саласына кеткен шығын ірі қалалардан бөлек, ауылдар мен аудан орталықтарындағы кинотеатрлар арқылы қайтарылып алынатын. Ал қазір жағдай басқаша. Себебі, республика бойынша салынған кинотеатрлардың 80 пайызы Алматы, Астана, Қарағанды мен Шымкент секілді санаулы қалаларда ғана шоғырланған. Соған қарамастан қазақ аниматорлары қолдан келгендер жасап-ақ жатыр. Мысалы, соңғы жылдары қазақ аниматорларының қолынан шыққан «Ертөстік» мультфильмі сәтті шыққан жобалар қатарына жатқызылады. Ондағы кейіпкерлер сіз айтып отырған заманауи технологияның көмегімен ұялы телефонды да, адамды әп сәтте жоқ қылып жіберетін құрылғыларды да пайдаланады.
Мәселен, Голливудтың студиялары бір ғана толықметражды анимациялық фильмді жасауға 5 жыл уақыттарын жұмсайтын болса, ал біздегі студиялар «Ертөстікті» жасап шығаруға 3 жылын арнаған. Одан бөлек Голливудтың бір туындысына мыңнан аса адам жұмыс істейтін болса, ал еліміздегі анимациялық студиялар қызметкерлерінің саны отыздан аспайтынын ескеруіміз керек.