Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
– Жер – шаруалардың қажеттілігі үшін жұмыс істеуі қажет. Мемлекет қай уақытта болмасын жердің кәдеге асуы үшін жағдай жасауы тиіс. Ал бізде банктердің барлығы дерлік жекеменшік. Мұндай жағдайда банктердің өз мүддесін ойлайтыны белгілі. Алайда «дән болмаса, нан болмайтынын, нан болмаса ән де» болмайтынын олар түсінуі керек. Соны түсініп, шаруалармен екіжақты келісімге келуі тиіс. Жерді кәдеге асыруға бере отырып, өздерінің де шарттарын қоятындай мүмкіндік туғызу қажет. Заңдық тұрғыдан бәлкім банктердің әрекеті дұрыс та шығар. Алайда жерді пайдаланбай бос қаңтарып қойған да обал. Сондықтан «өгізді де өлтірмеудің, арбаны да сындырмаудың» бір амалын табу керек. Бұл мәселе туралы менің көзқарасым осындай.
Оразалы СӘБДЕН, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Жалпы елімізде қанша бос жатқан жер бар, ол кімнің қолында, ол жерлердің қаншасы кәдеге асуға жарайды, қаншасы ештеңеге жарамайды немесе іске аспай жатқандықтан тозып бара жатқаны жөнінде ақпарат жоқ. Осы мәселемен айналысатын мекемелер осыны анықтап, жариялап отырса жермен жұмыс істеу де оңайға түсер еді. Мәселен қазір қанша жердің банкте кепілдікте тұрғанын да ешкім білмейді. Негізі елімізде жерге қатысты шешілмей жатқан мәселе көп. Жекеменшіктің қолында немесе банктерде кепілде тұрған, игерусіз жатқан жерлердің барлығы мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Ал мемлекет олармен тиімді жұмыс істеу тәсілін табуы тиіс. Негізі елімізде жерге қатысты үлкен аудит жүргізілуі керек. Сол аудиттің негізінде жерді тиімді пайдалану жүйесін ойластыру қажет. Егер қажет болса, заң да қабылдап, жерге қатысты мәселелердің барлығын шешіп, қолда бар жерді сақтауды ойлауымыз керек.
Көпмахамбет ЕЛЕМЕСОВ, Қазақстан малшаруашылық қауымдастығының президенті:
– Бұл өте қиын мәселе. О баста жерді кепілге қоюға рұқсат бермеуіміз керек еді. Өйткені жерді үнемі жұмыс істету керек. Ал, егер бос жатса жерлер азып, тозып кетеді. Жерді тиімді игеру экономикамызға да тиімді әсер етер еді. Бұл жерде заңдық тұрғыдан банктердікі дұрыс. Алайда шаруалардың да мүддесі ескерілуі керек еді. Сондықтан бұл жерде біржақты пікір айту өте қиын. Бір кездері жерлердің оңды-солды таратылуы, банктерге кепілдікке де берілуі бүгінгі күні көптеген мәселе тудырып отыр. Сондықтан жерге қатысты мәселелерге мемлекет араласуы, тиімді шешу жолдары қарастыруы керек секілді. Мәселен банктерде кепілдікте тұрған жерлер қазір бостан бос жатыр. Бұл жердің тозуына әкеліп соғатын жағдай. Сондықтан бәрібір шаруалар мен банктерді келісімге келтіру қажет. Шаруа жерді пайдалану арқылы қарызын өтеуге, банк жерді пайдалануға беруге міндеттелеуі керек. Онсыз бұл мәселені шешу қиын.