Өмір жолы ел Тәуелсіздігімен өрілген тарихшы

Есейіп, ер жеткен соң әрбір адам өз болашағын айқындауға тырысады. Өмір жолымен өзектес мамандығын дұрыс таңдаған азамат қашанда ел үмітін ақтап, ел мерейіне бөленіп, ел азаматына айналары хақ. Өзім тарихшы болғандықтан да осынау мамандық саласында жүрген азаматтардың арасынан мамандығына лайық, көзге қуаныш азаматтарды бақылай да байқай жүремін. Болашақ өмір жолын тарих ілімімен табыстырып, келешегінің келісімді бағыт-бағдарын айқындай білген сондай азаматтардың бірі – қасымызда қанаттаса жүріп, ерінбес еңбек пен адами адамгершілік қасиеттерінің арқасында тұлғаға айналған Талғат Мекебаев. Талғаттың өмірі кеңестік Қазақстан дәуірінен басталып, Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жалғасын табуда. Осы жылдарда университеті мен еліне қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан тарихшының жеке өмірі тарихпен бітісе қайнасып жатыр.

Көп балалы отбасында тәрбиеленген Талғат – парасаттылықты ұлағат еткен ата-анасының екінші перзенті. Әкесі Құмарғали Мекебайұлы ұзақ жылдар партия қызмет­кері ретінде еліне сыйлы ел ағасы, анасы Асия ағайын-жұртқа қадірлі отанасы болған-ды.
Талғат 1980 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін ауылда бір жыл жұмыс істеп, Кеңес әскері қатарына алы­нады. 1982-1984 жылдары Солтүстік Кавказ әскери аймағында жауынгерлік борышын абыроймен атқарып, зенитті қондырғының атқышы ретінде әскери құрама басшылығы тарапынан бірнеше мәрте мақтау-мара­пат­тауларға ие бол­ған. Кішкентайдан туған жердің қадір-қа­сиетін біліп өскен, ол кезде кіші коман­дирлер құрамына кіретін сержант ше­нін­дегі Талғат: «Кавказдан Қазақстан­н­ың Ақтөбе облысындағы Ембі әскери полигоны аумағына келіп, жауын­герлік оқу-жаттығу жүргізуге келгенде туған жердің ауасын жұтып, суына шөлін қан­дырып, бір рақаттанып қалушы едік», – деп, бүгінде сол бір күндерді елжірей ес­­ке алады.
Әскерден кейін ел тарихының тереңі­не бойлау арманына айналған балаң жігіт жоғары оқу орнына бірден түсе алмаған соң, өзі сияқты басқа да қазақ жігіттерімен бірге Алматы үй құрылысы комбинатында жұмысқа орналасады. Әйтсе де «Жанайын деген бір шырақ жал­тылдап кетті ішімде» демекші, ауыл­дан үлкен арманмен аттан­ған, алған беті­нен қайтпайтын қайсар жігіт қиын­дыққа мойымай, болашағына нық сенім­мен қарап, екі жыл әскерде болған жылдарымен қосқанда, тек бес жылдан кейін ғана өзі қалаған оқу орнына табан тірейді. Кеудедегі арман алдамай, үміт ақта­лып, Талғат 1985 жылы қазір өзі қыз­­мет етіп отырған Әл-Фараби атында­ғы Қа­зақ ұлттық университетінің тарих, архео­логия және этнология факультетіне түсті. Сүйікті мамандығының қыр-сырын меңгере бастаған тұста КСРО-да үлкен өзгерістер басталып кеткен-ді.
КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшы­­лығына М.С. Горбачевтың келуі­мен Кеңестер Одағында реформалар жүргізіле бастады. Бұл реформалар кезеңі тарихта «қайта құру», «жариялы­лық» атымен қалды. Елдің демократия­лық жолға бет бұруы кезеңінде сту­денттер, әсіресе гуманитарлық маман­дық­­­тар­да оқитын студенттер белсенділік танытты. Талғат та өзімен қатар оқитын топтастарынан жасы­ның үлкендігі, өмір тәжірибесінің молырақ екендігі себепті қазақ салт-дәстүрін жаң­ғырту, ұлттың өзіне тән мәдени көздерін ашуға қатысты факультет, университет дең­гейіндегі іс-шараларды өткізуде көзге түсе бастады.
Ол жылдарда студенттердің өзін-өзі басқару жүйесі кең қолданыста болатын. Талғат та тәрбие мен тәртіп басы сана­латын «жедел комсомолдық жасақты» басқарды. Көпшілік бұл ұйымды орысша ОКД атымен біледі. Аталған бірлестікті құру, оған белсенді әрі тәжірибелі жігіт­терді жинау да үлкен жауапкершілікті қажет ететін. Көбіне әскер қатарында, соның ішінде Ауған со­ғысында болған, сондай-ақ саяси сауатты, спорт­пен айна­лысатын, өз факультеттерін­де беделді жігіттерден жасақталған бұл ұйым уни­верситетте, әсіресе ҚазМУ қала­шығында тұра­тын студенттердің тәртіп бұзбауын қада­ғалап отырды. Осы ұйымда болып, мол тәжірибе жинақ­таған сол кез­дегі көптеген жас жігіттер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мемлекеттік құ­рылымдарда қызмет атқаруда. Олардың қа­тарында мемлекет қайраткерлері, облыс­­тық, қалалық әкімшілік қызметкер­лері, құзырлы органның қызметкерлері, бизнесмендер мен елімізге танымал ғалым­дар бар.
Қарапайым адам ретінде Талғат адам­­гер­шілігі мол, досқа адал, кішіпейіл жан. Өзінің бүгінгі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі атқарып жатқан қызметіне сай университеттің Ардагерлер кеңесі төрағасы, 90-ды ең­серген тарихшы Ғаббас Жұбатовтан бас­тап, әлі де дәріс беріп жүрген про­фес­сор ағаларының мерейтойларын тасада қалдырмай, атап өтуге үнемі көңіл бөліп отырады. Бұл оның ұстаз алдындағы па­рызды биік ұстайтын парасатты азамат екенін танытса керек. Кезінде дәрістерін тыңдаған тарих факуль­тетіндегі ұстазда­ры ішінде өзім де бар, профессорлар Уа­хит Шалекенов, Серік Машимбаев, Ма­дияр Елеуов, Қуаныш Сүлей­менов, Қал­қаман Жұмағұлов, Әбдеш Төлебаев және басқалармен кәсіби дең­гейдегі қарым-қатынасын үзбей, үнемі назарын­да ұстай жүруі азаматтық белгісі деп ба­ғалаймын.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына тарих­шы көзімен қарайтын Талғаттың өзін­дік айтары бар. Тумысынан мақтану­ды суқаны сүймейтін, көп білсе де біл­меген сыңай танытатын, әрі бар нәрсені салмақ­тай отырып саралайтын адам ретінде біраз нәрсені жұртқа жариялай бермейтіні де бар. Өзімен бірге оқыған, бір бөлмеде тұрған достары, бүгінде әріптестері Берекет Кәрібаев пен Еділ Нояновтың айтуынша, «сол оқиға» бары­сында Жаңа алаңда болып, универ­си­тет студенттерін жазалау­шы әскери­лер­ден арашалауда, оларды қа­пас­тан босатып алуда еш аянып қалма­ған Талғат кейін түрлі жолдармен қудалан­ған студенттерді құтқарып қалуға да өз үлесін қосқан. Мұндай фактіні универси­теттің сол кездегі тәрбие жөніндегі про­рек­торының көмекшісі, артынан жалған айыппен түрмеге қамалған Қарабаев Шора есімді азаматымыз да растай алады. Университеттің партия, комсомол бас­шылары осы «Желтоқсан оқиғасы­нан» кейін студенттерді оқудан шығару, комсо­мол қатарынан қуу сияқты шара­лар­ды жүргізгенде де Талғат көптеген қазақ жастарын арашалап қалуға барын салып, талай азаматты тағдырдың тәл­кегінен аман алып қалды. Талғаттың азаматтығын айқындайтын бір қасиеті – мансапқорлық­тан алыс болуы. Ол қашан­да қиындықтан қашпай жүріп, шыңдалды. Соның бір белгісін Украина­дағы «Чернобыль оқи­ғасынан» кейінгі жылдардан да байқауға болады. Сту­дент­тік жылдары өзі сұранып, ком­сомол отряды құрамында екі жыл қатары­нан Чернобыльға іргелес Белорус­сия­ның Могилев облысы аумағында құ­рылыс жұмыстарында болып қайтқан Талғат бүгінде «сол жылдардың» денсау­­лығы­на әсерін сезініп жүрген жайы бар.
1988 жылы ол Кеңестер Одағындағы алғашқы демократиялық өзгерістер кезе­ңінде Халық депутаттары съезіне депутат сайлауға белсене атсалысты. Сонымен қатар Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановтардың Семей поли­гонын жабу және Аралды құтқару тура­лы «да­был қағуына» орай өзі сияқты бел­сен­ді жігіттер қатарынан табылып отыр­ды. Мұның бәрі оның азамат ре­тінде қа­лып­тасуына игі әсерін тигізгені шындық.
Талғат Құмарғалиұлы университеттің ІІІ курсын аяқтағаннан кейін сүйікті жары, сол кездегі тарих факультетінің студенті Айша Әбдіқайымовамен отба­сын құрып, өмірдің жаңа сатысына аяқ басты. Отба­сылы болу да Талғаттың университет­тегі белсенділік қызметіне қолбайлау бола қойған жоқ. Жарының дем беруімен қоғам­дық өмірге белсене араласты. 1990 жылы Қырғызстанда әйгілі «Ош оқи­ғасы» орын алды. Осыны пайдала­нып, ҚазМУ-дың философия және саясаттану факуль­тетінің 5-курс студенті Медет Құлжабаев пен тарих факультетінің 5-курс студенті Манарбек Садықов бас­та­ған, ішінде Талғат Мекебаев, Берекет Кәрібаев және т.б. 30-ға жуық қазақ жастары бар топ Әл-Фараби мен Навои көшелерінің қиылы­сынан жоғары орна­ласқан аймақта акция өткізіп, тұрғын үй салуға жер телімдерін бөліп алды. Бұл тарихи оқиғаның да себептері бар-тын. 1989 жылғы бүкілодақтық санақ бо­йынша Алматы қаласы тұрғындары ара­сында қазақ халқының үлесі бар-жоғы 15%-ды ғана құраған еді. Өз бола­шағын сол кездегі әсем астанамыз Ал­матымен байланыстырғысы келген Талғат жеке басына төнетін қауіпке қарамастан, атал­ған акцияға қатысады. Ол кезде Кеңес Одағы ыдырамаған, Ком­мунистік пар­тия­ның әлі де болса билік құрып тұрған кезі. Келешегіне балта шабуы мүмкін осындай әрекетке барған Талғат пен оның серік­тестерінің айы оңынан туып, жер мәселесі толық шешімін тапты.
1990 жылы Талғат Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетін үздік біті­ріп, өзі маманданған КСРО тарихы ка­федрасында жас маман ретінде қал­дырыл­ды. Жұмыс істеген кафедрасында қамқоршы ұстаздары профессорлар С.Қ. Жақыпбеков пен М.Қ. Қойгел­диев­тің жетек­шілігімен кандидаттық дис­серта­ция­­сын қорғап, 1996 жылы тарих ғы­лым­ы­ның кандидаты атанды. Ғылы­ми еңбек «Ресей импе­риясындағы 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкеріс­тері кезіндегі Қазақ­стандағы саяси жағ­дай­мен» бай­ланысты болғандықтан, та­ри­хи айналымға жаңа­дан енген тың де­ректермен жазылған кандидаттық диссертацияның тақырыбы бүгінгі күнге дейін Қазақстанның қазіргі заман тари­хына қатысты өзекті мәсе­лелер­дің қата­рынан табылады. Уни­верситеттің тарих, археология және этнология факуль­тетінің студенттеріне бірнеше жалпы курстар мен таңдау курс­тарын оқып жүрген Талғат өзінен дәріс алушыларға Қазақстан­ның жаңа заман тарихы бо­йынша жеке­ле­ген мәселе­лерді жаңаша көзқарастар­мен түсіндіріп келеді. Олар­­дың қатарында қазақ жерлерінің Ресей бодан­дығына өтуі, Ресей әкім­шілігінің Қазақстанда жүргізген әкімшілік ре­­­фор­­малары, отарлық езгіге қар­сы ұлт-азат­тық кө­те­рілістер қарасты­рылып отыр­ған кезеңдегі эко­номи­калық жағ­дай, ХХ ға­сырдың ба­сын­дағы Қазақ­стан­да­ғы қо­ғам­дық-саяси жағдай, ұлт зия­лы­ларының қазақ үшін жасаған игі істері және т.б. бар. Қарастырылып отыр­ған мәселелер кеңес дәуірінде идеология­лық тұрғыда бір жақты түсіндіріліп келсе, Талғат дәрістерінде қазақ халқының тарихы жаңаша көзқарас тұрғысынан қарас­тырылып, студенттерінің тарих ғы­лы­мын, қазақ тарихын сүйіп қана қой­май, отансүйгіштік сезімдерін беріктен­діріп, туған елді ардақтай білер азамат болып қалыптасуына игі әсер етуде. Талғаттың қазақ тарихын оқытудағы өзіндік көзқарас­тары авторларының бірі болып қатарынан табылатын «Қазақстан тарихы», «Қазақ­стан­ның жаңа және қазіргі заман тарихы» оқулықтарында, Фазыл Бейсенбаевпен бірге жазған «Тарихи жырлар» сияқты монография­сында және 100-ге жуық ғылыми мақа­лаларында көрініс тапқан.
Өз өмірін тарих ілімімен сабақтас­тырып, қызмет жолын педагог әрі ғалым ретінде бастаған Талғат алғашқы беттен-ақ фа­куль­тет­тің қоғамдық жұмыстарын­дағы іскер көшбасшылығымен көзге түсті. Оның іскерлігін байқаған уни­вер­ситет басшылы­ғы жас жігітті факультеттің сырт­тай оқу бөліміне декан қызметіне таға­йындады. Бұл қызметті абыроймен атқар­ған Талғат университет дең­гейіндегі түрлі әкімшілік қызметтеріне де тағайын­дала бастады. Ол ұзақ жылдар универси­теттің бірінші про­ректоры, есімі Қазақ­станнан тыс жерлерге танымал ғалым, профессор Зұлқайыр Ман­сұровтың көмекшісі, кеңесшісі қызметінде болды. Одан кейін бірінші проректор қызметіне келген, бүгінде Білім және ғылым ми­нистр­лігінің вице-министрі, профессор М.К. Орын­ханов­тың да кеңесшісі қызме­тін атқарды.
2011 жылы ректорлыққа тағайын­дал­­ған академик Ғ.М. Мұтанов та білікті де іскер қызметкер Талғат Мекебаевты университеттің «Парасат» кәсіп­одағы­ның төрағалығына тағайындады.
Мақала кейіпкері тізгінін ұстаған ҚазҰУ кәсіподағының тарихы да ерек­ше. Кеңес­тер Одағы ыдырағаннан кейін социалистік қоғамда еңбекші адамды әлеуметтік қорғауға арналған кәсіподақ ұйымдары да келмеске кетті. 90-жыл­дары қызметкер­лер­ді әлеуметтік жағы­нан қолдау былай тұрсын, дер кезінде жалақы төлеу де шешілмейтін мәселе­лер­дің қатарынан табылатын. Алайда Қа­зақ ұлттық универ­ситеті өз қызметкер­лерін далада қалдыр­мады. Бұрынғы кәсіп­одақ ұйымы қайта құрылып, қазіргі «Парасат» кәсіподақ ұйымы дүниеге келді. Студенттерге арналған «Сұңқар» кәсіподақ ұйымы да жаңаша жұмыс істей бастады. Ал бұл ұйымға Талғат Мекебаев төраға болғаннан бері жұмыс жандана түсті. Бүгінде универ­ситетте еңбек ететін профессор-оқыту­шылар құрамы мен қызметкерлер және студенттерді қос­қанда, 30 мыңға жуық адам кәсіподақ ұйы­мына мүше болып табылады. Осын­шама адамның әлеу­меттік жағынан қор­ға­луына университет ректоры Ғалым­қа­йыр Мұтанұлымен қатар Талғат Мекебаев та бар күш-жігерін жұмсап келеді.
Елімізде тұрғын үй құрылысы қар­қын­­ды жүріп жатқан кезеңде үлескер­лер­дің қаржысына салынатын құрылыс­тар да көптеп салына бастады. 2009 жы­лы ҚазҰУ-де де 117 университет қыз­мет­кер­ле­ріне арналған құрылыс ғи­марат­ы «Ақкент» қалашығында бой көрсе­те бастады. АҚШ-та бастау алған ипо­те­калық дағдарыстан кейін құрылыс­тың қарқыны бәсеңдеп қалған-ды. Өз ақшаларын құрылысқа салған уни­верси­тет үлескерлері бұл жағдайға қатты алаң­дады. Университет ректоры Ғалым­қа­йыр Мұтанұлының арала­суымен тұр­ғын­дары төрт жыл күткен бұл құрылыс нысаны да қол­дануға беріліп, универ­ситет басшылығы алғысқа ие болды. Әрине, бұл игі істің басы-қасында уни­верситет қызметкерлерінің қамын ойла­ған біздің Талғат та бар еді. Универ­ситет қыз­меткерлерінің мерейтойлары, қыз­мет­керлер мен олардың отбасы мү­ше­леріне, студенттерге арналған мереке­лік және спорттық іс-шаралар да «Пара­сат» кәсіподақ ұйымының қолдауынсыз өткен емес.
Талғаттың азаматтық іскерлік тұлға­сына қатысты айтылатын келесі бір мәселе – университеттің Қырғыз­стан­дағы Ыстықкөл маңындағы де­малыс орнының жұмысына қатысты. Мемлекет­тік деңгейде, кейін уни­верситет деңге­йінде жасалған келі­сімшарттардан кейін бұл демалыс орны да университет қыз­мет­кер­леріне қыз­мет көрсетіп келеді. Кә­сіпо­дақ ұйымының төрағасы ретінде Талғат Құмарғалиұлы осынау демалыс орнының университет қызметкерлерінің шын мәніндегі дема­лыс орнына айна­луы­на бар білігі мен іскерлігін жұмсауда. Қа­зіргі күні ректорат тарапынан осы дема­лыс орнының инфрақұрылымына қар­жы бөлуді, сол арқылы қызметкер­лер­­дің демалуына жағдай жасауды жақсарту жағы да қарастырылып жатыр. Студенттер мен қызметкерлердің жаз кезіндегі де­малыс жолдамаларының 50 пайыз төлемін уни­верситет өз мойнына алған. Маусым­ның ашылуы кезінде үш жүз адамға тегін жолдама берілсе, оның жартысы студент­тердің үлесінде. Тек биылдың өзінде ұлт­тық мерекеміз Наурыз мейрамында түрлі бай­қауларға қатысқан 50 университет қызметкері тегін жолдаманы иемденді. Бұдан тыс, жыл бойы сауықтыру орында­рын­да де­мал­ған қызметкерлер де алған жолда­масының 50 пайыз құнын универ­ситет есебінен өндіріп алады.
Осы жылдың мамыр айында Оңтүс­тік Кореядағы Сеул университетінің кәсіп­одақ ұйымы төрағасы Пак Джонг Сек біздің университетте болып, уни­вер­ситеттің «Парасат» кәсіподағы төр­ағасы Талғат Құмар­ғалиұлымен екі жақты мемо­ран­дум­ға қол қойып кетті. Әлемде «медициналық туризм» ор­талы­­ғына айнал­ған Оңтүстік Кореяның медицина­лық жетістіктері Израиль, Гер­ман Феде­ра­тивті елдері жетістіктерімен қатар тұрады. Алайда Корей еліндегі ем­делу бағасы олардан бірнеше есе арзан. Жоғарыда көрсетілген келісімге сәйкес ҚазҰУ университеті қызметкері Сеул университетінің емдеу ор­талығын­да 50 пайыздық жеңілдікпен емделе ала­ды. Міне, осындай игі істердің басы-қасында «Парасат» кәсіподақ ұйымы­­ның төраға­с­ы, тарихшы әріптесіміз Ме­ке­баев Талғат­тың жүруі біз үшін зор мақ­та­ныш.
Иә, бүгінде өмірдің біраз белесінен өтіп, адамдығы мен азаматтығын ұстап жүріп, ісіне ел сүйсінер тұлғаға айналған Талғат Құмарғалиұлының еңбекпен алар биіктері әлі алда. Азаматтық тұлға­сы айқындалған Талғат бауырыма қан­дай істе болсын тек табыстар тілеймін! Биіктерге самғар қанатың талмасын, әріптес бауырым!
Талас ОМАРБЕКОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста