Жақсылық Грек-рим күресінен Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің бозкілемдегі бейнеті мол жылдары туралы

Жақсылық Грек-рим күресінен Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің бозкілемдегі бейнеті мол жылдары туралы

Қазақ спортының тарихындағы маңдайы жарқыраған, елінің ыстық ықыласына бөленген спортшының бірі әрі бірегейі Жақсылық Үшкемпіров екені анық. Жалпы спорт дүниесінде Жақсылықтай табанды, сабырлы спортшылар сирек кездеседі. Жақсылық 1973-1980 жылдардағы КСРО чемпионаттарында қатарынан сегіз рет чемпион әрі жүлдегер болды. Бұл айтуға ғана оңай. Ол кезде Кеңес Одағының классикалық күрес (қазіргі грек-рим) шеберлері Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында көш тізгінін ешкімге бермейтін. КСРО чемпионатында бірінші орын алған балуанды айтпағанда, екінші, үшінші орынға ие болған спортшылардың өзі әлем чемпионы деңгейінде күресуші еді. Осындай ортада Үшкемпіров қазақтың намыс туын биік ұстай білді.

                                                                                                   Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі:

Ол Одақ бапкерлерінен көп қысастық көрді. 1975 жылы КСРО халықтарының спар­такиадасында жеңімпаз атанған Үшкемпіровті Кеңес құрамасының жаттық­тырушылары спорттық принцип бойынша сол жылғы Әлем, Еуропа чемпионатының біреуіне апаруға тиіс еді. Жақсылық сол жылы Кеңес Одағы құрамасы сапында халықаралық турнирлерге ғана барды. Қазақ балуаны 1978-1979 жылдары Одақ чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. 1978-1980 жылдардағы үш Одақ чемпио­натында Жақсылық бір ғана қарсыласына сәл ғана ұпай айырмашылығымен есе жіберіпті. Қалған белдесулердің бәрінде жеңіс біздің жігітке бұйырған екен. Бірін­шіліктің финалындағы  Үшкемпі­ров төре­ші­­лердің көпе-көрнеу әділетсіз­дігінен екінші орыннан аса алған жоқ. Ірі жарыс­тарда, оқу-жаттығу жиындарында Одақ­тағы не­гіз­гі қарсыластары Олимпиада ойын­дары мен Әлем, Еуропа чемпионат­тарында жүлде алған Шумаков, Зубков, Аникин, Нецветаев, Бозин секілді мықты­лар­ды ұтып жүрген Жақсылық Әлем чем­пио­натын былай қойғанда, қатарынан жеті жыл бойы Еуропа чемпионаты мен Әлем кубогы бәсекелерінен сырт қалды. Осын­дай жігіт­тің жігіті ғана шыдайтын сынаққа төтеп берген Үшкемпіровтің жолы 1980 жы­лы ғана ашылды.

 Жақсылықтың орнында басқа адам болса 1976 жылы Монреаль олимпиа­да­сына, 1977 жылы  Әлем чемпионатына қаты­сатын мүмкіндікті қалт жібермеуі мүм­кін еді. Бұлай деп отырғанымыздың себебі бар. 1976 жылдың басында екі бірдей ірі жа­рыс­та топ жарған Үшкемпіровтің Мон­реа­ль олимпиадасына бармайтыны белгілі бола­ды. Сол кезде Украина құрамасының жат­тықтырушылары Жақсылыққа «Киевке ауыс» деп қолқа салады. «Украина астана­сынан үш бөлмелі пәтер беріп, жалақыңды екі есе өсіреміз, олимпиадаға талассыз барасың» дейді украиналық мамандар. Жақсылық кәдімгідей толқиды. Бұл хабар құлағына тиген Семей облысы спортының басшысы, көпке сыйлы Қабыш Омаров Жақсылықты күрес залына іздеп келеді. Қабекең жаттығу соңында Үшкемпіровті қолынан жетектеп, айнаның алдына әкеліп: «Кімге ұқсайсың?» дейді. «Әжемнің бала­сы­мын, әжеме тартқанмын», дейді Жақсы­лық. «Жоқ, сен қай ұлтқа ұқсайсың?» дейді Қабыш аға табандап. «Қазақпын, аға...» «Қазақ болсаң, Киевте атаңның басы бар ма?» дейді Омаров қатуланып. Жақсылық жанарымен жер шұқып, үнсіз тұрып қала­ды. «Саған бүтін қазақ бауырым, ұлым деп үміт артып отыр. Сен кетсең, туған халқың­ның ақжарма көңілін аяқасты етесің. Сен ол жаққа сіңе алмайсың. Түбі елге орала­сың, сонда өз жұртыңа қай бетіңмен қа­рай­сың?! Есті жігіт аяқ астындағыны ғана көріп қоймай, келешегін қамдай білуі керек...» деп, Қабыш аға ел ағасына жара­са­тын түйінді сөзін айтады. Жақсылық елде қалады.
 Монреаль олимпиадасынан кейін кезекті бір жарыста Украина құрамасының бапкері Кондрат: «Бізге келгеніңде Олим­пиада чемпионы болатын едің. Енді не болды?» – дейді шын таланттың тұсалғаны­на налып. «Біз ақсақалдарды тыңдайтын халықпыз, – дейді Жақсылық. – Үлкендер рұқсат бермеді. Келесі Олимпиадада сол кісілердің сенімін ақтауым керек».
 Құдай аузына салған шығар, Жақсылық төрт жылдан кейін, 1980 жылы барша қазақтың атынан Мәскеу олимпиадасында белдесті. Бұл Олимпиадаға қатысу оңайға соққан жоқ. Ең әуелі КСРО чемпионатында Олимпиада жолдамасы үшін айқасты. Сол жылы ақпанның басында Мәскеуде болған чемпионаттың бірінші күні Жақсылық үш қарсыласын таза жығып, ресейлік Вылежа­нинді 22:0 есебімен тас-талқан қылады. Ертеңіне жартылай финалда Еуропа чем­пио­натының жүлдегері, қазандық Анато­лий Бозинді 11:1 есебімен еркін еңсерген Үшкемпіров финалда Одақтағы ең күшті балуандардың бірі, украиналық Виктор Савчукті 12:0 есебімен ойсырата жеңеді. Сөйтіп, біздің бауырымыз екінші рет Кеңес Одағының чемпионы атанады. Адамгерші­лік тұрғысынан және спорттық талап бойынша Мәскеу олимпиадасына Жақсы­лық Үшкемпіров талассыз қатысуы керек. Бірақ Кеңес Одағы құрамасының бапкер­лері Жақсылыққа «Олимпиадада сен күресесің» деуге асықпайды. Олимпиада және әлем чемпионы Алексей Шумаков екеуін сол жылы көктемде екі бірдей тур­нир­де сынап көреді. Жақсылық екі жарыс­тың да шешуші белдесуінде Шумаковтан басым түседі. Олимпиада жолдамасының иесі әлі белгісіз. Құрама жаттықтырушылары 48 келі салмақтағы Шумаков, Бозин, Сав­чук, Аникин, Казарашвили, Үшкемпіров арасында өзара бәсеке ұйымдастырып, Олимпиада жолдамасы үшін таласты қыз­дыра түседі. Жақсылық тағы да жеке-дара шығады. Жұрт осыдан кейін Үшкемпіровтің жолы ашылған шығар деп ойлайды. Жоқ, олай емес екен. Құрама бапкерлері әлі де үнсіз. Осындай жүйке әбден жұқарып, шыдам шегіне жеткен тұста Алексей Шума­ков бас бапкер бастаған жаттықтырушылар алқасының алдында әділін айтады. «Дәл қазір Үшкемпіров бәрімізден күшті. Жақсы­лыққа сенуге болады!» – дейді Шумаков. Бұл – нағыз жігіттің сөзі еді. Бірақ түйін әлі де шешілмейді. Қызуқанды грузиндер «Темо Казарашвили Олимпиадада күресуге лайық» деп, жан аямай іске кіріседі. Бап­кер­лер алқасы екеуін дауысқа салғанда 6:2 есебімен Темо басым түседі. Осы тұста іске Қазақстанның Орталық партия коми­теті араласады. Сөйтіп, Олимпиада жолда­масы Жақсылыққа бұйырады. Біз бұл оқиғаны жастарға үлгі болсын деп әдейі айтып отырмыз. Осындай әділетсіздік бел алып, маңдай терімен жеткен жеңісінің өзі саудаға салынған кезде Жақсылық өзін ба­рынша сабырлы ұстай білді. Бапкерлермен сөз таластырған жоқ. Командалас балуан­дарға ренжімеді. Ұзақ жыл бірге жүрген жігіттерге теріс қабақ танытқан жоқ. Осын­дай жайлы мінезінің, адамгершілігінің ар­қа­сында Жақсылық Кеңес Одағы құрама­сын­дағы сыйлы азаматтардың бірі бо­л­ды.
Үшкемпіровтің Мәскеу олимпиа­дасын­дағы бірінші қарсыласы – 1978-1979 жы­л­дардағы әлемнің екі мәрте чемпионы, Еуропаның бірнеше дүркін жеңімпазы, румын балуаны Константин Александру еді. 1978-1979 жылдардағы Еуропа чем­пионатының финалдарында Алексей Шумаковты бет қаратпай ұтқан Константин нағыз бабында болатын. Жақсылықтың жаттықтырушысы Вадим Псарев пен күні кеше ғана бозкілемде атой салған Олим­пиаданың екі, әлемнің бес мәрте чемпионы Валерий Резанцев кілемге өздері шығатын­дай толқып жүр. КСРО-ның ұлттық құрама­сына Олимпиада кезінде арнайы шақыр­тылған белгілі күрес маманы Қабден Бай­досов: «Александрудан сен жақсы күресесің. Ақылың мен сабырыңды тең ұстасаң, ұтасың» деп, Жақсылықты қайрап қойды. Қабден Байдосовтың сөзінің жаны бар. Бұдан бір жыл бұрын Жақсылық Ал­ма­тыдағы Сұлтан Баймағанбетов атындағы бәсекеде талай жыл ешкімнен жеңілмеген Константинді жер соқтырған еді.

Енді, міне, екеуі екі елдің атынан кілем­ге шықты. Сырт көзге Олимпиада ойында­рындағы көп белдесудің бірі ғана. Әйтсе де екі балуанның ішкі дүниесіндегі арпалысты тілмен жеткізу мүмкін емес. Екеуі де бұл Олимпиадаға барын салып дайындалды. Константиннің атақ-даңқы бір басына жетіп-артылады, оған жетпей тұрғаны тек Олимпиада алтыны ғана, ал Жақсылықтың иығындағы жүк мың батпан. Осы сәтті табаны күректей жеті жыл күтті. Ал табиғатынан батыр әрі балуан қазақ халқы үшін бұл жекпе-жектің бағасы тіпті бөлек. Жақсылық қазақ балуандарынан бірінші болып Олимпиада кілемінде бел­дескелі тұр. Алаш жұртының Олимпиада кілеміндегі – тұңғыш үміті, көшбасшы батыры. Бүтін бір ұлттың аманатын арқалау оңай ма?! Осыны жан-жүрегімен сезінген Жақсылық арыстанша айқасты. Қай жеңіл­гені алтыннан күдер үзетінін түйсінген екеу­дің айқасы қалың жанкүйердің көңілі­нен шықты. Үшкемпіров Александрудан 6:2 есебімен басым түсті. Кейінгі үш жылда Жақсылықтан басқа жан баласынан жығылмаған Константин Александру біз үшін мерейлі сәтте қандай көңіл күйде болды екен? Ал Үшкемпіров болса, дем алатын бөлмеге тәлтіректеп зорға жетеді. Жүз келі темір көтергенде сыр бермейтін тізесі дірілдеп, екі қолы жансызданғандай болып, кереуетке құлай кетеді. Қабден Байдосов Жақсылықты қызғыштай қорып: «Тиіспеңдер, екі-үш сағатта қалпына келе­ді», – деп шыр-пыр болады. Тіпті дәрігер­лердің өзін қасына жолатпайды. Жақсы­лықтың өзінің айтуынша, мұндай жағдай оның басында бұрын-соңды болмаған екен. Осы оқиғадан-ақ Александрудың қандай мықты болғанын, Олимпиаданың тұсаукесті бәсекесінің Жақсылыққа қанша­лықты ауыр соққанын біле беріңіз.
Тура үш сағаттан кейін Жақсылық есін жияды. Қабден ағасы жарты кесе қымыз ішкізгенде Жақсылықтың көзі шарадай жанады. «Бұдан артық сұрасаң да бермей­мін», – дейді Байдосов балуанды арқасы­нан қағып.
 Негізгі қарсыласын сан соқтырған Үш­кемпіров әрі қарай қамшы салдырған жоқ. Еуропа чемпионы, поляк Роман Керпачты, Венгрия чемпионы Ференц Шерешті, әлем чемпионатының қола жүлдегері, болгар балуаны Павел Христовты бірінен соң бірін ұтып, Олимпиаданың алтын тұғырына табан тіреді. Сол бір мерейлі сәтте көзіне жас алмаған қазақ кемде-кем шығар. Осы Олимпиадада қазақтың тағы бір балуан ұлы, Жақсылықтың үзеңгілес досы Шәміл Серіков те алтын жүлдеге қол жеткізді. Біз бұл тарихты жайдан-жай қозғап отырған жоқпыз. Мәскеу олимпиадасына Қазақ­стан­ның классикалық күрес балуандарының атынан Жақсылық, Шәміл және Анатолий Быков қатысты. Алғашқы екеуі Олимпиада чемпионы атанса, Быков күміс медальды жеңіп алды.
Үш балуанның ешқайсысы елге жүлде­сіз қайтқан жоқ. Бұл дегеніңіз, аталған үш жігіттің әлемдік деңгейдегі мықты спортшы болғандығын дәлелдейді. Сонымен бірге Вадим Псарев бастаған бапкерлердің балуан баптаудағы биік өресі мен тиянақты еңбегінің, терең ізденісінің жемісі. Тәуел­сіздік алғаннан бері балуандарымыз төрт жазғы Олимпиадаға қатысты. Солардың ішінен Юрий Мельниченко ғана Олимпиа­да шыңына жетті. Қалған жігіттерге Жақ­сылықтың табандылығы мен еңбекқор­лығы, Шәмілдің бойындағы ғажап ше­бер­лік пен өр мінез жетіспеді.
 Жақсылық пен Шәміл бір барғанда-ақ Олимпиада тұғырына көтерілсе, кейінгі жастардың ішінде екі Олимпиададан бос қайтқандары бар. Үшкемпіров келесі, 1981 жылы Әлем чемпионатында алғаш рет бақ сынап, алтын медальға ие болды. 1982 жылы Әлем кубогы сынында топ жарды. Яғни 1980-1982 жылдарда Кеңес Одағы құрамасы сапындағы ресми жарыс­тарда тек жеңіс биігінен көрінді. Яғни, жеті жыл армандаған мүмкіндікті қолы жеткен сәтте қапы жібермей пайдаланды. Бұл – кәсіби деңгейі өте биік, жан-жақты шыңдалған спортшының ғана қолынан келетін ерлік.
 КСРО құрамасында болған он жылда Үшкемпіров кросс жүгіруде, тауға шығуда, белдемеге (турник) тартылуда үнемі үздік­тер қатарынан табылыпты. Ал су астында демін ішіне тартып отыруда Одақ құрама­сында Жақсылықтың алдына ешкім түсіп көрмепті. Үшкемпіров су астында дем ал­май төрт минутқа дейін шыдайды екен. Бұл оның өкпесінің күшті екенін білдіреді.

Қазір Жақсылық – мықты кәсіп­кер. Алматы облысының Балқаш, Ұзынағаш аудандарында үйір-үйір жылқы, табын-табын ірі қара ұстай­ды. Екі мал шаруашы­лығы, мыңдаған гектар жайылымы, басқа да тірліктері сәтімен дөңгеленіп жатыр. Жақсылық елуден астам адамға жұмыс тауып беріп отыр. Үшкемпіровтің ендігі арманы – сиыр тұқымын асылдан­дырып, қазақтың мал шаруашылы­ғы­ның өркен­деуіне өз үлесін қосу.
 Жақсылық қашан көрсең де жайдары, қарапайым, сабырлы қалпынан айнымай­ды. Кеудесін көтермейді. Қазір де күрес десе, ішкен асын жерге қояды. Балуан інілері оқу-жаттығу жиынына жиналғанда бір малын арнайы сойып, етімен бірге балуандар­дың қант-шайын арқалап, Жақ­сылық ағалары жетеді. Біле білген адамға осының өзі – өнеге. Біз осы мақаланы жас­тар Жақсы­лықтың жақсы жағын біле түссе, атақты балуанды үлгі тұтса деп, әдейі жаздық. 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста