Шоқан шындығы неде?

Шоқан шындығы неде?

Қазақтың жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановтың туғанына осы қарашада 175 жыл толды. Ойлап отырсақ, ол отызға толар-толмас жасында дүниеден өтіпті. Бірақ күрмеуге келместей сол қысқа ғұмырында қаншама еңбек етті, қаншама тау-тасты басып, қаншама елдің, жердің дәмін татты, өлмес, өшпес бағалы мұра қалдырды. Ал біз ұлтымыздың ұлы перзентін ұлықтай алдық па? Өмірінің ширек бөлігін  шоқантануға арнаған Әлкей Марғұландай марқасқа ғалымның бұл саладағы соқпағы неге жалғасын таппай қалды? Әлде Шоқан туралы шынайы сөз толығымен айтылып болды ма? 
Бір анығы, Шоқандай күрделі тұлғаны танып-білуде соңғы уақыттары бірқатар тосын пікірлер мен тұжырымдарға жол беріліп жүр. Соның бірі  «Шоқан Уәли­ха­нов исламның, ашығын айтқанда, жалпы ислам­дандырудың  ымырасыз қар­сыласы болған. Оның бұл дінге көзқарасы Лев Толс­тойдың православиеге деген қарым-қа­тынасына ұқсас» (Тәңір­берген Бер­доң­ғаров, «Духовный вызов Чокана Ва­ли­ха­нова») дегенге саяды. Енді бір мезетте бұл пі­кірдің әдеби кейіпкерлер аузымен де ай­тылғанын байқаймыз. Мысалы:
«Шоқан Уәлиханов па, әлде Ыбырай Алтынсарин ба, есімде жоқ, әйтеуір, со­лар­­дың біреуі айтқан екен «маған қазақ­тың қа­раңғы құдайынан гөрі орыстың көзі ашық құдайы артық» деп. Вот, міне, нағыз данышпандық!» деп әйелі сұқ саусағын көтерді.
– Ыбырай ондай сөзді айтса, «Бір Аллаға сиынып, кел, балалар, оқылық!» деп өлең жазбас еді ғой.
– Онда Чокан Валиханович айтқан бо­лар. Мен саған басында сказал, кімнің айт­қаны есімде жоқ деп. Дело не в этом. Дело в том, что осындай сөздің айты­л­ға­нында. Кімнің аузымен болса да. Және де осы сөз­дің ақиқаттығында». («Саналы сатқын», Дар­хан Бейсенбекұлы).
Сонымен қатар баспасөз беттерінде соңғы кездері жарияланып жүрген мақа­ла­лардан Шоқанның офицерлік қыз­ме­тіне, орыс достарымен қарым-қа­тынасына, тіпті өліміне қатысты да бірқатар түйінді мәселелердің шеті қыл­тиятыны рас. Осы жайттар жөнінде ойлана келе, біз көрнекті ғалымдар мен зиялы азаматтар пікірін жа­риялағанды жөн көрдік.

Тұрсын ҒАБИТОВ, философия ғылымының докторы, профессор:
Ол әр уақытта бірінші орынға қазақты қойған

Қазіргі Қазақстанның рухани әлемінде жиі талқыланатын нәрсе – Шоқан Уә­лихановтың сенім-нанымы, әсіресе, ислам дініне көзқарасы. Бұл туралы бас­па­сөз беттерінде, ғылыми әде­биет­терде бір-біріне кереғар пікірлер айтылады. Мы­салы, Мұстафа Бұлұтай және менің пі­кі­рімше, вахаббистік ұстанымдағы діндарлар Шоқан Уәли­ханов жөнінде «жалпы дінге қарсы, орыс офицері, исламды қудалауды жақта­ған ғалым» деген пікір айтады. Екінші, ке­ңес­тік ойлау жүйесі не­гізін­де тәрбиелен­гендер Шоқан Уәлихановқа атеист, яғни еркін ойлаудың, дінді бекерге шы­ғару­дың өкілі ретінде қарайды. Басқа болжамдар қарама-қарсы осы екі пікірдің айналасында тоғысады. Мен өзім Шоқан Уәлиханов еңбектері­мен көп айналыстым. «Қазақ хал­қының филосо­фиялық мұрасының» 10-томы, негізінен, Шоқан Уәлихановтың көзқарастарына арналған. Шоқан­ның дін­ге қатынасы, мысалы, «Сахарадағы мұсыл­мандық туралы», «Тәңірі Құдай», «Қазақ­тар­дағы шамандықтың белгілері» т.б. сүйенер болсақ, мынадай пікір айтуға болады: біріншіден, Шоқан Уәлиханов – отызға тол­май жатып бұл дүниеден өтіп кеткен жас адам. Сондықтан да ол дін туралы классикалық пікірлерге бармаған. Екіншіден, менің ойымша, Шоқан Уәлиха­нов­тың дінге көзқарасы қазақ халқының мүдделерінен, рухани мәдениетінен туын­дайды. Ол бірде-бір еңбегінде исламнан бас тартып, христиандықты қолдауға ша­қыр­ған жоқ. Керісінше, «Жоңғария очерк­тері» сияқты бірқатар шығарма­ларын­да «Сібір түркі халықтарының христиандықты қа­был­дауы олардың рухани азғындауына әкелді» деген пікір айтады. Яғни бұл кезең­нің де теріс жақтарын көре білген. Жалпы алғанда, Шоқан Уәлиханов еш жерде атеистік пікір айтпаған. Халықтың дәстүрлі сенім-нанымдарын саралай келіп, тәңір­шіл­дік, шамандық туралы айтқанын түсін­беген жұрт «Шоқан тәңіршілдікті қолдады» деп шатасады. Бұл – өте қате түсінік, ғалым еңбектерін жете білмегендік. Мысалы, Шоқан өзінің «Қазақтағы шамандықтың белгілері» де­ген еңбегінде: «Бақсылық, бір жағынан алғанда, сиқырға, алдауға негіз­дел­ген. Бақсылардың ішін­де шынайы, на­ғыз бақсылар кездескенімен, кейде шар­латандар да болады», – дейді. Яғни ол дінді нақтылы қарастырады. Біз коммунистік рухта тәрбиеленгендіктен, кез келген нәр­се­ні міндетті түрде қарама-қарсы қоюға тырыса­мыз.
Шоқан өзінің бір еңбектерінде: «Мен әр уақыт­та бірінші орынға қазақты қоямын, екінші кезекте Ресейге жаным ашиды, үшін­ші кезекте ада­мзаттың мүддесін қорғаймын», – деген сыңайлас пікір айтқан. Былайша айтқанда, Шоқан – ең әуелі, өз ұлтының патриоты. Дінге байланысты пікір­лерінде оның қазақ халқын ағартуға, мәдениетіне игі ықпал етуге тырысқаны аңғарылады.   

Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Бізде шоқантанудың тікелей соңында жүрген адам жоқ

Негізі, Шоқанның ислам діні, молдалар туралы айтқандары жақсы нәрсе емес екені рас. Мен бұл жердегі әңгіме ша­ла ислам, шала молдалар туралы болуы ке­рек деп ойлаймын. Ғалымның ислам жөніндегі көзқарасы әлі де зерттелуі, тексерілуі тиіс. Бізде оның көптеген еңбегінің түпнұсқасы жоқ, тек көшірмесі бар. Бұл ретте, империя идеологтері мен хрис­тиан миссионерлері Шоқанның қолжаз­баларына өз мүдделеріне орай түзетулер енгізіп, басқа ой-пікірлерді қосып жіберуі мүмкін. Мысалы, дерек­та­нуда текстоло­гиялық зерттеу деген болады. Осы тұрғы­дан алғанда, ол Шоқанның қолы ма, Шоқан­ның қолы емес пе – бұл жағы әлі зерттелмей жүр. Бір жаз­баларға қарағанда, Потанин сияқты доста­рының  «Орыстың қызына неге үйленіп алмай­сың?» деген сөзіне орай, Шоқан: «Мен өз халқыма қызмет етуге тиіспін. Ол үшін мұсылман болып қалуым керек», – деген көрінеді. Со­ған қарағанда, оның бұл орайдағы көзқа­расы қайшы­лықты сияқ­ты.
Жалпы, Шоқанның басты тұжырымы «ха­лық­ты ағарту керек, батыс мәдениетіне қарай жетелеу керек, қазақ ғылым-білімге жетуі тиіс. Артта қалушылығының себебі – халықтың оқымағандығында» дегенге саяды және осы орайда исламға «ағарту ісіне кедергі келтіреді» деп қарайды. Бұл жерде ол таза дінге емес, үстем таптың сойылын соғып, сөзін сөйлеп жүрген дін өкілдеріне наразы болған тәрізді. Өйткені қазақ даласында отарлық үстемдікті орнатуда патша өкіметінің хан, сұлтан­дармен қатар, қожа, молдаларға да арқа сүйегені белгілі. Осыдан барып Шоқанды «атеист», «орысшыл» деп айып­тауға жол берілген.
Шоқанды «орысшыл» дегеннің өзі де – жаңсақ айтылған сөз. Шындығында, өмірінің соңына қарай ол неғұрлым батыс­қа мойын бұрған. Жастайынан француз, ағылшын әде­бие­тін оқыған Шоқанның орысшылдық дең­гейде қалып қоюы мүм­кін емес еді. Ал «Қазақ­тың болашағы Ре­сей­мен байланысты» дегенде, ол барлаушы ретінде сөйлейді. Олай демесе, қызметінде қалуы неғайбыл болатын. Мұны бір Шоқан емес, сол кездегі барлық ғалым айтуға мәжбүр болған. Себебі мейлі қазақтың, мейлі басқаның болсын, Ресейдің ықпалы­нан шығып кеткенін отарлаушы топ қаламаған. 
Жалпы, Шоқанды «шоқынған» деу­ші­лер оның Ресейге қызмет еткенін, барлау­шы­лық жұмыста болғанын айтады деп ой­лаймын. Бірақ бәрібір ол ең бірінші кезекке ұлтының мүддесін қойған. Сол себепті Шоқан ақырында Черняев жасағынан да ке­теді. Әскери адам ретінде бұл әрекеті үшін ол, негізі, сотталуы керек болатын. Бірақ бұрынғы еңбектері ескерілгендіктен болар, соңына түсіп, қудалаған ешкім болмайды. 
Сол сияқты Ы.Алтынсаринді де «шо­қынған» деп айтады. Мен осы туралы Қа­заннан деректер іздестіріп көріп едім, еш­теңе таба алмадым. Бірақ кейбір де­рек­тер соған меңзейді. Мысалы, сол кезде шо­қынған адамдар басқа діндегі немесе өзі­нің бұрынғы дініндегі адамға үйлену үшін арнайы рұқсат алатын болған.  Ыбы­райдың сондай өтініш жазып сұрауына қа­ра­ғанда шоқынған сияқты. Бұл Ильмин­ский­дің жаз­баларында кездеседі. Бірақ Ыбырайдың кейіннен одан бас тартып, өлерінің алдында жаназасын мұсылман дәстүрімен, онда да 99 молдаға шығарту туралы өсиет айтқаны бар.
Негізі, Шоқан – өте күрделі тұлға. Оған нүкте қою әлі ерте. Өкінішке қарай, бізде шоқантанудың тікелей соңында жүрген адам жоқ. Дегенмен Шығыстану институты алдағы 180 жылдығына орай Шоқанның түпнұсқа еңбектерін шығару жөнінде тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал соңғы шыққан 6 томдық 1985 жылғы нұсқадан аударылған. Бірақ ол нұсқаның өзі кезінде күлдібадамдау болып шыққан болатын.  
Едіге УӘЛИХАНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жаңа замандағы Қазақстан тарихы бөлімінің бөлім меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты:
Оның деңгейі тыңшылықтан әлдеқайда жоғары болды

Кеңес заманында Шоқан Уәлиханов туралы «дінге қарсы болған» деген мәселе үнемі қойылып тұрған. Бірақ Шоқан ақ пат­шаға қызмет еткен ресми дінді әш­ке­ре­леген. Оның себебі де бар. 1785 жылдан бастап Ресей империясында правосла­вие­ден басқа діндерге жеңілдіктер берілген еді. Бірақ, негізінде, ол жеңілдік емес, сол діндерді патша өкіметіне бағындыру, соның мүддесіне қызмет етуге мәжбүрлеу болатын. Соған байланысты арнайы ру­хани басқарма жасақ­талып, сол басқарма қазақ даласына ылғи да ресми молдаларды жіберіп тұрған. Мұны қазақтарды шеттету, бодандықтан шығармау есебінде түсінген Шоқан сол ресми дінге қарсы болған. Бі­рақ өзін мұсылман деп есеп­теген.
Ресми молдалар діннің атын жамылып, қа­зақ елінің дәстүрлі наным-сеніміне қар­сы шыққан. Мысалы, біз аруақтарға да се­неміз, дінді де қабылдаймыз. Ал ресми ис­лам бойынша аруақтарға сенуге бол­май­ды. Сол себепті де Шоқан қазақтың ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрлі ислам дінін жақтаған. Оны «миссионер» ре­тінде қабыл­дауға болмайды. Жұртты жап­пай шоқын­дыруға тырысу әрекеттері I орыс револю­циясынан кейін орын ала бастады. Ал XIX ғасырда христиан дініне жұртты күштеп кіргізу әрекеті жасалған жоқ. «Өз еркімен кірсе, кіреді, кірмесе, қажеті жоқ» деген. 
Бүгінде Шоқанның ғылыми қызметіне тыңшылық есебінде қарайтын да көзқарас бар. Бірақ ол ешқандай да тыңшылық емес. Білімі, офицерлік шені бар Шоқан Құлжада дипломатиялық та қызмет атқар­ған. Қашқа­рияға сапарында да оның деңгейі тыңшы­лық­тан әлдеқайда жоғары болды. Сонымен бірге офицерлік қызметін де атқарды. Ондай жағдай көп адамның басында бар. Мысалы, Абай да болыс болды. Соған қарап оны «патша өкіметін жақтады, соған қызмет етті» дейміз бе? Шын мәнісінде, Шоқан Ресейдің басқын­шылық саясатымен келіскен жоқ. Черняев әскерінен, жалпы, әскери қызмет­тен кетке­ні де – сол. Бірақ ресми құжаттарда «денсау­лығы болмағандықтан кетті» делінеді. Ол да рас. Алайда негізгі себебі одан әріде жатыр. Әйтпесе Шоқанды патша өзі қа­был­дады, Петербург қауы­мының оған деген көзқарасы ерекше болды. Бірақ отарлаушы жүйенің қазақ халқына деген қатынасы өзгерген жоқ, ешқандай жеңілдік болмады. Де­мо­кра­тиялық көзқарастағы Шоқан мұны пат­ша­ның өзіне де, басқа бей­рес­ми ко­мис­сия­ларға да ашық айта білді. Озбыр топ оны­сын, әрине, жақтыра қойған жоқ.

Нағима БӘЙТЕНОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым философиясы және дінтану кафедрасының меңгерушісі, профессор:
Дүмше молдаларды сынға алды

Шоқан туралы пікір айтқанда, оның жасты­ғын ескеруіміз керек. Мысалы, ол дін мәселесіне таза исламилық тұрғыдан емес, адами тұрғыда келді. Былайынша, исламға қар­сы келген жоқ. Исламдағы дүмше мол­да­ларды, олардың діни білімінің таязды­ғын, халықтың қараңғылығын сынға алды. Бұл «исламды қа­был­дамады» деген сөз емес. Жалпы, Шоқан Уәлиханов – қазақ жерінің географиялық тарихи атаулары­ның бәрін қалпына келтіріп, қағаз беті­не түсіріп, ресми нақтылап кеткен адам. Сондық­тан ғалым жайындағы әңгіме «Ол қазақ халқы үшін қандай еңбек сіңірді, не істеді?» деген төңі­рек­те айты­луы қажет. 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Алтынемелдегі зиратта Шоқан жатпаған болуы мүмкін...

Шоқанның діни көзқарасы туралы нақты ештеңе жоқ. Біреу олай дейді, біреу былай дейді. Шын мәнінде, Шоқан орыс оқуына бала жасынан кіріп, орыстармен ерте араласты. Негізі, аты Мұхаммед-Қанафия бола тұра, ағайын-туыстарының өзі «бұл орысқа шоқынып кетті» деп, атын Шоқан деп кетті. Сол атымен тарихта қалды. Бірақ солай екен деп, оны «расымен де, шоқынған екен ғой» деудің қажеті жоқ. Бұрындары қазақ орыспен араласқан адам­ның кез келгенін «шоқынып кетті» дейтін. Әлібек Жангелдинді де солай деп айтады. Бірақ ол мұсылман болған, Құран оқымай тамақ ішпеген.
Шоқан туралы Потаниннің: «Бұл Шо­қанға мен таңғаламын. Петербургке барса, тап-таза еуропалық, ал мұнда келсе, тап-таза шығыс адамы, нағыз қазақ болып шыға келеді», – деп жазғаны бар. Шынымен де, қанша жерден алыпқашты әңгіме ай­тылса да, өмірінің соңына таман Тезек тө­ре­нің ауылында болған Шоқан мұ­сыл­мандықты қалай ұстанатынын, Құдайын ұмытпағанын баршаға дәлелдеп кеткен.    
Патша өкіметінің «бұратана» ха­лық­тарға деген пиғылының арамдығын Шоқан 13-14 жасында-ақ сезе бастаған. Өйткені әскери стратегиялық сабақтарға оны қатыстырмаған. Мен өзім соңғы кезде «жал­пы, Шоқанның өмірін қайта қарау керек» деген пікірде жүрмін. Себебі ол Достоевский, Чернышевский сияқты орыс­тың ұлы адамдарымен араласып, оларды жанына жақын тұтып келді. Черняевпен бірге оқыды, дос болды. Кейіннен Черняев табан астында генерал, әскербасы болып кетті, Ташкентті басып алды, Әулиеатаны, Жетісу аймағын басып алу миссиясы соған бекітілді. Черняевтің Жетісуға бет алғанын естіген Шоқан одан «Қандай мақсатпен келе жатырсың?» деп сұраған. Черняев болса: «Кітапханалар, мектептер ашамын, бәрін салдырамын, сөйтіп, қазақ халқының көзін ашамын», – деген. Шоқан оған қуанып, Әулиеатадан күтіп алған. Сонда қараса, арбаларға беттері жабылған бірдеңелер тиелген екен. Ашып қараса, ешқандай да кітап емес, зеңбіректер болып шыққан. Жүрегі зырқ ете қалып, «Мұның не?» десе, Черняев: «Көнбегендерді осы зеңбірекпен көн­ді­ре­міз», –  деген. Міне, содан бастап екеуі кетісе бастаған. Черняевтің Әулиеа­тадағы мешітті атқылауы Шоқанды одан әрі шошындырған. Сол кезде барып бұ­лар­дың қазаққа ешқандай да дос емес екенін анық түсінген. Өкпелеп кетіп бара жатқан кезінде, Черняев артынан аттырған. Мен кезінде Әнуар Әлімжановпен жақсы араласқан едім. Ол: «Содан Шоқанның өкпесінде оқ қалған. Сол оқ ақыры ажал оғы болды. Әйтпесе ол – аға сұлтанның баласы, ештеңеден таршылық көрмеген адам», – дейтін. Расымен де, өкпе ауруы де­ген – жоқ­шы­лық­тан, тапшы­лықтан туын­дайтын әлеуметтік ауру. Ал Шоқан тоқшы­лықта өмір сүрген, ішкені – қымыз, жегені – қазы-қарта, Петербургке де ақшасын қалтасына басып барған. Сондықтан оның өкпе ауруына шалдығуы мүмкін емес. Бірақ өкпесінде оқ болғанын бәрі жасы­рып келген, немен ауыратынын нағашысы Тезек төреге өзі де айтпай кеткен. Өлген кезінде Жетісуды билеген генерал Колпа­ковс­кийлер бас болып барып, бір түннің ішінде апай-топай жер­леп, басына тақта қойып кеткен. «Осындай асығыстықтың артында да үлкен бір құпия жатыр. Шоқанның өмірін қайта жазу керек», – деп Әнуар марқұм айтып жүретін. «Шоқанның трагедиясы неде?» деген – үлкен мәселе. Егер тек қана «аурудан өлді» дейтін болсақ, ол – табиғи нәрсе. Қайғылысы – қайғылы, бірақ ұлттық трагедияға көтеріле алмайды. Ал мынадай өлім – ұлттық трагедия. Осы орайдағы екінші бір жорамал «Алт­ынемелдегі зиратта Шоқан жатқан жоқ, басқа адам жатыр» дегенге саяды. Себебі әбден ескіргенше оны қарауыл қарап тұрған. Яғни «біреулер қаза ма, тексере ме» деп сақтанса керек. Әбден бертінде сол молада жатқан адамның киіммен, әскери мундирде жерленгені белгілі болған. Егер мәйіт Шоқандікі болса және ол мұсылмандық жолмен қойылса, неге ол киіммен жерленуі керек?!
Осы орайда, мен Әнуар Әлімжановтан Шоқанға қатысты қызық дерек естіген едім. Кезінде Әнекең қазақтан тұңғыш рет Америкаға барып, әл-Фараби жайлы екі ай дәріс оқып келген. Сонда бір әңгімелес­кенімізде: «Сол кездегі архивтерден әл-Фараби жайлы деректер іздеп отырып, 1875 жылғы газеттен Шоқанның өлімі жайлы қазанама кезіктірдім», – деді. Ал Шоқан, біздіңше, 1865 жылы қайтыс бол­ған. Әлгі қазанамада «Жақында Орыс география қоғамының мүшесі, әйгілі саяхат­шы, орыс офицері Шоқан Уәлиханов қайтыс болды» деп беріліпті. Әнекең: «Бір жыл кешігіп берілсе, жарайды, ал қалайша бұл он жылдан кейін жарияланады, соған мен қатты таңғалдым», – дейді. Ол өзі тарихты жаны сүйетін, сондай білімді, ізденімпаз азамат еді. Сөйтіп, Америкадан келген бойда Шоқанды зерттей бастаған ғой. «Сондағы анықтағаным, бұлардың мәйітті киіммен көміп, молаға қарауыл қойғаны тегін емес. Бұлар Шоқанды Жоңғарияға екінші мәрте жіберген. Ондай сауатты, патша өкіметінің ұлтына қарсы жымысқы саясатын білетін, орыстың талай әскери құпиясынан хабардар адамның қазақ ортасында жүре бергені орысқа тиімсіз болған. Ал ана жақтан тірі қайтпайтынын білген. Сол үшін де қайта жұмсаған. «Шоқан ол жақта үйленген, тіпті қызы да бар, сонда қайтыс болған» деген әңгіме естідім. Енді осыны зерттей­мін», – деп жүретін. Ал әлгі газет – не газет, оны алып келді ме, кел­ме­ді ме – ол жағын сұрамаппын. Бірақ мен білетін Әнекең тарихи деректерге, құжаттарға өте мұқият қарайтын, тым болмаса, көшірмесін алып келген болуы тиіс. Бірақ Әнекеңнің архивінде ол сақталды ма, сақталмады ма – оны да білмеймін. Қалай бол­ған­да да ол кісінің жұрт естімеген, білмеген осындай бір жорамалы бар болатын. Бұл да – Шоқанға байланысты тарихтың құпия беттерінің бірі.

ТҮЙІН
...Ой-пікірлер ағысын саралай келе айтарымыз – шоқантанудың ғалымның  ғылыми еңбектерінен бастап, өмір жолына, жеке тұлғасына қатысты жаңаша көзқараста, соны сипатта серпін алатын уақыт әлдеқашан жетті. Шоқан бабамыздың тұлғасы да, тағдыры да жұмбаққа толы. Халық жазушысы Төлен Әбдіковтің сөзіне сүйенсек, Қазақстан ғалымдары КСРО заманында Шоқан денесіне эксгумация жасау жөнінде рұқсат сұрап, Мәскеуге хат жолдаған. Бірақ үзілді-кесілді қарсылыққа тап болған. Осының өзі-ақ ұлы этнограф, көрнекті ағартушы, халқымыздың біртуар перзенті Шоқан өлімінің өзінде үлкен құпия жатқанын айғақтап тұрған жоқ па?.. Бірақ біздегі ғылыми орта мен зиялы қауым атаулы осыдан кейін де үнсіз қалып жатса, таңғалмаңыз. Ежелден-ақ солай болған, мүмкін, солай бола да береді...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста