Ұзақбай Құлымбетовті ұмыту – тарихымызды естен шығару деген сөз...

Ұзақбай Құлымбетовті ұмыту – тарихымызды естен шығару деген сөз...

Көрнекті мемлекет қайраткері, қара­пайым ауыл мұғалімінен қазақ үкіметінің  төрағалығы қызметіне дейін көтерілген аяулы азамат Ұзақбай Құлымбетов есімін бүгінде біреу білсе, біреу біле бер­мей­ді. Шын мәнінде, оның өмір жолы, қазақ елінің мемлекеттігін нығайту, әл-ауқатын арттыру, өндірісін, ғылым-білімін жолға қою жолында сарп еткен күш-жігері, ерен еңбегі өз заманында күрескерліктің жарқын үлгісі болды. Білімі мен білігін, ақыл-парасатын жоғары бағалаған үлкенді-кішілі қауым Құлымбетовті қатты сыйлағандығы соншалық, 40-тың о жақ, бұ жағындағы жасына қарамастан, «ақсақал» деп ардақ тұтты. Ал Ұзақбай Құлымбетовтің тұлғалық бейнесі қалай қалыптасты? Қайраткер дәрежесіне ол қалай көтерілді? Қазақ елін өркендетерлік­тей қандай іргелі істер атқарды?

Бұл ретте өмірбаян деректеріне жүгінсек, Ақтөбе облысының Ырғыз уезіндегі Аманкөл болысында дүниеге келген Ұзақбай Құлымбетов бастапқыда ауыл молдасынан ескіше білім алып, сосын үш жылдық ауыл мектебінде оқиды. Ары қарайғы білімін Ырғыздағы орыс-қазақ учили­щесінде, Ақтөбедегі екі жылдық педагогтік курста жалғастырып, орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы мамандығын алады. Курсты бітірісімен Торғай және Ырғыз уездерінің ауылдарында мұғалімдік қызметтер атқарады. Алайда сол кездегі жағдай, саяси өзгерістер Ұзақбай Құлымбетовті қоғам жұмысына араласуға итермелейді. Бұл ретте С.Мұқанов өзінің «Өмір мектептерінде» «Ыбырай Алтынсариннің шәкірті» деп атаған Ұ.Құлымбетов кеңестік құрылым қызметіне тартыла бастаған алғашқы жылдарынан-ақ мектептер ашып, халықты сауаттандыру ісіне зор маңыз береді.

Қайраткердің қызы, әке жолын лайықты жалғап, ұстаздық қыз­метті өмірлік бағытына айналдырған Орынша Қарабалина-Қазыбаева бұл жайлы: «Мемлекеттік мәселелермен ел ішінде жиі болатын әкем барған жерінен үйсіз, күйсіз балаларды алып келіп, қашан тиісті жерлерге орналастырғанша үйде ұстайтын. Оларды жуындырып-шайындырып, бағып-қағып жүретін анамыз қанша қиын болса да, әкемізге қарсы келмейтін», – деп еске алады. Ел ішінде «Құлымбетовтің жақсылығын көріп едім» деушілер мен «Қандай мәселе бойынша қиналсаң да, ақсақалға бар, ол ешкімнің меселін қайтармайды» деген сыңайлас сөздердің сол заманда ауыздан-ауызға тарағандығының өзі  – Ұзақбай Желдірбайұлының бірегей болмысының айқын дәлелі. Осы орайда бүкіл қажыр-қайратын қазақты еңселі ел етуге жұмсап, қандай жүйеге, қандай құрылымға қызмет еткеніне қарамастан, адамдық қалпынан, тұлғалық қасиетінен таймаған ұлтының адал перзентінің шын мәнінде лайықты дәрежеде ұлықталар сәті алда деп сенеміз. 

Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Құлымбетовтің өмір жолын жастарға өнеге етуге болады
– Ұзақбай Құлымбетов – өткен ғасырдың 20-30 жылдарында Голощекиннің төңірегінде қалыптасқан партия, кеңес қызметкерлерінің бірі және бірегейі. Бірақ ол кісі жалпы өмір­баяны жөнінен алғанда, Ақтөбе өңірінде мұғалімдік қызметті бастаған кезінен-ақ өзінің халқына қызмет етуді биік мақсат ретін­де қойған адам. Қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан ахуалда ол жергілікті халықтың мүддесін қорғап, орыстың қызыләскер отрядтарымен, командирлерімен текетіреске барған, сол үшін түрмеде де отырып шыққан. Кейіннен Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы болғанда халқына адал қызмет етуге тырысты. Ұзақбай Құлымбетов ашаршы­лықтың орын алуына кеңес, партия қызмет­кер­лерінің де кінәсі бар екенін мойындаған, ашаршылық зардаптарымен күресу барысын­да жауапкершіліктен де қашпаған. Ұзақбай Құлымбетовті «Голощекиннің серігі» деп қарастыруға болмайды. Оны Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Н.Нұрмақов сияқты қайраткер­лердің қатарына қосу керек. Коммунист болған екен, ауыр жылдарда ел басқарған екен деп біржақты кінәлау әділеттілік емес. Халқымызға еңбегі сіңген айтулы қайраткер­леріміздің еңбегін зерттеп, зерделеу мәселесін қайта қарап, қайта бағалап жатқан тұста Ұзақбай Құлымбетовтің өмір жолын жастарға өнеге етуге әбден болады. Ол – қарапайым қазақ шаруасының отбасында дүниеге келіп, мемлекет басшысы деңгейіне дейін көтерілген жан. Оның Қазақстан мемлекеттілігін нығай­ту­ға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сонымен бірге, Ұ.Құлымбетовтің Қазақстандағы ста­лин­дік жазалаудың құрбаны болғанын да ұмытпауымыз керек.
Ал «Ұ.Құлымбетовтің Алаш зиялыларымен қарым-қатынасы қандай болған?» дегенге келсек, олармен ешқандай байланысы бол­маған. Өйткені Ұ.Құлымбетов – кеңестік құры­лыс тұсында жарыққа шыққан, кеңестік қайраткер ретінде қалыптасқан адам. Сон­дай-ақ Құлымбетов туып-өскен Ақтөбе өңі­ріне Алаш қозғалысының идеялары кеңінен тарала қойған жоқ. Сол себепті де, Ұ.Құлым­бетовті Алаш зиялыларының ықпалы­мен қалыптасқан қайраткер десек, ол үлкен қате болар еді. Ол – кеңестік жүйенің перзенті, коммунистік идеологияның қайраткері. Бірақ сол жүйеге қызмет ете тұра, ол өзінің қазақ деген халқына барынша адал бола білді. Ал репрессияға ұшырауына келсек, оның бар «жазығы» – Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Н.Нұр­мақовтармен жақсы таныс әрі қызметтес, пікірлес болғандығы. Міне, сондықтан да ол Қазақстандағы ұлтшыл, буржуазиялық партия құру әрекетіне айыпталған және «20-30 жыл­дары Кеңес өкіметіне қарсы болған қозға­лыс­тарды ұйымдастырған», «30 жылдардағы аштық кезінде Кеңес өкіметіне қарсы әрекет­терге барған», «Қазақстандағы Кеңес өкіметін құлату туралы жасырын партия ұйымдас­тырған» деген «қылмыстармен», «контрре­волю­циялық ұйымның мүшесі» ретінде жаза­ға тартылған. Шын мәнісінде, мұның астары мынада: сталиндік жүйе осындай жолмен өз халқына шын берілген адал азаматтардан құтылуға тырысты. Сондай азаматтардың бірі – осы Ұзақбай Құлымбетов. Ұзақбай Құлым­бетов сияқты тұлғаның еңбегін естен шығару – тарихымызды естен шығару деген сөз...
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Туған халқының болашағы үшін күресті
Ұзақбай Желдірбайұлының қоғамдық және саяси қызметі Қазақстан тарихының күрделі де қайшылықты кезеңіне тұспа-тұс келді. Қазан революциясынан бастап өзі репрес­сияға ұшыраған 1937 жылға дейінгі республика өмірінде болып өткен тарихи өзгерістердің бәрі оның көз алдында өтті. Құлымбетов сол оқиғалардың куәсі болып қана қоймай, сонымен бірге республика көлемінде ірі қызметтерді атқара жүріп, олардың бәріне де тікелей атсалысты.
Ұ.Құлымбетов 1923 жылы Киробком­ның ұйғарымымен Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберілді. Онда Ұ.Құлымбетов өзін ша­руа­шылық мәсе­лелерін жақсы білетін және әкімшілік жұмы­сын жете меңгерген қызметкер ретінде көр­сетті. Ұзақбай Жел­­дір­­байұлының сол кездегі қызметіне берілген губком мінездемесінде оған «Қызметкерлерді таңдай біледі және оларды жұмсай алады. Саяси жағдайда өз бағытын анықтай біледі. Тұрақты, табанды. Еркі күшті, қателігін мойындап, одан қоры­тын­ды шығара алады. Өсек сөзге және топ­шыл­дыққа бейімдігі жоқ» деп әділ баға берілген. 1925 жылы ол республика халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің төрағасы болып бекітілді. Оның бұл қызметке шақыры­луы кездейсоқ емес-тін. Қазақстанның саяси өмірінде бұл кезең өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Әлі толық шешімін таппаған жер мәселесі, көшпелі және жартылай көш­пелі қазақ ауылын отырықшылыққа тарту, оны советтендіру сияқты толып жатқан мәсе­лелер жеңіл-желпі шаруа емес еді. Осындай күрделі жағдайда республикалық басшы­лыққа Халық шаруашылығының орталық кеңесі сияқты ірі мекемені ешқайда да бұра тартпай, іскерлікпен басқара алатын басшы керек болды. Сөйтіп, аталған қызметке Ұ.Құ­лым­бетов тағайындалды. 1925 жылы қаң­тар­да өткен РКП (б)-ның Пленумы Қазақстан өнеркәсібін қалпына келтіру ісіне үлкен көңіл аударып, тек Риддер мен Қарсақпай кен орындарын дамытуға 23 миллион сом қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл түсті металлургия өнеркәсібіне бөлінген одақтық қаржының жартысы болатын. Орталық Коми­теттің шешімдерін іске асыру жолдарын тал­қы­лауға арналған Қазақ Өлкелік Комитетінің Пленумында Ұ.Құлымбетов жергілікті өнер­кәсіпті дамыту мәселелеріне байланысты баяндама жасады. Баяндамада қойылған өзекті ой республикада шикізат өңдіру орындарымен бірге, қайта өңдеу өнеркәсібін, сондай-ақ жергілікті шикізат негізінде жұмыс жасай алатын ұсақ кәсіпшілік орындарын ке­ңейте түсу төңірегінде болды. Бұл жылдар­дағы Ұ.Құлымбетовтің Қазақстан өнеркәсібін қалпына келтіру және даму жолына шығару жөніндегі еңбегі еліміздің сол тұстағы Ф.Э.Дзержинский, А.И.Микоян сияқты белгілі қайраткерлері тарапынан түсінушілік­пен қолдау тауып отырды. Жиырмасыншы жылдардың ортасындағы архив құжаттары­нан Өлкелік Комитеттің Ұ.Құлымбетовті үнемі кезек күттірмейтін шұғыл бетбұрысқа мұқтаж шаруашылық, саяси өмір салаларына жұмсап отырғандығын байқауға болады. Мәселен, 1926 жылдың қыркүйегінде Өлкелік Комитет оны республика Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне ұсынып, оған өлкелік жоспарлау комитетінің тізгінін тапсырды. Ал 1928 жылдың басындағы бүкіл Одақ көлемінде астық даярлау науқаны өріс алған тұста Ұ.Құлымбетов Қазақ өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары болып бекітіліп, сонымен бірге республика Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынба­сары қызметін қоса атқарды.
Отызыншы жылдардағы ашаршылық респу­бликамыздың басқа қоғам қайраткер­лері сияқты Ұ.Құлымбетовке де үлкен сын бол­ды. Қазақ қоғамының ерекшеліктерінен жақсы хабардар жергілікті қайраткерлердің бір тобы (С.Садуақасов, Н.Нұрмақов, Ж. Мы­ң­­баев) төніп келе жатқан апатты болдырмау мақсатымен Голощекин бағытына үлкен азаматтықпен ашық қарсы шықса, екінші бір бөлігі (О.Исаев, І.Құрамысов) бірінші хатшы­ны көзжұмбайлықпен қолдады, ал үшінші топтағылар (О.Жандосов, С.Меңдешев) ке­зін­де С.Садуақасов орынды айтып көрсет­кендей, бәрін көріп-біле тұра, еріксіз саяси биліктің зорлығына көнуге мәжбүр болды. Ұзақбай Желдірбайұлы өзінің ұстанған пози­циясы бойынша осы үшінші топтың қатарына жатты. Оны өзінің төмендегі сөзінен де байқауға болады: «30-шы жылдың мамыр айынан бастап, – деді ол, – 34-ші жыл түгелі­мен мен Қазақстан халкомы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқардым. Өмірімнің бұл кезеңінің алғашқы жартысы (30-31-32 ж.) Қазақстан өлкелік басшылығы­ның, совет және партия ұйымдарының жіберген қателіктері салдарынан ауыл мен селодағы асыра сілтеушілікке тұспа-тұс келеді. Мен Өлкелік Комитеттің және оның хатшысы Ж. Голощекиннің ауылды басқаруда­ғы әдістеріне алғашқылардың бірі болып қарсы шықсам да, Өлкелік Комитеттің Бюро мүшесі ретінде жіберілген қателіктерге жауап беремін». Сондай-ақ ол Өлкелік Комитеттің VI Пленумында (1933 жылғы шілде), VIII кон­ференциясында (1934 жылғы қаңтар) сөйлеген сөздерінде өзіне тән турашылды­ғымен Қазақстан трагедиясына қатысты басқа қайраткерлердің де атын атап, қателіктерін дәл көрсетіп берді.
1935 жылдың қаңтарынан бастап 1937 жылдың 21 шілдесіне дейінгі аралықта Ұ.Құ­лым­бетов Қазақ Орталық Атқару Комитеті Төрағасы қызметінде болды. Оның бұл кез­дегі жұмысы, негізінен, ескі басшылық жібер­ген қателіктерді түзету, ауыл шаруашылығы, соның ішінде алдымен мал шаруашылығының өсіп, өркендеуі, республика еңбекшілерінің әлеуметтік жағдайының жаңа сатыға көтерілуі үшін күреске арналды. Ұ.Құлымбетов Қазақ Орталық Атқару Комитеті Төрағасы қызметін­де тұрған кезде Қазақ автономиялық рес­публи­касы одақтық республика мәртебесін алды. 1937 жылғы наурыз айында өткен Қазақстан Советтерінің X съезі Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын бекітті.
Ұ.Құлымбетов күрделі тарихи кезеңде өмірге келіп, қатардағы ауыл мұғалімінен қазақ мемлекетінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген бейнеті мол жолдан, бірақ азамат, қайраткер үшін қайталанбас жолдан өтті. Қиын-қыстау кезеңде туған халқының, еңбекші бұқараның болашағы үшін күрескен қайраткер ретінде ол республика тарихында өз орнын сақтап қалатындығы сөзсіз.

Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Мұстафа Шоқайдан сырт айналмаған
– Осыдан 3-4 жыл бұрын Мұстафа Шоқайдың туған жерінде болып, туыстары­мен кездескен едім. Әңгіме барысында олар М.Шоқайдың туысы ретінде кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, көп қиындық көргендерін айтты. Ол кісілерден естігенім, сол кезде басшылық қызметтер атқарған Ұзақбай Құлымбетовтің сол Мұстафа Шоқайдың туыстарына әртүрлі мәселелер бойынша көмектескен, жәрдем берген кезі де болыпты. Яғни бүкіл ел-жұрт Мұстафадан «жау» деп сырт айналғанда, Ұзақбай Құлымбетов жоғарғы шеніне, қызметіне қауіп төнеді деп қорықпастан, оның жазықсыз жапа шеккен туған-туыстарына мүмкіндігінше қолұшын берген. Мұның өзі Ұ.Құлымбетовтің адамгершілігі зор, ақыл-парасаты биік тұлға болғанын көрсетеді.
Мен Ұзақбай Құлымбетовті тікелей зерт­теп жүрген жоқпын, бірақ әртүрлі хаттарына, сөйлеген сөздеріне қарап, ол кісінің елжанды тұлға болғанын бай­қаймын. Әсіресе, ашаршылық жылдарында қазаққа бүйрегі бұрып, жаны ауырған, қарекетсіз отырмауға тырысқан. Соған қарамастан «Голощекиннің серігі болды, соның саясатын бөлісті» деп қарайтындар бар. Бірақ Құлымбетов тұлғасына бірыңғай қаралау әдісімен келуге болмайды. Ол – сәл күрделі тұлға. Кеңес заманында саясатқа қызмет етпеген адам болмағанын түсінуіміз керек. Оның үстіне Құлымбетов өз халқына жамандық ойлайтын адам емес.

Қателікке кім кінәлі?
«...Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Ораз екеуміз Голощекинмен табандатқан үш күн бойы айтысып, әуре болдық. «Пленумнан кейін обком хатшыларының арнаулы мәжілісін шақырайық, сонда олардың ауылдың қамын жемей отырғандарын айтайық», – дедік. «Осының бәрін обком хатшыларының өздеріне әдейілеп ескертейік», – деп қолқа салдық. Амал не, мұндай мәжілістің шақырылу қажеттігіне Голощекиннің көзін жеткізу өте қиын болды. Ақыры оның бізге айтқан сөзі мынадай болды. «Маған не қыл дейсіңдер. Көшпенділік – бұл елдің ежелгі тұрмыс-салты. Мұны бір мәжілісте сөз еткенмен, оны тоқтата аласыңдар ма» дегені ғой оның. Қайдағы ежелгі салт десеңізші? Қазақ малын айдап, дүние-мүлкін артып алып, көшіп жүрсе, бір сәрі. Ал енді тамақтан тарығып, аштықтан азып-тозып қала-қаланы, темір жол станцияларын, базар-базарды кернеп тентіреп жүрсе, ол ежелгі тұрмыс-салты емес, қиыншылықтан ғой. Ежелгі тұрмыс-салтымен мұның үш қайнаса, сорпасы қосылмайтыны анық».
(Ұ.Құлымбетовтің ВКП (б) өлкелік комитетінің 1933 жылғы 10-16 шілде аралығында өткен 6-пленумында жасаған баяндамасының стенограммасынан үзінді)

Орынша ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
Еңбегіне тарихи баға берілмей, тарихтан орнын ала алмай келе жатқаны қынжылтады
– Ұзақбай Құлымбетовтің оқу-ағарту ісіне сіңірген еңбегі ұланғайыр. Негізгі ма­ман­дығы оқытушылық болғандықтан да, әкем қандай қызметте жүрсе де мектептер ашу­ға көп көңіл бөлген. Ақтөбедегі педа­го­гикалық институт­тың негізін қалаған, облыс-облыстардағы институттар жанынан екі жылдық мұғалімдер институттарының ашылуына себепкер болған. Әрине, ол кісі­нің тікелей араласқан, баста­машы болған игі істері жетіп-артылады. Бірақ соның бә­рін жан-жақты зерттеген неме­се зерттеп жүр­ген адам жоқ. Тарихшылары­мыздың көпшілігі ел тарихында елеулі орны бар көр­некті тұлғаларды тасада қалдырып, әркім өз ауылының бүргесін насихаттап кетті. Ұ.Құлымбетовтің көзін көрген­дер жоқ қазір. Шын негізінде, ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз. Саналуан тақырыпта жазған мақалалары, түрлі мәселелерге байла­нысты жасаған баяндамалары қаншама! 1921-1923 жыл­дар аралығында Ұ.Құлымбетов орталығы Петро­павл болған Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Әкем­нің ұйымдастырушылық қабілетінің зор екендігі сол кезде айқын көрінген. Өйткені Ақмолаға барысымен сол жерде мемлекеттік қызметкерлерді дайындайтын курс ашып, оған бірден 40 бала алғызған. Кілең кедей-кепшіктің отбасынан шыққан сол балалар өсіп-жетіліп, кейіннен Кеңес өкіметінің белді қызметкерлеріне айналған. Ақмолада қызмет еткен кезінде ол тек курс ашып қана қоймаған, сонымен бірге, Петропавл, Көкшетау темір жо­лын салғызуға басшылық жасаған. Ағаш өңдеу, консерві жасау зауыттарын қай­­та қалпына келтіру, алтын өндіру ісін жолға қою жұмыстарына ұйытқы болған. Сондай іскерлігі, білімдарлығы нәтижесінде еліміздің сол кездегі астанасы Қызылордаға, халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы қызметіне шақырылған. Сол қызметте жүріп, Қазақстан өндірісін дамы­туға байланысты баяндамалар жасап, Риддер, Екібастұз, Атбасар мыс комби­нат­тарын дамыту, Ембі мұнай өнеркәсібінің қуатын арттыру, Елек тұз өндіру кәсіпорнын игеру, Жетіқара, Аққарға, Бозын алтын кеніштерін Қазақстанға қайтару сияқты басқа да көптеген мәселелер көтерген. «Өндірісті жандандыру үшін ұсақ кәсіпорындарды да еске алуымыз керек. Қай жерде шикізат болса, сол жерден кәсіпорын ашуға тиіспіз» деген. Мысалы, ол кісінің сол кездің өзінде жергілікті жерлерде тері-терсекті игеретін кәсіпорын ашуды ұсынуы күні бүгінге дейін өзекті болып отыр.
Үзеңгілестері «Құлымбетовтің көрегендігі мен мемлекеттік дәрежедегі ойлау жүйесі  көптеген әріптестерімен салыстырғанда көш ілгері еді» дей келе, «ол өз ісін жетік меңгерген, ұйымдастыру қабілеті орасан, қызметкерлерді таңдай білген және оларды жұмсай білетін. Екі тілде шешен сөйлейтін, еркі күшті, тұрақты, табанды, әділ, турашыл, өз қателігін мойын­дап, қорытынды шығара алатын» деп еске алған. Оны өзінің 1932 жылы пленумда сөйлеген сөзінен де байқауға болады. «Мен Өлкелік Комитеттің және оның хатшысы Голощекиннің ауылды басқарудағы әдістеріне алғашқылар­дың бірі болып қар­сы шықсам да, Өлкелік Комитеттің Бюро мүшесі ретінде жіберілген қателіктерге жауап беремін». Ол осы қателіктерді түзету үшін үлкен күш жұм­сап, мәселе ақыры Өлкелік Коми­теттің Бюро талқысына қойылады. Баян­­дама жасаушы – Құлымбетовтің өзі, т.б. Соның нәтижесінде кеш болса да, обком хатшыларына ауылдағы жағдайды өзгертуге бағытталған нақты мін­деттер жүктелген. Ұ.Ж.Құлымбетов «Кар­лаг», «Алжир» сияқты өлім лагерьлерінің Қазақстан жеріне қоныс тепкендігіне де қарсы болған.
Біле-білсек, Ұ.Құлымбетов – өз кезеңін­дегі көрнекті саяси қайраткерлердің бірі де, бірегейі де. Бесжылдықтың алғашқы жос­парын жасаған да – осы кісі. Түрксіб те­­мір­жолына Т.Рысқұловтың басшылық жасағаны рас. Бірақ ол Мәскеуде отырып жетекшілік етті. Ал Ұ.Құлымбетов осы жерде жүріп басшылық жасады. Жүз мыңдаған жер­гілікті тұрғындарды жұмысқа тарта отырып, бәрін ұйымдастырып, етекпен құм тасығандай дәре­жеде теміржол салдыру тек орталықтың ісі екен деп қарамай, жергілікті үкімет басшылары отырғандығын да естен шығармау керек шығар. Ал Ұ.Құлымбетов ол кезде Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болды. Яғни мемлекеттік деңгейдегі ірі жобалардың бәріне тікелей басшылық жасады. Сондай адамның еңбегіне тарихи тұрғыда баға берілмей келе жатқаны мені қынжылтады. Марқұм жолдасым Кәкім­жан Қазыбаев кезінде: «Есіңде болсын, Ұзақ­бай Құлымбетов жөнінде екі түрлі материал бар. Біреуі – қаралаған материал да, екіншісі – жақсы мағынада жазылған материал. Бірақ жұрттың қолына көбінесе қаралаған дүниелер түседі де, екіншісі соның тасасында қалып қояды», – деген еді. Оның үстіне бұл кісі жөнін­дегі материалдардың дені Мәскеу мұра­ғаттарында жатыр.
Қалай болғанда да, Ұзақбай Құлымбетов елімізде өткен ғасырдың басында орын алған аса маңызды әлеуметтік-экономикалық және тарихи өзгерістердің басы-қасында болды. Сол жұмыстардың бәрін біз қазір жоққа шығарып жатырмыз. Бірақ тарихты терістеуге болмайды. Мысалы, бұл кісі өз кезеңіне қыз­мет етті және ол ісін дұрыс деп есептеді. Бүкіл өмірін ел игілігі жолындағы күреске арнап, шынайы қайраткерлік биікке көтеріле білген мұндай тұлғаны елеп-ескермеу, өз дәреже­сінде бағаламау тарихқа зор қиянат екендігін мойындауға тиіспіз.

Қорыта айтқанда...
«Елім!» деп емініп, «жұртым!» деп жүгініп қызмет қыла тұра, Ұзақбай Құлым­бетов жөнсіз жаза кешіп, небәрі 47 жасында құйрықты жұлдыздай Алаш аспанынан ағып түсті. Әділетсіздік оның отбасын да айналып өткен жоқ. Ұ.Құлымбетов атылы­сымен, іле-шала жан жары Әйеш те тұтқындалып, тектен-текке он жыл ғұмырын Карлагта өткізді. Ал Ақтөре, Кәбира, Бостан, Орынша, Болат есімді бес баласы тағ­дырдың тауқыметін титтейінен тарта жүріп, әркімнің босағасында күн кешті, та­лай құқайды көрді. Десек те, текті тұқымнан тараған бейкүнә перзенттер әке даңқына лайық көргенді ұл-қыз болып ержетіп, әрқайсысы өмірден өз орнын тапты. Ешкімнен ештеңе даулаған жоқ, «Аққа – құдай жақ» демекші, әділеттің түбі бір салтанат құрарына сенді. Ол күн ақыры жетті де. Асқар таудай әке есімі ақтал­ды. Бір ғана өкініштісі, замандастары «көрегенділігі мен мемлекеттік дәрежедегі ойлау жүйесі көптеген әріптестерімен салыстырғанда көш ілгері еді» деп шынайы мойындаған Ұзақбай Құлымбетовтің тарихи тұлғасы мен қайраткерлік іс-әреке­тін, артында қалған мол рухани мұрасын талдап-таразылау, зерделеу жағы кен­же­леп жатыр. Туғанына 120 жыл болғандығына қарамастан, Ұ.Құлымбетов есімі республика көлемінде дәріптелмей отыр. Қайраткердің атында Алматы мен Ақтөбеде ғана шап-шағын екі көше бар. Кезінде өзі қызмет еткен Ақмола, Петропавл, Қызылорда өңірлерінде ол кісінің есімімен байланысты бірде-бір мектеп те, көше де жоқ. Тіпті осы күнге дейін өзінің туған жері – Ақтөбе облысында да жөні түзу мүсіні жасалған емес. Ұзақбай Құлымбетовтің Қазақстаның оқу-ағарту саласын, өндірісін өркендетуге мейлінше үлес қосқандығын ескерсек, оның есімі жоғары оқу орнының да, өндіріс орындарының да қай-қайсысына болсын берілуге әбден лайық. «Үмітсіз – шайтан» демекші, ондай игілікті шаралардың да атқарылар кезі келер...

Бiлгiм келген бiр сұрақ

Арғы аталары кім?
Ұзақбай Құлымбетов өте шешен, білімді, әділ, турашыл кісі болған көрінеді. Ал түп аталарында атақты адамдар болған ба?
Айдар НҰРСЕРІКҰЛЫ,
Түркістан қаласы
Әділдік пен турашылдық, табандылық қасиеттерінің не­гізінде батырлық жататыны белгілі. Ал шежіре деректеріне жүгінсек, батырлық Ұзақбай Құлымбетовке арғы әкелерінен келген. Ол кіші жүздің ішіндегі шөмекейден тарайтын аспан, оның ішінде – аю. Үлкен атасы­ның аспан атану себебі жоңғар­лармен соғыста көрсеткен ерлі­гіне байланысты. Соған куә болған хан соғыстан кейін ша­қы­рып алып, «Кешегі ұрыста біздің рухымызды көтеріп, мерейімізді аспандатқан сен болдың. Бүгіннен бастап атың Аспан болады», – дейді. Кейін­нен Аспанның баласы да соғыс­та аюша алысып, ержүректілі­гімен танылады. Сөйтіп, оның да өз аты ұмытылып, аю атанып кетеді. Демек, Ұ.Құлымбетов – әкесі жағынан батырдың ұр­пағы. Сол сияқты, шешен болуы да тегін емес. Оның анасы – Әлімнің ішіндегі төртқара. Төрт­қарадан тарайтын Сейітқұлдың екі баласы болған. Соның бірі Ұзақ өте беделді адам болыпты. Ал екінші баласынан әйгілі Әйтеке би тарайды. Ұзақбай Құлымбетов анасы еліне төркін­деп барғанда туылса керек. Сонда ел жиылып, «Бұл да бая­ғы Ұзақтай беделді болсын» деп, нәрестеге соның есімін берген. Яғни Ұзақбай Құлымбе­тов – анасы жағынан Әйтеке би­мен туысады. 
Саясатқа қалай келген?
Ұзақбай Құлымбетов еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған екен. Саясатқа қалай араласқан?
Нұрзада БЕКБОСЫН,
Алматы қаласы
Өзінің естеліктеріне жүгінсек, Ұзақбай Құлымбетов әуелде шыны­мен де саясаттан тыс болған. Соны айта отырып, өзі: «Мұғалімдік қыз­мет­те жүрген жылдары негізгі жұмы­сымнан басқа нәрсемен айналысқан емеспін. Азын-аулақ табысымнан (айына 128 сом 20 тиын) әке-шеше­ме қарайластым. Ал газет, кітабы жоқ түкпірдегі ауылда білгеніңді де ұмы­тып қалатын едің. Саясаттан мүлдем сауатсыз болдым. Тіптен патшаның құлағанын естіп қуанғаныммен, түрлі партиялардың өзара айырмашы­лығын көп ажырата білмеуші едім», – деп жазған. Алайда заман тынысы көзі ашық азаматты саясаттан бәрібір тыс қалдырмаған. Бұл ретте оған «Қазақ» газетінің де айтарлықтай әсері болған. Оны қайраткердің «Қазақ» газетінің ықпалымен сол тұста басқалар сияқты ұлтшылдық көзқарас ұстанғаным рас» деген сөзінен аңғаруға болады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста