Жазушы, драматург, бас редактор, азамат Баққожаны көпшілік біледі. Бірақ айдың арғы беті жұмбақ. Ел таныған жазушының жеке өмірі оның отбасына ғана мәлім. Әке ретінде бір үйлі жанның панасы, қарапайым азамат ретінде қандай еді деген сауалдың оқырмандарды қызықтыратыны мәлім. Біз Баққожа Мұқаидың 65 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушының ұлымен жолығып, әкесі жайында әңгімелескен едік.
– Әкемнің шығармашылығы жайында айтуыма болады. Бірақ оның қабылдануы қиын. Өйткені мен, біріншіден, сыншы емеспін, екіншіден, баласы болғаннан кейін мақтайтыным анық. Жалпы, мақтауға әкемнің шығармашылығы мұқтаж емес деп ойлаймын. Дегенмен оның шығармашылық тәсілімен, сол сәттердегі көңіл күйімен бөлісе аламын. Әкем кез келген шығармасын ұзақ жазған емес. Кейбір қаламгерлер күнделікті бір беттен, екі беттен жылдар бойы жазады ғой. Әкем болса айлар бойы, кейде үлкен шығарма болса, жылдар бойы миында пісіріп жүретін. Әрине, қайсыбір ойларын ұмытып қалмас үшін дәптерге түртіп қоятын. Әбден піскенде барып жазу үстеліне отыратын. Ол кезде бәрін жиып қойып, сонымен ғана айналысатын. Көбінесе түнде жазатын еді. Тыныштықты қалайтын. Біз ондай кезде мазасын алмауға тырысып, бар жағдайын жасайтынбыз. Айналасы бір ай, екі ай дегенде үлкен шығарманы жазып бітіретін. Ал пьесаны жылдам жазатын. Санасында жасалған пьесаның нұсқасын ары кетсе бір аптада қағазға түсіретін. Кейде тіпті бір түнде жазған да кездері бар. Ондай жағдайдың куәсі да болғанмын. Ауырып жүрген кезінде Германияның Гамбург қаласындағы медициналық орталықта жатқанбыз. Бір күні түнде қатты қиналды. Ұйықтап жатып сөйледі. Бір кезде оянды да: «Мен түс көрдім. Сен шаршадың ғой, барып демал», – деді де, жазуға отырды. Ертесі күні түсте келсем, 25-30 беттік пьесаны жазып тастапты. «Террор» деп атын да қойыпты. Бірақ ол шығармасы әлі жарық көрген жоқ. Сол алғашқы жазылған күйінде тұр. Жазып біткен соң араға уақыт салып барып үстінен бір қарайтыны бар еді. Мұны түзетіп үлгермеді.
– Көп түзейтін бе еді?
– Жоқ, көп түземейтін. Бірақ таза параққа көшіргенде кейбір жерлеріне өзгерістер енгізіп, кейбір сөйлемдерді қайыра жазатын. Содан кейін барып қана анамызға бастыратын.
– Өзі баспайтын ба еді?
– Өзі де басатын. Ескі машинкасы бар болатын. Сонымен жасырақ кезінде өзі басып отыратын. Кейіннен көбіне анамызға тергізіп жүрді. Жазғанда әуелі міндетті түрде қаламмен жазатын. Өзгелер сынды бірден машинкаға тергізген кезі жоқ. Мақаланың өзін қағаз бетіне қаламмен түсіретін.
Шығарманы жазып біткеннен кейін ерекше көңілді болатын. Кейде жазбақ болып жүрген шығармасының сюжетімен бөлісетін. Бірде жетім балалар туралы шығармасын жазарда солай алдын ала айтып бергені бар еді.
– Енді өзіне келейікші. Жалпы, сіздің ұғымыңызда әкеңіз қандай адам?
– Өзіне келсек, ол өте күрделі адам болды. Біржақты сипаттауға келмейді... Ол кісінің жалпы болмысы жайында әріптестері, қаламгерлер қауымы да аз жазбады және әрқайсысы әртүрлі жазды. Содан-ақ әкеміздің қандай адам болғаны белгілі. Мен оның өте балажан болғанын айтқым келеді. Көшеде жүрген балаларды тоқтатып алып, солармен әңгімелескенді ұнататын. Тілдерін қызықтайтын. Өзінен үлкен кісілермен де жақсы араласты. Әзілдескенді де жаны сүйетін.
– Бала-шағасына қалай еді? Қаталдау болды ма?
– Кенжелеріне жұмсақтау болды. Үйдің кішісі саналатын екі қарындасыма бар мейірімін көрсетті. Ал үлкен қарындасым екеумізге қаталдау болғаны рас. Талабы да күшті еді. Мектеп жасында да, студент кезімде де, тіпті кейінгі қызмет істеп жүрген уағымда да ақыл-кеңесін айтудан жалықпады. Бірер жыл қызмет бабымен сыртта болдым. Сол кездерде Алматыға келгенімде таңға дейін әңгімелесетінбіз, сырласатынбыз. Кейде психологиялық қиын сұрақтар қоятын. Сөйтсем, соның барлығы тәрбие екен. Әр нәрсеге дайындығымды тексереді екен ғой. Мен ол кісінің қасында өзімді ешқашан еркін ұстамайтынмын. Ақыл айтудан жалықпады. Нақты ғылымға, еңбекке тәрбиеледі. Егер мен бір биікке жетсем, осының бәрі әкемнің арқасы деп білемін. Әкемнің еңбегі дегенде, ол мені таныстарына айтып жұмысқа орналастырды деген ойды айтып отырған жоқпын. Тәрбиесімен осы жағдайға жеткізді.
Тағы бір қызығы, кез келген ақынның, жазушының баласы әкесіне еліктеп, жазуға құмартады ғой. Мен де әкеме ұқсап жазушы болғым келді. Бірді-екілі дүниені жазбақ та болдым. Әкем бірден тыйып тастады. «Жазушы болу үшін, біріншіден, Алладан берілген қасиет болуы керек. Екіншіден, ауылда өсу керек. Қазақтың жан дүниесі, болмыс-бітімі ауылда. Қалада өсіп, қазақ жазушысы боламын деу бекер», – деді. Сол ұстанымынан таймай, мені де, басқа балаларын да ғылымға бағыттады. Неге екенін білмедім, ғалымдармен араласқанды жақсы көретін.
– Әкеңізді алғаш қашан көрдіңіз десем, сұрақтың астарын түсінетін шығарсыз?
– Бұл сұрақты ешқандай астарсыз қойсаң да болады. Алғаш есте қалған кезін сұрап отырған боларсың. Мен осы Алматы қаласында дүниеге келдім. Арада көп ұзамай анамыз екінші балаға аяғы ауыр болғанда мені ауылдағы әкесіне апарып берген. Өйткені ол кезде әкем мен шешем пәтер жалдап тұрыпты. Мен атам мен апамның қолында өстім. Беске келгенде мені алып кетті. Алматыға келе жатып та, келгеннен кейін де сол атам мен апамды сағынып, іздейтінмін. Ертең келеді деп алдайтын. Мен Алматыға келген соң, әкемнің жұмыс бөлмесінде ұйықтайтынмын. Кейде түннің бір уағында оянып кеткенімде қарасам, әкем жазу жазып отыратын. Бөлменің іші көк түтін болып тұратын. Темекі шегіп отырып жазатын еді. Әкемнің алғашқы бейнесі дегенде осы есімде қалыпты.
– Енді соңғы көрген сәтіңізді айтсаңыз...
– Мен ол кезде басқа қалада қызметте едім. Әкем «ауырып жүрмін» дейтін. Кейін ауруы күшейе бастағанда жұмыстан рұқсат алып, әкемнің жанына келдім. Қаралды, тексерілді. Сол кезде қорқынышты аурудың шеті шықты. Жұмыс та, басқасы да жайына қалды. Әкемді емдетудің ұзаққа созылатынын білдім де, жұмысымнан бірер айға рұқсат алдым. Шетелге барып емделсе, жазылып кетер деп үміттендім. Соның ретін қарастырдым. Ол да оңай емес екен. Таныстарымның көмегімен жолын таптым. Бар жиған-тергенімізді алып, Германияға бардық. Сол кезде әкем екеуміздің арамыз жақындай түсті. Бұрын оқу, жұмыс дедік, бірде анда, бірде мында кеттік. Әкем де өз жұмыстарымен жүре беретін. Басқа әкелер мен балалардың арақатынасы қалай болса, біздікі де сондай еді. Ал әкем ауырған күндерде біз етене жақындадық. Әр сағатты бірге өткіздік. Қауіптің не екенін анық түсіндім. Сол қауіп маған біраз нәрсені түсіндірген сияқты. Әкемнің бойындағы өліммен күрестің басталғанын көру маған соншалықты ауыр еді. Германияға барғанымызда, олар «екі-үш жыл өмір сүруге мүмкіндік бар» деді. Соның өзіне іштей тәубе дедік. Өйткені мұндағы дәрігерлер екі ай өмірі қалды деген. Әкем үміттенді. Өзі де оптимист адам еді ғой. Мұндай жағдайда адамның жанында ең жақын адамы болады ғой. Мен болдым жанында. Екеуміз ұзақ әңгімелестік. Кейде жастық шағындағы қызықтарды айтады. Сол күннен бастап бір жылға жуық жанында жүрдім. Бұрын да жақсы көретінмін, сағынатынмын. Мықты жазушы екенін білетінмін. Ал өмірінің аз қалғанын түсінгенде басқаша қарай бастадым. Өмірінің соңғы сағатында жанында болдым. Түні бойы қатты қиналды. Таңның атуын күтті. Соңында сөйлеуден қалды. Бір кезде белгі беріп, мені жанына шақырды. Мен жақындап еңкейгенімде, бар күшін жинап, қолымды қысып, құлағыма сыбырлады. «Қарындастарыңа қара, ешкімді ренжітпе» деді де, құшағымда жатып, соңғы демін алды.
– Өмірмен қош айтысу оңай емес. Дегенмен Баққожа ағаның ажалды сабырмен қарсы алғанын естіп едік. Досы Жақау Дәуренбековке жазып қалдырған қолтаңбасы да көп нәрсені аңғартса керек...
– Иә, ол аз өмір сүрдім деп қапаланған жоқ. Тек қана кенже қызы Маржанның тойын көрсем деп, ойында жүрген үлкен шығармасын аяқтай алсам деп армандады. Ең үлкен арманы да, өкініші де осы еді. Сол екі аңсары үшін Құдайдан екі-үш жыл өмір сұрады. Кейде сол ойындағы шығармасын «неге ертерек жазбадым» деп қапа болып отыратын. Ал былайынша, тәубасынан жаңылмады. «Алпысқа жеткен де бар, жетпеген де бар, кешегі Сағаттар жетпеген жасқа мен келдім, жаман өмір сүргенім жоқ, жазған шығармаларым оқырманына жетті, жазушы ретінде мойындалдым» деп, өзін-өзі жұбатып отыратын. «Бұған да шүкір» деп қоятын. Философиялық ойларға салынып кетті. Кім біледі, мұндай жағдайда барлық адам сөйтетін шығар. Әйтеуір ажалдың жақындап қалғанын, өзіне қарап тұрғанын сезді. Бірақ ол шығармаларының өлмейтініне сенді. Осындай жағдайда өлім де соншалықты қорқынышты емес болар. Әрине, жарық дүниені, бала-шағаны қиып кету оңай емес. Әкем де осы жағынан қиналды деп ойлаймын. «Аз еңбек сіңірген жоқпын. Енді осы еңбектерім ұмытылып кетпесе екен. Бізде мықты-мықты жазушылар болған, бірақ олардың көбі ұмытылып кетті. Мені ұрпақтарым ұмыттырмаса екен» деп тіледі. «Егер менің шығармаларым ұмытылмаса, менің өмірімнің жалғасқаны. Сендер жақсы жүріңдер, әкелеріңнің атына кір келтірмеңдер, мен сендерге жақсы фамилия жасап бердім, енді осы абыройға кір жуытпай, таза ұстаңдар» деп аманатын айтты. Оның өлімге бұлай мойынсұнуын саналы түрде өзін сабырға шақыруы деп білемін. Болмаса ол өмірге соншалық құштар еді. Үміті де зор еді. «Дәрігерлер не деді, сараптаманың қорытындысы қалай екен?» деумен болды. Шын мәнінде, күні жақындағанын білгенде осылай жасауына тура келді.
Өмірмен қоштасуына санаулы күндер қалғанда әке-шешесіне арнап жүз қаралы адамға ас берді. Бірақ сол асты әкесінің 100 жылдығына арнап бергенімен, бір шетінен жақын-жуықтарының басын қосып, қоштасып қалғысы келгендей де болды. Сол күні жиналған жұрттың бәрі таңғалды. Өйткені оған дейін әкем ауырғанын көп адамға білдірмеген еді. Өзінің ауырған қалпын жасырғысы келді ме, соңғы күндерінде мүлде телефонға да жауап бермей, ешкіммен байланыспай, жатып алды. Азыңқыраған жүзін көрсетуге арланған шығар. Өзі сымбатты, интеллектуалы жоғары адамның жұртының көз алдында сол бұрынғы бейнесінде қалғысы келгендіктен осылай еткені анық. Намысқой еді. Әйтпесе онымен қоштасып қалғысы келген әріптестері де, туыстары да көп еді.
– Енді әңгімемізді басқа арнаға бұрсақ. Тұңғыш ұлын әкесі мен шешесінің бауырына салып берген ағамыз өзінің тұңғыш немересіне қалай қарады екен?
– Ол кісінің тұңғыш немересі менің тұңғыш қызым ғой. Әкем қызымды өте жақсы көрді. Қызым да әкем десе, құрақ ұшатын. Және екеуі бір-біріне қатты ұқсайды. Қазір қызым әкемді есіме салып тұрады. Түрі, қылықтары, сөйлеген сөздері, бәрі аумай қалған. Ұйықтап жатқанда сыртынан қарап тұрамын. Ұйқысына дейін ұқсайды. Сырт келбеттері ғана емес, жан дүниелері де бір-біріне келе ме деймін. Әкемнің бойындағы жазушылық талант балаларына берілмегенімен, сол немересіне қонған сияқты. Ол да қазір шама-шарқынша қолына қалам алып жүр. Бірер жыл қызмет бабымен Еуропада тұрғанымызда ағылшын тілінде жазған шығармасы үздік деп танылды. Және қолынан кітап түспейді. Өте көп оқиды. Ол да сол – атасының берген тәрбиесі. Қызым, негізінде, өз қолымда тұрды. Бірақ атасы демалыс басталысымен алып кететін. Барлық демалысын атасының жанында өткізді. Атасына жақын болып өсті.
– Әкеңіз сіздің жазушы болуыңызға қарсы болды. Ал сіз қызыңыздың қалам ұстағанына қалай қарайсыз?
– Егер қолынан келіп жатса, қарсы емеспін. Жазушы, журналист болып жатса, әкемнің жолын қуғаны ғой. Онда қуанғаннан басқа не деймін. Әкем маған қарсы болғанда, қабілетіме қараған шығар деймін. Ал қызымның бойында сол қасиет бар деп ойлаймын.
– Сіз қай тілде білім алдыңыз?
– Ол кезде Алматыда қазақ мектебі қазіргідей көп емес, санаулы болатын. Әкем ұлтжанды азамат болғандықтан, бізді қанша қиын болса да, сол қазақ мектебінде оқытты. Тілімізді, мәдениетімізді сүюге тәрбиеледі. Соның жемісі ғой, бірнеше жыл шетелде жүрген кезімде де дінімді, тілімді ұмытқан жоқпын. Балаларым да бірнеше тіл біледі және қазақ тіліне деген құрметтері ерекше.
P.S.
Әңгіме барысында мен жазушының ұлынан әкеге деген үлкен сағынышты сезінгендей болдым. Шыққан әр биігін әкесімен байланыстырады. Ол Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде салық төлеушілер басқармасын басқарған. Kazakhstan Engineering және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларында қаржы-экономика вице-президенті қызметін атқарған. Голландиядағы Royal Dutch Shell даму жобалары бойынша қаржы директорының орынбасары болып жұмыс істеген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, физика-математика ғылымдарының кандидаты. Erasmus университетінің (Голландия) басшылар дайындайтын халықаралық МВА жобасын тәмамдаған. Бірақ оның жалғыз мақтанышы – Баққожа Мұқаидың ұлы» деген аты.
Армансыз
Ана жылдары көпшілік оқырман жазушы ретінде білетін Баққожа Мұқаидың адамдық, азаматтық болмысын кеңірек танудың сәті түскен еді. Өзі басқаратын «Парасат» журналына жұмысқа қабылдаған. Дәл сол күндерде қаламгердің жалпы болмысын кеңірек тани түскендей болдық.
Бұрынырақта қаламгер қауымның арасында, әдеби ортада мойындалған жазушы екенін білетінбіз. Шығармалары да оқырмандар тарапынан қызу қолдау тапқан. Бір сөзбен айтқанда, әдебиеттегі тұғырлы тұлға екенінен хабарымыз бар-тын. Ендігі жерде жазушының басшы ретіндегі мінезімен бетпе-бет келдік.
Алғашқы күндерде-ақ «Өмірзаяның» авторы үшін мына өмірде ешнәрсе зая кетпеу керек екендігін білдім. Жұмыс кестесіндегі әр минутың үшін жауап беруге тура келетін. Кейде жарым сағаттық кешігулер, енді бірде жұмыс уақытында бір жерге барып келу, кейде ертерек шығу дегендер болып тұрады емес пе? Сондай кездерде қиналып қалатын едік. Тәртіп мәселесіне қатты қарайтын. Ал шығармашылықтағы тым талапшылдығы тағы бар. Өзі айына бір шығатын журнал болған соң, асығыстық деген мүлде болмайды. Екі-үш күн мақалаңды жазасың. Үстінен тағы бір қарап алғаннан кейін ұсынасың. Алып қалады. Оқып біткен соң шақырады. Қолыңа ұстатады да: «Шикі», – деп бір-ақ ауыз сөз айтады. Шығып кетесің. Пісіргендей қылып қайта кіресің. Жарты сағат, бір сағаттан соң шақырып алып: «Әлі де шират», – дейді. Несі шикі, не жетпейді немесе несі артық, тағы не қосу керек деген сынды сұрақтардың жауабын өзің тауып ал. Ләм-мим демейді. Айтса, арман жоқ. Өзің ойлағандай етіп жазып келесің. Әйтеуір ішкі болжамыңмен «мүмкін, осылай дұрыс шығар» деп қайта жазып шыққандай болғаныңда ғана: «Енді басуға болады», – дейді.
Тәртіп – анау, – талап мынау. Бір айда жазатының – екі немесе үш мақала. Оны айналасы он күнде бітіруге болады. Қалған күндерде не істейсің? Отырасың. Еркінсуге рұқсат жоқ. «Отырма, жаз» дейді. Сол кездерде ол кісінің бала-шағасына іштей жаным ашитын еді. Мынадай қатал мінезге қалай шыдайтындарына таңғалатынмын. Ал кейде осындай адамның баласы болып, бір үйде өмір сүруді армандап кетесің.
Кабинетіне шақырып алады. Шай ішесің, әңгіме айтасың. Дауысы жұмсақ, соншалық мейірімді. Көп сөйлегенді емес, көп сөйлеткенді, көп тыңдатқанды емес, көп тыңдағанды жақсы көретін. Еркелетіп, еркінсіткенде досындай ақтарыласың. Сондай бір әңгіме-дүкен үстінде өзінің сұрауымен ауылыңды, әкеңді, шешеңді, жағдайыңды, қанша қойыңның бар екенін, болашақ жарыңды, оның әкесінің мамандығын, шешесінің не үшін үйде отырғанын тағы бір қайталап айтып шығуыңа тура келеді. Кейде тіпті үстіңдегі киіміңнің қанша тұратынын, қайдан алғаныңды да қызықтайтын. «Саған мына алып жүрген ақшаң аздық етеді. Мен көбейтіп берейін. Сен жақсылап жаз. Сонда қаламақыны да көбірек алатын боласың», – деп қанаттандырып қоятын. Өстіп еркелеткеннен кейін келер сәтте айналып келіп еркіндеу кірсең, қабағы қатулы отырады. Қорқақсоқтап кірсең, мамыражай қарсы алады. Адам түсініп болмайтын. Бірде қатты, бірде жұмсақ. Бірде қаңтардай қатулы отырса, енді бірде жаздың күніндей жып-жылы болып жүретін. Осы мінезін бір танытып алған соң, айналасын қабағымен-ақ тәрбиелеп отыратын. Тізгінді тартып, жіберіп отыру ол кісінің басшылық тактикасы еді.
Осындай басшылық қызметімен қазақтың біраз азаматтарының шығармашылық тұрғыда қалыптасуына әсер етті. Өзінше кішігірім бір мектеп бола білді. «Парасат» журналына өз қалауымен шақырып алып, бірге жұмыс жасаған азаматтардың әрқайсысы тұлғаға айналды. Талаптан Ахметжан, Қали Сәрсенбай, Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек сынды қаламгерлер сол санатта деп білемін.
Журнал басшылығын қолға алысымен зейнет демалысындағы қазақтың классик жазушысы Қалихан Ысқақты қызметке тартуы біраз нәрсені аңғартса керек. Сол журналда талай жылдардан бері тер төгіп келген Зәкір Асабаевқа қосымша зейнетақы тағайындауы да – азаматтықтың бір белгісі.
Бұл аспантаудың етегіндегі алақандай ауылда дүниеге келген Баққожа Мұқаидың басшылықтағы азаматтық тұлғасының бір парасы ғана. Енді оны жазушы, драматург ретінде қарайтын болсақ, сөз ұзаққа кетеді. Дегенмен оқырман қауым жазушы шығармаларының көркемдік көкжиегін біледі деген ойдамыз. Оның кітаптары бірқатар тілдерге аударылған. Ал еліміздің бас театрларында сахнадан түспей келе жатқан драмалық шығармалары оның шын мәніндегі үлкен драматург екендігін айшықтап тұр. Аударма саласында да жемісті еңбек етіп, бірқатар шетел жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Шығармашылықта мол мұра қалдырған қаламгердің бұл еңбектері өз кезегімен лайықты бағаланды да. 1982 жылы «Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» хикаяттар кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Қазіргі кезде құнсыздау атақ болып көрінгенімен, сол кездегі жас жазушылар үшін Ленин комсомолы сыйлығы дегеніңіз алынбас асу, қол жетпес биік еді. Ал 2000 жылы «Өмірзая» романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл сыйлық еліміздің бас марапаты екендігін ескерсек, шығармашылық адамы үшін бұдан артық не керек? «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталған. Еңбектері лайықты бағаланды деп отыруымыздың басты себебі – осы.
Кейде бүк, кейде шік түсіп жататындай көрінетін Баққожа Мұқаидың алшысынан тұрып берген кездері де баршылық. Бірқатар жігіттерді әлеуметтік, моральдық тұрғыда қолдауда атқарған еңбектері де ерен...
Оның жүрегінде сұрапыл ағыстар болды деп ойлаймын. Жалпы, болмысынан қайшылықтарды да көрдім.
Сөйткен күрделі болмыс иесі, оқырмандары сүйікті жазушы санайтын, жазушылар қауымы адал әріптес деп білетін, қызметтестері қамқор басшы деп таныған Баққожа Мұқаи мерейлі 60 жасқа толар шағында ауыр науқастан көз жұмды. Қазақ радиосынан естіген осы бір қаралы хабар денемді суытып жіберген сол кезде.
Иманы саламат болсыннан кейінгі миыма келгені армансыз ғой деген ой болды. Әрине, армансыз адам бола ма? Арман дегеніңіз жүз жасаған Жамбылдың да соңғы сәтінде жүрегін шымырлатқан шығар. Мен Мұқаиды «армансыз» дегенде салыстырмалы түрде айтып отырмын. Қалауынша өмір сүрді, өлмес дүниелер тудырды, түр-тұрпаты да өзгелерден ерекше, еңселі еді. Ортасында қандай беделді болса, сол абырой биігінде дүниеден озды. Абайдың «Жайнаған туың жығылмай» деп басталып, «Жақсы өліпсің, япырмай» деп аяқталатын өлеңінен асырып не айтуға болады?!
Біздің бұл жазбамыз жазушы, драматург жайындағы әңгіменің басы да, соңы да емес. Айтылған, жазылған. Әлі де жалғасады.
Бетті дайындаған Бейбіт САРЫБАЙ