Әдібай ТАБЫЛДЫ, педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Біз Кеңес үкіметі кезінде білім саласында біраз жыл еңбек еттік. Мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің бастығы қызметтерін атқардық. Бірақ қазір ол кез бен бұл уақытты салыстыруға мүлдем келмейді. Ол кезде тәртіп қатаң болатын. Ал қазір ше? Облыстық білім басқармалары барлық мектеп жаңа оқу жылына толық дайын дейді де, артынан қаншама мектептің оқу жылына мүлдем дайын еместігі аңғарылып тұрады. Демек, олар жалған ақпарат таратады деген сөз. Ал оны бақылап отырған ешкім жоқ. Кезінде мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын үнемі қадағалап отыратын арнайы мектеп инспекторларын да қысқартып тастадық. Осының салдарынан жалпы білім саласына жауапсыз қарағанның кесірінен түрлі келеңсіздіктерге тап болып отырмыз. Сондықтан мұны тыю үшін ең бірінші Білім министрлігі бақылауды күшейтуі керек. Жалған ақпарат таратқан білім басқармаларына тәртіптік жаза қолдануы тиіс. Алайда бізде министрлер де жиі ауысады. Әрқайсысы келе сала, өзінше реформа жүргізеді. Осылайша, білім саласын әбден тұралатып алдық. Енді білім саласында біраз жыл қызмет еткен қазіргі министр мұның барлығын бірте-бірте ретке келтіреді деген ойдамын.
Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері, Алматы қалалық мектеп директорлары кеңесінің төрайымы:
– Қазір тендермен жұмыс істеу өте қиын. Мемлекеттік сатып алу жүйесі бізде дұрыс жолға қойылмаған. Тендерді кім болса, сол ұтып алып, білгенін істеп жатыр. Мектептің ірі құрылысы тұрмақ, қарапайым сенбілікке киетін қолғап, сабын, ұнтақ, еден жуатын шүберекке дейін тендер өткіземіз. Ал оны ұтып алатын кәсіпкердің мүмкіндігін, қабілетін ескермейміз. Әйтеуір, ең арзанын таңдап аламыз. Одан кейін сапа туралы не айтуға болады?! Осының қиындығын әлі күнге дейін көріп келеміз. Тамыз айында барлық өңірдің білім басқармалары «біз жаңа оқу жылына сақадай сай тұрмыз» деп есеп берді. Алайда жаңа оқу жылына дайын емес мектептер де бар екендігін ақпарат құралдары көтеріп отыр. Бұл, әрине, жергілікті жердегі басшылардың жауапсыздығынан деп айтар едім. Себебі бұған тендерді ұтып алған кәсіпкерлерді ғана кінәлау дұрыс емес. Жергілікті құрылыс, білім басқармалары, әкімдіктер оны уақытында қадағалап отыруы тиіс еді. Мұны ретке келтіру үшін жергілікті әкімдік тендерге қатысатын кәсіпкерлерге талапты күшейтіп, қадағалауды нығайтуы тиіс.
Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Мұны тыю үшін мемлекеттік сатып алу жүйесін қалыпқа келтіруіміз қажет. Себебі мектептердің жаңа оқу жылына дайын болмауына тендерлер тікелей кері әсер етіп отыр. Олар уақытында жүргізілмейді, не болмаса тендерді өткізген кезде тамыр-таныстық орын алып, құрылыс аяғына дейін бітпей қалып жатады. Сондықтан бұл жерде тендерді өткізуге министрлікті араластырудың керегі жоқ. Оны түбегейлі облыстық әкімдіктерге беруіміз қажет. Сонда ертеңгі күні ши шықса, сұрау салу бір мекемеден ғана болады. Әйтпесе қазір облыс — министрлікті, министрлік облысты кінәлаумен өтіп жатыр. Бұл жалғыз білім саласында болып отырған келеңсіздік емес, басқа министрліктерде де тендер төңірегінде дау көп. Сондықтан мен тендердің барлық жұмысымен жергілікті әкімдіктер ғана айналысуын ұсынар едім.
Жыл сайын қайталанатын мектептердің жаңа оқу жылына дайын болмай қалу фактілерін қалай тыюға болады?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора