Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы:
– Депутат Владимир Нехорошев жазаны ізгілендіру арқылы қылмысты өршітіп аламыз деген пікір айтты. Бұл пікірмен толық келісе алмаймын. Себебі қылмыстың да түр-түрі бар. Мәселен, жемқорлық қылмыстарға жазалауды күшейту керек дегенге келісемін. Депутат Нехорошев те осыны меңзеп отырған шығар. Қоғамға қауіп төндіретін қылмыстардың қатарына жатпайтын қылмыс түрлері де бар. Мәселен, алғаш қылмысқа барған адамдарға абайсыздан жасаған қылмыстар үшін, әсіресе жастарға жеңілдіктер болуы керек. Құр босқа түрмеге тоғыта бергеннен ешкім ұтпайды. Оның үстіне адамдар темір торда неғұрлым көп жатқан сайын олардың қылмыстық «квалификациясы» арта береді. Ал экономикалық қылмыстарға қатысты жазалауды күшейту керек, бірақ қалай? Меніңше, қомақты айыппұл төлету керек. Мұндай қылмыскердің Үкіметтің қаржысына түрмеде жатқанынан ешкімге пайда жоқ. Салық төлеуден жалтарған бизнесмендерге де солай істеу керек. Бизнесін жауып тастап, өздерін қамап қойғаннан гөрі, артығымен айыппұл төлеп берсін. Яғни жазалауларды қылмыстың түрлеріне байланысты реформалау керек.
І Нәбижан МҰХАМЕТХАНҰЛЫ, тарихшы:
– Жаза түрлерін ізгілендіреміз деп жүргенде қылмыстың артып кетуі – заңдылық. Адам саналы түрде қылмысқа барған болса, жазасын өтеуі тиіс. Әсіресе экономикалық қылмыстар, жемқорлық, мемлекет қаржысын жеке мүддесіне пайдалану, жымқыру, банк тонау сынды қылмыстарға қатаң қарамасақ, оны жоя алмаймыз. Нәтижесінде қоғамның дамуына кедергі болады. Қытайда экономикалық қылмыстар ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылады. Ол үшін тіпті өлім жазасы белгіленген. Яғни ұрлығы әшкере болған жағдайда алдында өлім күтіп тұрғанын түсінетін кез келген адам өмірін ақшаға айырбастағысы келмейді. Сондықтан Батысқа еліктеп, жазаны шектен тыс ізгілендіру дұрыс емес.
Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА, Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының директоры:
– Бұл тақырыптың екі ұшы бар. Сондықтан жазаны күшейту керек немесе жұмсарту керек деп кесіп айта алмаймыз. Жалпы, қылмыскерлердің жаза өтеу жүйесін ізгілендіру керек екендігімен келісемін. Елімізде қылмыстық оқиғалар өршіп тұр. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында жемқорлық та азаяр емес. Олар қылмыстың алдын алу емес, жазалаушы органға ғана айналып кетті. Сондықтан мен кейбір қылмыстарға қатысты жазаны күшейтуді ұсынамын. Ең алдымен жемқорлық, қызмет бабын асыра пайдалану деген сияқты қылмыс түрлерін атар едім. Дегенмен әлемдік тәжірибе жазалауды күшейткенмен, қылмыстық көрсеткіш азаймайды дегенге саяды. Сондықтан оның басқа да жолдарын іздеу керек. Жемқорлықпен күрес мәселесінде де алдын алу шараларына көп күш салу керек.
Жаза түрлерін ізгілендіреміз деп қылмысқа қарсы күресті әлсіретіп алмаймыз ба?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора