Мұрат ӘУЕЗОВ, қоғам қайраткері:
– Біз 70 жыл бойы өткен тарихымызды, ұлтымыздың өткен ғасырлардағы өмір ақиқатын дұрыс танып біле алмадық. Халқымыздың қаһармандары – хандар мен батырларды теріс қырынан көрсетуге тырысып, азаттық үшін болған ұлт-азаттық күрестерді феодалдық, ұлтшылдық көтерілістер деп таныдық. Ұлт тарихына деген кеңестік саясат көзқарасы осылайша болды. Ел тарихын, ірі тұлғаларымыздың ерлігінің мәнін бүгінгі егемендігіміздің арқасында сезіне бастағандаймыз. Өкінішке қарай, біз ұлттық сананы өткеннің сарқыншақтарынан әлі де тазарта алмай келеміз. Әлі де болса жалтақтық басым. Міне, болашақта осы кемшіліктеріміз жойылса жөн болар еді. Бұл ұрпақ үшін, ұлт үшін қажет-ақ...
Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы-ғалым:
– Кеңес дәуірінде халықтар достығы деген болды. Оны орысша сөйлеу, орысша ойлау деп түсіндік. Осындай құбылмалы заманда өмір сүрген қазақ оқығандары байырғы ата-баба жолын, ұлттық мүддені кеңестік идеологияға айырбастап жіберді. Сол себепті, қазіргі қоғамның зиялыларға деген көзқарасында сенімсіздік басым. Дәл қазір қазақ ұлты үшін өткені мен бүгінін саралап жаңадан ұлттық сана қалыптастыру мәселесі туындап отыр. Жасыратыны жоқ, біз бұрын отар болған халықпыз. Жағымды отаршылық деген болған емес. Отарлаушылар отарланған елдің табиғи байлығын ғана пайдаланып қоймайды. Олардың рухани болмыс-бітімін аздырады. Ең бастысы, ұлттық сана жойылады, азаматтық деңгей ауытқиды. Міне, осындай азаматтық деңгейімізден ауытқымас үшін келешекте бізге ешкімге жаңа жалтақтамайтын ұлттық сана қалыптастыруға ұмытылған абзал...
Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі:
– Ұлттық сана-сезім және рухани өмір – ажырамас құндылықтар екені бізге белгілі. Өкініштісі, біздің сол ұлттық санамыз әлі де бодандықтан арыла алмай жатқанын анық сеземін. Бір ғана мысал айтайын, өткенде Алматыда метроның ашылуына ұйымдастырушылар шақыру билетін алып кепті. Шақыру қағазының 90 пайызы орыс тілінде жазылыпты. Содан әлгіге ыза болдым да, шақыра келгендерге «Әй, сендер мынаны алдымен қазақшалап келіңдер. Сосын менен бару қашпас» деп қайтарып жібердім. Сөйтсем әлгілер не шақыру қағазын түземеді, не қайыра шақырмады. Көрдіңіз бе, егер біздің ұлттық санамыз жаңашылдыққа бейім тәуелсіз болса, алдымен осы кемшіліктерді жөндер едік. Ал бізде керісінше, қателігін айтсаң, тоң-теріс айналатындар көп. Өз басым осы кемшілікті жою үшін жаңа ұлттық сана қалыптастырудың кажеттілігін қатты байқаймын. Бұл – кейінгі ұрпақ үшін керек дүние...
Ұлттық сананы өткеннің сарқыншақтарынан тазарта алдық па?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора