Ерболат МҰСАБЕКОВ, демограф:
– Жалпы алғанда, еліміздегі демографиялық ахуал қалыпты деп айта аламын. 90-жылдары елімізде туу көрсеткіші төмендеп, елімізге көшіп келгендерден гөрі, елімізден көшіп кетушілер саны артып кеткен кезеңдер болған. Ол жылдармен салыстырғанда демографиялық өсім көрсеткіші бүгінде бір қалыпты. Әйтсе де демографиялық ахуалды осы деңгейде ұстап тұру үшін бізге ұлттық демографиялық қауіпсіздік бағдарламасы қажет. Онда негізінен халықтың демографиясын ынталандыру үшін әлеуметтік көмектер айқын көрсетілуі керек деп санаймын.
Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:
– Қанша жерден халықтың демографиялық көрсеткіші жақсы десек те, ұлан-байтақ жеріміз бен мемлекетімізді сақтау үшін халық саны көп болуы қажет. Дәл қазіргі таңда еліміздегі демографияны ұлғайту бағытында ештеңе жасалып жатқан жоқ. Мәселен, Германияда бала 27 жасқа толғанша жәрдемақы төленеді. Яғни бізде бір жасқа дейін берілетін жәрдемақы оларда 27 жасқа дейін төленеді. Ол елдермен салыстырғанда бүгінгі біздің елімізде беріліп жатқан жәрдемақы көлемін айтуға да келмейді. Мұнымен демография дамиды, аналарды ынталандыруға болады деп айту қиын. Сондықтан әлеуметтік көмекпен қатар, бала санына қарай балабақшалар мен мектептерде түрлі жеңілдіктер қарастырылуы керек. Бала санына қарай несиенің пайызын қысқарту, жәрдемақы көлемін ұлғайту секілді артықшылықтардың да пайдасы мол. Әлемдегі түрлі елдердің демографияны дамыту мақсатында жасаған озық тәжірибелерін үлгі етіп алып, өзімізге пайдаланып көруіміз керек. Және жақсы нәтиже бергендерін одан әрі қоғамымызға ыңғайлап енгізуіміз қажет.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Қазақ ұлтын, мемлекетін дамыту үшін міндетті түрде мұндай бағдарламалар керек. Бүгінде демографиялық өсімді беріп жатқан – оңтүстік облыстарымыз. Солтүстік облыстарда бұл үрдіс мүлдем баяу. Демографияны қолдау әлеуметтік төлемақыда ғана емес, саяси, мәдени тұрғыдан да қолдау табуы керек. Кешенді түрде жастар некеге тұрғаннан бастап мемлекеттік қолдауды сезінуі тиіс. Сондай-ақ демографиялық өсімді біз ішкі және сыртқы миграциямен байланыстырып қарауымыз керек. Қазір сырттан келетін қазақ көші тоқтап қалды. Оралмандардың елімізге келгеннен кейінгі адами, азаматтық құқықтарына аса мән берілуі керек. Қазақы ауылдарымыздың санын көбейтуге тырысуымыз керек. Мәселен, Шығыс Қазақстанның қазағы басым аудандарында демографиялық өсім жоғары да, орысы басым аудандарында бала туу көрсеткіші төмен. Демек, қазақи ортаның демографияға деген ынтасы жоғары. Біз осыны пайдалануымыз керек.
Ұлттық демографиялық қауіпсіздік бағдарламасы нені қамтуы тиіс деп ойлайсыз?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора