Мұрат Ахмадиев, Мәжіліс депутаты:
– Электронды бұқаралық ақпарат құралдарының қалың бұқара арасында ықпалы өте күшті. Сондықтан да кез келген жақсы идеяларды жүзеге асыру үшін солардың потенциалын пайдалану керек. Мысалы, бір ғана мемлекеттік тіл төңірегінде қордаланып қалған көптеген мәселені ақпарат құралдарының көмегімен шешуге болады. Қазіргі уақытта еліміздегі барлық телеарналар өзгенің дүниесін насихаттауға кірісіп кеткендей әсер қалдыруда. Егер де осы істі арнайы жоба-жоспар жасап қолға алатын болсақ, алдағы он жылда біраз түйінді сұрақтардың шешімін табар едік. Осы орайда мемлекеттік тілдің теле-радиоарналар мен газет журналдардағы насихатын күшейтуді қажет деп санаймын. Бұған қоса қазақ киносының ұлттық бояуын айшықтай түсу керек. Бір өкініштісі – біз көп сөйлейміз де, аз жұмыс істейміз. Бұл мәселеде бүкіл ел болып жұмыс жасауымыз қажет.
Арман Сқабылұлы, «Хабар» арнасы бас продюсерінің орынбасары:
– Телеарналардағы мемлекеттік тілдің үлес салмағын арттыру мәселесі кезінде жап-жақсы басталған еді. Мысалы, 50 де 50 талабы бойынша эфир жасауға кіріскен телеарналар бірте-бірте қазақтілді хабарлардың көрсеткішін алпысқа, жетпіске, сексенге және одан арыға дейін де жеткізуі керек болған. Алайда телевизия саласындағы қазақ тілінің үлесі қазіргі кезеңде баяғы 50 деген көрсеткіштен де едәуір түсіп кетті деуге негіз жоқ емес. Қазір қарап отырсаңыз, кез келген өзге тілдегі телеөнімді дубляждап, «тірі дауыспен» аудармай, жазбаша түрдегі қазақша аудармасының мәтінін, яғни субтитрін бере салу белең алып кетті. Ал бұл әдіс мемлекеттік тілдің дамуына қаншалықты оң ықпал ететінін білу қиын. Осындай айла-амалдар арқылы әрбір электронды ақпарат құралдарының субтитрлы өнімдерді «қазақтілді бағдарламалар» ретінде есепке алынуда. Егер де субтитрлі өнімдерді есепке алмайтын болсақ, онда телеарналардағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 50 де 50-дің жартысына жетпей қалады. Сондықтан да біз өзге тілдегі өнімдерді аударумен айналыса бергенше, өзіміздің мемлекеттік тілдегі төл өнімдерімізді көбейтуіміз керек.
Серік Әбікенұлы, «Алматы» телеарнасы бас директорының орынбасары:
– Бұл – бұрыннан көтеріліп, әлі күні шешімін таппай келе жатқан мәселе ғой. Күні кеше ғана үлкен мінберге шығып, бір-екі депутат тағы «шырылдағандай» болды. Жоғарыда отырғандар «неге бәрі түгелімен қазақша сайрап ала жөнелмейді?» деп жалған жанашырлық танытқанша, олардың өздері елге нақты ұсыныспен шығып, үлгі болса керек еді. Ал отандық телеарналар мемлекеттік тілге қырын қарайды деп жазғыра беру де орынсыз. Олардың қолында не бар? Соңғы уақыттарда тек қазақша сөйлейтін бәленше арна ашамыз, түгенше бағдарлама жасаймыз деп уәдені үйіп-төгіп отырған басшылардың бастамалары аяқсыз қалып отыр. Сөз бар, іс жоқ. Жоқ жерден жаңалық іздегенше неге біз бар дүниелерімізді ұқсатуға құлықсызбыз? Мысалы, қарапайым халықтың салығынан күн көріп отырған мемлекеттік арналарды неге түбегейлі мемлекеттік тілді арна жасамасқа?!
Алдымен бізге мүмкіндіктер беріп, мемлекеттік тілде хабар тарататын арна қалыптастыруға жағдай жасалсын. Мысалы, БАҚ туралы заңда «электронды ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің үлесі 50 пайыздан кем болмауы керек» деп жазылған. Бұл қатып қалған сан емес. Мұны 100 пайызға жеткізуге болады ғой. Бұдан «өзге ұлттардың құқығы шектеледі деп қорқудың қажеті жоқ».
Телеарналардың мемлекеттік тілге түбегейлі бетбұруы үшін нақты қандай шаралар ұсынар едіңіз?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора