Сергей АЛЕСКОВСКИЙ, Алматы полиграфологтар қауымдастығы кеңесінің төрағасы, заң ғылымының кандидаты:
– Қылмыспен күресте жаңа заманның технологияларын пайдаланбаса болмайды. Мен тек шындық детекторын ғана айтып отырған жоқпын, мысалы, біз көше-көшелерді бейнекамералармен жабдықтайтын болсақ, бұл да қылмысқа деген тосқауылдардың бірі емес пе? Техникалық қабілеті жағынан жан-жақты жетіліп жатқан полиграф құралдары қазір көптеген мемлекеттерде жемқорлықпен күрестің қаруы ретінде пайдаланылып келе жатыр. Литвада осы құралға ғана қатысты арнайы заң бар. Сондай-ақ АҚШ, Канада, Жапония, Батыс Еуропа елдері, тіпті көрші отырған Ресей мен Қырғызстанда да бұл аппарат өз жемісін беріп жатыр. Қырғызстанда мемлекеттік қызметкер осындай сынақтан өтуге міндетті болып саналады. Кейбір мемлекеттерде осындай құралдың нәтижесі сот барысында салмақты куәлік ретінде ескеріледі. Қазір еліміздегі көптеген жекеменшік компаниялар жаңа жұмыскерлер қабылдайтын кезде біздің көмегімізге сүйенеді. Бұл бекер емес, себебі қазіргі шындық детекторлары өте дәл көрсеткіштерге қол жеткізе алады. Меніңше, біз түбі осыған келеміз.
Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы:
– Полиграфты міндеттеп, қолданысқа енгізуден біздегі жемқорлық тоқтайды дегенге күмәнмен қараймын. Себебі сол детектор құрылғыларын шенеуніктер бақылайтын болады ғой. Біріншіден, бұл құрылғыдан өтпей қалған жоғары шенді шенеуніктердің есімдері баспасөз арқылы халыққа жария етілмейді. Өтпей қалғаны үшін базбіреуді жұмыстан шығарып жібереді деп әсте ойламаймын. Мен кейде былай деп қалжыңдаймын: «Егер шындық детекторын міндеттейтін болса, біздің кейбір епті шенеуніктеріміз бірден осындай құрылғы тасымалдайтын жеке фирмаларын ашып жіберіп, әлгі құрылғыларды мемлекетке қымбат бағамен өткізу арқылы олжаға кенелуі мүмкін». Дегенмен егер шындық детекторы міндеттелетін болса, сол арқылы барлық жоғары шенеуніктер сыналатын болса және ең бастысы сол процесті бақылау қоғамдық ұйымдар мен халық үшін ашық болса, бұл – бір игі бастама болуы да мүмкін.
Сергей ЗЛОТНИКОВ, Transparency Kazakhstan қоғамық қорының директоры:
– Шындық детекторын қолданысқа енгізу жемқорлықты жоюға көмектесе алмайды. Полиграфты алдап соғу қиын іс емес қой. Оны қалай айналып өту керектігін арнайы үйрететін адамдар да болады. Сондықтан мұны мен популистік ұсыныс деп қабылдаймын. Жемқорлықты азайту үшін нақты шаралар жасау керек. Мысалы, пара ұсынудың мүмкіндіктерін түпкілікті жою керек, көлеңкелі экономикамен күресу керек. Ал шындық детекторын қылмыстарды әшкерелеуші мамандар өз қажеттілігіне қолдана жатар, бірақ оны жаппай қолданысқа енгізу ешбір артықшылық әкелмейді.
Шындық детекторын енгізу арқылы коррупцияға тосқауыл қоя аламыз ба?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора