Ахмет АЛЯЗ, Халықаралық «Қазақстан-Zaman» газетінің директоры:
– Қазақтың тісі ғылымның барлық саласына батады. Бірақ елімізде оған кедергі келтіретін факторлар бар. Мысалы, бірінші – күнделікті тұрмыс-тіршілік, екінші – ғылыми бағыт-бағдардың айқын еместігі, үшінші – ғалым адамның қолындағы мүмкіншілігінің жоқтығы, төртінші – ғылымға деген құрметтің болмауы. Қазір, Құдайға шүкір, қазақтың мықты математиктері, физиктері, химиктері, әдебиетшілері т.б жетерлік. Оның бәрі жоғарыдағы айтқан себептер салдарынан күнкөріс қамымен жүр. Есесіне, ғылымды ермек еткен, ғылымға үлес қоспаса да, атақ алғысы келетін азаматтардың саны көбейді. Сондықтан да бірінші кезекте – ғалымдардың күнкөріс мәселесі, екінші кезекте нақты бағыт-бағдар айқындалса, кез келген ғылымды бағындыруға болады. Үшіншіден, бізде ғылымды ары өндіріске жалғап әкететін орта қалыптаспаған. Мысалы, көлік жасау елімізде дамымаған делік. Сіз осы саланың қанша білгір маманы болсаңыз да, елімізде өндірісі болмағандықтан алға жылжи алмайсыз. Яғни теорияны практикаға ұштастыра білу керек. Біздегі бірқатар саладағы ең үлкен проблема – осы. Осыған қарай отырып, біздің ғалымдар теорияны тәжірибеге айналдыруға тісі батпай жүр деп айтуға болатын шығар.
Сайын БОРБАСОВ, саясаттану ғылымының докторы, профессор:
– Біріншіден, бізде әлемдік ақпараттандыру ғылымы кенжелеп келеді. Ғалымдарымыз ақпаратты қалай ұйымдастыру, ақпаратты қалай жеткізуді білмейді. Екіншіден, биотехнология саласы дамымай отыр. Үшіншіден, қоғамға аса қажетті азық-түлік өңдейтін, өндіретін технология саласын игеруге де құлшыныс таныта алмай отырмыз. Бұл айтылған үш саламен айналысатын ғалымдарымыз бола тұра, айтарлықтай жетістікке жете алмаудамыз. Сонан кейін біздің ғалымдардың тісі машина жасау, кибернетика, технологиялық желілерді жасау, ғарыш саласын игеру деген секілді ғылым түрлеріне де батпай отыр. Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты болғандықтан, бұл салаға баса назар аударуымыз қажет екені белгілі. Десек те, біздің ғарыш саласындағы ғалымдарымыз некен-саяқ.. Сейсмология, гидрометология салаларында мамандарымыз бар дегенімізбен, сапа жоқ. Яғни бізде дамымай отырған ғылым саласы өте көп деп ойлаймын.
Қарлыға МЫСАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің доценті:
– Қазір елімізде кенжелеп қалды делінетін жаратылыстану, соның ішінде биотехнология, нанотехнология, космостық қызмет, ақпараттық-коммуникациялық технология саласына баса көңіл бөлініп, сең қозғала бастады. Сол себепті де қазақтың тісі қай ғылымға батпай жүр деген сауалдан гөрі, алдымен осы салаға үкіметтен бөлінген қыруар қаржылардың есебінен жүргізіліп жатқан ғылыми-инновациялық зерттеулердің біздің қоғамға қаншалықты пайдасы тиіп жатыр деген сұраққа жауап беріп алған дұрыс сияқты. Үлкен бір конференцияда танымал шетелдік ғалым: «Бұрынғы КСРО елдерінен шыққан көптеген ғалым көп жылдар бойы жүргізген ғылыми-зерттеулерінің нәтижесін қалай кітап етіп түптеп сөреге қоюды ойласа, біздегі ғалымдар оны қалай өндіріске енгізуді, бизнес көзіне айналдыруды ойлайды» деген еді. Әрине, біздегі барлық ғылыми-зерттеу нәтижесі қағаз жүзінде қалып жатыр дей алмаймын. Бірақ бүгінде мейлінше ғылыми әлеуеттің дамуы қолданбалы ғылымға, өндіріске және бизнеске жақындау қажеттілігі сезіледі.