Сейілбек Мұсатаев, саяси ғылымдар докторы:
– Патриотизм деген Отанды сүю, ел үшін күю ғой. Жалаң ұран, құр даңғазамен патриотизмнің мәнін кетіріп алып жатамыз. Еліміздегі «әп-бәрекелділерді» ғана емес, «әттеген-айларды» да жасырмай айту керек. Телеарна – қоғамдық пікірге қозғау салушы ең қуатты құрал. Бұл телеарна басшыларына үлкен жауапкершілік жүктейді, алайда олардың көбі сенім үдесінен шығып жатыр дей алмаймын. Өйткені прайм-тайм уақытында эфирді түрік, корей сериалдарымен толтырып қойды. Ресей телеарналарын қарасақ, әскери, спорттық, ток-шоуларының астарынан патриотизмді байқаймыз. Сондықтан телеарналарда «Менің елім, Қазақстан!» деп кеудемізді мақтаныш кернеп тұратындай отансүйгіштік мазмұндағы бағдарламалар көптеп жасалса... Мысалы, өлкетану бағытында еліміздің түкпір-түкпіріндегі тамаша мекендерді, тарихи жерлер мен ескерткіштерді неге айшықтап көрсетпеске? Бұл, бір жағынан, ұлттық туризмді дамытуға септігін тигізер еді. Сонымен бірге қазақтың ілкі мәдениеті мен төл дәстүрін, ұлттық қолөнерін насихаттайтын, қазақтан шыққан тарихи тұлғалар хақында бағдарламалар жасау керек. Эфирден азаматтық қоғам өкілдеріне, партиялар мен ұйымдардың тың идея, ой-пікіріне орын берілсе жақсы болар еді. Телеарна басшыларына осындай кешенді шараларды атқару міндеті тұр.
Серік Әбікенұлы, «Алматы телеарнасы» бас директорының бірінші орынбасары:
– Ең әуелі биліктің өзі қазақ журналистерін қақпақылдағанын қоюы керек шығар. Ал телеарналарға тек қана шын ниет пен тайсалмас батылдық керек. Ал оны қаржыға апарып тірейтіндер бар, бірақ жүрегінде оты, кеудесінде намысы барлар қаржыға қарамай-ақ, халқына керек дүниелерді бере алады. Сондықтан ең әуелі биліктің тармақтарында істейтін басшылардың патриоттық сезімін ояту керек. Қазіргі қазақ журналистерінің кеудесінде отансүйгіштіктің оты лаулап тұр. Олар өз ішіндегі қайнап жатқан дүниесін толық жеткізейін десе, мына жақтағы жандайшаптар шырылдап шыға келеді. Негізінде,біз, журналистер, әлі күнге дейін ұлтты ояту мәселесінен алысқа ұзаған жоқпыз. Мысалы, біздің арнада «Тіл сақшысы» деген хабар бар. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, әлі күнге дейін тілімізді қорғаумен айналысып жүрміз. Жалпы, ұлтымызға тиесілі дүниелерден біздің шығармашылық ұжым кенде емес. Ұлт тарихына қатысты «Тарих таразысы», дәстүрлі дінімізді дәріптейтін «Бес парыз» атты хабарымыз бар. Қазақ журналистері әу бастан бағытымызды айқындап алғанда, біздің әуеніміз басқаша болар еді.
Әуесбайдың Қанаты, филология ғылымының кандидаты, тележурналист:
– Меніңше, телевизияшы қауым бүгінде көрерменнің талғамын бұзып алды. Соның салдарынан телеаудитория адами ізгі қасиеттерді, рухани байлықты, патриотизм ауанындағы отансүйгіштік телеөнімдерді тамашалаудан гөрі зорлық-зомбылық, қатыгездік, қиянатты әспеттеп, әсірелейтін бағдарламаларға әуес болып алды. Бұл – адамның ішінде бұғып жатқан «хайуандық түйсіктің» жетегінде кетіп, рейтингілік көрсеткішті ғана көксеген ақпарат құралдарының да кінәсі. Тиісінше, ізгілікті насихаттайтын телеөнімдер тапшы болғанымен, бірақ оған сұраныс аз сияқты көрінеді. Мен мұны телевизиядағы тоқырау дер едім. Әдетте патриотизмді парықтайтын бағдарламаларды көрсетудің қызықты пішіндерін ойлап тауып пайдаланбаса, көрермен жинау қиын. Жалпы, патриоттық хабарларды көбейту үшін арнайы медиа-жоспар жасалуы тиіс.
Патриоттық мазмұндағы телебағдарламаларды көбейту үшін не істеу керек?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора