Өмірәлі ҚОПАБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Біз өлім жазасына мораторий жариялаған мемлекеттердің біріміз. Соған байланысты қазірде қылмыскерге бірден өлім жазасын артпай, тек өмір бойы бас бостандығынан айыру жүйесін қолдап келеміз. Міне, бірнеше жыл қатарынан біз қылмыскерлерді бірден бақилық қылмай, тек оны өмір бойы темір торға отырғызуды жөн санап келдік. Енді келіп осы жазаның түрін жеңілдеткіміз келеді. Байыптап қарасақ, өмір бойына бас бостандығынан адам тектен-текке айырылмайды. Ол адам қоғам үшін ең қауіпті қылмыскер болғандықтан, бір емес, бірнеше адамның қанын мойнына жүктегендіктен, өмір бойы жазасын темір тордың ар жағында өтейді. Осыған орай, өз басым «қоғамға қауіпті адамға жеңілдік жасаудың қажеті жоқ» деп ойлаймын. Егер біз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын мерзімдік жазаға алмастыратын болсақ, бұл үрдіс қоғамда ауыр қылмыстың өршуіне жол береді. Бұл ретте ешқандай жеңілдік болмауы тиіс. Тәртіптің де, заңның да қатаң сақталғаны абзал.
Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Жоқ, мұның мүлде керегі жоқ. Қылмыс жасады екен, оны мойынымен көтерсін. Қазір қоғамда осындай бір дүрбелең ой туғызып, нақ осы пікір төңірегінде сөз таластыратындар көбейіп кетті. Бұл ретте өз тарапымнан айтарым, егер біз өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарға жеңілдік жасап, олардың жазасын мерзімдік жазамен алмастыратын болсақ, онда заңымызда сапа да, салмақ та қалмайды. Мұндай әрекет жасар болсақ, заңды белден басатындардың қарасын көбейтіп аламыз. Әрине, дүниежүзінің бірқатар елдерінде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына жеңілдік берілген де шығар. Алайда мұны алдыға кесе-көлденең тартудың қажеті жоқ. Біз енді-енді аяғымыздан тік тұрып келе жатқан мемлекетпіз. Былайша айтқанда, жас шыбық тәріздіміз. Жас шыбықты қалай қарай исең, ол солай қарай майысады. Сондықтан бізге осы бастан қатаң тәртіптік жүйемен жүрген абзал. Тәртіп бар жерде заң да бұзылмайды. Меніңше, жазаны жеңілдетудің еш мағынасы жоқ.
Берік ӘБДІҒАЛИЕВ, саясаттанушы:
– Қазір бүкіл әлемде гуманизация мәселесі көтеріліп жатыр. Осыдан барып қайсыбір елдер ату жазасын жеңілдетіп, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына айырбастады. Біле білсек, мемлекет заңы қылмыскерді өлім жазасына болмаса өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасына тектен-текке кеспейді. Сондықтан бұл арада арнайы зерттеу-сараптама жұмыстары жүргізілуі керек. Ал бірден жазаны жеңілдету үрдісіне көшу дұрыс емес. Біз онсыз да ату жазасын жеңілдеттік емес пе? Енді нақ осы арада асығыс шешім қабылдап, дабыралату қажет емес. Қазірде қайсыбір мемлекеттер өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарды мемлекет есебінен «асырауды» ауырсынып, оларға мерзімді жаза беріп, еңбекке араласуына жағдай жасауда. Әйтсе де олардың арасында қайта қылмыс жасап, темір торға қайтара тоғытылып жататындар көптеп саналады. Демек, бұл жерде темірдей тәртіп кемшін деген сөз. Тәртіп пен заң арасында қабысушылық болмаса, қоғам іштен іриді. Өз басым жазаны жеңілдетуді қолдамаймын. Керісінше, «жаза түрі қатаң бақылауға алынуы керек» деп есептеймін.
Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын белгілі бір мерзімдік жазамен алмастыру керек пе?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора