Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Теледидардан есірткінің есті алар, адамды айуанға айналдырар, адамзатқа тигізер қасіретін, отбасына әкелер қайғысын әртүрлі формада үзбей көрсетіп отырса, дұрыс болар еді деп ойлаймын. Қоғамға кесел болып жабысқан нашақорлық дертіне, ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін тажалға тосқауыл қою жолында мемлекеттік билік орындары, құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ата-аналар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бірігіп күресуі қажет. Меніңше, нашақорлар – ауру адамдар, сондықтан оларды емдеу керек. Ал есірткіні таратушыларға жазаның ең ауыр түрін қолданған жөн.
Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Нашақорлар санының күн санап артуы, жастар арасында есірткіге қатысты қылмыстың қарқын алуы жұртшылықты бейжай қалдырмасы анық. Нашақорлар – әрі ауру адамдар, әрі қылмыскерлер. Нашақорлық – дерт. Оған бой алдырған адамды емдеген дұрыс. Егер әрбір сырқат адамды жазалап, қоғамнан аластатар болсақ, одан біздің мемлекетіміздің өркендеуіне ешқандай пайда келмейді. Ешкім нашақор болып тумайды, оның осындай жағдайға душар болуына маңайындағы араласатын таныстарының және есірткіге бой алдырған немесе есірткіні пайда көзіне айналдырған адамдардың ықпалы әсер етеді. Сондықтан алдымен есірткіні таратушыларға қарсы күресті күшейту керек. Есірткі саудасымен және ұйымдасқан қылмыспен күресу дүниежүзінің барлық елдері үшін өткір мәселе болып отыр. Заңсыз есірткі айналымына және есірткіге тәуелділерге қарсы жүргізіліп жатқан шараларды әлсіз деуге болмас. Десек те атқарылып жатқан жұмыстардың діттеген жеріне жетпей жатқаны анық.
Аманхан ӘЛІМ, ақын:
– Есірткі тасымалдаушыларды құрықтап жатқаны туралы арагідік теледидардан көрсетіліп жатады. Бірақ бұл есірткі таратушылардың жолы кесілді деген сөз емес. Есірткі саудасымен айналысушылар үшін жауапкершілікті қатайту қажет. Сонымен бірге нашақорларды емдеу, тіпті мәжбүрлеп емдеу қажет. Олар – қоғамға, айналасындағы оң-солын танып білмеген жас ұрпаққа, сонымен қатар отбасына бақытсыздық, ауыртпалық әкелуші адам. Оған күніне есірткі сатып алу үшін ақша керек. Қаражат табу үшін нашақорлар амалсыздан қылмысқа барады. Оны емдету үшін де қомақты қаржы қажет. Сондықтан нашақорларды есірткіге тәуелділіктен арылту үшін олардың емделу ақысын да арзандату мәселесін қолға алу керек. Яғни күресті жан-жақты жүргізген жөн болар еді.
Нашақорларды емдеген дұрыс па әлде жазалау керек пе?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора