Әбдуәлі МАМӘДІЛ, психолог:
– Мұндай байқауларға үзілді-кесілді қарсы болу керектігін бұрыннан айтып келе жатқандардың бірі – мен. Себебі баланың білімі, өнері емес, денесін көрсету арқылы ерекшеленуі – психопатология, яғни қалыпты ойлаудан ауытқу. Себебі мұндай үрдіс баланың өнері, ой-өрісін тежеп тұлға болып қалыптасуына кері әсерін тигізеді, яғни бала кішкентайынан өзін тек сырты сұлу «қуыршақ» қылып тастайды. Ал соған қой деудің орнына, керісінше, дем беріп, тіпті өздері итермелеп, қаржыландыратын – ата-ана. Негізінен, бала ес біліп, етек-жеңін жиятын 9-10 жастан бастап ата-анасы, жақындары, ұстаздары оның бойында ұят деген сезімді оятып, соған қайшы келетін іс-әрекеттен аулақ ұстауы қажет. Қазір, керісінше, көптеген ата-аналар мен ұстаздар баланың бойындағы жылт еткен ұялу, қымсыну сезімін «ұялма, шық, көрсет өзіңді» деп, сол бір ең аяулы сезімдерді барынша өлтіріп, жойып тастап жатқандарын сезбей де қалып жатыр. Сондықтан мен мұны қоғамның кері кетуі деп ұғып, кеш болмай тұрып ақылға келуді ұсынамын. Шектеу қоялық, оны балалардан бастайық.
Ләйла СҰЛТАНҚЫЗЫ, «Балапан» арнасының директоры:
– Біз бұл мәселені қаншалықты заңды тұрғыдан шеше аламыз деген екінші әңгіме, бірақ мен өз басым, шынында, кіп-кішкентай қыздардың шектен тыс сұлулыққа ден қоюына қарсымын. Неге? Біріншіден, қазіргі біздің 16 жасар қыздарымыз баяғының дәл осы жастағы қыздарындай емес, яғни бүгінгі қыздар психологиясы заман ағымына сай күрт өзгерген. Екіншіден, біз балалар арнасы болған соң алдымызға сан түрлі ата-аналар келеді, солардың іс-әрекетіне қарап, мен қоғамда қорқынышты бір үрдіс дендеп келе жатқанын байқадым: бүгінгінің ата-анасы үшін баласының білім алғаны маңызды емес, олар үшін ең үлкен мәртебе – баласының «жұлдыз» болғаны. Талайы тіпті маған өздерінше бармақ басты, көз қыстылық жасап, «қызым қалайда жұлдыз болуы керек» дегенді ашып та айтқан кездері аз емес. Айтайын дегенім, бұл жерде баланың еш кінәсі жоқ, яғни қыздарымыздың қазір жасына жетпей беті-басын бояп, шашын жалбыратып, жасынан ерте бойжетіп кетіп жатқаны тікелей ата-анасының кінәсінен, яғни ана кішкентайында өзінің қол жеткізе алмаған арманын баласы арқылы іске асырғысы келеді. Ал ол – балаға жасалған үлкен қиянат. Сондықтан бұл бастамаға толығымен қосыламын, яғни 16 жасқа толмаған балалар арасында тәнін жарнамалап, сыртқы келбетін үлкендерше сәндеуге ықпал ететін түрлі байқау, шоуларға тыйым салу қажет.
Мырзабек БЕКБЕРДІ, заңгер:
– «Қыз сыны» дей ме, «Мисс» дей ме, түрлі атпен ең алғашқы балалар байқауы мектеп, тіпті балабақшадан басталады. Кезінде олар әдеппен өтетін, ал қазір заман ағымына сай өзгеріп, ақыр аяғы өткенде Қарағандыдағыдай сорақылыққа алып барды, яғни бүлдіршін қыздар шетелдік модельдерге еліктеп, сахнаға ішкиім, суда жүзетін киіммен шықты. Ал дәл сондай сипатта болса, онда «Қыз сыны» немесе «Мисс» бола ма, бәрін атымен жою керек. Бұл ұлттық тәрбиемізге жат нәрсе ғой. Еуропа төріндегі Францияның өзі қыз баланың кәмелетке толмай денесін «саудаға салып», тәнін жалаңаштап көрсететіндей байқауға тыйым салып, кәдімгі қылмыс деп қарап жатқанда, біздің тіпті солай ететін жөніміз бар. Себебі біз әуелден мұсылманбыз, қазақпыз. Қызы жалаңаш сахнаға шықпақ түгіл, қырық үйден тыйым салған халықпыз. Сол тұрғыдан келсек те, моральдық тұрғыдан келсек те, тыйым салатын жөніміз бар.