Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Біріншіден, шөптік қоспаның ғылыми сараптамасын жүргізіп, оның құрамындағы адамға кері әсер етуші заттарды әсер ету дәрежесіне сай есірткі заттар қатарына жатқызу туралы ресми қорытынды беру қажет. Осыған сәйкес, аталған шөптік микстерді есiрткi және психотроптық зат тектестер немесе құрамында есiрткi заттары бар өсiмдiктер қатарына енгізу мақсатында Қазақстан Республикасының «Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Заңымен бекітілген арнайы тізімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деп есептеймін.
Өйткені Еуропаның барлығы бұған тыйым салып жатыр. Тіпті көрші Ресейдің өзі де мұны қатты қолға алуда. Енді еліміз де осы мәселеге жіті бақылау жүргізу керек. Бұл ретте Досқалиев мырза әбжіл қимыл көрсетуі тиіс. Себебі адамның денсаулығына зиян келтіретін заттар қазір қоғамымызда ашық саудалануда. Сондықтан тек сала министрлігі емес, Үкімет те бұған қолдау көрсетіп, тиісті заңның қабылдауына шұғыл түрде әрекет жасауы қажет. Әйтпесе заңдық негізсіз біз ешқандай тыйым сала алмаймыз.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Негізі, шөптік микстердің ашықтан-ашық сатылуына құқық қорғау органдары қадағалау жүргізгенімен, оның нақты адам денсаулығына зиян екендігін анықтау – Денсаулық сақтау министрлігінің құзырындағы шаруа. Таяуда Алматыда шөптік микстерді сатқан адам қолға түсті. Одан алынған қоспаларды химиялық сараптамадан өткізгенде, олардың синтетикалық каннабиоидтар түріне жататыны анықталған. Ол адамның психикасына тікелей әсер ететіні белгілі.
Бірақ біздегі психотроптық заттарға қатысты заңдағы кестеге сәйкес, осы аталған шөптік микстер тыйым салу тізіміне кірмейді екен. Бұл нені білдіреді? Бұл шөптік микстердің қайсысы адамға қаншалықты зиян екендігін Денсаулық сақтау министрлігі анықтап, есірткі, психотропық заттарға қатысты заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу керектігін аңғартып отыр. Егер депутат бұл жөнінде мәселе көтеріп, Үкіметке сауал жолдаса, мен оны қолдаймын.
Берген ЕРЖАППАР, ОҚО Ордабасы ауданының прокуроры:
– Ресей телеарнасынан жақында көрген деректі фильмде шөптік микстердің қолдануының салдарынан көптеген адамдардың, әртүрлі денсаулыққа қатерлі жағдайға ұшырайтындығы, токсикологиялық улануларға, өлімге алып келу жайттары болғандығын көрдім. Біздің генетикалық қорымыз, келешегіміз қазіргі жастар денсаулығына көп байланысты. Сондықтан басы шетелден бастап, біздің елге жеткен шөптік микстердің тиісті қорытындылар арқылы заңды статусын жедел түрде анықтап, заңға өзгерістер енгізіп, оның таратылуына тыйым салуға бағытталған шара арқылы төнген қатердің тамырына балта шабу қажет деп санаймын.
Әлемнің дамыған елдері – Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия, Швейцария, Жапония, АҚШ және т.б. бұл затты пайдалануға тыйым салғанын, көрші Ресей мемлекеті бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатқандығын ескеріп, бұл өзгерістерді жедел түрде жүргізу керек.