Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Әрине, күрделі жөндеу жұмыстарының дер кезінде аяқталып, 1 қыркүйек күні мектептерде қоңырау сыңғыры естілгені дұрыс қой. Оның үстіне, балалардың Білім күні үйреніскен өз мектебінің табалдырығын аттауы да психологиялық тұрғыдан оларға үлкен қуаныш болар еді. Өкінішке қарай, жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің күрделі жөндеуге жабылуына мектеп басшылығы, мектеп ұжымы кінәлі емес. Күрделі жөндеу жұмысының кеш басталып, кеш аяқталуы бөлінетін қаржыға байланысты. Көбінесе осы мақсатта бөлінетін қаржы мерзімінен кеш бөлінеді. Оның үстіне, тендер жарияланып, құрылыс жұмыстарымен айналысатын жұмысшылар бекітілгенше уақыт өтіп кетеді. Нәтижесінде, мектеп күрделі жөндеуге кеш алынып, ол жұмыстар жаңа оқу жылының қарсаңында үлгеріп аяқталмай қалады. Яғни мұның бәрі еліміздегі қалыптасқан жүйеге байланысты болып отыр. Мектеп ұжымы мен ата-аналар, оқушылар үшін мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының үш ай демалыс кезінде жүргізіліп, жаңа оқу жылы қарсаңында ғимараттың пайдалануға берілгені ыңғайлы-ақ. Сондықтан тиісті орындар мәселенің шығу төркінін анықтап, күрделі жөндеу жұмыстарының созылмауына ықпал етсе дұрыс болар еді.
Сәния ӨСКЕНБАЙҚЫЗЫ, М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясының директоры:
– Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Мәселен, биыл оқу жылының қарсаңында мектебімде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мектеп ғимараты толығымен маусым айының ортасында ғана босайды. Сосын жөндеу жұмыстарын маусым айының ортасында бастап кеткеннің өзінде үлгере алмай, оқу жылы қарсаңында оқушыларды уақытша басқа мектептерге тарата тұруға тура келеді. Енді мектептегі күрделі жөндеу жұмысы толығымен 1 қазанда аяқталады деп күтілуде. Оған дейін шыдай тұруға тура келеді. Осы уақытқа дейін жөндеу жұмыстары тек атүсті жасалып келді. Ал биыл мектептің еденінен бастап, шатырына дейін жөндеу жүріп жатыр. Мектебіміз алғаш осыдан 21 жыл бұрын пайдалануға берілгенін және одан бері ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін ескерсек, биылғы 1 қыркүйектен кешірек аяқталатын күрделі жөндеу жұмысына ренжудің қажеті жоқ секілді.
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, ҚР білім беру ісінің үздігі:
– Дәл жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерде күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі дұрыс емес. Мәселен, мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмаған соң, оқушыларды басқа мектептерге бөліп тастайды. Жаңа мектепке үйренісу балаларға да оңай тимейді, ата-ана үшін де аз шаруа емес. Шын мәнінде, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін үш айлық демалыс кезеңі де аз уақыт емес. Сондықтан бұл мәселеге жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттыру керек.