Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Соңғы кездері жағдайы бола тұра ата-анасын қарттар үйіне тапсыратындар көп кездесуде. Сондықтан олардың балаларына мәжбүрлі өтемақы төлету – өте дұрыс шешім. Негізі, бұл мәселе заңда қарастырылған. Ата-анасы ата-аналық міндетін атқарғанымен, кейін баласы ата-анасын қарттар үйіне тапсырған жағдайда баласына өтемақы төлету жан-жақты жазылған. Заңның бұл талабы – өте керек нәрсе. Алайда іс жүзінде бұл талап көбінесе орындала бермейді. Себебі ата-анасы көп жағдайда «іштен шыққан шұбар жыланының» үстінен талап-арыз бермейді. Олардың құқын қорғайтын қорғаушылары да жоқ. Сонымен, «жабулы қазан жабулы» күйінде қала береді. Заңның орындалмай отырғанының бір себебі – осы. Айта кетер жайт – алдағы уақытта тиісті орындар заңның өз күшінде жұмыс істеуіне атсалысып, өтемақының мәжбүрлі түрде өндірілуіне мүдделілік танытса екен.
Аманхан ӘЛІМ, ақын:
– Ата-анасын қарттар үйіне тапсырғандарға мәжбүрлі түрде өтемақы төлетуді толығымен қолдаймын. Өйткені ата-анасын қарттар үйіне тапсыру – қазақ менталитетіне жат нәрсе. Қазақ ежелден ұл-қызына арқа сүйеген. «Ата-ананың ақ сүтін ақтау» деген де ұғым бар. Осынау ақ сүтін ақтамағандарды қандай жазаға тартса да жарасады. Заман ағымына ілесіп, «жаһандануға қол жеткіздік» деп, халқымыздың тамаша ұлттық қасиеттерінен айырылып барамыз. Бұған түрлі жолдармен тыйым салу керек. Хадисте де «анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, борышыңды өтей алмайсың», «Алланың көңілінен шығу үшін, алдымен, ата-анаңның көңілін тап» деген сөздер бар. Адами моральдық қарым-қатынас, діни ұстаным бойынша да мұндай нәрселердің орын алуына жол жоқ. Сондықтан заң жүзінде де шектеулер болғаны жөн.
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:
– Заң алдында ата-ана өмірге әкелген балаларын бағып-қағуға міндетті. Ендеше, бала да ата-анасын қартайған шағында бағып, өмірден өткен жағдайда арулап жерлеуі тиіс. Алайда соңғы кездері безбүйрек балалардың кесірінен қартайған шағында қарттар үйінен табылатын қарттарымыздың қатары көбейіп барады. Сондықтан өз басым ата-анасын қарттар үйіне тапсырғандарға мәжбүрлі түрде өтемақы төлетуді қолдаймын. Бұл мәжбүрлі өтемақы, біріншіден, қарттарға көмек болса, екінші жағынан, безбүйрек балалардың азаюына көмектесер еді. Өндірілген өтемақы есепшот арқылы ата-анасына аударылып, қажетіне жараса, әділетті шешім болар еді.
Ата-анасын қарттар үйіне тапсырғандарға мәжбүрлі өтемақы төлету керек пе?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора