Айгүл ШӨПШЕКБАЕВА, Алматы қаласы ІІД кәмелетке толмағандар бөлімінің бастығы, полиция полковнигі:
– Арақ пен темекінің жасөспірімдердің тәрбиесіне тигізер кері әсері өте зор. Сондықтан мейлінше жасөспірімдерді одан алшақ ұстауға тырысуымыз керек. Бүгінгі қолданыстағы заң бойынша түнгі 22:00-ден бастап ірі және шағын сату орындарында арақ-шарап сатуға тыйым салынған. Алайда бүгінгі күні бұл заң орындалмай отыр. Оның үстіне, бұрыш-бұрыштағы дүкендердің барлығы аталған өнімдерді сатумен айналысатын болғандықтан, олармен кеңінен күресу мүмкін болмай отыр. Осы орайда кішігірім дүңгіршектерге арақ-шарап, темекіні сатуға мүлдем лицензия бермеу керек. Өйткені оларға «жасөспірімдерге сатпаңыздар» деп қанша жерден тыйым салғанмен, заңды ескермейді. Сондықтан шағын дүкендерге бұл іспен айналысуға мүлдем тыйым салу қажет. Ірі сауда орындарына ғана арақ-шарап, темекіні сатуға лицензия беріп, алайда олардың түнгі 22:00-ден бастап үлкенге де, кішіге де сатпауын қатаң бақылауға алу керек. Сауда орындарына осындай шектеулер енгізу арқылы белгілі бір нәтижеге жетуге болады деп ойлаймын.
Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Заңды қатаңдатып, тәртіпті күшейтсек, кез келген нәрсенің алдын алуға болады. Рас, жасөспірімдерге қатысты арақ-шарап пен темекінің сатылуы туралы заңнамамыз болғанымен, оның өз дәрежесінде орындалмауы салдарынан біз күткен нәтижеге жете алмай отырмыз. Осы орайда, ең алдымен, заңды күшейтіп қана қоймай, оның орындалуы барысын да тиісті орындардан талап еткеніміз жөн. Ең бастысы – заң бар ғой. Сол заңды әрі қарай жұмыс істеткізу құзырлы мекемелердің мойнында. Атап айта кетерлік жайт, біз үлкен нәтижеге қатаң тәртіптің арқасында ғана жете аламыз. Сондықтан заңды орындамаған сауда орындары мен көңіл көтеру орындарына өте ірі көлемде айыппұл бекіту қажет. Айыппұлдан қорыққан дүкендер мен көңіл көтеру орындарының қожайындары алкогольді ішімдіктерді кеңінен таратуға мүдделілік танытпас еді. Сондай-ақ мектептер мен балабақшалардың айналасында арақ-шарап пен темекі сататын дүңгіршектердің болмауын жергілікті басқару орындары қатаң бақылауға алғаны жөн.
Бақберген ДОСПАНБЕТОВ, Сенат депутаты:
– Рас, соңғы кездері арақ-шарап пен темекінің сатылуына қатысты біршама ойлар айтылды. Сауда орындарында жасөспірімдерге арақ-шарап өнімдерін сатпау, қоғамдық орындарда темекі шекпеу секілді тыйымдар да салынып жатыр. Нәтиже шыққан-шықпағанына қарамастан, олардың бәрін іс жүзінде орындап көруге ұмтылу керек. Осы орайда Мәжіліс депутаты Иван Чиркалиннің сауда орындарындағы арақ-шараптың сатылуын бейнекамералар арқылы бақылау туралы ұсынысының да жаны бар. Өйткені қазіргі таңда сауда орындары ретін тауып, үлкен демей, кіші демей, заңның тыйым салуына қарамастан, арақ-шараптарды сата береді.
Арақ пен темекіні жасөспірімдерге сатқызбаудың қандай тиімді жолдарын ұсынасыз?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора