Қорқыттың қабірі неге көп

Қорқыт дегенде көз алдыңызға қандай көрініс келеді? Шыныңызды айтыңызшы, өлімнен қашқан бір әпенді шалды көресіз, солай ғой? Рас, советтік идеология санамызға солай сіңірді. Қорқыт ажалдан қашқан сужүрек адам болған болса, неге бүкіл түркі жұрты абыз деп құрметтеп, төбесіне көтереді? Жо-о-оқ, бұл жерде нәзік мәселе бар.

Әлкей Марғұланның жазуына қарағанда, Қорқыт – ислам дәуірінде ғұмыр кешкен адам. Демек, Қорқыт атаның, ол туралы аңыздардың ислам дінімен тікелей байланысы бар.
Осыдан біраз уақыт бұрын журналист Салтан Сайранұлы «Қорқыт өлімнен қашқан жоқ!» деген мақала жазды. Автор Қорқыт атаның Ислам дінінің көрнекті өкілі, насихатшысы болғандығын айта келіп, «Қорқыттың қайда барса көрді көруіндегі сыры не?» деген сұраққа жауап іздейді.
«Біздіңше, Қорқыт атаның қайда барса алдынан қазулы көр шығуының астарында «өлімді еске алу», «көрді, қабірді ойлау», «өлімді сезіну» философиясы жатқан секіл­ді. Тіпті басқа біреу үшін қазы­лып жатқан көрді көрсе де ғибрат алуы үшін өзінің қабірін қазып жатқандай сезініп, «Қайда барсам да Қорқыттың көрі» деген болуы да мүмкін» дейді Салтан Сайранұлы.
Қорқыт атаны бүгінде қазақ қана емес, түріктен тараған біраз жұрт кие тұтып, құрметтейді. Әсіресе, түрік, әзірбайжан, түркімен халықтары үшін де қадірлі. Қорқыт атаның қабірі жайында түрік халықтары арасында талас бар. Біз, қазақтар, Қорқыт ата Қызылорда облысы Қармақшы ауданында жерленген дейміз. Қазіргі уақытта басына үлкен күмбез тұрғызылды. Әзірбайжандар болса Қорқыттың жай тапқан жері Дербенттің солтүс­тік жағында дейді. Түріктер Түр­кияның Байбурт ауданындағы Масатта жерленген деп жүр. Анадо­лыдағы бауырларымыз жыл сайын Деде Қорқыт мәдени-өнер жиынын өткізеді. Сонда қалай, бір адамның үш жерде жерленуі мүмкін бе?
Қорқыттың Дербентте жер­ленгені туралы деректі 1638 жылы неміс саяхатшысы Адам Олеарий келтірді. Ол Дербентте болып, Қорқыт жайлы аңыздарға қанық­қан. Көнекөздерден осында Қор­қыттың жерленгенін естіп, жазып кеткен. Олеарийдің замандасы, түрік тарихшысы Эвлия Челеби де «Саяхатнама» кітабында Қор­қыттың қабірі Дербентте екенін растаған. Мазардың маңдайында «Қорқыт ата зираты. Бұл – ұлы сұлтан. Бұл сұлтанға ширвандықтар табынады» деген арабша жазу барын жеткізген. Осы жазбаларды оқып, 1908 жылы Василий Бартольд Дербентке барып, Олеарий айтқан Қорқыт мазарын іздеді. Алайда таба алмады. Кейін бұл сапары жайында «Тағы да Қорқыт туралы хабар» еңбегінде тәптіштеп жазды. Соған қарағанда Қорқыттың Қазақстанда жерленгені жайлы дерек ең сенімдісі секілді.
Қорқыт – қазақтың төл тұлғасы. Қорқыттың қазақ топырағында жерленгенін шегелеп тұрып дәлелдеген – Әлкей Марғұлан. Академик еңбегінде 1848 жылы Әбубәкір Диваев түсірген Қорқыт мазарының суретін де берген. Сөйтіп, Қорқыт бейітінің Қызы­лорда облысы Қармақшы ауданы маңындағы Қорқыт стансасына жақын жерде жатқанын нақтылады.
Негізінде қазақ пен Қорқытты байланыстыратын бірнеше дүние бар. Халықаралық Түркі акаде­миясының президенті Дархан Қыдырәлі біздің газетке берген сұхбатында: «Қорқыт аңыздары қазақта мол сақталған. Сонымен қатар Қорқыт мазарларының негізгісі – Сырдың бойында тұр. Олай дейтініміз, Түркияның Байбурт қаласында да, Кавказда да Қорқыттың мазары бар. Дегенмен де Қорқыт күйлерінің тек қазақ арасында сақталуы, басқа түркі халықтарында кездеспейтін Қорқыт аңыздарының бүгінге дейін қазақ арқылы жетуі – Қорқыт мұрасы­ның мұрагері қазақ екенін көрсетеді» деген болатын.
Профессор Бағдат Кәрібозұлы да Сыр бо­йында жерленген адамның Қорқыт екенін растайды. Дербенттегі Қорқыт, басқа Қорқыт деген ой қорытады.
«Ә.Марғұланның дә­лелдеуі бойынша бір емес, бірнеше Қорқыт болғанға ұқсайды. Мәселен, Орхан Шайх еңбектерінде Германия елшісі Адам Олеариустің 1638 жылы «Имам Қорқыт» деп танылған мазарды көргенін, оның Түрік елін­дегі Дербент қаласына жақын маңайда орналасқанын жазған­дарын келтіре отырып: «Дербенттегі Олеариус айтқан Қорқыттың моласына мән беруге болмайды, ұлы Қорқыт ол жерде болмаған. Бір ғана Сырдың бойында оғыздар ортасында өткен кісі. Дербенттің Қорқыты қыпшақтардан қалған басқа Қорқыт, ондай Қорқыттар бергі кезде көп болған» деп жазады. Демек, Қорқыт жырларындағы Қорқыт, Ә.Марғұланның және басқа әлемдік деңгейдегі қор­қыттанушылардың дәлелдеп берге­ніндей, Жанкентте туып, Сырдария өзенінің оң жағалауына жерленген Қорқыт деген тұжырымға келуге болады» дейді.
Жазушы Қойшығара Сал­ғараұлы «Ортағасырлық түріктер» кітабында Қорқыт атамыздың Дербенттегі мазарына қатысты қызық мәлімет береді. Жазушының пікірінше, Дербентке барған оғыздар Қорқыт мазарын қайта салған болуы мүмкін.
«Жаугершілік, шапқын­шы­лықтың жиі болуының салда­рынан атамекенінен жиі айырылып, басқа жерге қоныс аударған тайпалар құрбандық шалар кезінде бұрынғы қара жұртқа – киелі орынға жете алмайтын болған соң, сол жаңа барған же­рінде баяғы ел таныған, өздері та­бын­ған әу­лие­лерге арнап, жаңадан әуелгі кезде бастапқы түріне ұқсатып, кейін оның архитектурасын жетілдіре жаңартып мазар тұрғызып, соның басына құрбандық шалуды әдетке айналдырған. Міне, біз білетін Сырдария бойындағы, сондай-ақ әлгі Олеарий жазатын Дербенттегі Қорқыт мазарлары осындай ретпен өмірге келген мазарлар болса керек… Ашығын айту керек, бұл мазарлар жөнінде дау көп. Соның бәрін жөндей беру де қиын. Мысалы, академик Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар» деген кіта­бында: «Дербенттегі Олеарий айт­қан Қорқыт моласына мән беруге болмайды. Ұлы Қорқыт ол жерде болмаған» деп ашық жазады. Мұ­ның сыртында академик Васи­лий Бартольд та Дербентте Қор­қыттың мазары жоқ деген пікірі бар.
Бұл арада екі академиктің пікірінде қайшылық бар. Бірі – «бар» дейді, бірақ оған «мән беруге бол­майды» дейді. Екіншісі – «Дербентте Қорқыттың мазары жоқ» дейді. Былай қарағанда, Ә.Марғұланның айтып отырғаны дұрыс. Расында, Қорқыт ол жерде болмаған. Бірақ ол жерде оғыздардың болғаны шындық. Х-ХІІІ ғасырларда За­кавказье мен Кіші Азияға кеткен оғыздардың оңтүстік тобы Әзір­байжан мен Анатолия түріктерінің халық болып қалыптасуына үлес қосқаны жұрттың бәріне тарихтан белгілі. Демек, Дербентке барған оғыз­дардың онда Қорқыт маза­рын салып, сонда ата-баба аруағына арнап құрбандық шалуы әбден мүмкін» дейді.
Қорқыттың бірнеше жерде мазары болуына қатысты пікірді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Төрәлі Қыдырдан сұрадық. Ғалым жоғарыда айтқан Салтан Сайранұлының ойын қуаттады. Қорқыт қабір­лерінің көптігін оның рухани іліммен байланысты болғанымен түсіндірді.
«Мұндай дүниелер ирфани (мистикалық) танымда жиі кез­де­седі. Ахмет Яссауидің рухани ұстазы саналатын Арыстан бабтың да, ақиқатты іздеген Нәсриддин Қожаның да екі-үш жерде мазары бар. Жалпы қабір біреу болғанымен де, мазар бір­неше болуы тасаууфта қалыпты жағдай. Себебі, үлкен әулиемен не абызбен рабита жасау (рухани байланыс) үшін киелі мазар болуы керек. Тіпті кейбір әулиелер­дің денесін жуған жерлеріне де мазар тұрғызған жағдайлар бар.
Түркі халықтарының ауыз әдебиетінде «Қорқыт» деген атпен кездескенімен де, «дәрежесі» бірде «Деде», кейде «Ата» (тіпті «Баба» деп те кездеседі) болып беріледі. Мұны оғыз һәм қыпшақ топтары­ның тілдік ерекшелігі дегенімізбен де осы екі ұғымға назар аударған жөн. Мысалы, Яссауи тариқатының пірлеріне «Ата» дәрежесі берілген. Сондықтан да Исмаил ата, Бақыр­ған ата, Хакім ата, Садр ата секілді. Яғни, «Ата» – жасы келіп қалған адамды атағанымен де тариқатта кемел әулиелерге ғана берілген. Бұдан Қорқыт Яссауи тариқатын ұстанған деген тұжырым жасамаға­нымызбен де, Қорқыттың «ата» аталуы жасы келіп қалғаннан (кейбір аңыздарды 290 жыл өмір сүргендігі айтылады) емес, рухани іліммен байланысты болуы мүмкін. Көне түркілік сенімнің абызы не сопылықтың әулиесі болса да Қорқыт есімінің тасаууф-ирфани (сопылық-мистикалық) танымға тікелей қатысы бар. Бақсы, балгер не ақиқатты іздеген жанның түсінде «маған аян берілді» деп белгі қойылып, мазар тұрғызылған жер­лер де аз емес. Мысалы, Ауған­стан­дағы «Мазари Шәрифтің» («Киелі мазар» деген мағына береді) тұрғы­зылуына Әбдірахман Жәмидің түсінде Хазірет Әли аян беріп, сонда жатқандығын айтқаннан кейін осы қала тұрғызылған (алайда ислам­танушы ғалымдар Хазірет Әли ол жерге бармағанын жазған). Қор­қыттың мазары делінген Бай­бұрттағы «Әли баба», Дербенттегі «Имам Қорқыт» немесе Ахлаттағы «Қорқыт хан» мазары болуының бір сыры осында жатса керек» деді Төрәлі Қыдыр.
Жазушы Нұрғали Ораз бір мақа­ласында: «Түрік бауырларымыз Қорқыт бабамыздың мазары Бай­буртта жатыр дейді екен. Түркі тектес басқа халықтар да Қорқыт­тың моласы біздің жерімізде дейді. Мұндай кезде әзірбайжан халқының атақты ақыны Вахабзаденің: «Ұлылар бір жерде туып, мың жерде өледі», – деген сөзі оралады ойыңа. Ең бастысы, Қорқыт бабаның өлмес, өшпес бейнесі жүрегі­мізде екендігі. Сондықтан да оның бейіті біздің жерімізде деп ойлауға бәріміздің де қақымыз бар» деп жазған болатын.
Шынында, Қорқыт бейнесі жүрегімізде болғаны абзал. Түбі бір түрік халықтарын бір біріктерсе, Қорқыт біріктіреді. Елбасы мақа­ласында айтқан ұлттық коды­мыздың бірі – осы Қорқыт ата. Сондықтан Қорқыттың қазыналы мұрасын зерттеп-зерделеу, кейінгіге үлгі қылу – бізге мұрат.

Серікбол ХАСАН

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста