Қазақ жеріне казактар қалай келді?

Қазақ жеріне казактар қалай келді?

Түркістан өлкесін тұтас отарлап, билікті қолға алғаннан кейін Ресей бұл жердегі түркі халықтарын мәңгі бодандық бұғауда ұстаудың саяси-әлеуметтік жолдарын қарастыра бастады. Патша отаршылары бұл халықтарды жаулап алғанға дейін әртүрлі мақсат көздеген арнаулы экспедициялар жіберу арқылы жан-жақты зерттеп біліп, отарлаудың қандай айла-тәсілдерін қолдану жолдарын да анықтап алған еді. Ресейге бодан болған халықтардың ішінде ең саны көбі де әрі жер көлемі зоры да қазақтар болуы себепті отаршылдар бұл халыққа ерекше көңіл бөлді. Өйткені қазақ жерін бір жарым ғасырда әрең бағындырған Ресей империясы ұлттық санасы күшті, жауынгер, көшпелі өмір бесігінде тербеліп шыныққан, ұлттық рухы жоғары қазақтарға алдымен назар аударып, олардың көшпелі өмір қалыптастырған тұрмыстық қалпын бүлдіріп, ұлттық тілін өзгертіп, орыстандырып жіберу саясатын саналы, жоспарлы түрде жүргізуді қолға алды. Отарланған барлық түркі халықтарын мәңгі рухани құлдықта ұстау үшін, алдымен қазақтарды рухани жағынан шөктіріп, шамалары келсе, оларды аспай-саспай жер бетінен біртіндеп жоғалтуды да көздеді.
Шыңғыс хан заманасында айтады екен: «Құлаш бойым құласа да, тіккен туым құла­масын», міне, ендігі тілек – осы. Қазақ хал­қы құрып кетуден аман қалды, генофондын сақтады, ғасырлық үмітін ақтады, түркі ха­лық­тарының қатарына қосылды, әлемдік қауымға, терезесі тең халықтар қауымына мүше болды. Тәуелсіздіктің тарихи тамырларына зер салып қарасақ, көкейде көптен жүрген тарихи шежіреге қайта оралуға тура келеді. Мұндағы мақсатымыз отарлау сая­сатының ойрандары халқымызға қанша­лықты қасірет пен қайғы, азап пен тозақ әкелгенін електен өткізе отырып, шырыл­даған шындықты жұртқа, әсіресе жас ұрпақ санасына жеткізу.
«Казак» деген кімдер?
Егер өткенге көз жіберсек, орыс казак­тарының тарихы төңкеріске дейінгі Ресейдің тарихымен тығыз байланысты. Ықылым заманнан бері казактар әскери күш ретінде Ресей мемлекетінің шет аймақтарының қор­ғаны болып келген-тін. Олар ерікті казактар бірлестігінен Ресей империясының айырықша құқы мен артықшылыққа ие әскери құрамына дейінгі күрделі жолдан өткен.
«Козак», «казак» – татар сөзі. Бұл славян және одан кейін орыс тілдеріне борыштан (салықтан) азат, ерікті, ержүрек және сонымен бірге атты жауынгер деген ұғымдарды білдіретін сөз ретінде енген.
XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап кейіннен Жайық казактары деп аталып кеткен ерікті казак қауымдастығы құрыла бастады. XVI ғасырдың 80-жылдарында Дон казактарының бір бөлігі Мәскеу мем­лекетінің әскерінен жеңіліп, атаман Ермакпен бірге Сібірге кетті. Бұл жерде олар Сібірді басып алуға қатысты. Екінші бөлігі Волга бойымен Каспий теңізіне түседі. Жайық бойымен жүзе отырып, Үлкен Ноғай Орда­сының астанасы Сарайшық қаласына келеді. Сарайшықты талқандап, теңіз арқы­лы қайтадан Донға кетеді.
1808 жылғы Ережеге сәйкес, Сібір ли­ниялық әскері казактарды қызметке өз қа­ру­ларымен, жабдықтарымен, киім-кешегімен және жылқыларымен алуға тиіс бол­ды. Сібір казак әскерлерін құрған кезде патша үкі­меті бірінші кезекте казактардың полицейлік рөл атқаруы керектігін ескерді. Ал енді Сібір казак әскерлері «барлық бүлік­шілерді тыныштандырушы және жуасытушы» ретінде өздерінің міндеттерін қаты­гездікпен орындады.
Казактардың Орал даласын отарлауы
ХІХ ғасырдың екінші жартысында тұтастай Ресей отарына айналған қазақ даласындағы әскери казактардың рөлі мен жалпы казачество туралы кезінде А.И.Герцен «Колокол» журналында жеріне жеткізе айтқан еді. Ол: «Полковник Слуцкий қыр­ғыз-қазақ даласындағы циви­лизациялық әу­лиелер деп атаған казактар «тиімді» қыз­метке көшпелілерді тонап, пайда табу үшін барды», – деп жазады. Казактардың қыр­ғыздарға не істейтінін білесіздер ме? (Яғни қазақтарға). Олардың күллі мал-мүлкі казактың өз меншігі тәрізді қойын тартып алу, өгізін не жылқысын ұрлап әкету казак үшін керемет бір батылдық, жігіттік өнер сияқты көрінеді. Ол үшін төменгі шендегілерге ескертіп, сөгіс беріп жатқан офицерлер де жоқ, ауық-ауық олардың өздері де ауылдарды талап отырады. Есаул Бутаков, подполковник Абакумов сияқты теріс қылықтарымен даңқы шыққан мырзалар да бар... Бүкіл Сібір әскерлері қырғыздардың (қазақтардың) есебінен күн көріп отыр десе де болады», – деген хабары жағдайды өте-мөте толық жеткізеді («Колокол», 1861г., №5).
Казак отрядтары орналасқан бос жатқан жерлер, негізінде, ешқандай иесіз жерлер емес, керісінше көшпелілердің жыл бойы кө­шіп-қонып жүретін қыс-қыстауы, жаз-жайлауы еді.
Ежелгі қазақ еркіндігін шектеу саясаты, әскер жасақтарындағы өзгерістер, оның Ре­сей империясының құрамдас бөлігіне ай­нал­­­дырылуы қатардағы қазақ жұрт­шы­лығының 1722-1837 жылдар аралығын­дағы бір ғасырдан астам уақыт ішінде көп­теген бой көтерулерін туғызды. Қазақ даласы тыныштықтан айырылды. Шаруа­шы­лы­ғы күйзеліп, берекесі кетті. Казактар пат­шаның саптағы күші ретінде Исатай мен Махамбет, Көтібар мен Есет бастаған қазақ шаруаларының да отаршылдық пен фео­далдық әділетсіздікке қарсы көтерілістерін қанға бояуға қатысты. Таққа отырған патша Екатерина-ІІ Е.Пугачевтің шаруалар көте­рілісін жеңгеннен кейін «Жайықта болған сорақы оқиғаны мүлдем ұмыту үшін» 1775 жылғы қаңтардың 15 жұлдызында Жайық қаласын – Орал қаласы, Жайық өзенін – Орал өзені, ал Жайық әскерлерін Орал әскерлері деп өзгертуге жарлық шығарды. Сөйтіп, казактардың бұрынғы еркіндігіне де тыйым салынды.
1868 жылы «Далалық облыстардағы басқару туралы уақытша ереже» бойынша Орал облысы құрылады. Оған Орал казак әскерлерінің қоныстанған жерлері мен Орынбор қазақтары жерінің (Орал өзенінің сол жағалауы, Т.К) едәуір бөлігі, Маңғыс­тау төңірегі, жалпы көлемі 29,6 миллион десятина алқап енеді. Оның Орал, Өзен, Шыж, Елек тағы басқа өзендер айнала­сын­дағы анағұрлым шаруаға ыңғайлы, құнарлы 6,4 миллион десятинасы әскерлердің бөліп-жармай иелену құқындағы жерлер болса, 23,2 миллион десятинасы қазақ­тар­дың қоғамдық пайдаланудағы мемлекеттік меншігі еді.
Облыс көлемінде 1897 жылғы санақ бойынша 645121 адам тұрса, оның 118 мың­ға жуығы әскери казактар сословиесінің тұрғындары болған. Орынбор әскері 533 мың адамнан құралды. Осы кезде казак сословиесі 61 станицада, 446 поселкеде, 550 хуторда тұрып, қазақтардан күштеп тартып алған 7,4 миллион десятина жерді иеленді. Енді оларға төмендегі үш міндетті бұлжыт­пай орындау жүктелді: біріншіден, пат­ша­ның отаршылдық саясатын жүзеге асыруға көмектесу; екіншіден, тартып алынған жерді көшпенді тайпалардың шабуылынан қор­ғау; үшіншіден, казак әскерлері мем­лекеттің қарулы күштерінің бір бөлігін құ­райды.
Бұл жылдары қазақ даласынан өзге ай­мақтарда әскерлер құрыла бастаған еді. Дон казактарынан Астрахань казак әскері құ­рылды. Олар Кіші жүз қазақтарының 808 мың десятина жерін тартып алды (ҚР Орта­лық мемлекеттік мұрағаты, 39-қор, 1-тізбе, 2425-іс, 8083-б).
Казактар жергілікті халыққа үнемі қы­сымшылық жасап отырды. Қазақ ауылдарын тонады, малдарын тартып алды, әскер ор­наласқан территориядағы су көздеріне жолатпады.
Казактар – оңтүстік Қазақстанда
Оңтүстік Қазақстан территориясына орыс мұжықтарының алғашқы легі келгенге дейін патша әкімшілігі қазақ даласын әскери казак-орыстардың отарлауымен шек­теді. Түркістан өлкесінде казак-орыс­тардың тұрақтары Жетісу облысында пайда болып, оның тұрғындарының саны уақыт өткен сайын өсіп отырды. Облысқа орыс­тардың енуі 1831 жылы Жетісуға таяу жерде Сібір гарнизоны орналасқан Аягөз при­каздығының құрылуымен басталған еді.
1847 жылы жүзбасы Абакумов 200 казакпен бірге Қапал өзені бойында жаңа қамал – Қапалдың негізін қалады. Патша әскерлерінің Жетісудағы жылжуының келесі нысанасы Іле өзені бойы болды. Орыс әс­кер­лері ілгері жылжыған сайын өздеріне қарсы шыққан қазақ ауылдарын қаты­гез­дікпен талқандап отырды.
1853 жылы Қапалдан бүкіл Іле өлкесін жаулап алу мақсатымен арнайы экспедиция шығып, маусым-тамыз айларында өл­кеде тірек орталығын салуға қолайлы жер іздестірілді. Қамал тұрғызу үшін суы мол, жері құнарлы, құрылыс жүргізуге қажетті қалың орманды Үлкен және Кіші Алматы өзендері аралығындағы кең дала таңдалып, мұнда 1854 жылы Заилийское деп аталған бекініс салынды. Ал келесі жылы бұл елді мекен Верный форты деген атпен өзгертілді. Қамалға таяу жерге Іле өлкесіндегі алғашқы орыс поселкесі болып табылатын Алматы казак станицасының негізі де осы жылы қаланды.
1856 жылы мұнда тағы да 139 казак және 200 шаруа отбасы Томбы және Тобыл губернияларынан, Воронеж губерниясынан 242 шаруа отбасы келіп қоныстанды. Тал­ғар, Есік, Қаскелең және Шамалған өзендері бойында да жаңа казак және шаруа поселкелері пайда бола бастады.
Империя шекарасы оңтүстікке: Лепсіден – Ілеге, одан соң Шу өзеніне қарай жылжи берді. 1855 жылы Үржар және Лепсі станицалары, 1858-1860 жылдары Көксу, Қас­келең, Арасан, Қарабұлақ т.б. казак станицалары салынды. Нәтижесінде 1867 жылға дейін Жетісуда құрылған 14 казак поселкелері мен станицаларында 14648 адам өмір сүрді.
1867 жылғы 13 шілдеде ІІ Александр пат­шаның жарлығымен Жетісу казак әс­керлері құрылды. Оның міндеттеріне отар­лануға тиіс аймақтарды Ресей құрамына біртұтас кіргізу, басып алған сол жерлердегі шекараны қорғау, форпос, бекініс салу жұмыстары кірді. Жаңа әскер штатында 600 адамнан тұратын екі атты полкты қоса есептегенде барлығы 1768 адам болды.
Келімсек казактар мұндағы қазақтар­дың өңделген ең құнарлы егіс алқаптарын, су жүйелерін, мал жайылымдарын тартып алып, халқымыздың дәстүрлі мал және егін шаруашылығының дамуына орасан зор нұқсан келтірді.
Бұл жөнінде Телжан Шонайұлы былай дей­ді: «Үкімет, әуелі қылмысты болып, жазаға бұйырылып, Ресейге зияннан басқа пайда тигізбейді деп түсінген, шіріген жұ­мырт­қаға есептелген адамдарды қазақ даласына орнықтыруға ұмтылды. Өлім жазасына кесілген және саяси өлімге арналған­дарды жіберді. Екінші, тіпті салық төлемей шаруашылық күші үзіліп, Ресейге пайда кел­тіруден қалған мұжықтарды көшірді. Бұлар­ды атты казак қылып жазды. Үшінші­ден, бұрыннан басы бос жауынгер атты казактарды орналастырды, жауынгерлігінің үстіне казак-орыс бұрыннан қазақпен со­ғысып үйренген» («Қазақ тарихы», 2010 №4, 23-бет).
Патша генералы Колпаковский
Қазақстанның оңтүстік өңірлерін жаулап алуда отаршылдық саясаттың итаршылары, генералдар В.Перовскийдің, М.Черняевтің, Г.Колпаковскийлердің аттары тарихта қатар аталады.
Колпаковский Герасим Алевсеевич (1814-1896) – орыс армиясының генералы. Батыс Сібір, Түркістан және Дала өлке­лерінің әскери-әкімшілік басшысы. Орта Азия мен Қазақстанда патша өкіметінің отарлау саясатын белсене жүзеге асырушы. Харьков губерниясындағы офицер-дворянның отбасында туды. 1852 жылдан бастап Батыс Сібір өлкесі генерал-губернаторының адъюданты болды. 1858 жылы Алатау округі мен Ұлы жүз қазақтары өлкесіне шабуыл жа­саған қоқандықтарға қарсы соғыс қи­мылында Ұзынағаш маңындағы шайқасқа (1860 ж.) қатысты. 1862 жылы Шу өзені алқабына жасалған экспедицияны бас­қарып, Қастек, Пішпекті алды. Сол үшін оған генерал-майор атағы берілді. 1864-67 жылдары – Семей облысының, 1867-82 жылдары – Жетісу облысының генерал-губернаторы болып тағайындалды. 1889 жылы Әскери советтің мүшесі болып тағайын­далып, Петербургке ауыстырылды.
Генерал Г.Колпаковскийдің «ерліктері» жөнінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатындағы құжаттарға сөз берсек:
1882 жылы 4 шілдедегі өзінің бірінші бұйрығында Колпаковский Дала генерал-губернаторы және Омбы соғыс округінің әскери Бас командашысы қызметін атқаруға кіріскенін жариялады (ҚР ОММ, 64-қор, 1-тізбе, 59-іс, 1-бет).
Өзінің орталыққа берілген адам екенін Колпаковский 1883 жылғы Ақ патшаға ар­наған тұңғыш Дала генерал-губер­наторы­ның есебінде көрсетіп-ақ берді: «Үш дала облысының өзара қарым-қатынастары (Ақмола, Семей және Жетісу облыстары туралы) олардың бір орталыққа бағынуға негіз екенін дәлелдеді. Осыған орай алысқа созылған мемлекеттік шекара бірлігін, керекті транзитті жолдардың қалыптасуын, өлкені біркелкі отарлауын қамтамасыз етуді ұсынды» (ҚРООМ, 64-қор, 1-тізбе, 125-іс, 29-бет.).
Жаңадан келген патша итаршысы, Жетісу казак әскерінің құрметті атаманы Колпаковский енді қазақ жерінің байлығын ха­лықтан тартып алып, самодержавиелік өкі­меттің мүддесіне сай етіп жүзеге асыра бас­тады.
Ол өзінің патшаға арнаған есепті баяндамасында: «Орыстармен күнделікті эконо­микалық қарым-қатынастың ықпалы арқа­сында қазақтар өздерінің ежелгі жауынгерлік рухынан айырылды, ал қазір олар бейбіт, дәрменсіз өмір сүрген номадтарға айналды. Олар орыс өкіметіне бас иіп, түтін са­лығын, тағы басқа да алым-салықтарды бұлжытпай орындайды», – деп жазды (ҚРООМ, 64-қор, 1-тізбе, 125-іс, 122-бет.).
Міне, осындай генерал-губернатордың «мағыналы» сөздерінен самодержавиенің отарлау саясатының шеруін аңдауға болады. Мұның өзі – еңбекші халықты езіп, үнін шығартпай тастағанының бір айғағы.
Колпаковскийдің келуімен бірге дала өлкесінде отарлау саясатының жаңа толқыны өрледі. Қазақтардың ежелден бері ұқсатылған жайлы жерлері қазына меншігі деп жарияланды.
Қазақ жерлерін казактардың қалай тартып алып, зорлық-зомбылық көрсеткенін бел­гілі ғалым, жазушы Сапабек Әсіп ағамыз өзінің «Қазақ қасіреті» деген еңбегінде егжей-тегжейлі баяндап жазған (Әсіп С. Қазақ қасіреті – Алматы, 1994 ж.).
Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жан­сүгіров өзінің «Жетісу» (1730-1916) атты кітабында (Алматы, 2001 ж) былай дейді:
«Колпаковский қалайда Жетісуды орысқа шегелеп ұстауға отар саясатын мық­тап ұстады. Жетісуды орнықты отар қылуға орнығып отыратын орыс керек болды. «Жетісуда жер мол» деген дақпырт бүтін Ресейге таралады. Жер, судан айырылған қазақ-қырғыз кедейленіп, аяқты малдың өрісі тарылып, азайып, егін салып, егінші бо­лып күн көруге жайлы жер-суынан айырылып, әлгі келімсектерге малай болып сіңеді. Алғашында Жетісуға жалғыз арбамен қаңғырып келген қара мұжықтар жаулап алған ел ішіне келген соң, өзін әкім санап, мінезі өзгеріп, еңбек жеу, шаруаны қанауға, жұртты соруға құнығады. Әрқай­сысы төрт-бестен қыстау жай салып, 20-30-дан малай жалдайтын алпауытқа айналады.
...Жетісуды орыс жаулап алудың ең аяғы Ұзынағаш соғысы болды. Бұл туралы Түр­кістанның алғашқы жарым патшасы (генерал-губернаторы) Фон Кауфман: «Ұзынағаш соғысындағы жеңісіміз біздің орыстың бүтін Орта Азияны жаулағандағы жеңісіміздің анасы болды», – дейді. Жетісу алынғанын жазған орыстың Набецкий дегені: «Ұзын­ағаш соғысындағы орыс үстемдігі Жетісу­дағы орыс отарының ең мықты салынған алғашқы табалдырық тасы еді», – дейді.
...Бұл жеңіс, расында, Орта Азияның отар­лығына ұлы қайрат қылған орыстың мақтанарлық жұмысы еді. Өйткені неше заманнан бері Кенесарысы, Сырымы, басқа да батырлары шығып, орысқа ұлы көлденең болған қазақтың, қазақ-қырғыздың арқа таңатын Қоқан хандығының тұралап жеңіл­ген­дігі еді. Ұзынағашта орыспен соқтыққан Орта Азияның қолы Орта Азиядағы халық­тардың ең мықты күші деуге болады. Бұған Тәшкен, Самарқан, Қоқаннан басқа Орта Азия­дағы сарт қалаларынан күтініп, көмек келген. Жетісудың қазақ-қырғызынан Сар­ба­ғыш, Дулат қосылған. Осылардың Ұзын­ағаштағы ұрыстағы жеңілісі Орта Азия халқының ұнжырғасын түсіріп кетті. Орысқа қарсы бұдан кейін белсеніп шығарлық елде қайрат қалмауға жақындады. Осы ұрыстан кейін Орта Азия сырын орыс әбден алды. Бұл күнге шейін алдаумен, арбаумен алынып келе жатқан Орта Азияны отарлау әдісі енді тура әскер аттандырып жаулап, шабу-шаншумен алуға қол қойылды» (35-55-беттерден).
Біз генерал-губернатор Колпаковскийдің қызметіне қысқаша тарихи шолу жасадық, оның саясаты, күнделікті іс-әрекеті, қазақ халқының мүддесін жақтаудан әлдеқайда алыс болды. Керісінше, осы халықтың қолайлы жерлерін мүлде тартып алып, оларды күйзеліске ұшыратуға бағытталды.
Колпаковский өзінің қызметімен, іс-әрекетімен артындағы ізбасарларына өшпес «өнеге» қалдырып кетті. Оның жолын қуу­шылар ол бастаған істі одан әрі жалғас­тырушылар болды. Жергілікті халықты қанаушылар әрдайым Г.А.Колпаковскийді үлгі тұтып, ол бастаған істі одан әрі жалғас­тыруға шақырып отырды.
Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гас­форд Колпаковскийге қазақтар одан кейін шабуыл жасамас үшін, олардың бүкіл дүние-мүлкі мен малдарын тартып алып, ең басты сұлтандары мен билерін жазаға тарту туралы нұсқау береді. Бұл нұсқаумен қоса Гасфордтың Колпаковскийге жөнел­тілген келесі бір нұсқауы орыстардың «бүлік­шіл» қазақтарды жазалауда аяусыз қатыгездікке барғанын көрсетеді. Онда:
«...кез келген қару ұстаған қазақты жою керек. Егер де қазақтар Ресей билігіне наразы болып, аздап болса да сатқындық жасайтын болса, онда оларды табан астында атып тастап, ауылдарын өртеп және дүние-мүліктері мен малдарын талаңдар, ...біз олардың батылдығын басып, бізден сақ­тануға үйретеміз. Казактардың қазақтар­ды атқан кезде бірде-бір оғы босқа кетпесін» (Ресей федерациясының Орталық Мемлекет мұрағаты, 5451-қор, 1 тізбе, 27-іс, 129-бет.).
Жетісу казактары және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс
Патшаның Бірінші дүниежүзілік соғыс­тағы жұмыстарына жергілікті тұрғындардан қара жұмысшы алу туралы 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы қазақ халқының жағдайы тым ауырлап кеткен кезде шықты. Жарлық бойынша, Жетісудан 87 мың адам алу жоспарланған болатын.
Алдағы дауылды сезген Жетісу казак әскерлері толқуды басуға дайындала бастады. Көтерілісшілерге қарсы 8750 мылтық үлестірілген 35 рота, 3900 қылыштан тұра­тын 24 казак жүздігі, 16 зеңбірек пен 24 пулемет, ал далалық жерлерде 21 жаяу әскер ротасы, 22 жүздік, 4 зеңбірек пен 17 пулемет дайындалды (ҚРООМ, 39-қор, 1-тізбе, 1120-іс, 30-бет.).
Көтерілістің негізгі ошақтарының бірі – Қарқара жайлауы болды. Ол Жаркент уезінің едәуір бөлігін қамтып, Қаракөл уезіндегі қырғыз еліне дейін жайылды.
1916 жылы 6 шілде күні Ақбейіт бөк­терінде барлық 16 болыс Албан елі өкіл­дерінің жиыны болды. Жарлықты тал­қы­лап болғаннан соң жиналғандар бірауыздан мынадай шешім қабылдады:
«...Қазір біз қайыршылық халде өмір сүрудеміз. Жер салығы, тұяқат бес есе өсті. Малдың әр басынан 25 тиыннан тұяқат алуда. Енді, міне, 19 бен 43 жас аралығындағы ерлерді окоп қазу жұмыстарына алмақшы. Біз бұл қарғыс атқан жарлықты орындауға қарсымыз...»
11 шілде күні Қарқара жәрмеңкесі жанындағы төбеде патша жарлығына қарсы ел ағалары Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов, Серікбай Қанаев, Қазыбек Шормановтар сөз сөйлеп, патша үкіметіне қар­сылықтарын білдірді (содан бері бұл төбені Ереуіл төбе деп атап кетті).
17 шілдеден бастап облыста әскери жағдай енгізілді. Жалаңаш станицасында казак-орыстардан жазалаушы отряд құрылып, оның құрамына 126 адамнан тұ­ратын казак жүздігі енді. Жасы үлкен (40-45 жас) казактардан қосымша жүздік құрылып, оған 1106 адам тартылды. Бұған қосымша күш ретінде Қарқара көтерілісін басу үшін Түркістан генерал-губернаторы Куропат­киннің әмірімен Жетісуға 3 дружина, 7 рота, 5 казак жүздігі, 14 зеңбірек, 2 пулемет командасы жіберілді.
Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында Үкіртітау, Байынқол, Сарықаптал, Ноғай, Толағай аумағында қиян-кескі ұрыс­тар болды. Қазан айының соңы мен қараша айының басында Қарқара көтерілісі патша әскерінің қатыгездігімен аяусыз басып-жаншылды.
1916 жылы тамыз-қыркүйек айларында Асы, Самсы, Отар өңірлерінде де казак-орыс жазалаушыларымен қарулы ұрыстар болды. Көтеріліс көптеген адамдардың өлімімен аяқталды. Көтеріліс басшысы Бекболат Әшекеевті жұрт алдында Боралдай төбешігіндегі дарға асады.
Жетісу қазақтарының көтерілісі майданнан шұғыл шақыртылып алынған 7-інші Орынбор және 9-ыншы Сібір казак полктары келгеннен соң ғана басылды. Мұрағат құжаттары сол кездегі казак жүздіктерінің Жетісудағы жаппай қырып-жоюшылықтың адам айтқысыз жайларын алдыға жайып салады.
Жетісу облысының әскери губернаторы Фольбаумның қолы қойылған құжаттарда «аяусыз жазалаңдар», «тез арада қамаң­дар», «тез арада өлтірсін» деген сөздерге толы. «Көтерілісті басудың бір-ақ жолы бар. Көтерілген болыста бірден бірнеше жүз адамды қырып-жою керек» деген сөздер де сол қанішер губернатордың нұсқауы.
Патша өкіметінің жазалаушы отрядтары ешкімді аяған жоқ. Артиллерия оғымен тұтас ауылдардың күлін көкке ұшырып жатты. Казак жүздіктерінен, бандылардан, қа­рулы жасақшылардан зәбір көрген, жапа шеккен мыңдаған қазақтар 1916-1917 жылдардың қаһарлы қысында Қытайға ауып, тауда қарлы боранда үсіп өлді.
Бір түтінде, статистика бойынша, 5,1 адам болса, 1917 жылдың қаңтарында облыс халқының саны 270-632 адамға азайған. Балқаш құмында 37 355 адам орналасса, 30 мыңнан астам адам үй-күйсіз қалыпты. («Қазақ тарихы», 2007, №2, 116-117 беттер). Архивте патшаның қол­шоқпары – қазақ отрядтарының қанды істері жайлы бұдан басқа да сорақы деректер өте көп.
Алайда 1916 жылдың соңына қарай казактар арасында жіктелу және ыдырау бағыты айқын байқалды. Бұған едәуір дә­ре­жеде мұрындық болған казактарға полицейлік қызметті жүктеген мемлекеттің әлеу­меттік-экономикалық жағынан оларды азғындатушылық рөлі болды.
1917 жылы казактар өздеріне жүктелген жендеттік міндеткерліктен бас тартып, Романовтар империясына қолдау көрсетпеді. Ал азамат соғысы атаман-генералдар Дутов, Толстов және Анненков бастаған казак қолдары орысты да, қазақты да аямады.
1920 жылы большевиктердің Казачествоны таратуына байланысты казак әс­керлері жойылды.
Шындық осылай бола тұрса да, 1993 жылдың наурыз айында Ресей президентінің жарлығы бойынша Казачество мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. Осы жар­лықта Казачество қоғамдарына жерді пай­далануға айырықша ерік беру қажеттігі де айтылды. Осындай дем берушіліктен қуат алып, ара-тұра бой көрсетіп, қауымдастық құрып, батыс пен солтүстік өлкелерде үгіт айтушы қозғалыстар туралы, олардың пиғылдары жайлы түрлі мерзімдік басылым беттерінен оқып та жүрміз. Айта берсек, бүгінгі тарихымызда да адам төзбес кемшіліктер мен қателіктерден аяқ сүрінеді. Осының бәрінің басты себебі – әлі де орыс отаршылдарының аяғымызға түсірген алапат темір қақпаны екені өзімізге, ұрпағы­мызға ашық айтып түсіндіретін уақыт жеткен сияқты. Бұл қақпаннан көкбөрілер іспет­тес, тірсегімізді шайнап тастап алға қарай кетуіміз керек.

Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор, академик, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста