Алаш арыстарының әйелдерін азаптаған АЛЖИР түрмесі

Алаш арыстарының әйелдерін азаптаған АЛЖИР түрмесі

«Әкесі үшін баласы, баласы үшін әкесі жауапты емес» деген адамгершілік қағидасын 1937 жылдың нәубеті белден бір-ақ басты. Тіпті жау екеш жаудың өзі әйел менен бала көрсе, қылышын қынға салса, бұл нәубетте бір тамшы да аяушылық болған жоқ еді. «Халық жауы» деген ұғымды ғана білетін ол саясат, тіпті аяғы ауыр әйелдің де ішін жаруға дайын болды. Арыстарымызды атқан соң, артында қалған жарын азаптау үшін Арқаның сайын даласын азапты түрмеге айналдырып, АЛЖИР деп атағанын білеміз. Сол АЛЖИР-де Тұрар Рысқұ­лов­тың жары Әзиза анамыз, Бейімбет Майлиннің жары Күнжамал апамыз, Санжар Асфендияровтың жары, Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш анамыз, жалпы, қаншама Алаш арыстарының үйіндегі айдай аналарымыз азапқа салынған еді.
АЛЖИР ресми түрде 1937 жылы желтоқсанда ашы­лыпты. Жақсылықтан гөрі зұлматтың жетуі оп-оңай болса керек, небары бір айдан кейін, яғни 1938-дің қақаған қаңтар айында ол жерге Қазақстанның, қала берді Кеңес Одағына қарасты Белоруссия, Кавказ елдері, Орталық Азия елдерінің түкпір-түкпірінен вагондарға толтыра тиеп әкелінген әйелдер саны 1500-ден асып жығылған. Солайша 1937 мен Сталин қайтыс болған 1953 жылға дейін осы бір азап лагеріне 18 мыңнан аса әйел қамалған екен. Қазақтың «біреу өлмей, біреуге күн жоқ» деген сөзі дәл осы жағдайға айтылғандай, себебі Сталиннің бақи­лық болуымен осы лагерьдегілер өздері қош айтыса бас­таған жарық дүниеге қайта келген. Яғни сол 1953 жылы АЛЖИР жабылып, енді қайтып сол азапты түрмеге әйел бала­сы­н қамамау үшін темір торлар арнайы бұй­рық­пен қира­тылыпты. Бірақ сол кездің тарихын ұрпақ жа­дында сақтап қалу үшін АЛЖИР түрмесінің орнына мұ­ра­жай жасақталған болатын.
АНА – ТІПТІ АЛЖИРДЕ ДЕ АНА... немесе тұтқын әйелдер немен айналысты?
Алғашқы жылы тұтқындардың ашық аяз бен аптап ыс­тықта паналайтын жері болмаған, сонда да мойы­маған әйелдер қамыс орып, саз илеп, одан саман кір­піш құйып, өз түрмелерін өздері салып алған. Суықтан, аштықтан, ең бастысы, моральдық жағынан шы­да­ма­ған көп әйел көз жұмған, жаны қалса да, біршамасы ақылынан алжасса керек. Тегінде адам баласы аштыққа да, суыққа да шыдайды, ең қиыны – ертеңгі күннің кө­мескі, болашақтың бұлыңғыр тартуы, яғни бақыттың бар­лығы кешегі күнде қалып, бүгін отағасы бала-шаға­ның қайда жүргенін де білмеуден өткен бақыт­сыздық жоқ болса керек.
1939 жылдан бастап лагерьде фермалар ашылып, егін егу, мал шаруашылығы жүргізіле бастайды. Негізі, АЛЖИР тұтқындарының ішінде оқымағаны кемде-кем болған, тіпті барлығы дерлік интеллигенция өкілдері бол­ды. Әрқайсысы сақа маман, қандай шаруа­шы­лық­тың болсын ісін дөңгелетіп әкетуге білімі мен әлеуеті жететін. Сондай-ақ лагерьде тігін ісі жүргізілді, ондай идеяны ұсынған әйелдердің өзі болса керек. Себебі сол тұста, яғни ХХ ғасырдың басында қолынан іс тігу кел­мейтін әйел заты аз болған. Тіпті ұсынысты ауызша жасамай, әр әйел өз қолынан келетін бұйымын тігіп, түр­менің қапасының өзін жәрмеңкеге ұластырып жібер­ген. Сондықтан әйелдер қауымының бұл ұсы­нысы лагерь басқармасынан қолдау тауып, тігін фаб­ри­­касына арнап үлкен ғимарат та салынады. Солайша Ға­беңнің сөзімен айтқанда, «өмір себетін» әйелдер қауы­мы темір тордың ар жағында отырып, өлі-тірісінің хаба­рын білмейтін күйеулерін ойлап күңіреніп жата бер­мей, белді буып, өздерін сол лагерьге жапты демей, жеңіл өнеркәсіп бар ма, ауыл шаруашылығы бар ма, қолынан келгеннің барлығын жасап, елге пай­да әкелуді ойлады.
Кейін соғыс басталған жылдары сол істерінің пайдасы тиіп, майданға азық-түлік, жылы киімге дейін жіберуге бірден-бір жәрдемші осы тұтқын әйелдер болғаны тарихтан мәлім.
«ГУЛАГ балалары»
 Солақай саясат әйелдің аяғының ауырлығына да қарап аяуды білмеген. Со­лай қаншама бала жарық дүниеге келмей жатып, құрсақта темір тордың дәмін татқан. Өзі ауыр еңбекпен айналысып, өзі баласын емізсе де, аналар ешқашан соны ауырсынбаған, қайта олар үшін ең қиыны – омырауындағы баласын тартып алып, балалар үйіне алып кету еді. Баласының үш жасқа толған күнінен өткен қасірет бол­мады десек, артық айтпайтын шығармыз, себебі үш жасқа толған күні ботадай боздатып, құлындай шыңғыртып ана мен баланы екі жаққа айырған, ешкімнің көз жасына қарамаған... Тіпті баласын қайда алып кеткенін айту былай тұрсын, Кеңес өкіметінің түкпір-түкпіріндегі балалар үйіне алып кетіп отырған, сондағы саясат – ана баласын, сондай-ақ бір анадан туған бауырлар бірін-бірі таба алмасын деген ой. Өкінішке қарай, Қазақстан бойынша түр­меде туған, түрмеде аналарымен бол­ған балалар саны қанша болғаны жайлы нақты дерек жоқ болса керек, тіпті АЛЖИР мұра­жайының өзінде де. Алайда жалпы Қазақ­стандағы лагерьлерде (оған Долин­ка, Се­мей лагерьлері де кіреді) барлығы 1507 бала дүниеге келсе керек.
Өзі сотталған балалар болды дегенге сенесіз бе? Соның бір ғана мысалын айт­сақ, Николай Булка есімді бала 15 жасында лагерьге айдалған. Сондағы жазығы – мектепте үзіліс кезінде құрдастарымен ой­нап жүріп, оқыста М.И.Калининнің портре­тін жыртып алған. Сол үшін әлгі оқушыны 58-баппен «халық жауы» деп түрмеге қа­мап­ты.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ, саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды мұражай кешенінің директоры:
 – Алжир-де 62 ұлт өкілдері тұт­қын­да болған. Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен, сонау Латвия, Литва, Украи­­на, Белоруссия, Балтық жағалауы ел­де­­рі, Қырымнан, жалпы, 20 мыңнан ас­там ­әйел заты осы түрмені 10 жылдай мекен қылған. Соның ішінде 8 мың әйел лагерь алғаш ашылғаннан соңғы жабылған күніне дейін лагерь қамауын­да болған. Сондай-ақ түрме ішінде 1000-нан астам әртіс, ал жалпы КАРЛАГ жүйесінде 100-ден астам суретші отыр­ған. Қылқаламды тіпті түрмеде де серік қылған суретшілердің сол кезде салған суреттері бүгінде тарихи құнды жәдігер­ге айналып, біз оны мұражай қабырға­ларын безендіруге қолдандық.
Алданған үміт немесе «Тастар қыспағындағы қайың»
 Әйел менен ана атаулының көз жасы­мен жуылып, қарғысын естіген түрменің темір торлары мен тас қабырғалары бүгін­де қиратылған. Әрине, адам атаулыға өлім мен өкініш, өзекті өртер өксік арқалат­қан түрменің жермен-жексен болғаны дұрыс та шығар, алайда бүгінгі ұрпақтың сол бір тарихи сәтте аналарымыздың қан­дай азапты бастан өткергенін бір сәт те болса сезінуі үшін, бәлкім, ол түрмелер мұражай ретінде сақталғаны да дұрыс па еді. Осы жағын мұражай директорынан сұраға­ны­мызда, ол кісі биыл не келесі жылдан бастап барактың кейбір кездерін көзбен көрсететін, мәселен, «Тартып алынған балалар» секілді композициялық макеттер жасалатындығын айтты. КАРЛАГ жүйесінде дүниеге келген 1500 баланың қасіретін көз алдымызға келтіріп, бүгінгі бейбіт күннің бағасын білу үшін ондай игі шараның ма­ңы­зы зор. Өткен күннен қалған жәдігер­лер­дің ең құндысы деп мұражай қызмет­керлері сол тұста әлі балалар үйіне әкетпей тұрған балалардың қолымен иленген наннан жасалған ойыншықтарды айтты. Әр жерде манекенге кигізілген әйелдердің әдемі көйлектерін көріп, олар жайлы сұра­ғанымызда мынадай деректерге қанықтық: әлгі көйлектер әйелдердің лагерьге киіп келген киімдері екен, бірақ «өзі түрмеге келе жатып олар неге соншалық жасана киінген?» деген сұрақ тууы заңды ғой, сөйтсек, арыстай азаматтардың жарларын жендеттер үйден «күйеулеріңмен кездесті­реміз» деп алдап әкеткен екен. Сондықтан олар барын киініп, әшекейлерін тағынып, жарқырай шықса керек. Ал нәтижесінде бірден қамауға алып, азап вагондарына тиеп, қиыр шетте жатқан аязы адам төзгісіз далаға, АЛЖИР-дің тұтқындарына айнал­дыр­ған. Айтпақшы, дәл сол азапты шақтың құнды жәдігері – осы вагондардың бірі қазір мұражай ауласында тұр. Бүгінгідей купеге бөлініп, бар жағдайы қайдан жасал­сын, «халық жауының» әйелдерін қазіргі тауар таситын вагондарға 100-200-ден тиеп, ашқұрсақ күйде жеткізген.
Сол сәттен қалған бір белгіні іздеген жан болса, лагерь маңында кезінде тұтқын әйелдердің өз қолымен отырғызған ағаш­та­ры қалыпты. Сондай-ақ мұражайынан кірген бетте екі жақ қабырғаны тұтас ком­по­зициялар құрайды. Соның ішінде ла­герь­де отырғандардың бірі Борхман атты суретші әйелдің «Тастар қыспағындағы қайың» атты картинасы көзге ерекше түсе­ді. Табиғатта ең сұлу ағаш саналатын қа­йың­ның қыспаққа ұшырап, соның кесірінен қисық өсуінің өзі сол кезеңдегі сұлу да нәзік жаратылыс иесі – әйелдердің тағды­рын тап басқанына дау жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста