Омар Жәлелұлы, абайтанушы:
– Омар аға, осы жақында елімізге белгілі тарихшы Жамбыл Омаридің «Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз» деген кітабы жарық көрді. Сол кітаптың тұсаукесерін өзіңіз басқарып, жүргізген едіңіз. Соған қарағанда, бұл кітап сізге жақсы таныс болар деп ойладық. Осы орайда, «аталықтар институты деген не?» деген сұрақ туындайды. Сондықтан да ең әуелі «аталық» дегенді түсіндіре кетсеңіз.
– Жалпы, біз бұрын «аталық» деген сөзді хандардың баласын тәрбиелейтін адам деген ұғыммен байланыста ғана қабылдап келдік. Оны да көп адам біле бермейтін. Ал мына төл мәдениетімізден ажыраған жаһандану заманында «аталық» сынды көне атауларды санада жаңғырту қиынның қиыны болайын деп тұр.
Жамбыл Омаридың айтуынша, аталықтар институты сонау көне заманнан бері келе жатыр. Аталық мәртебесіне жүздің белді, белгілі деген рулары ие болады екен. Қазақта «Арғын болсаң алтай бол, алшын болсаң, адай бол...» деген сөз бар. Осы сөздегі руларға неге ерекше басымдық берілді екен деген сұраққа көптен бері жауап таппай жүр едік. Неге аға баласы арғын ішіндегі алтай атасын осындай деңгейге көтердік деген сұрақ көкейді тесетін.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Қазақ шежіресінде»: «Тышқанның да сәуірі болады деседі. Алтай арғынның сәуірі болады екен», – дейді. Біз ғылыми сөздіктерден осындағы «сәуір» сөзін қарап едік. Сөйтсе, «сәуір» сөзі араб тілінен аударғанда «бұқа» және «торпақ шоқжұлдызы» деген мағынаны береді екен. Сонда арғынның мықтысы, «бұқасы» болған алтай руынан аталықтар шығуына байланысты осындай мәртебеге көтерілген деген тұжырым шығады. Ал аталықтар ханның қалқаны болған, баласын тәрбиелеген, былайша айтқанда, ханның бас уәзірі, кеңесшісі қызметін атқарған, тек сыртқы ғана емес, ішкі саясатына да, одан қала берді хан сарайының ішкі жұмыстарына да араласып отырған. Хан аталықтарын дипломатиялық қарым-қатынастарына да жұмсаған. Қысқасы, аталықтар ханның жолында ісін, күшін сарп еткен.
– Арыстан, барқы, нияздар қай хандардың аталығы болды екен?
– Алтайдан тарайтын сайдалы деген рудан Арыстан аталық туады. Ол кезінде Хақназар ханның аталығы болған. Одан кейін Арыстанның ұрпағы Барқы Тәуке ханның аталығы болған. Ал Барқының ұрпағы Нияз батыр Әбілмәмбет ханның аталығы екен. Сонда бұл институттың көнелігі сондай – сонау Хақназар ханнан бастау алады деген сөз. Былайша айтқанда, бір әулеттен тараған аталықтар институты 300 жылдай уақытты қамтыған көрінеді. Өкінішке қарай, біз осыны әлі күнге дейін білмей келдік.
– Не себепті?
– Өйткені бізде хандық жүйе жойылды. Бізді отарлау үшін, жою үшін тарихи сананы жою керек болды. Сондықтан да хандарды алауыз, бір-бірімен қырықпышақ етіп көрсетті. Хандардың өзі тарихи сахнадан жойылып жатқанда, аталықтар тіптен жоғалды десек те болады. Қазіргі кезде аталықтар әулетінің жарыққа шығуы арқылы қазақ тарихына қан жүгіріп, жан кіре бастайды.
– Аталықтар институтына ұқсас институты бар елдер бар ма? Әлде мұндай институт бізде ғана ма?
– Мұндай институт жапондарда да бар. Оларда да императорға берілген, патша үшін жанын пида ететін рулар болған. Олар император жолында өздерін құрбандыққа шалуға дейін барады. Сондай жанкештілік танытқан бізде осы аталықтар әулеті екен. Жалпы, кітаптың жарық көруі тарихымызға үлкен жаңалық әкеліп отыр.
– Еңбек, негізінен, қандай деректерге сүйеніп жазылған?
– Бізде кеңестік кезеңде тарихымыз көбіне орыстың, араб-парсының жазбаларына сүйену арқылы жазылатын. Бұл кітапта да араб-парсы жазбаларына сүйенеді, бірақ мұнда қазақтың төл шежіресі мен ауыз әдебиетіндегі деректер бірінші орынға қойылған.
Қазақ тарихының да өзіндік дәстүрі бар. Ол түрік шежіресін жазған сонау Әбілғазыдан, Қадырғали Жалайридан бастау алып, Мәшһүрдің шежіресімен жалғасын табады. Міне, осылардың еңбегі, яғни шежіре мен ауыз әдебиетке негізделген тарих қазақтың дәстүрлі тарихы атанды. Сол дәстүрлі тарихтың ең соңғы өкілі Ермахан Бекмаханов еді. Бекмаханов репрессияға ұшырағаннан кейін қазақтың дәстүрлі тарихы тоқтап қалып еді. Енді сол үзіліп қалған желіні Жамбыл ағамыз жалғастырды десе де болады. Бұл кітаптың тағы бір құндылығы осында.
– Бұл аталықтардың ұрпағы қай жерде қоныс тепкен?
– Барқының әулеті Түркістан мен Ташкенттің маңайында қоныс тепкен екен. Кейін шекара бөліскенде олардың біраз бөлігі Өзбекстан территориясында қалып, олардың ішінде өзбек болып жазылып кеткендері де бар көрінеді. Кітаптың тұсаукесеріне бұл аталықтар әулеті де келді. Кітап шыққаннан кейін олардың санасында үлкен өзгерістер пайда болып, өздерінің тегін танып, қазақтыққа қайта оралып жатқан жайы бар. Бұл кітап тек бір әулетті ғана айтып қоймайды, қаншама тарихты қамтиды. Қазақтың басын құрауға үлкен септігін тигізіп жатыр.
«Алаш айнасының» мұрағатынан