Қабанбай батырдың ерлігі, әскери өнері және соғыс тәсілі

Қабанбайдың азан шақырып қойылған аты – Ерасыл.
Оның дүниеге келуі де, өсуі де, ержетуі де кәдімгі адамдардың туу, өсу табиғатынан ешқандай өзгеше емес.
1691 жылы қаңтар айында( бұрынғы Семей облысы) Қазір Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Тарбағатай тауының бөктерінде дүниеге келген.
Тоғыз таңбалы Найман тайпасы ішіндегі Төлегетайдың төрт баласының Қаракерей руының Байыстың Байжігіт тармағынан.
Аңыз бойынша Байжігіт би Тоқтарқожаұлы он төрт жасында билікке араласқан. Бұған нағашы атасы Байыс бидің ықпалы мен тәрбиесі зор болған.Әсіресе туған анасы Мақта әжей өз дәуірінің айтулы ақыны әрі шешені болған.Осындай көпжақты тәрбие және тамаша қоғамдық орта Байжігітің билікке ертерек араласуына мүмкүндік жасаған. Өзінін әділдігімен, ділмарлығымен, ақыл-парасатымен «әділетті ұлыс би» атанған. Байжігіт биден Тоғас,Мәмбет,Жұмық аталары тарайды. Мәмбеттен Өмір, Күшік, Қожақұл, Қарақұрсақ тарайды.
Қабанбайдың денесінің ірілігіне қарап жеңгелері Нарбала деп атапты. Өйткені, он үш жасар кездерінде үйретіп мінген тайлары мөңкімек түгіл, қайқаң қағып, қайысқан күйі тәлтіректей теңселіп, оның әзер көтеретін көрінеді. Ерасылдың аяқтары мініп келе жатқан тайының еңселілігіне қарамай, жер сызып отырады екен.
Әкесі Қожақұлдың үш ұлы болған, Есенбай,Есенаман,Ерасыл – кенжесі. Әкесі батыр болыпты. Қалмақ басқыншылармен соғыста қаза тапқан.Есенбай деген ағасын жылқы бағып жүрген жерінен қалмақтар өлтіріп кеткен.
Жас бала,ешқашан жауынан тайынбайтын, жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген, жылқысын тонаған жонғар батырын өлтіріп кек алған.
Кейін әкесін өлтірген жонғардың батырын жекпе-жекте өлтірген. Жаудан әкесінің кегін алған соң, соғыс тактикасымен, ерлігімен, шеберлігімен, Ізбасар атанған кезі де болған.
Міне, бұл Қабанбай батырдың ең алғашқы ерлігі еді.
Осыдан кейін Ерасыл Алтайдағы Керей ішіне кетіп апайы мен жездесінің қолында болады.
Ол кезде Жонғар хандығының қазақ даласына бағытындағы соғыс экспансия жандануы еді. Жонғар қонтайшыларын әсіресе Жетісу төңірегінің жайылымдық жерлері мен оңтүстік Қазақстанның сауда-қолөнер орталықтары қызықтырды.
Қазақ және жонғар хандықтары арасындағы күрес барған сайын кескілескен және қан төгісті сипат ала берді.
Жонғарлар – қазақ елінің оңтүстік шығысынан төнген ең қауіпті жау болды. Көшпелі жонғар қалмақтары қазақтардың оты, суы мол, құнарлы жайылымы көп, кең байтақ жеріне қызықты. Қазақ жерін жаулап алу үшін тынымсыз соғыстар жүргізген.
Қазақ халқы тарихында қайғы-қасіретке ұшыраған ең ауыр жылдар «Ақтабан шұбырынды,Алқакөл сұлама», « Ақ қайың сауған, тышқан жыл»(1723-1727) деп аталады.
Қазақ елінің басынан өткен бұл қайғылы кезең «Қаратаудың басынан көш келеді» деген халық өлеңінде терең бейнеледі.
Қанша қиыншылық көрсе де, алайда басқыншы жау қазақ халқының сағын сындыра алмады. Қазақтар өздерінің атамекенін жоңғар шапқыншыларынан қорғап, дұшпанға кеткен есесін қайтару жолындағы күресін тоқтатпады.
Жапон тарихшысы Зокота «Ресей мен Орта Азия» деген кітабында қазақтардың осы күресі туралы былай деп жазады:сол кезде жонғарлар Орта Азиядағы ірі сахара патшалығы болды. Оған ұйғырлар қарсылықсыз бағынды. Қырғыздар бір мезет қарсылық көрсеткенімен, сұрапыл тегеурінге төтеп бере алмады. Ал ұзақ жылдар бойында жонғарлармен табан тірескен тек қазақтар болды».
Қабанбай батырдың басқа батырлардан ерекшелігі, ол – ұлтын сүйген ерекше нар тұлға. Ол 18-ші ғасырдағы қазақ батырларының ішіндегі дарасы.
Қазақ – жонғар соғысында аты әйгілі қазақ батырлары көп болған, бірақ солардың ішінде аты да, заты да бір бөлек, көп батырдың жетекшілік ету ретінде үздік қара болып көзге түскені Қаракерей Қабанбай еді.
Қабанбай батыр – қазақтың біріккен қолының қолбасшысы, данқты батыр.
Қабанбай – ержүрек, батыл батыр, талай ауыр соғыс сыннан өткен, оның бүкіл өмірі халықты жаудан қорғау жолындағы жорықтарда өткен.
Қазақ даласын, қазақ елін жонғар шапқыншыларынан құтқару барысында Қабанбай өзінің туыстарының барлығын ұйымдастыра білген. Қабанбай әулетімен батыр болған. Туған-туысқандарымен бірге жаумен шайқасқан.
Қабанбай батырдың інілерінің бірі жыр-дастандарда айтылатын «Ту алып, тұлпар мінген ер Даулетбай» дейді. Жұмық Саты баласы Дәулетбай Қабанбай мен бірге қалмақтарға қарсы шайқастың алғы шебінде жүріп ерлік пен көзге түскен батырдың бірі болған. Қабанбай Алтайдағы керей жерінде жүргенде Қарақұрсақ, Болат, Дәулетбай, Тама, Жаныс елге қайтарып алып келген.
Бүкіл қазақ даласында болып өткен ірі-ірі шайқастардың бәріне қатынасып, өзінің ерен ерлігі нәтижесінде Қабанбайдың есімі мен қаһармандығы аңызға айналып кеткен.
Жасында Нарбала атанған қаһарман тұлға өз өмірінде талай-талай жекпе-жекке түсіп, сол жекпе-жектердің бәрінде жеңіс бермеген жойқын күштің иесі болған, өзі салған соғыстарда өте көп жекпе-жекке шығып, талай қалмақты жер жастандырған нағыз қас батырдың өзі болған, ол жекпе-жек ұрыстарда жеңіліп көрмеген халық қаһарманы, қайратты да талантты батыр.
Қаракерей Қабанбай қатыспаған бірде-бір ірі шайқас болмаған. Қабанбай батыр осындай сұрапыл шайқастарға қатынасып, сол жекпе-жекке 103 рет шығып, барлығында жеңіске жеткен.
Қазақ батырларына бас, ерлік істерге ұйытқы болған ұлы қолбасшы өз кезеңінде атты әскер соғысының мықты стратегі, жекпе-жектің тендесі жоқ шебері болған. Осылайша есімі елге танылған Қабанбай қазақ жерін жаудан азат етуде алпыс жыл ат үстінен түспеген.
Ұлтымыздың белгілі ақыны, ағартушысы Мәшһүр Жүсіп Көпей (1858-1931) дана : «Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр болған емес» - десе,
татардың (1829-1913) әйгілі ғалымы Құрбанғали Халид «Шығыстың бес тарихы» деген еңбегінде : «Абылай ханның дәуірінде батыр және әскербасы болып келген адамдар – Қаракерей Қабанбай батыр, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр,Еспембет батыр, Матай Шөнкей батыр,Керей Жәнібек батыр,Бура Ақбантай батыр,Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиын Малайсары батыр және басқалар. Бұлардың әрқайсысы батырлықтарымен асқақ атақ, абырой алған болса да,олардың батырлығынан өресі биігі Қабанбай батыр еді» деп жазған.
Қазақ халқының елі мен жерінің тұтастығы, бүтін ел, мемлекет болу арманы Қабанбайды Абылайға жақындастырады. Ол Абылай сұлтанның ең бірінші болып достық ықыласын білдірген. Тағдыр оған Қабанбай сияқты хас батырларды тұстас келтірді. Олар бір-біріне сүйеніш бола білді. Және Қабанбай батыр Абылай ханның саясатын қолдап, қалың Найман руына бас сардары болып, Абылай ханға бағындырып, бірлігін сақтау саясатын жүргізген. Абылай ханға үш жүздің тізгінін ұстатқан. Соғыс даласында үнемі Абылаймен ақылдасып, билер кеңесі арқылы шешім қабылдап отырған.
Қабанбай батыр бастаған қазақ әскерлері соғыс жүргізген жерлер жер атаулары арқылы да дәлелдене түседі. « Қабанбай жырында: Алакөл ,Ақсу, Еміл, Есіл, Нұра, Ертіс, Бұқтырма,Аякөз, Көкпекті, Тарбағатай, Үржар, Қатынсу,Мақаншы, Абралы, Шынғыстау, Алатау ,Қаратау, Қарқаралы, Көкшетау, Талас, Бөген, Арыс,Шаян, Түркістан, Сайрам, Шымкент, Қарғалы, Бақанас, Іле, Арқарлы, Қаратал, Лепсі, Басқан, Кеген, Шарын, Текес, Нарынқол, Шонжы, Жаркент, Қарақол, Базар, Ақсуат, Қалба, Зайсан, Маңырақ, Алтай, Сәуір, Марқакөл т.б. және ірі шайқастар Аякөз шайқасы, «Ақтабанды шұбырынды» кезеңі, Түркістан қорғаныс шайқасы, Бұланты өзенің бойындағы шайқас, Сыр бойындағы шайқас, Шұбартеңіз шайқасы, Аңырақай шайқасы, Шаған-Толағай шайқасы, Шорға өзенің бойындағы шайқас, Зайсан көлі бойындағы шайқас,Баспан-базар шайқасы, Ертіс өзенің бойындағы шайқас т.б. шайқастар.
Ежелден келе жатқан үрдіс бойынша, қазақта әскер құрамы ру-тайпаға қарай жасақталатын, ру-тайпалық жасақтар керек кезінде тез жиналып отырды, әрбір әскери жасақтың өз таңбасы мен ұраны болды.
Русыз өріс-қонысты бөлісу,әскер жинау мүмкін емес, әр рудың ағасы әскер басы болған. Соғыс бола қалған жағдайда әрбір ер-азамат қолына қару алып, ұрысқа, майдан даласына аттанған. Бүкіл қазақ жұртына танылған, ерлігі мен аты шыққан Қабанбайдың жауынгерлері, шәкірттері және ұстаздары, үзенгілес атойшы батырлары олар: арғын руынан Қаракесек Қарабек, Жидебай, Жанатай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ Жәнібек, Бәсентиін Малайсары, Жасыбай, Сырымбет батырлар, Темеш Нұра, Атығайдан Ағындық, Құлеке батырлар, Тобықты Көкенай, Мамай, Тоқтамыс, Қуандық Бөрібай, Алдияр, Сүйіндік Олжабай, Сенгірбай, Тайжан, Жанұзақ батырлары, Керейден Мерген, Балтакерей Байтұрсын, Бақсары, Жабай, Тұрсынбай, Жантай, Шақантай батырлар, Уақтан Бажан, Сары, Сағымбай, Баян батырлар, Тарақты Айшуақ, Тоғай, Байғазы батырлар, Қыпшақ Дербісәлі, Ерназар,Маңдай батырлар, Ошақтыдан Саңырық, Сарымерген, Қалет батырлар, Қаңлы Тлеуке батыр, Албаннан Әлмерек би, Әжібай, Бәйсеит, Қанкелді Сырымбет ұлы, Райымбек батырлар, Шапыраштыдан Науырызбай, Жәпек, Жауғаш, Қаумен, Қасқары, Қасқары ұлы Молдабай, Әйтей,Сатай, Бөлек, Шыбыл Мәмбет, Екей Ыстыбай, Айқым Жапар батырлар, Шанышқылы Бердіқожа батыр, Дулаттан Жаныс Айтбай Төлеұлы, Ақпан, Қыбырай, Өтеген батыр, Шымыр Қойкелді, Ботбай Жауғаш, Сәмен, Бөкей, Бармақ батырлар, Жалайырдан Ескелді би, Бақай, Жайнақ, Жолбарыс, Тәттібай, Балпық би, Шекті Тайман, Бақтыбай, Сенкібай, Байрақ, Қайрақ, Балдан батырлар, Жаппас Баймұрат, Тама Есет батыр, Саурық, Тайлақ батырлар, Табын Бөкенбай, Алтай батырлар, Найман руынан Қөкжал Барақ, Ханбаба, Қаптағай қара Шоқай батыр, Садыр Тасболат, Шонқа, Тауасар, Алдияр, Бағаналы Баянбай, Оразымбет батырлар, Сарыжомарт Танаш, Терістаңбалыдан Айтқұл, Қожакелді, Қарақ батырлар, Матай Шәкәрім, Тентек, Шөнкей, Майлыбай, Қонақбай батырлар, Қызай Есенкелді батыр, Ақнайманнан Жаман батыр, Төртуыл Досымбек батыр, Байғана Шөрек батыр, Жұмық Тама, Дәулетбай, Кетеш батырлар, Мұрын Қалқаман ұлы Боранбай би, Назар, Орақбай, Нарбота, Жолымбет, Қазымбет батырлар, Қыржы Арап, Кешу батырлар, сыбан Қу дауысты Құттыбай, Ақтамберді, Ботақара, Еспембет,Жанай, Марқа, Алтыбай, Кедей, Алақұс ұлы Түкі, Төлен, Аққожа би,Жәдігер, Сатыпалды, Құлманбет батырлар, Бурадан Ақбантай, Досан, Қонақай,Елшібек, Байқошқар, Төлеке батырлар, Ақымбет тармағынан Майемер, Сарман, Анай батырлар, Болатшыдан Кенже, Байсиық (Семізнайман) табынан Төбет би, Қазанбай(Қазығұл), Жанғұлы, Барлыбай, Шағырай, Байшуақ, Байбарақ, Құлшаман,Есенғара, Алшын Тайлақ батыр, Суан Бағай, Аралбай батырлар, Сіргелі Қаратлек батыр тағы басқалар. Бұлардың өмірі елдің тұтастығын үшін, халықты жаудан қорғау жолындағы жорықтарда өткен, бұлардың шайқас үстіндегі ерліктерінің жеңістері, халық арасында мойындалған.
Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырына сүйене, мыңдықтан әскер құраған жиырма тоғыз мыңбасының рулары мен есімдері түгел толық айтылған. Олар: 1.Қаракерей Қабанбай., 2.Қанжығалы Бөгенбай, 3.Көкжарлы көкжал Барақ., 4.Керей Жәнібек., 5.Шанышқылы Бердіқожа., 6.Керей Жанатай ер., 7.Тоғас Қосай., 8.Тума Шағалақ., 9.Мұрын Боранбай., 10.Үйсін Сарышуаш., 11.Қыпшақ Есімхан., 12.Қыржы Бостан.,13.Төртуыл Баймұрат., 14.Тоқпақ Қасабай.,15.Матай батыр.,16.Шынқожа батыр., 17.Шойбек Сенкібай.,18.Қаңлы Құлан.,19.Сіргелі Елшібек., 20.Қаратай., 21.Ысты Төлек., 22.Сиқымнан Шінет, Рысбек.,23.Ботбай Сәмен.,24.Шымыр Қойкелді., 25.Қоңырат Толебай,Болат.,26.Жаныс Өтеген.,27. Шапырашты Науырызбай.,28.Рамадан Алшынбай.,29. Қарақалпақ Құлашбек. Қазақ мыңдықтарын басқарған басшыларының есімдері рулық, жүздік деңгейден асып, жалпы ұлттық межеге көтерілген.
Аттаныста,не жау шабуылын күткен қорғаныста сақтық үшін көш қалқаны ретінде ертауыл жасағы құрылған, барлаушылар тобы, себебі барлауға керемет көңіл бөлінген, барлаудан үлкен үміт күткен, жергілікті жер туралы мәліметтерді жинау, дұшпанның күштерінің орналасуын барлап білу, өте қажет болған.Барлаушылар – жеңіл атты әскерлер, негізгі күштен екі күншілік жерде жүріп отырған.
Ал Үлкен аттаныста жорық кезінде: оң қол, сол қол, тұтқауыл, тосқауыл,бақауыл құрылған. Тосқауыл тобы торуылға тап болып, бөгет жасаған, а тұтқауыл тобына ұрыс даласына үнемі қатар сайын қосымша күш жіберіліп тұрған . Арнайы мерген тобы айрықша тапсырма орындаған: олар шапшаң түрде қолма-қол тікелей басшылық жұмысын атқарған. Бақауыл тобы шаруашылық жұмыстарын жүргізген.
Әскер ондыққа, жүздікке, мыңдыққа, он мыңдыққа (түмен) бөлінді. Мысалы : Ақымбет, Сыбан, Мұрыннан құралған жасақтын мың басын Еспенбет батыр басқарған. Мыңбасылар арнайы қосымша қару-жарақ, жылқы қорын ұстады. Ол уақытта Шынғыс ханның соғыс тәсілі әлі ұмытылмаған. Әскер оң қанат, сол қанат, орта болып үшке бөлінген. Әрбір бөлімнің өз алдына шебі болды. Мұнымен қоса, жалпы алдыңғы шеп және резерв болды. Әрбір жорық алдында байқау өткізілетін, онда әрбір сарбаздың киім-кешегі, қару-жарағы қоржынымен торсығына дейін тексерілді.
Қазақта ірі батыр атану соңынан ерткен қолының санына байланысты есептелетін. Ол кезде әскер рулық жүйемен жиналады.
Найман, арғындардан бір-бір түменнен қол шығатын, қалған кіші рулардан бес мың, үш мың болып қазақ әскері құралған, ал кіші тайпалардан мың қол шығатын. Оның батыры мыңбасы аталатын.
Қабанбай батырдың қолын құраған әскер негізінен еліміздің шығыс, терістік – шығыс жағындағы төрт арыс Найман, Арғын, Уақ, Керей тайпаларынан шыққан жасақтар болғаны да белгілі. Ал кейбір ұрыстарда Қабанбай батырдың қол астында біраз қазақ тайпалардың өкілдері де соғысқан.
Қазақ сардарының сауыт-сайманы және қару-жарағы ұрыста шешуші рөл атқарған.
Жауынгер сауыт киіп, қылыш ұстаған қоян – қолтық айқаста қанжарлар, семсерлер, айбалталар пайдаланылды. Семсерлер көбіне қайыңнан жасалды. Жекелеген жауынгерлерді темір семсерлер болды.
Бастарында болат дұлыға, үстерінде ақ берен сауыт, белдерінде қайқы қылыш, бұған қосымша ұшы темір ілмегі бар ұзын найзалар болды , онымен жауды аттан құлататын, әрбір жауынгер иықтарында садақ қайың оқты жебе салынған қорамсақ ұстады, білекте қалқан,тақымында ұзын сапты көк сүңгі де болды.
Атты әскердің қоржынында азық-түлігі болды :екі торсығын біреуінде су, екіншісінде кептірілген ет, құрт, айран болды.
Негізгі қазақ сарбаздарының әскері - атты әскер болды. Ал Қабанбай атты әскер соғысының тактикасымен стратегиясын жасады. Атты әскер жаудың негізгі күшімен шайқасты, атты әскер қосымша көп жылқы ұстады, мұның өзі олардың ұзақ қашықтыққа тез жетуіне көмектесті. Әр салтатты дойыр қамшы, сойылдар, ат құрықтайтын немесе дұшпан мойнына салатын құрықтар және ұзын арқан ұстады. Құрық салып садақ пен жебе ату үлкен шеберлікті қажет етті. Бұл қарулармен жауды алыста тұрып-ақ жарақаттауға болады. Жебелерді атқанда 200-400 метрге дейін жететін.
Екі жақта мылтықты қолданды. Дәрі мен атылатын және пілте мылтық пайдаланылды, Түйенің үстіне қойылатын зеңбірек қаһарлы қаруы болды. Бұл қарудың жарақаттау қашықтығы әрине , әлдеқайда жоғары болды.
Қабанбай батыр тек алып күштің ғана иесі болмаған, ол әскери өнердің білгірі болған, ол соғыс ісінің тәжірибесін жинап, әскери өнерді дамытып, соғыс тәсілін шебер пайдалана білген.
Соғыс болмайтын уақытта, тыныштық кезеңде Қабанбай батыр жасақ жинап, тұрақты түрде соғыс тәсілдеріне үйрете бастаған, соғысудың әдіс-тәсілдеріне машықтандырған. Себебі ұрыс тактикасына, соғыс тәсіліне, шайқас әдісіне ерекше мәнді көңіл бөлген. Қабанбай жасағын Тарбағатай тауының үстіндегі Мыңбұлақ бастауларының жанындағы Ақбет биігінің төбесіндегі кең жазықта жаттықтырады. Мақсаты – тұрақты әскер жасақтау болған белгілі.
Аты аңызға айналған, батырымыз Қаракерей Қабанбайдың қазақ халқының басына күн туғанда жасаған ерліктері мен Отанына сіңірген еңбегіі ұшан-теңіз. Оны өз заманының кемеңгер тұлғалары – Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей ,Дулат, Тәтіқара, Сарышуаш кейіннен Ш.Уәлиханов, Құрбанғали Халид, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, С.Торайғыров, Б. Садықан, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Қ. Мұхамедханов, С. Ғаббасов, З. Қинаятұлы, т.б. ғалымдар, талай ақындар Қабанбайдың ерлігіне өлең-жырларын жолдарын арнаған.
Халық жазушысы Қ. Жұмаділов ұзақ жыл жұмысын жүргізіп Қабанбайдың «Дарабоз» тарихи романында батырдың ержүрек тұлғасын бейнелеген.
З.Сәнік, көп еңбек сіңіріп «Хан батыры Қабанбай» кітабын жарыққа шығарған.
А.Ғабдуллина «Қабанбай батыр туралы тарихи жырлар мен аңыздар» деген тақырыпқа диссертациялық жұмыс қорғаған.
Орыс тарихшысы Кузнецовтің жазбаларында: «Қазақ қолының солтүстік шығыс бөлігін Қабанбай батыр, оңтүстік шығыс бөлігін Абылай бастап жонғарларды шығысқа қарай тықсырып барады...» деп жазса, тағы бір орыс тарихшысы Вельяминов-Зернов Еділ қалмақтары Жонғарияға қоныс аудармақ болған кезде іргелес отырған қарақалпақ елін өздерімен бірге зорлап көшіріп әкетіп, жолазық ретінде пайдаланбақ болғанда, сол елді қалын қолмен құтқарып қалған адам Қабанбай батыры екендігін жазып қалдырған.
Ал қаншама Қытай мұрағаттарында ашылмаған, зерттелмеген құжаттар жатыр.
Қазақ батырларының соғыс әдістері айрықша болған, әр-түрлі соғыс тактикасын, соғыс тәсілін пайдалана білген : «Үш тоғыс соғысы», «Қаша ұрыс салу», «Екі аша соғысы», «Жүре соғыс», «Жекпе-жек соғыс», «Үлкәр жәрік соғысы», «Ошақ соғысы», «Қоян-қолтық соғыс», «Ай қораланды соғыс», «Қоян қашты жасау», Шұбыртпалы соғыс», «Аламан соғыс, «Хилар соғысы», «Дода соғыс», «Құйрық жеу соғысы», «Ұры соғыс».
Қабанбай батыр әр соғыстың тәсілін, үйретіп отырған жеңіске жету мен соғыс тактикасын басты әдісі ретінде тұтқиылдан шабуылға шығуға баса көңіл бөлінді. Жекелеген жүздіктер мен мыңдық жасақтардың қимылдары бір мақсатқа бағытталды.
Әрбір ірі әскери бірлестіктің өз туы, яғни жауынгерлік белгісі болды. Ту- әскери қарулануының бас белгісі болды. Ол соғыста кезінде кем дегенде екі қызметті орындады : бірінші, ол қасиетті белгі, екінші, кезі мен сапта әскерге түрлі белгі беру үшін пайдаланған. Және Ту әскер қолбасшысының тек сыртқы белгісі емес, сонымен бірге әскери атақ пен данқтың белгісі болатын.
Қабанбай батыр соғыс ісінің тәжірибесін жинап, әскери өнерді жүйелі түрде дамытып пайдаланған.
Бас сардар әр ұрыстың, әр шайқастың әдісін үнемі қадағалап, бақылап отырған : - мысалы, «Құйрық жеу» соғысы. Бұл тәсіл бойынша, ұрыс кетіп бара жатқан жаудың ең артқы қосының артынан, екі бүйірінен тию. Жаудың алдыңғы қолының беті алда, сондықтан тығыштықпен өткен жерден арттан жау күтпейді. Ал арттағылардың алдыңғы қолға беруіне мұршасы болмайды.
«Айқораланды» ұрысы – жауды айландыра сыртынан қоршап алып, сонан соң біртіндеп қыса түсу. «Ай – қораланды» ұрысын салу үшін әскер саны аз дегенде жаудың қолынан бір жарым есе артық болуы керек. Саны басым әскер сыртқа қарай беттеген жаумен ұрыс сала отырып оларды қоршап алады. Қалмақтар білмеу үшін, кім сыртқа ұмтылса, сонымен соғыс салу. Садақ оғы қардай боратылады. «Қоян қолтық» қамадық, «Қаша ұрыс» салмақ жасалады. Артын «Қоян қашты» қылады. Оның мәнісі: атыс кезінде тірі қалған қалмақтар жанталасып, қырылғанына қарамай сытылып кетуге тырысады. Оларға ондай мүмкіндік оңайшылықпен берілмейді. Қырылып жатып, олардың біразы қашып шығады. Қашқан жауда береке бола ма,олар да бір қашқан қоян да бір. Олардың артына алдын ала дайындалған мерген сарбаздар жүйрік атпен түсіп, қашқандардың көбін жайратып салады.
Бөлек қолы «құйрық жеу» соғысын салып, қалмақты көп шығынға ұшыратты. Өздеріде біраз адамды қара жер қойнына берді. «Ай-қораланды» соғысында жауды қоршап алады да, сыртқа кең тұрғандарға оқтың біреуі тисе де, үшеуі тимейді, ал ортадағы жиын топқа не қалмаққа,не атқа тиді...солай да болды. Ойбай, жылқы кісінесе, қарнынан тиген оқтан тулаған ат, ат бауырына тығылған жаяу қалмақ... Оларға айналып тоғануға мүмкүндік болмады. «Қоян қашты» жасадық. Нақ осындай соғысты Қабанбай қолы да салды – деп жазды Қазыбек бек Тауасарұлы.
«Үлкәр жәрік» соғысы. Мұның мәнісі: бір майданға шауып жүз адам кіреді, ол өзінің алғашқыларымен соғысын бітіріп, ілгері өтіп, қайта майданнан шығып кетеді. Оның артынан шауып екінші жүз, оның артынан үшінші, төртінші келе береді. Осылай мың адам он рет бірінен соң бірі ұрысқа кіре береді, жау қанша мықты болса да, бұл тәсілге шыдай алмайды, быт-шыт шығады.
Шорға өңірінде болған шайқаста қалың тал ішіне 2000 қолды жасырып қойып, біздің қосын әлсіреп бара жатқанда тұтқиылдан жаудың сырт жағынан қосымша күш қосып жеңген.
Не болмаса түнде із тастап жауды адастыру, жау күтпеген жерден кенеттен пайда болу, апақ-сапақ уақытта Толағай тауын айналдырып түйе айдап, түйенің екі өркешін екі сарбаз етіп жауға елестетіп, құтын қашыру, тас қараңғы түнде жау арасына кіріп, оларды бір-бірімен соғыстырып қою сияқты әдістерді шебер пайдаланған. Күтпеген жерден тосқауыл қою, шабуыл жасау, жауды шегінген боп алдап, кенеттен шабуылға шығу – олардың негізгі соғыс тәсілдері болды. Олар дыбыс және әр түрлі қол қимыл арқылы бұйрық беруді менгерді.
Қабанбай батыр ұрыс кездерінде ауа райының қолайлығын пайдаланған. Жаңбырлы күні білтелі мылтықтың істен шығатынын біліп, жасақтарын, жау бекінген биікке шабуылға жібереді. Сол уақытта әр тұстан күркілдеген, бірнеше мылтық атылды да, біраздан сон оның үні өшті, себебі дым тартқан мылтық от алып жарытпады. Осылай , Баспан-Базардағы шайқас қазақ әскерінің үлкен жеңісімен аяқталды.
Өзінің Отаны мен Елін қорғаған бұл соғыс қазақтар үшін Ұлы Отан соғысы деп айтуға болады, себебі Жонғар шапқыншылығында қазақ халқының ары таза, ол өзінің Жер мен Елін қорғады.
Ол сұрапыл шайқастарда тапқыр қолбасшы ретіде таныта алды. Қабанбай асқан ұлтжанды, елін , халқын сүйген патриот.
Қабанбай батырдың қолбасшылық еткен еңбектері, орыс халқы үшін сіңірген Кутузовтың еңбегімен теңеп көруге болады.
Қабанбайдың қолбасшылық қабілеті, әскерді жігерлендіру білу қасиеті деп білеміз. Батырды тани түсу үшін, ол туралы жазылған еңбектерін жырларды, арнауларды, толғауларды зерттеп, оқу қажет.
Қабанбай батыр – әскери өнер жолын қуған жастарды қайсарлыққа, отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейді.
Болашақ ұрпақ Қабанбай батырдың қасиетіне, ерен ерлігіне айрықша бас июі тиіс.

Қайрат ҚАРАМАҢДАЕВ,

Құрлық әскерлері әскери институты,

қоғамдық ғылымдар кафедрасының оқытушысы
visv.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста