«Әлемдік тарихта көшпенділердің соңғы ірі этно-саяси бірлестігін құраған Жоңғар хандығы» – делініп ғылыми ортада бағаланған ойраттар тарихын төл тарихымызбен сабақтастыра зерттесек, өз тарихымыздың да қоржынын толтыра түсетіндігіміз шындық. Қазіргі Қазақстан аумағының көптеген жерлерінің кезінде Ойрат көшпенділерінің төстеп-билеп, көшіп-қонып жүргендегі кезеңінен сақталған түрлі тарихи-мәдени мұралар, жер-су атаулары жетерлік. Екі көшпенді елдің негізгі айырмашылығы дінінде екендігін алдыдағы жариялымда жазғанбыз. Арадағы соғыс өртінің тұтануына басқа да жағдайлармен қатар діннің де себепкер болғандығын төмендегі дереккөздерден алынған түсіндірмелер дәлелдей түседі.
1691 жылы наурыз айында Иркутск әскер басы Л. И. Кислянскиге ойрат ханы Галдан Бошақтының жіберген елшілері Аюка-Кашка мен Очин-Кашканың қазақтар мен әміршілері арасындағы соғыстың неліктен өрбігенін түсіндірулері төмендегідей: «Бошақты-хан Қазақ ордасына олардың қалмақтармен қосылып, бірігіп ламаға тәуәп қылуларын қалап елшілерін жіберді. Олардың қалмақтар сияқты Далай-Ламаға табынуға қарсы екендігінен жанжал туындап, арты үлкен қырғынға ұласты». Сол қырғында ойраттар Тәуке хан жасағын талқандап, тұтқынға түскен хан ұлын қазақтарға ламаизмдік ағымды ұғындырып, тарату мақсатында Лхасқа Далай-Ламаға оқытуға аттандырады.
Ал ойрат ханы Цеван-Рабданның Цинь императоры Кансиге 1698 жылғы қазақтарға неліктен күш қолданғандығы жайлы түсіндірме хатында: «Мен, қазақ ордасымен соғысты өз қалауыммен бастамадым, олардың тарапынан жасалынған өрескел зорлық-зомбылықтар мәжбүрледі. Соғыстың өрбу себептері төмендегідей. Алғашқысы, Галдан тұтқындағы Тәукенің ұлын Далай-Ламаға тарту еткен еді. Ал Тәуке маған «егер де ұлымды алдырып берсең, арамызда сыйластық орнап, бірігіп одақ құрамыз» - деген еді. Мен оның уәдесіне сеніп, ұлын Лхастан алдырып, бес жүз сарбаздың қорғауымен әкесіне жібердім. Ол айтар алғыстың орнына олардың бірін қалдырмай басын кесіп, қырып тастады. Одан кейін Еділ бойындағы қалмақ ханы Аюкенің маған қалыңдыққа жіберген қызының күймесіне шабуыл жасады, т.т.». Аталынған екі хандық арасында да соғыс өртінің тұтануына байланысты айтылатын түрлі сылтаулар кезігіп жатады.
Ойраттардың діні, жазуы жайлы жазарда алдымен ойға Зая-Пандита (1599-1662) есімі оралады. Аталған ғалым және басқа да жағдайлар жайлы төмендегі қолжазба арқылы деректер бере кетсек.
1999 жылы Ресей Ғылым Академиясы Санкт-Петербург Шығыстану Институты бөлімі ғылыми кеңесінің құптауымен жарық көрген «Айдың жарығы» (Лунный Свет) кітабының алар орны ерекше. Одан 1638–1691 жылдар арасындағы ойраттар өміріндегі түрлі діни, саяси, мәдени оқиғалармен қатар біздерге де қатысты тарихи жағдаяттардан хабардар боламыз. Негізінен шығыстанушыларға аталған қолжазба 1847 жылдан бері белгілі болған, түрлі дәрежелерде аударылып, бірнеше рет жарияланған. Сол аудармалардың толыққандысы ұлы тұлғаның туылғандығының 400-жылдығына орай жарық көрген аталған еңбек болып табылады. Тарихи ғұмырнаманы есімі Тибет ламаларымен қатар Халка монғолдарына, төрт ойратқа аян болған ойраттардың рухани және саяси көсемі Зая Пандитаның өлімінен кейін ізін жалғастырушы, дарынды шәкірті – Раднабхадра ойрат жазуымен жазып қалдырған.
Ғұмырнама кейіпкері Зая-пандита Намхай-Джамцоның (пандита-санскрит1 сөзі,“ғалым”. Будда ілімінің толық курсын бітіруші дәрежесі) руы ойрат төрттігінің бірі Хошауыт ішіндегі Гурочин феодалдық бөліміндегі Шангас елі. Атасы Конкуй-Заячи есімі, кемеңгерлігімен ойраттарға танымал болған. Өзі әкесі Бабаханның сегіз ұлының бесіншісі болыпты. Тәңірге табынушылықпен, пұтқа сыйынушылықты қатар, алып жүрген қандастары арасынан ең алғашқы болып 17 жасында монахтық тыңдаушы банди қатарында Будда дінінің қыр-сырын терең ұғынуға пұтқа табынушылар орталығы Тибетке аттанады. 22 жыл бойы ол жақта діннен өзге де, философия, астрономия, география, медицина салалары бойынша білімін жетілдіріп, қырық жасында Рабджамба дәрежесімен 1639 – қоян жылының күзінде Тарбағатай қырқасының солтүстік баурайындағы Харбага (қазіргі Қарғыба) өзенінің бойындағы Очирту тайшы билігіндегі руластарына оралады. Тибетте оқып жүргенде өзі қатарлас ізденушілер арасынан дарыны мен ойы оқ бойы озық оны «аспанда жұлдыздар көп болғандығымен, айдың сәулесінің жарығырақ» екендігіне балаған ұстазы Далай ламаның: - «Сен монғолдарға оралып, киелі кітаптарды аудар, дінге де, тірі тірлік иелеріне де пайдаңды тигіз!» – деген аманатын бұлжытпай орындады. Философиялық ойға бай, тұңғиық ойлы жүз жетпіс жеті шығарманы аударумен қатар Будда дінінің ламалық «сарытелпектілер» ағымын қандастарына терең сіңірді. Куку-нор (Халка) көлінен бастап Еділдің жағасын жайлаған монғолдар арасындағы түрлі діни, дәстүрлік шаралардың басы-қасында жүрді. Діннің құдіретін терең ұғындыра білгендігі соншалық, ел билігіндегі елеулі тұлғалар фанаттық көзқарасқа беріліп, тірісінде мыңғырған малдарын Қытайға апарып сатып, түскен қаржыларын Тибеттегі монастырларға сыйға тартып, олардағы тәлімгерлерге көмек көрсетіп, апарғандарына қарай түрлі атақ-даңққа қол жеткізсе, өлгеннен соң күлдерін де сый-сияпатымен сол жаққа жеткізуді үрдіс қылған (Қытай қарабақырлары. 1-сурет қараңыз). Өзге дін өкілдеріндегідей, оларда да киелі қалаларға, монастырларға, жалпы дінге байланысты берілетін адам есімдері көбейген.
Оның негізгі сүбелі еңбегі 1648 жылы Хошауыт князьдері Абылай тайшымен, Эрдеени Баатур қонтайшының сұранысымен ескі монғол алфавитін негізге ала отырып құрастырып шығарған Ойрат жазуы – Тодо Бичиг («Ясное письмо» біздерде «айқын жазу» – «төте жазу» болып аударылып жүр) болып табылады (2-сурет қараңыз).
(Ойрат жазуы мен тілін Абылай ханның шағатай түркі тілімен қатар толық меңгергендігін және аталған жазуды Жоңғар хандарымен, Цин империясы билеушілерімен арадағы хат арқылы қатынасуға қолданғандығын танымал ғалым И.В.Ерофеева «Қазақ хандары мен сұлтандарының ХVII ғ. аяғымен ХІХ ғ. ортасы аралығындағы хат түрінде жазылған мұралары» атты еңбегінде айтып өткен. (Қазақстанның мәдени мұраларының қалыптасуына көшпенділердің қосқан үлесі (мақалалар жиынтығы). Алматы. Print-S. 2010). Аталған еңбектің қосымшасында Абылай-ханның 1757 жылы Цин императоры Цяньлунға ойрат төте жазуымен жазған хатының фотокөшірмесі берілген.)
Өмірдеректен біздер ойраттардың маңызды мерекесі «Цаган сар» - мен («ақ ай», ақпан айымен тұстас келетін жаңа жыл мерекесінің тойлануы) қатар басқада орын алған елеулі оқиғалардың қай жерде болғандығын баяндалуынан сол кезеңдегі жер-су атауларының қалай аталғандығынан мол мағлұмат аламыз.
Мысалы: 56 беттегі «1642 – жылқы жылы [Зая Пандита] монғолдардан ойраттарға оралды және Бугаш [өзені] бойында Очирту тайшыда қыстап шықты. Сол жерде ол Цаган сар [мерекесіне] байланысты барлық діни және дәстүрлік ғұрыптарды өткерді. Ол жерден [1643] – қой жылы дүрбіттер өздеріне шақырды» дегеніндегі аталған Бугаш өзені, қазіргі ШҚО Тарбағатай ауданындағы ежелден қыстау орны Доланқара жотасының етегінен ағып өтетін жоғарыда аталған Қарғыба өзені маңындағы Боғас өзені. Аталған жотаның сайларындағы сақталған бірнеше қалмақ қораларының жанындағы тастардағы тибет жазуымен жазылған будда дінінің әйгілі алтыбуынды мантралары сол дәуірдің естеліктері болып табылады (3-сурет қараңыз).
Ал ақиық ақын Мұқағали: Аякөз-деген-аядай бұлақ деседі.
(Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?)- дегендегі Аякөз өзені қалмақ дәуірінде Айгуши-аталыпты.
Енді аталған еңбектегі басқа да аталатын жер-су атауларына тоқтала кетсек. Шарын – (Зари), Бақанас – (Баханас), Қаратал – (Хара-Тала), Көксу – (Куку-Усун), Ақсу-(Цаган-Усун), Лепсі-(Лэбши), Қалжыр – (Худжир), Еділ-(Эдзиль), Жайық – (Зай), Қаражыра-(Хара-Аджирга) т.т. Аталған жер-су атауларында кімнің тілін кімнің бұрмалағандығы толыққанды зерттеуді қажет етері сөзсіз. Ал Зайсан ойпатындағы Шорға өзені қалмақ дәуірінде «Тэмур-Цорго» аталып, ол монах дастархандарына қымыз жеткізуге арналған «темір түтікше» деген мағына береді.
Ойрат төте жазуымен жазылған тастағы жазбалар Жетісу жеріндегі Ұзынқара (Кетмен) қырқасының баурайындағы Кеген-арасанда, Теректі өзенінің бойында т.т. сақталғандығы ғылымда бұрыннан белгілі.
Солардың ішінде Іле Қапшағайының (монғолша Илийн хабцагай – аудармасы Іленің арнасының тарылған жері, шатқалы) «Тамғалыөткел» өткелі тұсындағы ағыстың оң жақ қапталындағы тік жартастардағы көшпенді пұтқа табынушылардың қалдырған түрлі жазба-сызбаларының алар өзіндік ерекше орны бар. Ғылымда «Тамғалытас» атауымен белгілі «ашық монастырды» 1856 жылы алғашқы ғылыми зерттеуші Ш. Уәлиханов. Аталған тарихи орында буддалардың суреті, Тибет жазуымен жазылған дұғалықтармен қатар аудармасында тарихи мәні бар ойрат төте жазуымен жазылған жазбалар сақталғандығы ғылымда мәлім.
1.Санскрит-(ежелгі және орта ғасырдағы үнділердің әдеби тілі)
1 сурет. Қытай императоры Кан-си билігі (1662-1722) тұсындағы «жармақ-тымпыр».
(Қалмақ жұртынан табылған)
2 сурет. Ойрат жазуының үлгісі(жоғарыдан төмен, яғни тігінен жазылады)
3 сурет. Екі қатар тибет жазуымен жазылған «ом-ма-ни пад-мэ-хум» деп оқылатын пұтқа табынушылардың құдіретті мантрасы.
(менің түсіруімдегі бұл сурет ғылыми еңбектерде басылған)