Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.
Күні кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады. Мемлекет басшысы ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең екенін атап өтті.
"Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты", - деген Мемлекет басшысының сөзі елдің көкейінен шықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. "Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз", - деді.
ХХ ғасырда қанша қазақ қырылды? Нақты есеп бар ма? Басында 1 миллионнан астам адам делінген. Содан 2 миллионның үстіне шықты...Кеңестік кезеңде бұл мүлдем жабық тақырып болды. Тәуелсіздік тұсында ғана қазақтың басынан өткен ашаршылық зардаптары туралы ашық айтыла бастады. Деректер де нақтылану үстінде. 1920-1930 жылдардағы ашаршылық ақиқаты алдымен шетелдiк басылымдарда жарық көргенi белгiлi. Британдық тарихшы Роберт Конквестiң 1986 жылы шыққан «Жатва скорби: советская коллективизация и террор голодом» (ағылш. Robert Conquest. The Harvest of Sorrow: Soviet Collectivisation and the Terror-Famine) еңбегiнiң алғашқы нұсқасында «қазақтардың шығыны 4 миллиондай» делiнген. Осы тұста қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтiң «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырады» деген соңғы мәлiметтерi тағы бар.
Біз ашаршылық дегенде көбінесе тек 32-33-тегі аштық қасіреті туралы айтып келдік. Жалпы, біздің тарихшыларымыз «қазақ 1931-1933 жылдары қынадай қырылды» деп тұжырымдап келді. 1921-1922 жылғы ашаршылық зардаптары айтыла бермейді. Қазақтың қырылуы 1916 жылдан басталып 1945 жылдарға дейін созылғанын қаперден шығарып аламыз.
Тарихшы Манаш Қозыбаев 1921-22 жылдардағы аштық турасында: «1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды демографиялық апатқа әкелді. 1922 жылдың наурызында Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырады, олардың көбі өлді»,- деп жазыпты.
Кеңестiк билiктiң алғашқы 20-30-жылдарында қазақтар 4 миллионға жуық адамынан айырылды. 1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде 1 млн 700 мың адам, 1932-1933-жылдары 2 млн 300 мыңға жуық адам қырылған. Мұны айғақтайтын деректер бар. 1992 жылы 31 мамырда жазушы Смағұл Елубаевтың «Алаш жұртына ашық хаты» жарияланды. Онда 1932 жылғы қанды геноцид болмағанда, 1992 жылы қазақтың саны жер бетiнде 10 миллион емес, 30 миллионға жетiп жығылатындығы айтылды. Демограф Мақаш Тәтiмов марқұм сол жылдары «егер 1932 жылғы ашаршылық сияқты зұлматқа тап келмеген болса, бүгiнде бiз әлем бойынша 30 миллион, өз iшiмiзде 25 миллионға жетер едiк» деген деректі алға тартты.
Қалай болғанда да қырылған қазақ аз емес. Бірақ біз осы қайғы-қасіретті ұлттың бас бірлігіне дұрыс пайдалана алдық па? 1993 жылы 14 сәуiрде ҚР жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы заңы шықты. Осы заңда «ашаршылық» сөзi түсiп қалуына байланысты, тек саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi ғана қалды...
"Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. 1993 жылы "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды", - делінген үндеуде. "Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға "үлкен террордың" орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды", - деді Президент.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар.
Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері ("АЛЖИР") сол жылдардағы қатыгездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды.
Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Бұл – әділетті шешім.
Енді осы комиссияға көп үміт артылады. Архив құжаттарын ақтару екінің бірінің қолына берілмеуі тиіс. Олай жасайтын болсақ, онсыз да ырду-дырду жағдайда жүрген кейбір азаматтардың қолына өткеннің қоясын ақтаратын көсеу бергендей боламыз. Комисия жазықсыз жазаланғандарды түгел анықтап, ақталғандардың тізімін ел назарына ұсынуы тиіс. Артық дау-дамайдың қажеті жоқ.
Біз содан кейін өткенге Салауат айтып, тарихтың қасіретті парағын уақыт зердесіне толық енгізіп, бәрін жабуымыз керек. Енді артқа қарайлай бермей, тек алға басудың барлық амалын жасағанымыз дұрыс болады.
Қайғының өзінде қуат болады!
Еврей халқы Екінші дүниежүзілік соғыз кезінде 6 миллион еврейдің мерт болғанын ұлттық бірлік негізі ретінде керемет пайдаланады. Бүкіл Израиль азаматтары тік тұрып, аза тұтып, еске алады.
Біз ше? Бірлі-жарым мешітте құран оқытылып, бірен-саран адам еске алғаны болмаса, жалпыұлттық Аза тұту бар ма? Қазақстандағы он сегіз миллион адам бұл күнді Қасірет күні деп қашан қабылдайды? Жалпыұлттық тұтастық пен бірлікке ұлттың қуанышы мен қайғысы қатар қызмет еткенде ғана, біз ұлт ретінде тығыз топтаса аламыз!
Нұртөре Жүсіп
Фейсбуктегі парақшасынан