Нұх пайғамбар заманынан бастау алған Әз-Наурыз мейрамы күллі түркі жұрты, Кіші Азия мен Орта Азия елдерінде (тіпті шығыс славян халықтарында Наурыз мейрамының атрибуттары сақталған) үш мың жылдан бері тойланып келеді. Көнеден ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардугаш», буряттар «сагаян сара», соғдылықтар «наусарсыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе», Түркия «Сұлтан-й-Наурыз» деп әрқилы атап, тойлап келе жатқаны халықаралық мереке ретінде Наурыздың тарихи тамыры терең әрі жағрапиясының ауқымды екенін айғақтаса керек. Көнедегі Русьте христиан діні қабылданғанға дейін Жаңа жылды бірінші март күні қарсы алу дәстүрі болса, ағылшындар XVIII ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26 мартта тойлап келді.
Кеңес өкіметі тұсында «діни мейрам» деген сылтаумен 1926 жылы мерекелеуге тыйым салынған Әз-Наурызды арада 62 жыл өткен соң, яғни алғаш рет 1988 жылы ұлтымен қайта қауыштырған Өзбекәлі Жәнібеков: «Наурызды елден, елді Наурыздан ажыратуға болмайды», - деген еді. Алайда Тәуелсіздік алғалы бері Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын асқақтата тойлаудың орнына ақ шаңқан киіз үйлерге шен-шекпенділер мен бай-бағландардан өзге жанды жолатпайтын сараңдық пиғыл мен елді мезі ететін жаттанды сахналық көріністер, даңғаза концерттер ұйымдастырудан әрі аспай, төл мейрамның қадір-қасиетін аяқасты еткеніміз жасырын емес. Ауылдағы ағайын өз бетімен ұйымдасып, тәп-тәуір атап өтеді. Ал қалалық жерде Наурызды әдеттегі өзіндік пәлсапа мен мән-мазмұннан ада көше мейрамы деп түсінетін болдық. Шыны керек, шаһарларда Наурызды қалай тойлау керектігін біле бермейміз. Өйткені оны тойлаудың тұжырымдамасы, кешенді бағдарламасы, не жобасы жоқтың қасы.
Соңғы кездері зиялы қауым өкілдері, дәстүрді білетін үлкен кісілер, жазушылар мен этнографтар, тарихшылар мен әдебиетшілер, қоғам, мәдениет, өнер қайраткерлерінің басын қосып, елімізде Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесінің кешенді концептуалдық негіздемесі нақтыланып, оны жалпыұлттық ауқымда атап өтудің бағдарламасы жасалуы керектігі айтылып жүр. Бәлкім, елге идеологиялық бағыт-бағдар беруге тиісті мұндай бағдарлама жобасын «Наурызнама» деп атау керек шығар. Осы орайда, ұлық Наурыз мейрамын толық нәшінде тойлаудың ұлттық-тарихи жаңғыру, мәдени-рухани, бірлік пен татулық, ақпараттық-насихаттық, адамгершілік пен экологиялық, интеграциялық-бауырластық тұрғыдан жан-жақты зерделеу керек сияқты.
Ұлттық-тарихи, саяси жаңғыру тұрғысынан
Басқаны қайдам, маған Ұлық Наурыз мейрамы бүкіл ұлттың тұтасқан идеологиясының көрінісі секілді. Әз-Наурыздың шеңберіне бүкіл қазақтың болмысын, ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, рухани-мәдени, тарихи мұрасын сыйғызуға болады. Наурызнаманың басты миссиясы - бар Алаштың қадым заманнан бергі даңқты өткені, киелі шежіресі, жасампаз өмір салты елестеп, әрқайсымыздың бойымызға рух беріп, өз халқымызға деген сүйіспеншілік сезіміне жетелеуі тиіс. Наурызнаманың жат идеологиялар мен теріс пиғылды ағымдардан қорғайтын ұлттық иммунитетіміздің қалқаны, алынбас қамалы болмағы керек.
Ұсыныстар:
1. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық белесінде наурыз айы саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік тұрғыдан барлық сала бойынша есеп беретін, қорытынды түйетін, аса маңызды саяси мемлекеттік рәсімдерді өткізетін мезгіл болса игі.
2. Жыл қорытындысы ретінде әртүрлі сала үздіктерін «Наурыз» сыйлығымен марапаттау дәстүрін енгізсек.
3. Мәжіс депутаты Мұрат Әбенов ұсынғандай, әкімдер мен басшылар, министрлер өз үйінде, өз ауласында тамақ дайындап, дастарқан жайып, қарапайым қызметкерлерді шақырып, оларға құрмет көрсетсе, бұл ең қажет және ең керемет әлеуметтік теңдік болмақ. Қалталы азаматтар әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдарға көмек көрсетуді үрдіске айналдырса, Наурыздың мәні мен сәні келісер еді.
Интеграциялық-бауырластық тұрғыдан
Әз-Наурыз - түбі бір түркі жұртына ортақ, бауырлас елдерді елдестіретін, біріктіретін мереке. Осы ретте Наурыз мейрамы түркілік интеграцияға дәнекер, алтын көпір болса.
Ұсыныстар:
1. Осы Ұлыстың ұлы күнінде түркі елдері басшыларының және делегацияларының мәдени-рухани форматта Наурыз құрылтайын (бейресми саммит) өткізу дәстүрге айналар болса, шіркін!
2. ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы және өзге ұйымдар Наурыз мейрамы аясында әртүрлі іс-шаралар, фестивальдер, симпозиумдар өткізуге мұрындық болса, игі іс болар еді.
Ақпараттық-насихаттық тұрғыдан
Ұлық мейрамды жоғары дәрежеде атап өту елдің түкпір-түкпірінен әлі де бізге белгісіз этнографиялық мәліметтер жинауды, ақпараттық насихат жүргізуді талап етеді.
Ұсыныстар:
1. Елдегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарында Наурыз мейрамын кешенді түрде атап өту жөніндегі медиа-жоспар жасалуы керек.
2. Наурыз тойының мән-мағынасы, Ұлыс күнінде жасалатын жөн-жоралғылар туралы әртүрлі деректі фильмдер, қазақ аңыз-әпсаналары, ертегілеріндегі Қыдыр ата, төрт түлік иелері, Алдар көсе, Жиренше шешен т.б. секілді кейіпкерлерді насихаттайтын мультфильмдер т.б. телеөнімдер шығарылса.
Мәдени-рухани тұрғыдан
Күн мен түннің теңескен сәтінде Жер-Ана қайта түлеп, табиғат дүр сілкіне оянып, тіршілік құлпыра жанданған шақта адам баласы - қазақ жұрты да мәдени-рухани жаңғыруға бет бұруы тиіс.
Ұсыныстар:
1. Азиада алауының эстафетасы секілді облыс әкімдері «Наурыз» керуенін ұйымдастырса дейміз. Өйткені қазақта «21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды» деген сенім бар. Алаш жұрты Ұлыстың ұлы күнін жаны, тәні таза қалпында, жаңа киіммен, жақсы тілекпен қарсы алады. Осы мазмұнда «Наурыз» пойызымен Қыдыр ата, жыл басы Қоян мен жыл он екі ай кейіпкерлері, елдің дәстүрлі және эстрада әншілері, театр әртістері, ақын-жыршылар бір ай мерзімде бүкіл облыстарды гастрольдік сапармен аралап шығады.
2. Көкпар, жамбы ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, балтам тап, тең көтеру, бағанаға өрмелеу, арқан тартыс, жаяу жарыс және тағы басқа ұлттық ойындардан «Наурыз» ұлттық спартакиадасы ұйымдастырылса қандай жақсы болар еді.
3. Қазақтың ұлттық тарихы, жәдігерлері, салт-дәстүрлері, ділі, діні хақында «Наурыз» мұражайын ашсақ игі.
Бірлік пен татулық тұрғысынан
Наурыз - Шығыс елдері үшін ежелден ынтымақ-ырыс мейрамы. Бұл күні араздасу, харамдыққа жол беру - ауыр күнә. «Наурызда Самарқанның көк тасы ериді» демекші, бұл мейрамда араздасқан, өкпелескен ағайын бір-бірімен татуласып, құшақ жайып қауышады. Наурыз - бай-кедей, бастық-қызметкер демей, бәрінің арқа-жарқа, мәз-мейрам болатын күні.
Ұсыныс:
1. «Қыстан аман-есен, бауырымыз бүтін, төрт көзіміз түгел шықтық» деп, ағайын-туыс, жолдас-жора Наурызды бір-біріне барып, көрісуден бастаған. Қазақстанның батыс аймағында сақталып қалған игі дәстүр: «көрісу» немесе «амал» салтын бүкіл елде жаңғыртқан ләзім.
Адамгершілік және экологиялық тұрғысынан
Былтыр БҰҰ аясында халықаралық мейрам болып бекітіліп, мәртебесі асқақтаған Наурыздың аса маңызды атрибуты - адамзат пен жаратылыстың ажырамас бірлігі, табиғаттың етене жақындығы, астарында сырға толы ырым-жоралғы, наным-сенім, өткенге тәуба, ертеңге деген үміт, оптимистік көңіл күй сарыны жатқан адамгершілік қағидаттармен тығыз байланысты. Адамзат өркениеті шырқау шегіне дейін дамып жетілсе де, фәниден бақиға дейінгі жұмыр бастының бар ғұмыры жаратылыс заңдылықтарына кіндігінен байланғаны ақиқат.
Ұсыныстар:
1. Әлемнің көптеген халықтарына ортақ Наурыз мейрамының ілкідегі философиясы мен атрибуттарын заманға сай модернистік тұрғыдан ішкі мән-мазмұнын бұзбай санаға сіңіріп, жалпыұлттық ауқымнан отбасылық шеңберге дейін һәм адамдар арасындағы қарым-қатынасты ізгілік шуағына бөлеуі керек, адам баласының табиғатқа деген ашкөздік пиғылынан арылтып, махаббат пен құштарлық ниетін оятуы керек.
2. Наурыз мерекесі аясында бір ай бойы жер-жерде тазалық шаралары, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» дегендей көшет отырғызу дәстүрі жаппай үрдіске айналуы қажет.
Тұжырым
Наурыз идеясы, наурызға қатысты дәстүрлерді, салт-жораларды, тағамдарды ұлттық брендке айналдырып, тұрмыста қолданысқа енгізу жайын ел болып ойласқан жөн. «Кеңес түбі - нараду» демекші, Ұлыстың ұлы күнін атап өту тұжырымдамасын ойласып, қолға алсақ қана әдепкі Жаңа жылдың басты атрибуттарын төл Наурызымызға еншілеп, мәңгілік бойтұмар ете алмақпыз. Азат таңымызбен арайлап атқан Әз-Наурыз мейрамында әр шаңыраққа құт-береке ұяласын, аузымыз аққа тисін, ырысымыз мол болғай, Алаш жұрты!
Құбаш Сағидоллаұлы.
«Алаш айнасы» газеті