«Мәди мұрасы - халық қазынасы»

Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады&hellip

Осынау текті де кекті ән-өлең ХХ ғасырдың басында Алаш аспанында қалықтады. Ежелден қасиет қонған, киелі Қарқаралыны әлдилеген бұл трагедиялық туындының иесі - Мәди Бәпиұлы еді. Ол - өз дәуірінің өзгеше тұлғасы, аз жазса да саз жазған саңлақтың бірі болды.

Мәдидің шығармашылығы дегенімізде, ең алдымен оның сегіз қырлы, бір сырлы сері екендігі есімізге түседі. Ал ақындығы, сазгерлігі, әншілігі - бір биік таудан бұлқынып, жарыса аққан үш бұлақты көз алдымызға әкеледі. Дәл осылай буырқанған үш бұлақ қосыла келе таланттың тамаша теңізіне айналған.

Мәдидің қанында тектілік, туған жерінде кие болғандықтан қара өлең мен асқақ ән қатар келіп, қасиет боп қонды. Оның алапат та адуынды (бунтарь) ән-өлеңдері сонау Күлтегін мен Махамбеттің аралығындағы одан бері де Мағжан, Қасымға жалғасқан ұзақ сонар бекзат болмыстың туын биіктете түсті.

Сақтардың соңғы тұяғы, көшпелілердің кесек көрінісі, ұлтымыздың әнші-сазгері, текті тұлға Мәди Бәпиұлының шырғалаңды өмірін, ғажайып өнер өрімін айғақтайтын қазақ әдебиетінде біраз шығармалар баршылық. Солардың алдыңғы легінде халық жазушысы Әлжаппар Әбішев ағамыздың «Найзағай» деп аталатын романы тұр. Басқа да көркем туындылар һәм деректі дүниелер Мәди образын жарқыратып көрсетуге сүбелі үлестерін қосты десек те, айта кетер бір жайт, Мәди өлең-әндерімен өз бейнесін өзі жасаған өнерпаз.

Мәселен: Арғы атам - әулие өткен ер Қазыбек,

Бекболат - оның ұлы болыпты бек.

Тіленші - одан туған абзал шері,

Қарадан хан боп өткен бәрі асыл тек.

Атамыз одан кейін Алшынбай-ды,

Аруағын естіген жан қалшылдайды.

Атағың Алатаудай бабаларым,

Көрдің бе осы күнде біздің жайды.

Сұрасаң Мәди еді менің атым,

Кем емес еш адамнан салтанатым.

Кешегі бауыр Бошан ортасында,

Жаралған артық болып асыл затым&hellip

Бұл өлеңмен жазылған көркем шежіре. Ата-текті түгелдеу тектіліктің белгісі. Түп тамыры ежелгі сақ, ғұндардан басталған алтын арқауды айтпағанның өзінде, бергі бабасы Қаздауысты Қазыбектен тараған жібек желінің өзі осал емес. Жалпы, тектілікті айту, насихаттау - ол мақтанғандық болмаса керек. Керісінше, адамның рухын көтеру, жас ұрпаққа табандылық, ерлік дарыту. Батыр бабалардың ерлік істерін айта отырып, жауқазын жастың жүрегіне, санасына асыл қасиеттерді сіңіру. Күнделікті өмірімізге аса қажетті патриоттық тәрбие дегеніміздің өзі осы емес пе?!

Мәдидің өз басы қайшылықты қоғамда өмір сүрді. Екі ғасырдың тоғысында, тарихтың толғағында шығармашылығы дүниеге келді. Өзінің өлең-әндерімен өнерпаздың өршіл тұлғасын әрі асқақ рухын қалыптастырды. Әдебиет пен өнердегі өз бейнесін көрсете алды.

1917 жылғы төңкеріс кезінде екі тап бір-біріне тап-тап беріп, жеңіс еңбекші халық жағына ойысқанда Мәди де бір кісідей қуаныпты. Оған куә боларлық өлең жолдары да бар:

Жастық шақ жиырма-отыз бұғауда өтті,

Қырықта бостаншылық шықтым тауға.

Болғанда тілім-қылыш, қалам-найза,

Сілтейін, кетпесін кек, залым жауға.

Иә, даңқы дүрілдеген Мәди қанша жерден өнерпаз, сері, текті тұқымнан болғанымен жасынан әділет сүйіп, әлі де есесі кеткен халық жағында жүргендігі белгілі. Бүкіл өмірі мен өнерін зорлықшыл шонжарларға, тоқ қарын топастарға және шолақ белсенділерге қарсы күреске арнаған. Өмір бойы шырылдап шындық, әлекке түсіп әділет іздеген.

Азаттық, теңдік аңсаған текті жан алғашында қуанғанымен, көп ұзамай жаңа кеңес үкіметінен де көңілі қалады. Өйткені қайда барса да алдынан бұрынғы арам қулар мен пысықтар шыға береді. Қызылдардың өзі тағы қудалауға ұшыратады. Сол аласапыран тұсты өз көзімен көрген Мәдидің қапылыста қазаға ұшырар алдындағы соңғы өлеңдерінің біріне ден қойсақ:

Қып-қызыл нарттай қара шың,

Қази-ау, зарлап қаласың&hellip

Қызылдар, ақ боп бөлініп,

Елімнен кетті-ау жарасым, &mdash деген шеменді шерін тектен-текке айтпағанын аңғарамыз. Өте аянышты, ауыр ой. Қайғылы, қасіретті сөз. Түсінгенге мұның астарында түпсіз терең мұң жатқан сияқты.

Өмірінің біраз жылдарын Қарқаралы түрмесінде өткізген тұстарда Алаштың Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбайұлы секілді озық ойлы азаматтарымен бірге отырды дейтін пікірлер де қисынға келеді.

Ол кезде Мәдидің өнері де исі қазаққа танылған болатын. Атақты Қоянды жәрмеңкесі Мәди ауылымен шектесіп жатыр. Сол замандағы белгілі адамдардың біразымен бірге жүріп, аралас-құралас, дәмдес болғандығы, оның үстіне ұлы Абайдың өзіне ұнаған балдызы екендігі де мұндай ой-пікірлерге жан бітіретіндей.

ХІХ ғасырдың орта шенінен қазан төңкерісіне дейінгі орыс әдебиетінің поэзиясында орын алған асау да тентек ағымдар, тіпті кейбір ақындардың әділетсіз қоғамға бөгелекше тиіскен «бүлікшіл» элементтері сияқты қазақ өнерінде де осы тұста асау, өршіл рухтағы әндер мен күйлердің тұтастай галереясы қалыптасқаны айдай анық. Оның қайнар көзі, бастау бұлағы сонау көне замандардан басталып, жолай жыраулар поэзиясымен жанданып, жалданып жетті. Біржан, Ақан, Құрманғазы, Жаяу Мұса, Мәди, Иманжүсіп секілді өнерпаздар аталмыш ағымның басты өкілдері.

Ол кезде қазақтар осынау «асау ағымды» поэзиядан гөрі ән мен күй әлемінде жақсы жеткізе білген. Азаттық аңсаған, өршіл рухтағы күрескер ән-күйлер теңсіздік, әділетсіздік жайлаған ескі қоғамды теңселте түскендей еді. Мәдидің және оның өнерпаз замандастарының мықтылығы сол, олар &mdash өнерлері арқылы зұлым заманға қасқая қарсы тұрып, шешілмей жатқан шерменде сұрақтарға нақты жауаптар іздеді. Ән-күйдің күшті әсері арқылы қоғамның құбыжық суретін салды. Әрбір ән мен күйден замана зары, дәуір дерті анық сезілгендіктен сол туындылардың барлығы да классикалық деңгейге көтерілді.

Мәдидің мұрасы дегенде, бізге белгілі толықсып туған айдай 4 ән-өлеңі ойымызға оралады. Олар: «Қарқаралы», «Қаракесек», «Үшқара», «Шіркін-ай». Көпшілікке жетпеген, бізге белгісіз басқа ән-өлеңдері де болуы мүмкін. Дегенмен де осы төрт әннің өзі-ақ Мәдидің музасын мәңгілік етті.

Сазгердің сезімді тербер «Шіркін-ай» әні атының өзінде айтылғандай замананың ғажап үні. Тыңдап отырсаң бұл әннен Мәдидің мұңы мен сағынышына қасіреті қосылып, көз алдымызға қанаты сынған қыранның қайғылы кейпі елестері сөзсіз. Мұнан Мәди мұңымен бірге мезгілдің де мұңы анық байқалатындай. Ал, атақты «Қаракесекті» қалықтатқан кезде аспан аясында Мәдидің асау рухы алапат күшпен азаттық әлеміне ұмтылады. «Қарқаралы» мен «Үшқара» туындылары өзінің асқақтығымен әрі тереңдігімен қымбат. Бұл - қитұрқы қоғамға қарсы атылған азалы жыр, айбынды ән. Ашынған ақын-сазгердің ғаламат дауысынан оның портреті, азаматтық болмысы, тағдыры түгел көрініп тұрғандай.

«Үшқара» әнінің сөздерінде үлкен салмақ бар.

Сүйендім абақтының шарбағына,

Сыйындым бабам Қазыбек аруағына.

Бір кезде қаршығадай қалықтадым,

Бұл күнде мен аңшының қармағында.

Түз тағысы қаршығаның торға түскен қиын халін, қармаққа ілінген шортанның шерлі күйін аз сөзбен алдымызға жаяды.

Осы өлеңінің соңғы шумағындағы:

Есіме қайран елім сен түскенде,

Көл қылып көздің жасын баса алмадым&hellip деген пікірі Иманжүсіп ақынның:

Еске түссе, қайтейін, Ерейментау,

Көзімнен ақты парлап жастарым-ай! - дейтін өлең жолдарымен үндеседі. Заманы, зары, тағдыры бір қос тұлғаның елім деп еңіреген көз жастары бір арнада тоғысқандай. Бұл өлеңдерден азап шеккен азаматтың туған жерге, елге деген сағынышын, қимас сезімін анық көруге болады.

Бір ерекшелігі - Мәди өлеңдерінде символистік, сентименталистік сарындар байқалмайды. Ол жаны қанша қиналып, азап шеккенімен өмірден түңілмейді. Тәуекелге бел байлап, келешегін көргісі келеді.

Айталық:

Немене, көрген қызық көрмегендей,

Жас дәурен жауар бұлт өрлегендей,

Жігіттік көк семсердің жүзі емес пе,

Қайрап ап қалың жауға сермегендей.

Өмірдің қысқалығы, қызығы, жастық шақтың жайлауы, сол жайлауда еркін көсілген тұлпардың дүбірі, зеңгір аспанда қалықтаған хас қыранның саңқылы, сол бөктерде жортқан жас бөрінің жауға ұмтылған адуынды бейнесі шағын ғана шумаққа сыйып кеткен.

Сыйындым бабам Қазыбек аруағына, &mdash деуінде де үлкен мән жатыр. Аруаққа сыйыну - рухты көтеру. Олай болса, ақын туындыларында оптимистік көзқарас, болашаққа деген үміт-арман тұнып тұр.

Кезінде музыканың маманы, академик Ахмет Жұбановтың: «Мәдидің «Қаракесегі» бүкіл қазақ халқының гимні ғой» деген пікірі бұл сөзімізге дәлел.

Шындығында, «Қаракесек» ән-өлеңі - Мәдидің реквиемі. Мәдидей мұзбалақтың торға түскен, буыршынның мұзға тайған мұң-зары. Жан азасынан жазылған қайғылы шері. Мұндағы Қаракесек Мәди - қазақ! Ол - басына бұлт төнген Алаш елі. Жалқының жүрегі жалпыны қамтыған. Жалғыздың жанайқайы асқақ романтикалық леппен аспандап барып, Күн сияқты күллі Алашын аймалап тұрғандай. Академик ағамыз айтқандай, гимн десе - гимн, әнұран десе &mdash әнұран!

Әлімжан Құтжанұлы

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ, журналистика кафедрасының аға оқытушысы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста