Шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлының Құрманғазы Сағырбайұлымен түскен көне суреті табылды. Тарихи жәдігер осы уақытқа дейін күйшінің Омбы қаласына қоныстанған санаулы ұрпақтарының бірінде сақталып келген. Бұл туралы Омбы қаласында тұратын күйшінің бесінші ұрпағы, 66 жастағы Молдабек Зікіршин хабарлап отыр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ҚР Ұлттық мүрағатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тарихи сурет туралы Молдабек Зікіршин ұзақ уақыттан бері ешкімге айтпаған. Айтуынша, ол суретті атасы Зікірші өмірден өтер алдында аманаттап, әкесі Төремұратқа жоғалтып алмауын қатты тапсырған. Оның атасы Зікірші Қазанғапов 1948 жылы Семей қаласында сүзек сырқатымен өмірден өткен. Қазір бұл суретті елге жеткізіп, ұлттық музейге тапсыру үшін дәулескер күйшінің ұрпақтарымен келісім жүргізілуде. Суретте қилы заманда қуғын көріп, Арқадағы Тәттімбет Қазанғапұлын сағалап келген Құрманғазы Сағырбайұлы бейнеленген. Көне суреттің түсірілгеніне бір жарым ғасырға жуық уақыт болса да, ұқыпты сақталыпты.
Сонымен қатар, Молдабек Зікіршин Тәттімбет күйшінің Қарқаралы уезінің аға Сұлтаны Құнанбай Өскенбаевқа Кенесары Қасымұлына көмек беруге ат салысу туралы 1849 жылы жазған тарихи хатын сақтап келіпті. Аға Сұлтанға жазылған қос парақ хат уезді билеген биге дер кезінде жетпей қалып, Тәттімбеттің өзіне қайтып келген. Төте жазумен жазылған көне ата Кенесары ханға көмек көрсетуден бөлек, малдың жазғы жайылымының тарылып бара жатқандығы мен Қарқаралының төңірегіне орыстардың жаппай қоныстануына назарылық білдірген елдің мұңы айтылған. Алдағы күнде бұл қос жәдігер елге жеткізіліп, Астанадағы ұлттық мұражайға жайғасатын болады. Қазір еліміздің зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп, қымбат қазынаны елге алдыру мәселесі туралы бейресми келіссөз жұмыстары атқарылуда. Себебі, мұндай қымбат қазынаны Омбы қаласындағы Орта Азия мұражайы сатып алуға ниет білдіріп отыр.
Осыдан 9 жыл бұрын Абылай хан мен Қазыбек бидің шапаны, сондай-ақ, Бөгенбай батырдың сынған семсер қылышы олардың ұрпақтарынан мемлекет иелегіне қабылданған еді. Ол уақытта мұндай игі іске қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев сынды ел ағалары жұмылдырылған-тын. Қазіргі таңда, аталған абыз ақсақалдардың алыс жолға шығуға денсаулығы сыр беруіне байланысты академик Тұрсын Жұртбай, ақын Жүрсін Ерман және айтыскер ақынАманжол Әлтаев сынды елдің игі жақсылары жұмылдырылып отыр.
qamshy.kz