Мен алғаш рет көтеріліске 15 жасымда шықтым.
Және оны ұйымдастырушылардың бірі болдым.
Ол кезде қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын 2 мектеп интернатының 10-сыныбында оқитын едім.
Таңғы сағат сегізде 500-ден астам оқушы бірауыздан мектепке сабаққа кіруден бас тартты.
Олар Қ.Р. гимнін айтып тұрып алды. Мен ұлттық гимннің көк аспанды қақ айыратындай қажырлы рухпен айтылғанын бірінші рет сол кезде көрдім.
Менің сыныбым плакатқа қызыл помадамен сол сәтте жазылған менің 4 шумақ өлеңімді лозунг ретінде ұран қылып көтеріп тұрды.
Мектеп директоры Мақсұт Оразай ішке кіруімізді өтінді. Өтінішін ешкім қабыл алмады.
Мен Мақсұт Оразайды өте қатты сыйлайтын едім. Ол өзінің мектебіндегі 500 оқушысының аты-жөнін жатқа білетін өте новатор басшы болды. Ол мектепте интернаттық сана емес, бауырмалдық сана қалыптастыру мақсатында жасақ құрмақ болды. Бірақ ол идеясы оқушылар арасында үлкен наразылық тудырды.
Бір сағаттық үгіттеуден ештеңе шықпасын түсінген директор көтерілісті ұйымдастырған 5 адамды кабинетіне шақырып келіссөздер бастады.
Оны ұйымдастырушылардың қатарында қазіргі Қ.Р. Біріккен араб Әмірліктеріндегі елшісі Мадияр Меңлібеков, Қ.Р. Ирандағы елшілігінде дипломат болып қызмет ететін Дәуірбек Дүйсебаевтар болды. Мақсұт Оразай көреген басшы еді. Ол біздің талабымызды қанағаттандырып, жасақты болдырмай тастады.
Содан бастап мен Мақсұт Оразайды екі есе сыйлайтын болдым. Ол ешкімді қудалаған жоқ, соңынан шам алып түсіп, оқушылардың жеке басымен алыспады. Керісінше, өзіндік ойлай алатын санасы бар, және оны қорғай алатын рухы бар талантты шәкірттерін туған әкесі секілді қамқорлығына алды.
Екінші рет мен жаппай қарсылық акциясын университет қабырғасында 2-курс оқып жүргенде жасадым. Сол кезде мен 17 жаста екенмін. Министр Бүркітбаев деген болатын. Соның әйелі инязда біздің факультетте декан болды. Орыс тілді әйел еді.
Халықаралық қатынастар факультетінде француз тілінде оқитын 2 ғана топ бар еді. Бірі - қазақ тобы, бірі - орыс тобы. Орыс тобында 3 адам оқыды. Қазақ тобында алты адам оқыды. Орыс тобында оқитын 3 адамның біреуі ғана орыс еді. Қалған екеуі қазақ. Министр Бүркітбаевтың әйелі бір күнде екі топты қосты да бізді орыс тобы деп жариялады.
Бүкіл сабақтар орыс тілінде жүргеніне қарамай, аударманы да орыс тіліне аударуға мәжбүр болдық.
Декан тіпті қазақ тобының пікірін сұраудың да қажеті жоқ деп шешсе керек. Бірнеше сағаттан кейін қазақ тобы деканның алдында отырды.
- Ілиясова! 800 студентімнің бір де біреуінің атын білмеймін. Бірақ сенің фамилияң мен қоса атыңды да жаттап алдым. Сен жүрген жерде өрт жүреді. Сенің атың естілсе, менің жүрегім тоқтап қала жаздайды,- деді. Орыс тобы болғанда тұрған не бар? Мектептегі аттестатыңда орыс тілінен сенде "5" деген баға тұр!-деді көзілдірігінің ар жағынан қалш-қалш етіп.
-Дұрыс айтасыз, Гүлмира Габдоловна, Бурова Ольганың да аттестатында қазақ тілі деген графасында 5-деген баға тұр,-дедім. Біз - көппіз. Ольга – біреу. Біз тәуелсіз Қазақстанда тұрамыз. 9 адамның 8-і қазақ. Олардың бәрі қазақша біледі. Неге біз бір тал орыс үшін сегізіміз құрбан болуымыз керек? Бұл 8 қазақтың құқығын аяққа таптау емес пе?
Қойдан жуас қазақ тобы басшылыққа бұлай қарсыласып көрмеген. Бірақ, ең өкініштісі, сыртта батыр болып тұрған қазақтар басшының алдына келгенде үндері өшті. Менен басқа ешкім сөз алып сөйлей алмады. Бізді күштеп орыс тобы жасады. Мен орыс тілінде аударма жасаудан бас тарттым. Француз тіліндегі текстерді синоним сөздермен мазмұнын айтып шығатынмын.
Сені ректор шақырады, - деді бір күні. Ректорға кірсем ашулы отыр екен. Белгілі ғой. Мені сыртымнан ешкіммен компромиске бармайтын монстр етіп таныстырып қойған. 10 минуттық әңгімеден кейін өте зиялы, биязы сол кездегі иняздың ректоры Әділ Ахметов менің барлық айтқан уәжіме риза күйінде рахметін айтып, батасын беріп есігінен шығарып салды.
Университетте иняздың таланттарының басын біріктірген «Жас толқын» ұйымын құрдық. Тұсаукесеріне Ұлықбек Есдәулет пен Әділ Ахметов және Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі Әкбар Рысқұлов келді.
18 жасымда өте жақсы оқығаны және лидерлік қабілетімен көзге түскені үшін деп мені елбасының жеке қабылдауына шақырды.
Әділ Ахметов кейіннен Білім министрі болды, Ұлыбританияда елші болды, сенатор болды. Өте зиялы адам еді. Оған деген құрметім ешқашан кеміген емес.
Өмірде еш жерде жолы болмаған 24 жасар Махатма Ганди тиын табу үшін Оңтүстік Африкаға келеді. Ол осы жақтағы саудагер үнділердің сауда-саттық ісінде туған кикілжіңдерге қатысты юрист қызметін атқарады.
1893 жылы ақ нәсілді сот одан үндінің ұлттық бас киімі тюрбанды шешіп кіруін өтінеді. Махатма басындағы үнді халқына тән ұлттық бас киімін шешуден бас тартады. Бұл өте жуас, өте жолы болмайтын бірақ ағылшынның дипломын алып келген үнді жігітінің ақ нәсілділерге көрсеткен ең бірінші табанды қарсылығы еді.
Сот та ол бас киімін шешпей, сот процесін бастамайтынын айтады. Сол кезде Махатма Ганди сот залынан шығып кетеді, бірақ принципінен айнымайды.
Біздің жемқор қоғамда өз құқығын табанды түрде қорғайтын принципіне адал адамдарды «ақ қарға» етіп көрсету үрдісі өте биік деңгейде дамыған.
Сондықтан қазақтар өз құқығын қорғауда өте жасқаншақ, можантопай, жалтақ әрі табанының бүрі жоқ тайғақ келеді. Сол кезде Темірхан Медетбектің «Жіктеу» деген өлеңі ойыма орала береді.
Айтар кезде жалыныммен, отпенен,
айтар кезде Ақиқатты ақберен-
сөйлей алман мен үшінші жақпенен,
сөйлей алман мен екінші жақпенен,
сөйлеймін мен тек бірінші жақпенен.
Бетін жыртып зұлымдықтың, сұмдықтың
қорғаны боп қалам десең мұңлықтың
айту керек-
тек бірінші жақпенен! -
ақиқатты,
шындықты.
Әре-тәре бөлінсең-ақ-
бітпейді іс!
Осыны сен түсініп ал,
ұқ дейміз.
Сөйте тұра кейбір кезде бірікпей
мен,
сен,
ол деп неге жіктейміз?!
Болмаса да айыбымыз, күнәміз,
неге ғана іштен ғана тынамыз-
сөйлер кезде қара қылды қақ жарып
сен айтшы деп,
ол айтсын деп тұрамыз.
Орынына қойып берер тірлікті
оңашада жұрттың бәрі кіл мықты. ..
Кенет біздің алдымызға Ар келіп
деген кезде:
кім айта алар шындықты? -
елеместен қауіп-қатер ызғарын
жүрек ысып,
жүз өртеніп,
жүз жанып, -
мен егер де атып тұрып "мен" десем,
сен егер де атып тұрып "мен" десең,
ол егер де атып тұрып "мен" десе-
шықпаймыз ба тас түйінді "біз" болып.
Tanagoz Tolkynkyzy
Фейсбуктегі парақшасынан