Қазақ халқының тағдыры таңдау алдында тұрған 1730-1731 жылдары Ресей империясы жиі-жиі далалықтардың назарын өзіне аударып отырды.
I Петрдің сонау 1722 жылы уағыздап кеткен амалы — қазақтарды қайткен күнде, қағазға түскен сөз жүзінде болса да, империя үстемдігін мойындату, сол арқылы болашақта қазақ даласы арқылы Орталық Азияда орнығып, Бадақшан мен Үндістанға шығу жоспарын бастаудың оңтайлы сәті түскендей. Ұлы Далаға қысым жасау құралының біріне империяның қол астында тұрған халық — башқұрттар қолданылды. Оларды қазақтарға қарсы итермелеп, мазалатқызып, Ресеймен тіл табысуға мәжбүрлетіп отырды. Бұған бір жағы Ресейдің өзі мүдделі болса, тыныштықты қажетсінген башқұрттар одан бетер мүдделі болғаны айқын.
Бытыраңқы жағдайдағы қазақтарға тағдырлы таңдау жылы солай төніп-ақ келді. Ұлы мемлекетке ұлыстарымен ұрымтал отырған Әбілқайыр ханға жаңа әңгімені бастауға кезек келгендей. Хандық жағдайын да, өз билік-мәртебесін сақтап-өрістету шараларын да іздестіріп жүрген кезі болатын.
Рубиконнан өтумен парапар болған хан шешімі де туды: Ресейді арқаланбаса, жойқын мемлекеттің ығына тұрмаса болмас, ығы мен күшін қажетімізге жаратсақ хандыққа игі болар-ау деген ой ыңғайына салды. Кімнің құзырын кім мойындамай өткен? Кейінгісін құдай көрсетер. Төнген күштен шегіну, кері серпілу деген қашан да болады емес пе?
Хан шешімінің жүзеге асуын тездеткен жағдай: 1730 жылдың маусым айында Кіші жүз ордасына башқұрттың әйгілі рубасы, тархан Алдардың келуі еді. Ол Әбілқайыр ханның жеке қабылдауында болады. «Ресей алдында ерекше қызмет» деп кейін бағаланған Алдар амалы да империя үстемдігін мойындату арқылы қазақтар мен башқұрттар арасындағы бейбіт өмірді орнату мүмкіндігіне жету болатын.
Оқиғаға қатысты үш жақтың да діттеген бір мүдделері дөп келіп жатқан сол 1730 жылдың жазында ойластырылған жоспарлардың бір парасы қағазға да түсіп, империя астанасына жөнелтілді.
Әбілқайыр ханның 1730 жылғы хатының зер салар мазмұны да сол: Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының башқұрттарға байланысты сөз қозғауы. Оқиғаларда башқұрт факторының қаншама ірі болғандығы айқындалады.
* * *
XVIII ғасырдағы қазақ хандары Әбілқайыр, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай болсын Ресеймен хат алмасқанда белгілі бір шектен шықпаған, ұлы Абай айтпақшы, «әсіре арланбаған». Дала билеушілерінің түпнұсқада сақталған хаттарынан осыны анық байқауға болады. Керісінше, империяда далалықтар атынан жасалған құжаттарда немесе сол үлгілерге сәйкес хан хаттарының ресми аудармаларында Ресейге артық жалбарыну, төменшіктеу, құлдану сияқты белгілер бар. Сонымен, бұл ел тәуелсіздікті жоғалтса — билеушінің ғана көрген қорлығы емес. Зорайту мен кемсітуді таңбалап тарихқа таңу. Шынында, зерттеушілердің қанша буыны сол ресми аудармаларға сүйеніп қорытынды жасаған. Дала билеушілері саясатының кейбір қырлары көрінбей қалу себептері де сол.
Қазақстан мен Ресейдің XVIII ғасырдағы қарым-қатынастары кеңес заманында қарастырылғанда Қазақстанды ашық жаулап алудан «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылды» дегенге дейін бірнеше ресми концепциялар ауыстырылды. ХХ ғ. 50-60 жылдары құжаттарды талдап, жарыққа шығаратын мезгіл туғанда бір кезде жасалған ресми аудармаларды дұрыстап, далалықтардың дербес идеясын, өз саяси жолдарын көрсетуді тарихты қолына уыстап қысып отырған идеология қажетсінген жоқ.
Енді жағдай өзгерді дегенмен, мәселенің әлі буылған қалпында қалып жатқанын аңғару қиын емес. Ертеректегіні атамағанның өзінде, соңғы жылдардағы кейбір тиянақты зерттеулерде сол баяғы, немесе кеңес заманында аз жаңғыртылған аудармаларға арқа сүйеу басым1. Түпнұсқа мәтіні тіпті қолданылмай келеді десе де болады.
Әбілқайыр ханның 1730 жылы Ресей патшасына жіберген хатының түпнұсқадағы мәтінінің 1960 жылы жарық көріп2, кейін қайталана басылғаны бар. Жинақ құрастырушысы М.Г.Масевичтің кіріспе мақаласында қазақ кеңсе тілінде жазылған құжаттарды аударған Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері Р.М.Пейгумбари деп көрсетілген3.
Зерттеушілер қолданып жүрген осы аударманы түпнұсқа мәтінімен салыстырсақ, қате аударылған, аударылмай қалған, мазмұны өзгерген және қосып жіберілген сөздер тізбегі шығады.
Кіші жүз ханы алдына келген Алдарбайдың «елші тілегені» — «требовал посланника». «Орал ештегі башқұрт халайықы» деген тіркестегі «естек» сөзі мүлде ұғылмай, «башкирский народ, который находится за Уралом» деп қате аударылған. Қызғылықты, жазба құжаттарда сирек кездесетін қазақи тарихи ұғым «қырық сан қазақ» атауы «многочисленный казахский народ» деген долбарлы қолданыспен өзгертілген4.
Қате аударылған, өзгертілген немесе аударылмаған сөздерден тыс ресми аударма салқынын тигізген, хаттың өзінде жоқ, белгілі саяси мақсат үшін қосып жіберген сөздерді табуға да болады.
Әбілқайыр, естек Алдарбайдың қолқа салуын сылтауға алып, «ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазыретіге елші тілегені үшін» «біз …барша рағайат қарашаларым бірле баш салдым» деп қысқа қайырса, аудармада «преклоняемся перед Вами» дегеннен кейін: «являемся Вашими слугами и все вместе с простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи…» деген жалбарыныш сөздер мәтінде мүлде жоқ! Бұл сөздердің мәтінде болуы-болмауы талдау, қорытынды жасауға қаншалықты әсері барын аңғару қиын емес.
Сонымен, Әбілқайырдың Ресей патшалығына, империя астанасына елшілері арқылы 1730 жылы жіберілген хаты қандай?
Хан Ресей империясына жеңіл түрде мойынсұну есебін қазақ пен башқұрттың арасында Ресей құзырымен бейбіт орнату мүддесімен шебер байланыстырған. Өйткені, естек-башқұрттар — Ресей қол астындағы ел. Бұрынғылардың саяси дәстүрімен хат жүзінде Әбілқайыр «баш салады» («бас иеді»), «Ұлұғ падша хазыретінен» «пана» іздейді.
Хан сөздері ұстамды, белгілі бір тұстарында асқақ. Кішіреюі де, өзге мемлекет иесімен тең сезінуі де, құрмет көрсетуі, сыпайы сөз саптауы, мүдделі ісі де үйлесімді, салмақты өлшеммен жеткізілген. Бұл хаттан артық жалбарыну, Ресей патшалығына ашық мойынсұну, құлдана сөйлеу деген байқалмайды.
Мәтін:
Ұлұғларың аууа5 марһаматы6 биік, дәулеті артық, йер йүзіне билеген ақна7 ұлұғ падша хазыретлерің хұзырына бенделік етеміз. Күнден күн, айдан айға, йылдан йылға дәулет сәлемет зияда8 олар анша тасығай.
Біз ғарызбанде хазыретіңізге бұ дәрге. Сіз ұлұғ хазыретнің Орал ештегі башқұрт халайықы бірле арада еллігіміз йоқ ерді.
Емді ел-хал, Сіз дәулеті ұлұғ падша хазыретіңе саясыда панаһ олып, сатиғ9 мунқаз10олмақ үчін тоғай11 йолы Орал ештегі бендеңіз Алдарбайға елші қосып йібердім. Ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазіретіге елші тілегені үчін біз, Әбілхайыр хан, қырық сан қазақ12 Орта йүз, Кіші йүз барша рағайат13 қарашаларым бірле баш салдым.
Йарлық: Сізнің-дүр ол қулларыңыз Орал ештегі бірле ел қылып Ірішу[і]ңні14 тілейміз. Сізнің йарлығыңыз бірле ел болғаймыз.
Сейітқұл йіберген елші баш Құтлымет йолдашлары бірле.