Ауған соғысы жауынгерлері - нағыз батырлар

Олар бар болғаны он сегіз-он тоғызда еді. Олар да өмір сүргісі келді. Бірақ өмір қағидасы – жазмыштан озмыш жоқ... Тағдыр оларды жып-жылы ұясынан шығарып алып, сұп-суық соғыстың ортасынан бір-ақ шығарды. Кім үшін? Не үшін? Неге? Сұрақ көп, жауап жалғыз – құпия!.. Бітті! Қайдағы бір тау-шатқалдың арасында өлгені өлді, өлмегені елге оралды. Өзекті өртейтіндей өкініш! Текке төгілген қан әрі оны көзімен көрген қаншама жан бар жаралы. Міне, солардың сәл де болса іштегі шерін шығару үшін терін төгіп жүргендердің бірі - атыраулық ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Сәулеш Шәтенова. Оның былтыр ғана жарық көрген «Алыста қалған Ауғанстан» атты кітабы қолыма тие сала оқырманмен авторды байланыстырмақшы болып сұхбаттасқан едім.

- Бұл тақырыпты қозғауыңызға не түрткі болды?

- Ауған соғысы туралы кітап жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеді десем де болады. Жалпы соғыс тақыбы мен үшін қызықсыз тақырыптардың бірі боп келген. Тіптен теледидардан кешегі 1 немесе 2-ші дүниежүзілік соғыс туралы кинофильмдер, хабарлар беріліп жатса әлі күнге қарауға құлықсызбын. Соғыс дегеніміздің түсі сұрқай емес пе?. Мен бұл түсті ұнатыңқырамаймын. Соғыс деген сөз жер бетінен жойылып кетсе екен деп тілеймін. Осындай көзқарастағы маған Жылой аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Досан Әділов пен қоғам мүшелері Ауған соғысы жауынгерлері туралы кітап жазыңызшы деп қолқа салды. «Сізге материалдарды табуға көмектесеміз, тек біздің қару ұстаған қолымыз қалам ұстауға келгенде шорқақ. Көмектесіңізші!» деп қиыла өтінген соң келістім.

- Қанды соғыс... от пен оқтың ортасы... нәзік жанды ақынға ауыр болған жоқ па? Жазған кезде қандай сезімде болдыңыз?

- Кітапты жаза бастағаннан мен «Ауған соғысына» ендім: ысқырып көгершін қуып, велосипед теуіп жүрген, анасының ақ сүті таңдайынан кеппеген қыршын жастардың қайғысын, азабын жүрегімнен өткергенім, сезінгенім соншалық, жүрегім шаншыды. Кейіпкерлерімнің екеуі – Жылой ауданынан әскер қатарына алынып, небәрі жиырма-ақ жастарында сол соғыста қаза тапқандар. Әсіресе, осы екі кейіпкер туралы жазған кезде жылап, тамағыма түйіншек байланған кездер болды.

- Саясаттың құрығынан құтыла алмаған қаншама адам тағдыры ойыншыққа айналды. Текке төгілген қан, қайтарып ала алмайтын қайран уақыт, жастық дәурен... Соғыстың бел ортасында болғандармен тілдесу барысында өкініштерін де естіген шығарсыз. Көңіл-күйлері қалай?

- Бұл соғыс Кеңес Одағының әлем алпауыттарының бірі ретінде саясат ойынына араласқыш пейілінен туған. «Ауған жеріне әскер кіргізбей-ақ қоялық. Бұл - қате» деген генералдар мен әскери басшылар болған. Бірақ Брежнев, Косыгин сияқты Генсек жолдастар оларды тыңдамаған. Нәтижесінде өрімдей сан мыңдаған жастардың өмірі қиылып, сан мыңы жарақат алып, олардың ата-аналары шексіз қайғы-қасірет шекті. Бірақ империалистерді ешбір ана мен баланың көз жасы тоқтатып көрген емес. Соғыста қаза тапқан Болат Ербосынов есімді бозбаланың анасы Қоңырша апай туралы жазу өте ауыр болды. Анасы ұлын темір табытпен әкеп жерлегеннен кейін жоқтап, жылайды да жүреді екен. Көшеден марқұм ұлының сыныптас достарын көре қалса тоқтатып еңірей бастайтын болған. Содан әлгі жастар ананың көз жасын көрмеу үшін көше айналып қашатын болған. Кейін Қоңырша апай сол қайғыдан қайтыс болды. Бұл - соғыстың тоқсан тоғыз мың мысалының бірі ғана.

- Бұл соғыс жөнінде елге айтылмаған қандай құпиялар болды?

- Бұл аса құпия соғыс болды. Себебі «Әрқашан күн сөнбесін, Аспаннан бұлт төнбесін» деп балаларға ән салғызатын кеңестік идеология «біз ешбір елдің ішкі саясатына араласпаймыз, біз – бейбітшіліксүйгіш елміз» дегенді санаға тықпалады ғой. Ауған соғысы - сол «ашық аспанға» үйірілген бұлт, ноқат, таңба болғандықтан оны жасырып,жабулы қазан күйінде ұстағысы келді. Сізге қызық айтайын, тіптен осы кітапты жазу барысында кейіпкерлерімнен сұхбат алғанда деректер мен мағлұматтарды суыртпақтап ала алмай қиналдым. Олардың миында бәрі де құпия болу керек деген зілді бұйрық жазылып қалғандай әрі әскери адамдар сөзшең болмайды. Қаза тапқан жауынгердің бірі Ерболаттың табытын ашпаған күйі жерлеткен. Тәртіп солай- ата-анасына , жақындарына табытты ашуға рұқсат жоқ. Кейін оның туыстары «сол табыттағы шынымен біздің ұлымыз ба еді?» деп өле-өлгенше күмәнданумен өткен. Екінші қаза тапқан жауынгер Болаттың денесін үйіне әкелген соң әкесі Жылқыбай медицина институтында оқып жатқан студент ұлын жанына алып, түнде жасырын табытты ашып қараған. Өйткені қаза тапқан жылыойлық екі жауынгердің ата-аналарының бір-біріне туыстығы бар екен, Жылқыбай аға табыты ашылмаған күйі жерленген боздақ жәйінен хабардар еді. «Мен де солай өмір бойы күдікпен өкініп өтермін» деп табытты ашқан. Содан кейін не болды дейсіз ғой, сол кездегі әскери комиссариат пен үкімет «Табытты неге рұқсатсыз ашасың?» деп оны қайта-қайта жауаптап, әуре-сарсаңға салған. Сондағы айтатын сылтаулары - мүрдемен бірге дұшмандар түрлі жұқпалы ауру таратуы мүмкін-мыс». Мұндай сорақылықтар өте көп болған. Тіптен сол Ауған соғысында офицер болған бір қария бұл соғыстың «құпия» екенін айтып, кітапты жазбауға маған ақыл-кеңес те берген еді. Күлкілі, әрине. Бірақ ақсақал да кезінде әбден қорқып-үркіп қалған ғой.

- 10 жыл, яғни 110 айға созылған соғыстан аман қалған батырлардың да күн өткен сайын қатары сиреп келеді. Тым болмаса «Батыр» атағын лайықтылары ала алды ма, әлде әділетсіздік жеңіп кетті ме?

- Әрине, түрлі мерекелік, басқа да орден-медалдармен марапатталғандар бар. Бірақ оларға , әсіресе қаза тапқан жауынгерлерге «Халық қаһарманы» тәрізді жоғары дәрежедегі марапаттар керек. Жиырма жастарында солақай саясаттың кесірінен мерт болған олардың жазығы жоқ және олар баяғы Алпамыс, Қобыланды, Қабанбай батырлар тәрізді ата-бабаларының ерлік рухын паш ете білді.

- Оларға дер кезінде психологиялық көмек көрсетілді ме, бүгінгі күні денсаулықтары қалай?

- Соғыстан оралған жастарға психологиялық көмек көрсетілген жоқ, мәселен, сол соғыста аса қауіпті мамандық - сапер (мина іздеуші) болған жылойлық бір жауынгер аман-есен елге оралған соң көпке дейін томаға- тұйық, адамдардан оқшау күй кешкен. Тек әкесі, білімді ұстаз, мектеп директоры Сәке Бозаев деген кісі ұлының ауыр хәлін түсініп, қасына жұмысқа алып, бірте-бірте жаңа өмірге бейімдеген.

- Қалай ойлайсыз, ел басына күн туа қалған жағдайда кейіпкерлеріңіздің ішіндегі «Қара майордың» ерлігін қазіргі ұрпақ қайталай ала ма?

- Біз- аруақты батыр бабалардың ұрпағы болғандықтан қанымызда, генімізде батырлықтың коды жазылған. Сондықтан қасқырдың жүрегіне жерік болған кең құрсақты аналар аман болса, еңіреп ел қорғайтын ерлер де туады. Кітапта бір қызық оқиға суреттеледі. Бір жауынгер түнде дұшмандарды қуып жүріп машинасымен таудың басынан бір-ақ шығады. Сол үшін командирлер оған сыйлық ретінде елге барып келуге демалыс береді. Ал біздің батыр «онсыз да санаулы күннен кейін қайтамын, әскери борышымды толық өтеп, бір-ақ қайтпаймын ба?» деп ойланады ғой. Жолдастары «Денің дұрыс па, демалыс ал» деп үгіттейді. Елге келген соң, ата-анасы бір сылтаумен алып қалғысы келгенде, тыңдамай соғысқа қайтып келген. Кітапта ержүрек бір кейіпкер бар, оны достары әзілдеп «сары майор» дейді екен.

- Біз тәуелсіз мемлекет ретінде Ауған соғысына қандай баға беруіміз керек?

- Бұл соғысқа кейбіреулер айтып жүргендей «қызыл саясаттың құрбаны» деп сыңаржақ баға бермей, тарихтың осы беттерінде сан мыңдаған қазақтың тағдыры мен ерлігі жазылып қалғанын ескеріп әділ баға беру керек. Ауған соғысы жауынгерлері - шынында да бүгінде арамызда тірі жүрген нағыз батырлар. Мен сөйлескен, оқ пен от ортасынан келген кейіпкерлерімнің бәрінің де сабырлы, парасатты,мейірбан, ұлтын сүйген азаматтар екенін көрдім. Оларды құрметтеп, Үкімет тарапынан қамқорлап, ал кейінгі жастарға өжеттігін үлгі қылуымыз қажет.

- Проза немесе поэзия жанры бойынша да біраз қалам сілтедіңіз. Өңірлік бір газеттің жүгін арқалап жүріп те оқырман көңілінен шығатын туындыларыңызды үзбей жариялап тұрасыз. Ал осы бір еңбек сізге не берді екен, бәлкім белгілі бір образ тауып алған шығарсыз кейін жазып шығатын?

- Бұл еңбек мені адамдар тағдырына терең қарауға үйретті. Шындығында да жазып бітіргенше жүрек сыздады. Бәлкім адамдарды жіп арқылы қозғалатын қуыршақ санайтын, олардың тағдырына жансыз қуыршақ театрын тамашалағандай ғана қарайтын саясаткерлер жайлы прозалық туынды жазуым да мүмкін.

- Ендеше жазыңыз, жаза түсіңіз! Біз жазу үшін жаралған жандармыз ғой. Ісіңізге сәттілік!

Сұхбаттасқан Гүлмира Сүйекенова

Abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста