(Абайдың жинағы жаңармағаны жайлы сыни пікір)
 
Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұлы ақын шығармаларының толық жинағын дайындауды қолға алғанын естігенде: «Бәрекелді! Жаңа жинақ заман талабына сай болар, ескі қағидалар бұзылар, сірескен стереотиптер сеңі сөгілер», - деген үмітте болғанымызды несіне жасырайық. Амал қанша, сиясы кеппеген үш томдық толық жинақты қолыма алып, әрі-бері парақтап, сілейіп отырып қалдым. Өйткені, Абай тағы да советтік дәуір тұтқынында қалыпты. Көзімнің жеткені &ndash ешқандай жаңалығы жоқ, Абайды асқақтатқан дегеннен гөрі аласартқан деуге келетін нашар, «Абайды қолдан кемеңгер жасадық» дейтіндер қатарын молайта түсетін жинақ екен.
 
Оған бірінші кезекте тың ғылыми ізденістердің жоқтығы кінәлі. Екіншіден, бас абайтанушы Мұхтар Әуезов салған дәстүр, яғни жинақтың Мұхаң жасаған үлгісі сақталмағаны себепкер деп түйдім.
 
Осы айтылған пайым дәлеліне үш томдық жинақты саралап өтпекпін.
 
Жинақтың бірінші томына Абайдың өлеңдері мен аудармалары енген. Олқы көп-ақ. Тәуелсіздік заманда Абайдікі екені нақты дәлелденген «Жаңа закон», «Тоқ, татуды сыйламай», «Күнәйім көп иллаһи» сияқты өлеңдер жинаққа енбеген. Сол сияқты Қайым Мұхаметханов ғылыми айналымға қосқан сегіз өлең өгей балаша тек босағадан, яки «Түсініктер» бөлімінен ғана орын иеленіпті. Бұрыннан мәлім екі өлең («Тәңірбердіге» және «Еріксіз түскен ылдидан») жинаққа мүлдем кірмей қалған, бұл қалай? Ал, бағы ашылмаған сегіз өлең баяғыша «Жазылған жылы белгісіз» деп басылыпты. Көрдіңіз бе, Абайдың ондаған өлеңдері негізгі мазмұннан сырт қалған. Неге? Себебі, жинақта зерттеушілік пен ғылыми ізденіс жоқтың қасы. Мәселен, өлеңдер хронологиясы мен Абайдың кемелдік саты-сатылары бір байланыста қарастырылып, мұқият зерттеліп-зерделенсе, сырт қалған әр өлең кірпіш боп қаланып, өзінің заңды орнын табары сөзсіз еді.
 
Бірінші томның «Түсініктер» бөлімі мүлдем әлсіз, сын көтермейді. Бұрынғы  жинақтардан көшірме, тіпті, бүлінген нашар көшірмесі. Әр өлеңнің жазылу тарихы мен текстологиялық қатеге қатысты айта-айта жауыр болған мағлұматтарды «түсінік» деудің өзі қиынға соғады.
 
Бүгінгі заман талабы &ndash басқаша түсінік. Жұртшылыққа керегі &ndash Абайдың әулие хакімдігін,  даналық ұлағаттарын ұғыну. Толық адам, үш сүю сияқты ілімдерін түсініп, өмірдің мәнісін білуге зәру. Олай болса, мына жинақтан Абай жұрттың «көңіл көзін ашпақты» мақсұт еткен өлеңдерінің «сырын көре» аламыз ба? Жоқ, «Түсініктер» бөлімінен (428-626-шы беттер) деңгейі биік түсінікті шам алып іздеп таба алмайсыз.
 
Абай &ndash әлем ойының алыбы. «Лай суға май бітпес...», «Өлсе өлер табиғат...», «Көк тұман &ndash алдыңдағы келер заман», «Алла деген сөз жеңіл», «Жүректе қайрат болмаса», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» сияқты шығармасы бүкіл адамзаттың шырағы. Ең болмағанда, осы өлеңдерге, яғни өз бетінше ұғуға ауыр деп Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) ескерткендерге, түсінік бермеген «Түсініктер» бөлімінен не үміт, не қайыр?  Еріксіз шығарушы топ ізденіп, еңбектенбеген, советтік заманда қалыптасқан «Абай &ndash ағартушы ұстаз, қазақ әдебиетінің классигі» деген стереотипті сол қалпы ұсына салған деуге мәжбүрміз. Егер Мұхаң жарықтық арамызға тіріліп келсе: «Пәлі, абайтану қоғаммен бірге дамитын, өзгеріп отыратын жанды ілім, Абай жинағы &ndash музей экспонаты емес!», &ndash деп қатты күйінері сөзсіз сияқты.
 
Үш томдық жинақта Әуезов салған дәстүр сақталмаған дедік. Оның бірінші томдағы ең сорақы мысалы мынау. 1909 жылғы алғашқы жинақ, 1933 жылғы толық жинақ, мейлі, Мұқаң басқаруымен шыққан кейінгі басылымдар дейік, Абайдың төл өлеңдері мен аудармалары бөлек басылған болатын. Мына жинақта барлығы бірге топтасып, мидай араласқаны несі? Тағы Мұхаң: «Пәлі, орыс әдебиеті ығына салып, Абайды жығып бергендерің қалай?» деп қапа болары еді-ау. Әлемдік тәжірибеде аударманың күллісі оқшау, бөлек басылатынын айта отырайық. Абай жинағында төл өлең мен аударма өлеңді жарыстырған, тіпті соңғының түпнұсқасы да жарияланған қисынды өз басым түсіне алмадым. Бұл Абайды аласартқандық әрі мемтілдің қазіргі қор болған хәлінде жығылған үстіне жұдырық есепті. Орыс тілін асқақтату &ndash кеңестік трафарет екені сөзсіз.
 
Бірінші томды азды-көпті сараладық, онан шығар қорытынды: жинақты шығарушы топ кеңестік кезеңде қалыптасып қатып қалған қағиданы бұзуға, ауадай қажетті өзгерістер енгізуге дәрменсіздік танытқан. Толық жинақты «толық» деуге ауыз бармайды. Өйткені, ғылыми ізденіс жоқтығы кесірінен жинақтан сырт қалған және өз орнын таба алмаған өлеңдер көп.
 
Енді екінші, үшінші томдарға ауысайық.
 
Мұхаң салған дәстүр бойынша Абай жинағы бір я екі томнан аспауы керек. Неге? Өйткені, Абай кітабы, әсіресе, толық жинағы ұстаздар, студент және оқушы жастар, абайсүйер қауым дегендей қалың бұқара мүддесін көздеп, солардың қамында шығарылады. Ат төбеліндей әдебиетші я зерттеуші ғалымдарға арналып емес. Олай болса, жаңа жинақтың үш том болуы қалай? Қандай керемет дүниелермен толыққан? Осыған келейік.
 
Екінші томға поэмалар, қара сөздер, хаттар, музыкалық шығармалар топталыпты. Жинақты құрастырушы топ Мұхаң салған дәстүрді бұзған, «өзім білеммен» кеткен дегенді сөз басында айттық. Бұл, әсіресе, осы томда көзге ұрып тұрған жәйт. Мысалға «Музыкалық шығармалар» деген тарау 525-беттік екінші томның  жарымын, дәлді айтсақ &ndash  230 бетін иеленген! Абай кітабымен алғаш танысқан жас оқырман: «Абай атамыз &ndash әлем таныған кемеңгер ме, әлде әйгілі сазгер ме?» деген екіұдай ойда қалары анық.
 
Шындығында Абай сазгерлік өнермен екі-үш жыл (1888-1890) ғана айналысқан. Маңайындағы жастардың жүрегін сөзімен ғана емес, әнімен де жаулауға тырысып. Кейінде осы шағын еске алып: «Сайысып-ақ бақтым ғой, неше түрлі айла етіп» дейтіні сол. Абай музыканы өлеңі таралуының құралы, бір «айласы» ретінде қолданғанын айтқан. Мұхтар Әуезов те сазгерлікті, «Думан-сауық ойда жоқ» деп өзі айтқандай, Абай мақсат қылмағанын жақсы біліп, дәйім жай ғана атап өтуден аспаған.
 
Айтпағым, «Абайдың музыкалық шығармалары» деген зерттеу еңбек жеке кітапша болып жарық көрсе құба-құп, ал оны толық жинақта жариялау   қисынсыздық. Құдайды танытушы Абайды әйдік сазгер қылуға тырысу, жұмсартып айтқанда, артық кеткендік.
 
Енді келесі үшінші томға көз тігейік, онда не бар? Бұл том «Абай шығармалары қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» деп аталыпты. «Бақсам бақа екен» демекші, аты бұлыңғыр аталмыш томда 1909 жылғы Тұңғыш жинақ толықтай, яғни факсимилесімен қоса, қайтадан басылыпты. Нақты жылы есімде жоқ, тәуелсіз елімізде осыған дейін тұңғыш жинақ жарық көрген. Жеке кітапша түрінде. Керек болып жатса, тағы бір рет басылсын. Бірақ оның толық жинаққа қандай қатысы барын, неліктен тықпаланғанын түсініп көр.
 
Екінші томға қайта оралайық. Абай қара сөздерінде нені айтқысы келді, әр сөздің өзегі, идеясы қайсы? Бұл мәселе өлеңдеріне сияқты жабық қалыпты. Жарайды, оған маман жоқтығы, уақыт тығыздығы бөгет болған шығар. Бірақ Абайдың екі проза кітабы («Ғақлия» және «Тасдиқат») Мүрсейіт қолжазбасындағы бастапқы қалпында басылмаған. Міне, бұған кешіріммен қарауға болмас. Сенсеңіз, Абайдың хакімдігі, кемеңгерлігі қара сөздерінде, әсіресе, «Тасдиқат» атты анық хакімдік еңбегінде тұр. Ғақлия мұраны қазіргі жүйесіз түрінде қалдыру  &ndash ұлы ақын рухына ауыр жаза, керек десеңіз, руханиятымыздың трагедиясы. Демек, қайталап айтайын, абайтану ғылымында қара сөздерді бастапқы, жүйелі қалпына келтіруден асқан проблема жоқ. Алайда осынау ең маңызды мәселені шешуге ойдың ноқталы болуы, әдебиетші ғалымдардың стереотиптен аса алмауы кедергі болуда.
 
Сонымен, үш томның да сырты &ndash қалың, іші &ndash жұтаң. Демек, оны «академиялық» деп атауға ешқандай да негіз жоқ. Ашығы керек, ең жаманы, жинақ халықтың қызығушылығын тудыра алмайды, берері де шамалы.
 
Осы айтылған сыни көзқарастарым Әдебиет институтының директоры К. Матыжанов мырзаға жаңалық емес. Бір жыл бұрын жаңа үлгідегі екі томдықты жібердім және әр мақаламда жинақты ескі қағиданы бұзып, жаңа тұрпатта даярлау қажеттігін дәйім ескертіп отырдым. Бір қызығы, таяуда аты дардай бір газет үш томдық жинақты «Жыл кітабы» депті. Өтірік қолпаштау &ndash залалды, ол шынайы ахуалды білмегендіктің белгісі.
 
Қорытынды: Қазақ қоғамы заманға сай жаңарған, цензурасыз Абайға зәру. Хакім Абай жинағы &ndash ұлттың бас кітабы, советтік дәуір басылымдарын қайталап, оны сол заманның шапаны мен бөркінде қалдыру жарамайды.  Абай ілімдері әлемдік өркениетке дұрыс және тұрақты дамуға бағыт беруге қауқарлы. Келер заманда қазақ асып, бүкіл адамзаттың жүрегін жаулары кәміл. Ендеше тар шеңберде қалдырмай, әлемдік деңгейдегі ұстаз екендігі айдай анық, күндей жарық танылатын жаңа сапалы Толық жинақты шығаруға ұмтылуымыз керек деп ойлаймын. Абай әлемінің аспаны ашық болғай!
 
 
 
Асан Омаров