Желтоқсан көтерілісі кезінде ауыр әрі қиын кездерді басынан өткізіп, тірі болғанына қарамастан 7 күн мәйітханада болған Ақкүміс Ықыласова Caravan.kz медиа порталының тілшісіне сұхбат берді.
Сұхбат барысында желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ қызы тәуелсіздік мерекесі жайлы, қазіргі желтоқсан көтерілісіне қатысқандар туралы айтып берді.
- Тәуелсіздік алғанымызға міне 28 жыл болып жатыр, желтоқсан көтерілісіне 33 жыл. Біреулер бұл мерекені тойлап қарсы алады, кейбірі қайғырып қарсы алады. Ал сіз қалай қарсы аласыз? Сіз үшін 16 желтоқсан қандай күн?
- 16 желтоқсанда біраз боздақтардан айырылдық, қатар құрбылар мен замандастар өмірден өтті. Тәуелсіздік оңай келген жоқ, қантөгіспен келді сондықтан да әрине қайғырасың. Жамандық пен жақсылық бір жүреді, оның өзі табиғи құбылыс. Әрине қайғыру да болады, тәуелсіздікке қолымыздың жеткеніне қуанамыз. Тәуелсіздікке ат салысып, бір тамшы қасық қанымыз болса да тәуелсіздікке ризашылдығымыз іштей болады.
- Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға қаншалықты жағдай қарастырылған?
- “Желтоқсанға мен қатыстым, маған көмек беріңдер”, - деп көкірегімізді кермейміз. Бет алды төбелеске шыққан жоқпыз, елдің тәуелсіздігі үшін шықтық. Жағдайы жоқ, пәтер жағалап жүрген желтоқсан көтерілісінің қатысушылары бар соларға көмек берсе екен деп ойлаймыз әрине. Сұрағың дұрыс, өте орынды. Желтоқсан көтерілісінен кейін жағдайлары нашарлап қалған, әлі де жағдай мәз емес қазақтар бар. Өзім бір бөлмелі пәтерде тұрамын, еңіремеймін барға қанағат жасайтын қазақпыз ғой. Үкімет ұлы отан соғысының қатысушыларын кезекке қойып пәтер беріп жатады, дәл солай желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға да сондай мүмкіндік жасар деген ойдамын.
- 16 желтоқсан елімізде тәуелсіздік күні тойланады. Ал желтоқсан көтерілісі той тойлап, шетте қалып қойды деп ойламайсыз ба?
- Тәуелсіздікті әкелген желтоқсан көтерілісі емес пе? Алдымен желтоқсан күнін еске алып, тәуелсіздік күнін сосын тойлауға болар еді. Жетім қыз деймін мен оны желтоқсан көшесіне барады да көптеген шенеуніктер көзбояушылық жасайды да, кетіп қалады. Желтоқсан көтерілісіне шыққандар жағдайымды жақсартамын деп шыққан жоқ, елдің тәуелсіздігіне ат салысамын деп шықты. Болашағымыз алға жылжып, алға жүрсе екен, тектігімізді жоғалтпасақ екен деп шықтық барлығымыз.
- Сізді кезінде дәрігерлер өлдіге санап, мәйітханадан бір-ақ шыққан екенсіз. Осы жайлы айтып өтсеңіз.
- “О дүниеден келген қыз” деп жазушы Талғат Айтбайұлының 1986 Алматы деген кітабының екінші томында бар. Үш күн бойы су шашатын көлікпен жуып, қан үйіп қалып тазалай алмай қор болған. Суық, сол күнгі мұзды аяз күндер өте қиын болды. 18 желтоқсан күні түнгі сағат 2-лер шамасында бізді өлімші қылып сабап, өлген қойларды арбаға тиеп, лақтырып тастайды сол сияқты өлген адамдарды қоқыс тиейтін көліктер дайын тұрған. Орысша айтқанда свалка дейді ғой, бәрімізді сонда апарып төккен. Арматуралар арнайы тапсырыспен жасалып, ол арматураларды жұлынның түбінен тыққан. Озбырлықтарын оздырамын десе де, Алла қазақтың өрімдей жастарына жеңіс берді. Ол кезде қалтаға салып жүретін телефон да жоқ, қазақтың ұйымшылдығының арқасында шықтық алаңға. Саналы түрде шықтық, ол кезде отанға деген сезіміміз мықты болған. Бізде үйде елің үшін, жерің үшін деп рух беріп отырды. Қазіргі жастарда ондай рух жоқ. Ал енді мәйітханада жатқаным туралы болса, ол енді рас. Свалкада жатқанда мені қыздар мен жігіттер көрген. Қарға тимей, бойым көтеріліп жатқан екен. Қыздар мен жігіттер мені қолтықтап, алып кеткен екен. Алып кеткенде де, арбамен жүретін сығандар болатын. Сол жаққа қарай сыған барып қалған екен. Целиный кинотеатрындың төменіне мені әкеліп салған екен. Мені танитын таныс қыз мені көріп, полицияға мені ауруханаға апару керек екенін айтады. Ол менің қайда тұратынымды, бәрін жазып милиция көмектеседі. Милиция жедел жәрдемге салмаса, күрескерерді алмай кетеді. Мені 12-ші қалалық ауруханаға апарады, дәрігерлер “мынау өліп қалған, мәйітханадан аласыңдар”, - деген. Бір құдірет бар, мен оған әлі күнге дейін қайран қаламын. Ауылда көкжиек болады, жер мен аспан тіресіп тұрады. Жүгіріп бара жатсаң, соған жететін сияқтысың. Тап сондайды түсімде көрдім. Мен не ан жақтың адамы емеспін, не мын жақтың адамы емеспін. Көлдің жанында жүр екенмін, көлге аяғымды жуып келе жатыр екенмін. Алдымда Ванга тұр екен көріпкел. Ол маған “не істеп жүрсің”, - деп сұрайды. Мен бұл жерге “қалай келдім, не істеп жүрмін білмеймін”, - деймін. Ол кісі бұл қызыл теңіз деді. Сені үйіңе кетейін деп тұрсың, сені қазір періште апарып тастайды. 3-4 жастағы әппақ киімдегі бала қолымнан ұстайды, қолы жып-жылы екен. Көкжиекке келеміз, ар жағымызда күн шығып тұр, бер жақ та жылы бір күн жетіспейді. Күн жаққа қарай балаға “жүр, кеттік”, - деймін, жер менің бойымдай болып ашылады. Бір қарасам үйімде екенмін, ана баланы іздесем ол жоқ екен. Есімді еміс-еміс білемін орыс кемпір келіп тұр екен. Сол кемпір 7 күн мәйітханада жатқан мені дәрігерлерге алып барды. Мұрын сынған, көз бер қарай шығып тұр екен. 9 күн емделгеннен кейін мені ауруханадан шығарды. Ауруханадан шықтым, қайда бара жатқанымды білмеймін. Бірақ бір құдіретті күш мені алға қарай сүйреп келе жатыр. 5-ші қаңтарға дейін жатаханада емделіп жаттым да, 5-і күні фабрикаға жұмысқа шықтым. Жұмысқа кіргенім сол еді, кнб адамдары мені тергеуге алды. Маған түсініктеме жаз деді, мен түсініктемені қазақша жаздым. Қазақша жазған түсініктемемді бір орыс жыртып, жыртып бетіме лақтырғанда, жерге бір құладым. Мейірбике болған, сол кісі жүгіріп келді. Жүгіріп келіп, маған араша түсіп ыстығымның көтеріліп тұрғанын айтты. “Ыстығын тексеремін, көтеріліп тұрса жедел жәрдем шақырамын”, - деді. Тексерсе, ыстығым 41 болып тұр екен. Сонда мен жұмысқа 41 градуспен шығып тұрмын. 7 жыл бойы ауруханаға барып, емделдім.
- Желтоқсан-86 қоғамдық бірлестігі мереке қарсаңында құзырлы органдардан наразылық өткізуге тыйым салуды сұрады. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
- Іріткі жасататын басқа адамдар. Басқа адамдар жасайды да, 86 жылдың күрескерлеріне жаба салады. Сол кезде біздің бетімізге күйе жағыла салады. “Қасқырдың ауызы жесе де қан, жемеседе қан”, - деген. Ондай иттікке баратындар елімізде толып жатыр, арсыздар.
- Сұхбат соңында қазақстандықтар не айтар едіңіз? Ақыл-кеңесіңіз болса...
- Тәуелсіздік бізге көз жаспен келді. Қыздардың жасаған үлкен ерлік еді. Ол кезде жігіттер мықты болды, ол кездің тәрбиесінде қыз балаға қол көтермейтін, бауырларына қамқор болатын. Дін дейміз, ата-бабамыз ұстаған дінді надандардың діні деуге болмайды. Ислам – нағыз , текті дін болды. Ал қазір сақал өсірген, сақалдың артында неше түрлі қара жамылған орамал, оның ішінде не жатыр? Күзен сақал, сақалын күзеп тастаған. Осындай сақалдылар мен қара жамылғандар арсыз болып бара жатқан сияқты, олардан ештеңені күтудің қажеті жоқ. Дінді қадірлеу керекпіз, нағыз ислам дінін. Өзім де ата-бабамнан келген намазды, құлшылықты жасаймын. Мен қара жамылмаймын, оның орнына үйде кимешек киемін. Тәуелсіздік қазақ халқы үшін жақсы мереке болып, жақсы күндерде тойлана берсін. Біздің Қасым-Жомарт Тоқаев жаман азамат емес. Өте білімді азамат, онымен шай ішпесем де сөзінен, жүріс тұрысынан қандай екенін біле аласың. Осы кісі елімізді әрі қарай алып жүрсе деген менің тілегім бар.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Автор: Ғалымжан Сәңкібаев