Астанада жұмыссыздарға арналған кезекті бос орындар жәрмеңкесі өтеді. Шара 14 шілдеде сағат 11.00-ден 13.00 дейін М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында (Бөкейхан к-сі, 1) өтеді, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Биыл бос орындар жәрмеңкесі жетінші рет өткізіледі. Шараға 50 жұмыс беруші, соның ішінде мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлер қатысады. Келушілерге 500 астам бос жұмыс орны ұсынылады.
Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығы бос орындар жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізеді. Биыл тағы да бес жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр.
Еске салайық, жыл басынан бері бос орындар жәрмеңкелерінің арқасында 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда, 1 мыңға жуық адам қоғамдық жұмыстарға, 400 астамы кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарына жіберілді. Сондай-ақ, 250 астам адам жастар практикасынан өтті.