Қуатты, қазыналы Маңғыстау

Қуатты, қазыналы Маңғыстау

Маңғыстаудың алдын­да тұрған негізгі міндет – «2015 жылға дейін Маңғыстауды дамыту» бағдарламасы. Ол бағдар­ла­маның негізгі бағыт­тары­ның бірі: мұнайгаз өндіру секторын дамыту, өлкенің транзит­тік әлеу­етін арттыру, құрылыс индустриясын, туризм мен ауылшаруа­шылығын дамы­ту, тұрақты даму жобаларын дамыту секілді тармақ­тардан тұрады.
Республикалық бюджетке донор болып отырған үш облыстың қатарына жататын Маңғыстау бұл күнде экономикалық әлеуе­тінің жоғарылығымен ерекшеленіп отыр. Нақтырақ айтқанда, Ішкі өнімнің өсуі соңғы 3 жылда 1 трлн 600 млрд теңгеге жетті. Салықтың түсімі жағынан да Маң­ғыс­таудағы өндіріс ошақтары ел қазына­сына айтарлықтай қаржы беруде. Мәлі­меттерге сүйенсек, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 145,9 млрд теңге, «Өзенмұнайгаз» АҚ – 118,2 млрд теңге, «Каражанбасмұнай» АҚ – 62,4 млрд теңге салық төлесе, «Боза­шы Оперейтинг», «Қарақұдұқмұнай» – 76,1 млрд теңге салық төлеген. Маңғыс­тауда соңғы 9 айда 13,4 млн тонна мұнай алынған. Ал республикадағы өндірістің 13 пайызы Маңғыстауда шығатынын ескер­сек, соңғы 3 жылда өндіріс өнімдері 2 трлн170 млрд теңгеге жетіпті. Бұл – Маңғыс­тау экономикасы деген алдымен ауызға ілінетін цифрлар тізбегі. Тарқатып айтатын болсақ, мұнайлы өлкеде бұдан бөлек ауыз толтырып айтарлықтай орасан көп атқа­рыл­ған жұмыс бар.
Мұнай және Маңғыстау
Маңғыстау дегенде ауызға алдымен мұнай-газ ілігеді. Маңғыстауда елдегі мұ­най қорының 23,4 пайызы, табиғи газдың 8 пайызы бар. Көмірсутек шикізатында 702,5 млн тонна мұнай, 157 млрд текше метр газ, 4,7 млн тонна конденсат қо­ры бар болса, ашылған 70-ке тарта кен орны­ның 27-сінен еліміздегі мұнайдың үштен бір бөлігі өндіріліп келеді.
Қаламқас, Жетібай, Өзен, Қара­жан­бас, Қарақұдық, Құрманғазы, Доңға, Жемчу­жина, Блок Н, Арман, Тасболат, Қараман­дыбас кен орындары тек маң­ғыстаулық­тардың ғана емес, еліміздің төрт қиырынан келіп жұмыс жасап, нәпа­қа айырған қазақ баласының игілігіне жарап тұр. Мұнайлы Маңғыстауда отан­дық және өңір байлығын бірге игерісуге ынтызар шетелдік ірі ком­паниялар шо­ғыр­ланған. «Каспий» әлеу­мет­тік-кәсіп­керлік корпорациясы, «Маң­ғыс­­таумұ­найгаз», «Өзенмұнайгаз», «Кас­­­пий өңірлік машина құрастыру кеше­ні», «Ақтау пор­ты», «Қаз­теңіз­транс­флот», «Қаражанбас­мұнайгаз», «Қа­ра­құ­дықмұнай», «Бозашы оперейтинг», «Каспий меруерті оперей­тинг», «Н оперейтинг», «Құрманғазы пет­ро­леум», «Ха­зар», «Ерсай», «ҚазАзот», «Маң­ғыс­тау атом-электр комбинаты», «Kep­pel Kazakhstan», «Теңіз сервис» секілді ірі компаниялар облыстың эконо­ми­ка­лық қана емес, әлеуметтік салаларының еңсе тіктеуіне қолдау көрсетіп, ел өмі­ріне бел­се­не араласқан құрылымдар. Бұл меке­мелердің демеушілігімен об­лыста жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, мұқтаж тұрғындарға мате­риал­дық тұрғыда жәр­дем беріп келеді. Екі­жақты бірлескен жұмыстар нәтижесі облыстың экономи­калық әлеуетінің аз уақытта біраз серпілуіне жол ашты.
Статистикалық көрсеткіш бойынша, былтырғы 10 аймен салыстырғанда Маң­ғыс­тау өнеркәсіптері 1,9 пайыз артық жұмыс жасағаны анықталып отыр. Ол негі­зінен мұнай өнімдерін өндірумен байла­нысты екенін белгілі. Астанада өткен бри­фингте облыс әкімі Алик Серікұлы Мұнай-газ өндiру секторы мемлекеттiк бюджет пен Ұлттық қорға құйылатын тү­сiм­дердiң үлкен бөлiгiн құрайтынын, 2013 жылдың 9 айында түсiмдердiң жалпы көлемi 662 млрд теңгеге жеткенін айтты. Ағымдағы жылдың 9 айында өңiрде 13,4 млн тонна мұнай өндiрiлген. Осы 10 айдың көрсеткіші бойынша, 1,810 млн куб табиғи газ өндірілді.
Сөз арасында айта кету керек. Аймақта еліміздегі ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорын­дар, яғни өңірдегі өндірістің 31 пайыздан астамын, республика бойынша 8 пайызын қамтамасыз ететін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ-тың 100% енші­лес компаниясы болып табылатын «Өзенмұнайгаз» АҚ, Маңғыстау облысын­дағы алдыңғы қатарлы мұнай өндіруші кәсіпорындардың үздік үштігіне кіретін «Қаражанбасмұнай» АҚ, Ақтау маңындағы Доңға кен орнының 60 пайыздық үлесі мен операторлық құқығына ие «MaerskOil» компаниялары бар. Бұлардың барлығында да жаңа технологиялармен жабдықтау жұмыстары жүзеге асуда.
Бағдарламалар жеміс бере бастады
Маңғыстау түбегі тек мұнайға ғана бай емес. Оның қойнауында байлық жеткілікті. Менделеев таблицасындағы элемент­тер­дің кез-келгенін осы өңірден табуға бола­ды. Тек ұлутастың өзі Маңғыстау емес, көрші облыстардың құрылыс нысандары үшін де таптырмайтын материал болып отыр.
2010-2014 жылдарға арналған Мем­лекеттік үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы бойынша 2010 жылдан бері барлығы 34 жоба ұсынылды. Оның ішінде 23 жоба нақты қаржыландырылды. Бұл 23 жобаға бар­лы­ғы 131,4 млрд теңге инвестиция тар­тыл­­ды. 1861 адамға жұмыс орны ашылды. Бірақ осы жобалардың ішінде, 9 жоба нақты іске асырылып, бүгінгі күні өз күшіне енген. 9 жобаға 94,5 млрд теңге жұмсалды. Барлығы 1254 адамға жаңа жұмыс орны ашылды.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – аймақтардың алға басуына, сол арқылы еліміздің нығаюына серпін берген бас­тама. 2010-2012 жыл­дары облыста 23 жоба аяқталды. Оның біреуі Республикалық картаның еншісінде, қалғаны – өңірлік деңгейдегі жобалар. Бұған дейін «ҚазАзот», «Бейнеу элевато­ры» пайдалануға берілсе, Ақтау қаласын­дағы «Caspi Bitum» БК» ЖШС-ның «Ақтау пластикалық массалар зауытында жол битумдарын өндіру» жобасы, «Каспий Цемент» ЖШС-нің Шетпе ауылындағы цемент зауыты биыл пайдалануға беріл­мек.
«Каспий Цемент» ЖШС-ның зауыт құры­лысы қазір межеге жақын­дап қалды. Зауыт оңтүстік Шетпе, Аусар кен орындары­ның шикізаттарын пайдаланады. Кен орын­дарынан шикі өнімді алу үшін жол салынып, жобалау-іздестіру жұмыстары жүруде. Зауыт маңының инфрақұрылымы жасақталған. 6 ша­қы­рымдық теміржол төселіп, стансы бет­тегі те­міржол желісі жөндеуден өткен. Электрмен жабдықтау орта­лығы­ның құрылысы салынуда. Жеті ұң­ғыма қазылып, артық су қоры шамала­нып, су дайындау нысанының құрылысы қолға алынбақ. Зауыттың құрылыс жұмыс­тары 800 адамды жұмыспен қамтып отыр, ал өз күшіне енген сәтте 300 жанның жұ­мыс орнына айналмақ. Кәсіпорын зама­науи технологиямен жабдықталады деп күтілуде, бұл өз кезегінде цемент өндірісіне қуат көзінің әдеттегіден аз жұмсалуына мүм­кіндік береді екен. Құрылыс жұмыс­тарына арналған це­мент­тің жылына 1 млн тоннасын өндіруді жоспарлап отыр­­ған «Каспий Цемент» ЖШС басшылығы оны Ақтау халықаралық теңіз сау­да порты арқылы Әзербайжан, Ресей елдеріне экс­порттамақ. «Каспий Цемент» ЖШС-ның қызметкерлері өткен жылдан бастап, Ресей­дің Белгород, Тула, Стерлитамак, Брянск қала­ларындағы зауыттарда, тех­ни­калық жоғары оқу орында­рында, өзіміздің Өскемен қала­сындағы цемент компаниясы базасында түрлі тақырыптарда тәжірибе жинақтап, білім алуды тұрақты дәстүрге айналдырған.
Цемент зауыты қолданысқа 2013 жылдың желтоқсан айында тапсырылуы тиіс.
Жол-көлік саласын дамыту, жол сапасы мен бағыттарын арттыру бойынша серпінді жұмыстарды қолға алған елімізде жол құрылысы үшін қажетті материалдың бірі – битум. Осы бұйым енді Маңғыстауда өндіріледі. Республикалық индус­триялан­дыру картасы аясын­да осыдан үш жыл бұрын іргетасы қаланған зауыт құрылысы жоба­сының құны 43,5 млрд теңге болса, зауыттың құрылысы 38,3 млрд теңгені құрайды. Еліміздің «Мұнай және газ» институты жобалаған жобаның құрылыс жұмыстарын «КазСтройСервис» мемлекет­тік құрылыс компаниясы» АҚ мен CITIC Kazakhstan компаниясы жүргізіп жатыр. «КазСтройСервис» Ұлттық мемлекеттік құ­ры­лыс компаниясы» АҚ құрылыс-монтаж жұмыстарын, жалпы, зауыттық құрал-жабдықтарды жеткізуге міндетті болса, CITIC Kazakhstan компаниясы ЭЛОУ-АВТ технологиялық құрал-жабдықтарын жеткі­зу, битумдарды түрлендіру, оларды өл­шеп, бөлшектеумен айналысады. Шикізат көзі қашық емес – Қаражанбас кен орны. Жаңа зауыт жылына 1 млн тонна мұнай пайдала­на отырып, жыл бойы 406 мың тонна жол битумын өндіруді межелеген. Оның ішінде 161 мың тонна түрлендірілген битум, бензин-дизель фракциясы 255 мың тонна, вакуумдық газойль көлемі 330 мың тоннадан кем болмайды деп отыр. 300-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ұсынып, ел экономикасының дамуына үлес қосатын бұл зауыт та жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Биылғы жылы 64 млрд теңге тұ­ра­тын 1036 жаңа жұмыс орны бар, 11 жоба аяқталуы жоспарланған. Мұнай өң­деу және мұнай-газ секторы инфра­құ­рылымы саласында «Ақтау плас­тика­лық массалар зауытында жол битум­дарын өндіру», «Мұнай мен мұнайлы қалдықтарды өңдеу жөніндегі шағын зауыт», «Мұнай мен мұ­най өнімдерін сақтау жөніндегі терминал», медицина саласында «Сұйық дәрі-дәрмектік формалар мен медициналық бағыттағы бұйымдарды өндіру жөніндегі фарма­цевтикалық кешен», агроөнер­кәсіп­тік кешен және ауылшаруашылық сала­сын­да «Тауарлық бекіре фермасын салу және пайдалану», энергетика са­ла­сында «Жел электр стансысын салу», құрылыс саласында «Бетоннан бұйым­дар өндіру», «Газ және суға арналған полиэтилен құбыр­лар зауыты», химия өнеркәсібінде «Аммиак, азот қышқылы және аммиак сілтісі өндірісін тұрақ­тан­дыру және жаңғырту» жобалары іске асырылмақ.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасы бойынша жыл басынан бері 106 жоба мақұлданып, 39,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал, жалпы, соңғы үш жылда 1,4 млрд теңгеге шағын несиелер берілген. Мұнымен екі мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.   
Ірі жобалар
Ал облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 110,8 млрд теңгені құрайды. Оның негізгі бөлігі «Жезқазған-Бейнеу» теміржо­лы мен «Атырау-Ақтау» автокөлік жолын қайта құрылымдау құрылысы сияқты ірі жобалар есебінен қамтамасыз етілуде.
Қытай, Ресей, Шығыс және Батыс Еуропа сияқты ірі сауда рыногына қаты­су­шылардың ортасында орналасқан Қа­зақстанның Ақтау порты – Каспий, Қара теңіз бен Жерорта теңізі және Балтық бассейндері, Парсы шығанағы, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия елдері порттарына шығуды қамтамасыз ететін ТРАСЕКА және Солтүстік-Оңтүстік халықаралық дәлізде­рінің құрамдас бөлігі. Халықаралық төрт көлік дәлізінің екеуі үстінен өтетін Маңғыс­тау ав­то­көлік, теңіз, әуе, теміржол тасыма­лы арнасының кеңеюімен тоғыз жолдың торабы болған бағзы қызметімен қайта қауышты. Өткен жылы аяқталған «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» жаңа теміржол желісі Түр­ік­менстан жағы­ның теміржол құры­лы­сын аяқтады. Тұсауы кесілген «Бейнеу-Жезқазған» теміржол құрылысы елі­міз­дің тауар айналымы қуа­тын арт­ты­ратын желі болмақ.
Тұрғын үй құрылысын дамыту бағ­дар­ламаларын жүзеге асыру шеңберінде соңғы үш жылда 1,5 млн шаршы метрден астам немесе 11 672 тұрғын үй мен пәтер пайдалануға берілген. Оның 180,8 мың шаршы метрі немесе 1751 пәтері мемле­кеттік қаржы есебінен салынды. Биыл 340,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға берілді. Бюджет есебінен тас жол­дарды салуға биыл 3,5 млрд теңге бөлін­ген.
 Осы орайда айта кету керек, өңірде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдеріне деген сұраныс өте жоғары. «Күні бүгін осы мәселе бойынша әкімдік­терге берілген арыздардың саны 146 мыңнан асады» – дейді қалалық жер бөлімі басқармасы. Алайда жер телімдері тек тиісті инфрақұрылым, бас жоспар және егжей-тегжейлі жоспарламалар болғанда ғана берілетіндіктен, жоғарыдағы арыздар әзірге қаралмаған. Осыған биыл жергілікті бюджеттен 178 млн теңге көлемінде қар­жы бөлінді. Жыл аяғына дейін 21 ауылдық елді мекендердің даму жоспарлары жасақталатын болады.
Ауыл шаруашылығының ауыр шаруашылығы
Өңір шығаратын жалпы өңірлік өнім­дегі ауыл шаруашылығының үлесі мар­дым­сыз, яғни 0,3 пайызды құрайды. Бұған тұщы судың тапшылығы, қатал табиғи жағдай, жайылымдардың аздығы сияқты объективті себептер бар. Әлем бойынша су мәселесі ХХІ ғасырда өте өткір бола бастады. Ал шөлді Маңғыстау үшін судың құны неден болса да, артық болары сөзсіз. Ауызсу, оны үнемдеу, жаңа су көздерін ашу, тұрғындарға таза су беру мәселелері күн тәртібінен түсуге тиіс емес.
Осыған қарамастан, соңғы үш жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6 есеге (4,4 млрд теңгеден 7,2 млрд теңгеге дейін) артты.
Жылдан-жылға мемлекет қазынасына түсім көлемі бойынша оң динамика байқалып келеді.
Өткен жылмен салыстырғанда түсім қарқыны республикалық бюджет бойынша 14 пайызға, жергілікті бюджет бойынша 43 пайызға көбейді.
Жаңарған Жаңаөзен
Мұнайлы Жаңаөзен – еліміздің мұнай өндірісі са­ласындағы айтулы нүктелердің бірі. Ақ­таудан оңтүстік-шығыс бетте 150 шақырым қашықтықта орналасқан қа­ла­ның іргетасы 1968 жылы Өзен мұнай кенінің игерілуіне байланысты қа­лан­ған. Тұрғындар саны 120 мыңнан аса­тын қала­да бірқатар әлеуметтік мәсе­лелер шиеле­ніске түскен еді. Жаңаөзенде 60 мың адам тұрғыны бар кезінде 16 млн тонна мұнай өндірілетін, ал қазір 120 мың адам тұрады, 5 млнтонна мұнай өндіреді. Осыған қарап жағдайды байқауға болар, алайда соған қарамастан, қала өркендеп келеді. Қазір қаладағы әлеуметтік мәселе­лер мен тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұры­лым­ның мәселелері белсенді дәрежеде шешіліп отыр деп сенімді түрде айтуға болады. Балабақшалар саны өсуде. Апат­тық жағдайдағы мектеп жоқ. Көп жылдан кейін жазда ыстық және суық су берілетін болды. Қала жылумен тұрақты қамтамсыз етіліп тұрғаны – соған дәлел.
Елбасының ша­ғын қалаларды дамыту жөніндегі тап­сыр­масы аясында Жаңаөзен қаласын да­мытудың 2020 жылға дейінгі бағ­дар­ламасы жасалып, экономикасы мен өн­дірісіне, әлеуметтік және инфра­құ­ры­лым­дық ахуалына көңіл бөлініп келеді. Биылғы жылға республикалық бюджеттен бөлінген қара­жат­қа қаладағы бірқатар шағын аудан­дардың көшелерін абаттан­дыру, авто­кө­лік жолдарын жаңарту, жаяу жүр­гін­шілер жолдары мен автотұрақтар салу жұмыстары жасалған. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының акционерлік қоғам боп қайта құрылуы тұрғындарды жұмыс­пен қамту, әлеуметтік мәсе­ле­лер­дің шеші­мін табуы секілді мәсе­ле­лерге оң серпін бере бастады.

Қосымша дерек:
1973 жылы құрылған Маңғышлақ облысы 1988 жылы таратылып, 1990 жылы тарихи Маңғыстау атауымен қайтадан жеке облыс болып құрылды.
1960-шы жылдары мұнай табылып, Маңғыстаудың жаңа тынысы ашылды. Бұл тарихи сәтті жазушы Әбіш Кекілбай «Ұйқыдағы арудың оянуы» деп суреттеді. Соңғы жылдары халық санының артуымен де көзге түскен Маңғыстау облысында бұл күнде алты жүз мыңға жақын халық тұрады. 2007 жылы Тәуелсіз еліміздегі алғашқы аудан – Мұнайлы ауданы құрылды. Бүгінде Бейнеу, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы аудандары мен Ақтау, Жаңаөзен қалалары секілді жеті аймақтық әкімшілік бөлініске бөлінген, 6 кент, 55 ауылдық елдімекен, 43 ауылдық округтен тұратын облыс экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамып, индустриялық-инновациялық өркендеудің орталығына айналғандай. Маңғыстау экономикасымен ғана емес, тарихи-мәдени, әдеби байлығымен де ерекше. Маңғыстауда Республикадағы мәдени-тарихи ескерткіштердің 70 пайызы орналасқан.

Ақтау порты – Каспий теңізіндегі ірі порт
Каспий теңізінің Маңғыстауға қараған жағалауы 1400 шақырымға созылып жатыр. Тереңдік тұрғысынан кеме тоқтауға қолайлы орын да осында. Бұл құрлық және әуе, сондай-ақ құ­бырлар жолы дамы­ған Қазақстанның сырт мемлекеттер­ге шығып, сауда-сат­тығын айыруына, эко­номикалық қуат­тануына мүмкіндік берді.
1963 жылы Каспий теңізінің шығыс жағалауынан Маңғышлақ өңірінде уран өнеркәсібінің өрістеуі, мұнай кен орын­дарының өнімдерін тасымалдау және шеткі аймақтардың экономикасын кө­те­ру, Кеңес Одағының қорғаныс қабі­ле­тін нығайту мақсатында салынған порт­тың жылына тасымалдаған жүгінің басым бөлігін мұнай, қалған бөлігін құрғақ жүк­тер құрады. Жұмысы маңыз­ды сипатпен қарқын ала жөнелген порт Одақ тараған соң аз уақыт тоқырауға түсіп, 1995 жылы Тәуелсіз еліміздің ме­талын экспорттауға және мұнай тасы­малдау көлемінің ұлғаюы­на байла­ныс­ты қайта жанданды. Ақтау порты жыл өткен сайын алдына жаңа мақсат қой­ып, алға ұмтылған Қазақстан­мен бірге түледі деуге болады. 1999 жылы порт­тың қайта жаңғырту жұмыс­та­рының бірінші кезегі аяқталып, ол салтанатты сәтке Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Назарбаев қатысты. Жаң­ғырту­дан соң порттың құрғақ жүктерге қызмет көрсетуі 2,0 млн тоннаға, мұ­найды ауда­рып-тиеу 11,5 млн тоннаға жетті. Өндіріс­тік мүмкіндіктері артып, инфрақұрылым­дық әлеуеті күшейген порт маңызы халықаралық деңгейге жетті. Еліміздегі бірегей теңіз порты жүктерді сақтайтын кең алаңдары, контейнерлер паркі, жүктерді өңдейтін әмбебап үш, кемелер өңдейтін бір ай­лағы, теміржол вагондарын кіргізетін паром кешені, бір мезгілде 12 мың тоннаға дейінгі сыйымдылықтағы төрт тан­керді өңдеу мүмкіндігіндегі төрт мұнай ай­ла­ғы, жүктерді ауыстырып тиейтін құ­ралдары бар көп мақсатты тер­ми­налға айналды.
Ақтау порты – Каспий теңізіндегі ірі порт, теңіздегі жалпы жүк айна­лы­мы­ның 30 %-ы осы порттың үлесінде. Жыл сайын Қазақстан арқылы шамамен 16 млн тонна транзиттік жүк та­сымалданады, ол 1 млрд АҚШ дол­лары көлемінде табыс әкеліп тұр.
Ақтау портынан аттанған кемелер су жолы арқылы Астраханьға, одан Еділ-Дон каналы арқылы Қара теңізге, одан Жерорта теңізіне, мұхиттарға шыға алады. Ақтау портынан шығатын теңіз жолдарының екеуі Иранға, біреуі Бакуге жүк жеткізеді. Ақтауға келіп түскен жүк құрлық жолдары арқылы өз еліміздің әр түкпіріне, Сібірге, Шығыс елдеріне тарайды. Қазақстан шетелдерге шикізат, соның ішінде мұнай мен астық өнімдерін жөнелтсе, сырттан түрлі жабдықтар мен тауарлар қа­был­дайды. Порт қазіргі таңда еліміздің су көлігі жүйесінің дүниежүзілік көлік жүйе­сіне интеграциясын қамтамасыз ету, өзінің стратегиялық рөлін кү­шей­ту, Қара теңіз және Иранның солтүстік порттарына шығу арқылы баламалы көлік бағыттарын дамыту, Қазақ­стан­ның халықаралық сау­да­ға қатысуы секіл­ді маңызды міндеттерді алдына қойып отыр. «Ақтау портында контейнер терминалын дамыту Әзербай­жан мен Грузия арқылы транзитпен Еуропадан, Иран арқылы Біріккен Араб Әмір­ліктерінен, Қытайдан, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінен Еуропаға жүк тасы­мал­даудың жаңа ағымын ашады» деп ба­ғалайды мамандар. 2006 жылы портты солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары басталып, бүгінге дейін 86,2 млн АҚШ долларының жұмыстары іске асы­рыл­ды. Жобаның бірінші кезегінде кемелерді теңіз толқындарынан қорғайтын ар­найы қабыр­ға, толқын тойтарғыш ны­сан салынып бітсе, екінші кезең ая­сында теңіз түбін тереңдету жұ­мыс­та­ры жүруде. Сондай-ақ үш құрғақ жүк терминалы салынады. Порттың сол­түс­тік бағытта кеңейтілуінен соң жылына 2,5 млн тонна жүк айналымын құрауға қол жеткізіледі және Қазақстанның ба­рыс-келіс көкжиегі кеңейіп, халық­ара­лық деңгейдегі сауда-саттық ел эко­но­ми­касының дамуына қызмет ететін бо­лады. 2015 жылға дейін жүк тасы­ма­лының жалпы көлеміндегі үлесін 11,5 млн тонна­дан 15 млн тоннаға, 2020 жыл­ға қарай жүктердің транзиттік ағысын 10 есе өсіріп, 170 млн тоннаға дейін ұлғайту және соған орай мемлекеттік бюджетке түсетін табысты сонша есеге арттыру межеленген. Қазақ­стан үшін әлемге ашылған қақпа атан­ған порттың Каспийдегі көшбасшылық орнын сақтап қалу үшін өндірістік қуат­ты арттыру, жұмыс тиімділігін кө­теру, көрсе­тілетін қызметтерді авто­мат­тандыру, дербес веб-портал және интернет-портал құру, жүкті жеткізудің мер­зімі мен құнын оңтайландырып, өз­ге көлік дәліз­дері­мен бәсекелестікке тө­теп беру бағы­тын­да жаңашыл жұ­мыс­тар қолға алы­нуда.
Елбасы Н.Назарбаевтың Тәуелсіз Қа­зақстанды дамыту бағытындағы маңызды бағдарламалары Маңғыстау өңірінде кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Осы құжаттар негізінде облыста экономиканы сапалық тұрғыда өсіруге, индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасын одан әрі іске асыруға, ха­лық­тың әл-ауқаты мен өмір сүру сапа­сын арттыру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Маңғыстау өзінде бар мүмкіндікті кең көлемде кәдеге жарату бағытындағы жұмыстарды қолға алған.
Жасалған ерен еңбектерді сараптай келе, мұнайлы Маңғыстау қазыналы қуатты Маңғыстауға айналды дей аламыз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста