Төскейде – малы, атызда қауыны семірген

Төскейде – малы, атызда қауыны семірген

Салыхан ПОЛАТОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының әкімі:

Оңтүстік Қазақстан облысында аграрлық сала дамыған бір аудан бар. Ол – Отырар ауданы. Бүгінде төскейде қойын құрттатып, айранын ұрттаған, мал басын көбейтіп, бақшасында қауын-қарбызын жайып салып, қонақжайлылығынан танбаған ауданның күнгейдегі орны өзгеше. Күнгей облыс экономикасына қосар үлесі де қомақты. Қойнауы ұлт руханиятының қарт тарихынан сыр шерткен баптардың бабы Арыстан баптың мекенін білмейтін жұрт кемде-кем шығар. Әрине, «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, Отырарға әкім болып тағайындалып, биылғы жылды табыспен қорытындылағалы тұрған Салыхан Полатов мырзамен ауданның тыныс-тіршілігі мен жетістіктері, алдағы уақытта жоспарланған игі бастамалардың іске асуы жөнінде аз-кем сұхбаттасқанбыз.

– Салыхан Сабырұлы, тарихы тереңнен бастау алған ірі аграрлы ауданды басқару оңайға соқпас. Әуелі сөзді Отырар ауданының эко­номикалық әлеуеті жайынан қоз­ғасаңыз...
 – Иә, аудан экономикасы жыл өткен сайын артып келеді. Шындығында, Оты­рар ауданының негізгі күнкөрісі – ауыл шаруашылығы. Дегенмен аг­рарлық саладан тыс туризм саласын дамы­туды қолға алмақшымыз. Оған Тү­ркістан­нан кейін туристердің ат басын тірейтін тарихи ауданның әлеуеті жетерлік. Одан тыс аудандағы өндіріс орындары жаңадан жанданып келеді. Аудан кәсіп­орындары 9233 миллион теңгенің өнер­кәсіп өнімін шығарды, нақты көлем мөл­шері 2012 жылдың қаңтар-тамыз ай­­­лары­­мен салыстырғанда 102 пайызды құрады. 2013 жылдың қаңтар-тамыз ай­ларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі (қолданыстағы бағамен) 4564 миллион теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты кө­лемі 98 пайызды құрады. Отырар ауданы бойынша жалпы суармалы егістік жер көлемі 33 мың гектарды құрайды. 2013 жылы 20 000 гактар жерге егіс егу жоспарланған. Оның ішінде Қожатоғай ауылдық округінің Арыс қаласына қосылуына бойланысты 1013 гектар жердің жоспары алынып тасталып, жалпы аудан бойынша жоспар 18 987 гектар болып белгіленген. Бүгінгі таңда Темір деген стансы маңынан өндіріс орындарын ашуды ойластырып отырмыз. Негізі, жүгеріні өңдейтін зауыт құрылысы басталып, бір-екі мәселеге байланысты кешеуілдеп тұр екен. Ол жағын реттестірдік. Зауыттың негізгі құрал-жабдықтарын биыл қараша айында әкеліп орнатады. Сосын келесі жылы бұл кәсіп­орынды іске қосамыз. Ауданның жері жүгері егуге бейімделген. Бұрын 20 мың гектарға дейін жүгері егіп келген аудан биыл 4 мың гектар ғана егіпті. Зауытты іске қоссақ, жүгері егуді қайта көбейтеміз. Сонымен қатар дәл осы жерден индустриялық аймақ құрып, кәсіпорындар ашу мәселесін жоспарлап отырмыз. Ауданға инвесторлар тартуды көздеп отырмыз. Айталық, ауданда 33 мың гектар суармалы жер бар. Оның 14 мың гектары ғана пайдаланылған. 20 мың гектардай жер игерілмей жатыр. Тағы екі жобамызды дайындап отырмыз. Облыс мақұлдаса, тағы 1000 гектар суармалы жер қосылмақ. Бұдан бөлек, Сырдария өзеніне тиісті құрылғыларын орнатып, суармалы жердің көлемін барлығы 10 мың гектарға ұлғайтсақ деген жоспарымыз бар. Осыдан кейін жерге дақыл егіп, үлкен шаруа бастаймын деген инвесторларға мүмкіндік беретін боламыз.
– Отырар ауданында тұзданған, жарамсыз деген жерлер бар бола­тын. Алайда сол жарамсыз жердің өзінен өнім алуға болатыны туралы жыл басында семинар өткен еді. Алматыдан келген ғалымдар жаңа технология арқылы жарамсыз деген жерлердің өзін игеруге бола­тынын дәлелдепті. Осы мақсатта қан­дай жұмыстар атқарылуда?
 – Осы сала бойынша жарамсыз деген жерлерді тыңайту мақсатында түрлі дәнді дақылдар егуді қолға алдық. Жыл басынан бері облыс әкімінің суармалы жер­лердің көлемін ұлғайту туралы тап­сырмасын жүзеге асыру мақсатында Отырар ауданы бойынша 2013 жылға жалпы 2000 гектар жерді айналымға қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда осы жос­пар­ланған жерлерді айналымға қосу мақ­сатында тоғыз каналды тазалау арқылы 750 гектар жер айналымға қосылды. Алматыда жерді құнарландыру институты бар. Былтыр солар облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасымен келісіп, ең қатты тұзданған 150 гектар жерге жүгері еккен екен. Жаңа технологияның көмегімен әлгі жерден екі есе артық өнім алынды. Келесі жылы сол жобаның көмегімен тұзданған жер­лерді игеру аясын 500 гектарға ұлғайт­пақпыз. Тәжірибенің нәтижесіне қарай аудандағы осындай жер телімдеріне жап­пай егіс жұмыстарын жүргізетін болсақ, жарамсыз деген жерлердің аумағы кішіреймек.
 – Көшпенділердің басты байлығы төрт түлік деп жатамыз. Ұшы-қиыр­сыз жатқан Отырар даласында мал басын арттыру қиындық тұғыз­бас. Ендеше, мал басының өсімі қандай?
 – «Сыбаға» бағдарламасы аясында жоспар 700 бас болса, бүгінгі таңда орын­далғаны – 206 бас, яғни меже 29 пайызға орындалды. Қазіргі уақытта Балтакөл ауылдық округінен «Жолтөсек» ЖШС және Мая­құм ауылдық округінен «Мырзақұл» ӨК осы бағдарлама аясында несие алу үшін құ­жаттарын рәсімдеуде. Жыл соңына дейін меже толығымен орындалады деп күті­луде. Мал бордақылау алаңдары бойынша тапсырма жалпы сыйымдылығы 500 басқа арналған алаңдар салу болса, бүгінгі таңда жалпы аудан бойынша 16 мал бордақылау алаңы жұмыс жасауда. Жалпы мал басының сыйымдылығы 944 басты құрап отыр. Ауданда 400 мыңдай қой, 17 мың­дай жылқы, 4300 түйе, 38 474 бас ірі қара бар. Бұлардың ішіндегі мал тұқымын асыл­дандырғандары мемле­кеттен субсидия алып отыр. Шаруашылық қожалықтары мем­лекет беретін қаржыдан хабардар, қалай алу керектігін, қандай көмек болатынын біледі. Соған орай шаруаларын да бейім­деген. Ауданда «Сыбаға» бағ­дарламасы бойынша алынған асыл­тұ­қымды 860 сиыр және 29 бұқа бар. Олар: герфорт, санта-гертруда, ақбас, әулиекөл сиыр тұқым­дары. Бұл бағыттағы шаруаны одан әрі жалғастырып, асылтұқымды мал басын көбейте беру жоспарымызда бар. Бұл бағдарлама бойынша 16 қожалық жұмыс істеп жатыр.
 – Тұзданған жердің аумағы үлкен болғандықтан, мұндағы ауызсу мәсе­лесі де өзекті проблемалардың бірі шығар. Барлық жерде кездесетін таза ауызсу мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?
 – Жасыратын ештеңе жоқ. Таза ауызсу проблемасы бар екендігі рас. Негізі, 11 елді мекенде топтастырылған ауыз­су жүйесі бар. Бұл 2004-2005 жыл­дары салынған. Бірақ қазір жаз мезгілінде 24 сағат су бере алмай тұр. Себебі судың қоры жетпейді. Мұны шешудің жолдары қарастырылған. Республикадан 637 млн теңге қаржы бөлінетін бол­са, келесі жылы аудан орталығы мен 11 елді мекеннің ауыз­су жүйесі қайта жаң­ғыртылып, про­б­лемадан ары­ла­мыз. 24 сағат су  алатын бо­лады. Облыс әкімі­нің тапсырмасы бойын­­ша әлеуметтік карта түзіл­ген бо­латын. Осының негі­зінде алыс ауыл­дардағы су қор­­ларын зерттеу жұмыстары жүріп жа­тыр. Су қоры анықталғаннан кейін құ­рылыс жұ­мыстары басталады.
– Жоғарыда ай­тып өткендей, ауданның мал ша­руа­шы­лы­ғымен қатар, егін шаруа­шы­лығын­да да жемісті жыл болды. Биылғы бақша өнім­дерінің көрсеткіші қандай?
 – Биыл 606 гектарға бақша өнімдері егілген болатын. Өнім жоғары деңгейде алынды. Қауын-қарбыз еккен диқандар үлкен пайдаға кенелді. Бір кәсіпкеріміз Талапты ауылдық округінен 55 гектар жерге қауын екті. Келісін 60 теңгеден сатты. Кедендік одақтың пайдасын ауыл­дағы диқандар көріп жатыр. Осы орайда айта кетейін, сырттан келген алушылар ешқандай делдалсыз егіс алқабының басынан тиеп әкетті. Бұл өз кезегінде ала жаздай еңбек еткен диқандардың алыпсатарларға есесі кетпей, олжаға кенелгенін көрсетеді. Шамамен есептесек, 1 гектардан 2 мил­лион теңгеге жуық ақша тауып отыр деген сөз. Аққұм ауылдық округінде бір кәсіп­керіміз 250 гектар жерге қауын екті. Түсім керемет болды. Былтыр қауын-қарбыз 150 гектарға ғана егілсе, биыл 606 гектарға егілді. Тамшылатып суғару технологиясын қолданып 40 гектар жерге пияз еккен шаруашылық та үлкен пайдаға кенелді. Бір гектарына 45 центнерден өнім алды. Бұл – үлкен көрсеткіш. Енді келесі жылы 100 гектарға жеткіземін деп талпынып отыр. Оның үстіне, биыл баға да төмендеген жоқ. Сонымен қатар Ресей мен Беларусьқа тікелей егіс алқабының басынан кетіп жатқаны тиімді болып тұр. Осы орайда тағы бір айта кететін жайт – жерді игеріп, шаруашылықпен айналы­самын деген азаматтарға қаржы инс­титуттарынан жеңілдікпен шағын несие беру жүйесі жақсы жұмыс істеп жатыр. Сондай төрт орталық халыққа қызмет көрсетіп отыр. Сондай-ақ «Максимум» АИО арқылы несие алып, шаруаларын дөңгелетіп жүрген шаруалар аз емес. Жастарды да осы салаға тартуды қолға алдық. Басқа қалаға жұмыс іздеп кетіп, күндердің бір күнінде не өзіне, не отбасына пайдасы жоқ қайтып келіп жатады. Біз оларға «қалада не бар?» дейміз. Одан да өз ауылында жүріп еңбек етсе, жағдайлары жақсы болатынын түсіндірудеміз. Қауын-қарбыз ексін. Шағын несие алуға мүмкіндік бар. Еңбек етсін. Жер жетеді. Оларға осы тұрғыда қалай жұмыс жасау керектігі туралы бағыт-бағдар береміз. Үйретеміз. Тепсе темір үзетін ауыл жас­тарының бәрі қалаға кетіп қалса, шаруаны кім істейді? Сондықтан оларды еңбекке үйретіп, өзіне және өзінің ауылына пайдасы тиетіндей етіп тәрбиелеу күн тәртібіндегі мәселелердің бірі болып тұр.
 – Отырар ауданы өзінің қой­науындағы рухани, мәдени құнды­лықтармен туристерді өзіне баурай түсетіні белгілі. Ендеше, рухани ту­ризмнің даму деңгейі қанша­лық? Отырар төбе, Арыстанбаб, ескі Шәуілдірдегі, жалпы, аудан аума­ғындағы туристік кластерді дамыту сияқты іргелі жобалардың болашағы қалай?
 – Тек Отырар өңірі ғана емес, күн­гейдегі кез келген ауданда туристік клас­терді дамытуға таптырмайтын нысандар баршылық. Алайда Отырардың орны өзгеше. Олай дейтініміз – статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, соңғы бір жылда ауданға 200 мыңға жуық турист келіпті. Туристердің саны жылдан-жылға көбейіп келе жат­қанын айта кетуіміз керек. Дәл қазір әл-Фараби бабамыздың мұражайы күр­делі жөндеуден өтіп жатыр. Осыны аяқ­тасақ, Отырар төбенің жобасын ойластыр­мақпыз. Бірақ оған қыруар қаржы қажет. Қазір археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Отырар төбенің төрт қақпасы бар. Соның біреуінің маңдайшасы ашылды. Енді қалған үшеуі ашылса, сосын тағы басқа жұмыстары аяқталса, аспан ас­тындағы үлкен мұра­жайға айналса, тіпті керемет болар еді. Біз мұны алдағы күндерде назарға ала отырып, ауданы­мыздың экономикасына алып келер пайдасын арттыруға әрекет етеміз.
 – Ауданның тыныс-тіршілігі туралы не дейсіз? Аудан орталығы – Шәуілдірдің дамуы жөнінде қандай ой түйіп отырсыз?
 – Аңғаруымша, ауданның әлеуметтік жағдайы бұрынғыдан жақсарып келеді. Әйтсе де өңірде халықтың туу саны азайып бара жатқанын аңғардым. Жастардың тұрақтамай, Астана, Алматы сияқты қалаларға жұмыс іздеп, тағы басқа да себептермен кетіп жатқанын білдім. Ауданда 350 адам жер телімдерін алу кезегінде тұр екен. Аудан орталығы – Шәуілдір ауылының бас жоспарын бекітіп, жаңа ықшамауданның бой көтеруіне жағдай жасауды қолға алдық. Бұл жерде жастардың ауылда тұрақтауына мүмкіндік жасаймыз деген де жоспарымыз бар. Жаңа жұмыс орындары ашылады, ол жерге жаңа емхана, сауда орыны және басқа да ауданымызға қажет нысандар салмақпыз. Бүгінгі таңда тағы бір ықшам­ауданның құрылысы жүріп жатыр. Оны келесі жылы аяқтаймыз. Ол жерге «Қол­жетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 11 үй салынады. Бұл ықшам­ауданнан үй алуға 300-дей азамат кезекте тұр екен. Осындай бірқатар шаруа бар. Арнайы жасаған жоспарларымыз бойын­ша жұмысымызды жалғастыра береміз.
 – Ауданда әлеуметтік нысан­дардың жағдайы қалай?
 – Дәл қазір аудан бойынша 42 мектеп бар. Мектепке қатысты мәселелер шешімін тапты деп айтсақ болады. Келесі жылы Көксарай ауылдық округінде бір мектептің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек тағы екі мектебіміз бар. Ол жерде бала саны аз. Әлеуметтік картаға енген болатын. Біреуі – 2015 жылы, екіншісі 2016 жылы са­лынады. Осы екеуін іске қоссақ, аудан бойынша мектепке мұқтаждық деген мәселе түбегейлі шешіледі. Ауданда қазір алты балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Оның үшеуін – биыл, үшеуін келесі жылы пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Құрылыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Осы балабақшалар қолда­нысқа берілсе, бұл саланы 95 пайыз қам­тыған боламыз.
 – Кәсіпкерлік салада, оның ішінде орта және шағын кәсіпкерлікті да­мы­­ту, шаруа қожалықтарын құруға бай­ланысты қандай жұмыс­тар іс­телді? Ауданда өз кәсібін дөң­ге­летіп алып кеткендердің қатары қаншалық?
 – Кәсіпкерлік салада жалпы эко­номикалық белсенділік өсуде. Жалпы халықтың жұмысқа орналасуы (36108) 13 пайызға артқан. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік құрылымдар саны 160-ға, оның ішінде жұмыс істейтін құрылымдар саны 1056-ға, осы салада жаңа жұмыс орын­дарының ашылуы 186 орынға кө­бейсе, кәсіпкерлік құрылымдардың өндір­ген өнімі мен көрсеткен қызмет көлемі 334 миллион теңгеге артқан. Аудан бюджетінің 2013 жылдың тоғыз айында түсімдері жоспардағы 5 097 052 мың теңгенің орнына 5 346 100 мың теңге болып, 104 пайызға орындалды. Ал жергілікті кірістер көзінің жоспары 361 106 мың теңгеге жоспарланып, нақты орындалғаны 605 132 мың теңгені құрап, жоспар 167 пайыз­ға немесе 244 026 мың теңгеге артты. Ағымдағы нысаналы трансферттер 754 423 мың теңге болып 99 пайызға, ағымдағы нысаналы даму трансферттері 876 983 мың теңгені құрап 100 пайызға орындалды. Сонымен қатар 3 096 136 мың теңгенің субвенциясы толығымен алынды. 2013 жылдың тоғыз айына шығындар жоспары 5 101 540 мың теңге болса, орын­­далуы 4 980 100 мың теңге болып, жоспар 97,6 пайызға орындалды. Жалпы, жастардың өз кәсібін ашуға деген талпынысы жақсы. Біз тиісті мемлекеттік бағдарламалар аясында олардың өз кәсібін ашуына әрқашан көмектесуге дайынбыз.
 – Әңгімелескеніңізге көп рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста