Американдық дәрігерлер бірегей операция жасады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Операция төсек тартып жатқан науқастың қозғалуына мүмкіндік берді. Бұл үшін мамандар миға бірнеше чип орнатқан.
Ақ халаттылар, болашақта мұндай әдістің көмегімен сал ауруы, саңыраулық секілді дертті емдеп, мыңдаған адамға, үміт сыйлауға болатынын айтады.
Бұл Нью-Йорк штатының тұрғыны Кит Томас. Қазір ол қолын қозғалта алады. Сипап-сезіне алады. Мұның өзі бір ғанибет дейді Кит.
Өйткені 3 жыл бойы төсек тартып жатқан ол бұрын мүлде қозғала алмайтын.
Сондықтан көпшілік алдында сөз сөйлегенде қуанышын жасыра алмай, көзіне жас алып жатыр.
2020 жылы Кит бассейнге секірген кезде омыртқасын зақымдап алған. Сол уақыттан бері төсек тартып жатып қалған.
Бірақ жуырда америкалық дәрігерлер оған бірегей операция жасады. Олар ер адамның миына 5 шағын чип орнатқан. Сөйтіп микроэлектродты имплантаттың көмегімен бас миы мен жұлынын байланыстырды десек болады.
Соның нәтижесінде жасанды интеллект Киттің ойларын электр сигналдарына айналдырып, оны бұлшықеті мен жұлынға бағыттап отырады.
КИТ ТОМАС, науқас:
– Мен бұрын Нью-Йорктің Манхэттен ауданында тұратынмын. Қаржы компаниясында жұмыс істегем. 18-шілде өмірімді өзгерткен күн болды. Ол коронавирус пандемиясының кезі еді. Достарыма қонаққа барғам. Суға түсемін деп, осындай жағдайға тап болды. 8 ай бойы ауруханада жаттым. 3 жыл бұрын жарақат алғаннан кейін дәрігерлер маған енді ешқашан қозғала алмайтынымды айтқан. Маған мынадай мүмкіндік берген дәрігерлер мың алғыс
Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін 45 жастағы ер адамға күрделі операция жасалды. Ол 15 сағатқа жалғасқан. Бұл уақыт ішінде дәрігерлер бірнеше рет Китты наркоздан оятып отырған.
Осылайша науқаспен сөйлесіп отырып, операцияның дұрыс өтіп жатқанын қадағалап отырған.
ЧАД БУТОН, Файнштейн атындағы биоэлектронды медицина институтының профессоры:
– Бұл әдісті көп жерде қолдануға болады. Мысалы, адамның жұлыны зақымданғанда ғана емес, инсультке ұшыраған науқастарға көп көмегі тиюі мүмкін.
Бүкіл әлем дәрігерлері мұны бірегей операция деп отыр. Енді болашақта "ақылды чиптердің" көмегімен саңыраулық, склероз, сал ауруы секілді дерті емдеуге болатынын айтады.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz