Мезгілсіз қазасымен қалың елдің қабырғасын қайыстырып кеткен білікті маман, текті азамат Нұртас Қазыбаев тірі болғанда бүгін 55 жасқа толар еді. Қазақстан медицинасын инновациялық заманауи технологиялармен жетілдіруге ұйытқы болған аса көрнекті басшы, ота жасаудың мінсіз техникасын меңгерген теңдессіз хирург Нұртас Кәкімжанұлы осыдан бір жыл бұрын бақилық болды. Әріптестері мен шипалы қолының құдіретін сезінген сан мыңдаған адамдар оны «Алла берген абзал дәрігер», «халық академигі» деп жоғары бағалаған болатын. Отыз жылға созылған кәсіби жолында отыз мың ота жасап, мұның сыртында, өмірден күдер үзген 5 мың ауыр науқасты ажалдан арашалап қалған осынау біртуар тұлғаның бүгінде орны ойсырап тұр. Нұртас Кәкімжанұлы жөнінде еліміздегі зиялы қауым өкілдері мен әріптестерінің, сондай-ақ оны көрген, білген, шарапатын сезінген көпшілік қауымның айтары ешқашан таусылмақ емес. Жүрекжарды сол естеліктердің бір парасы былайша сыр шертеді...
Үкілі үзінділер
«Туған Алматым тартады да тұрады...»
(Нұртас Қазыбаевтың баспасөзде жарияланған сұхбаттарынан)
• ...Ер жігітке лайық – хирург мамандығын таңдадым. Міне, отыз жылға жуықтап қалды – осы мамандықтың отымен кіріп, күлімен шыққаныма. Бірнеше рет жаңа жылды да операция үстелінде қарсы алуыма тура келген жағдайлар болды. Уақытыңды, ұйқыңды құрбандыққа шалуың керек. Жауапкершілігі өте жоғары әрі өте ауыр еңбек болса да, осындай мамандық таңдағаныма еш өкінген емеспін. Хирургтің еңбегі – шахтер, оған қоса, математик және шахматшының еңбегімен пара-пар. Себебі әр жүрісіңді қатаң есептеп, үнемі бақылауда ұстауың керек.
• ...Ресейде, Швейцарияда, Франция мен Германияда, Израильде тәжірибеден өтіп, жұмыс та істеп, операция да жасадым. Жақсы жалақы төлеп, барлық жағдайымды жасауға уәде еткенімен, ол жақтарда қала алмадым. Өз Отаныңа, өз ошағыңа бәрібір еш нәрсе жетпейді. Мені қайда жүрсем де туған Алматым тартады да тұрады.
• ...Менің ойымша, өмірін сақтап қала алмаған әр науқаспен бірге дәрігер де «өледі». Ажалдан арашалап қала алмағаны үшін дәрігерлер мұндай жағдайды терең қабылдайды, жаны күйзеліп, қатты қиналады. Өйткені дәрігер науқастың барлық жағдайына сараптама жасап отырғандықтан оның жай-күйін біледі. Көп уақыт емдеп, онымен бірге әңгімелесіп жүргендіктен де дәрігерге науқасын ажалдан арашалай алмау өте қиын соғады. Дәрігер науқас үшін туысқандарынан да артық алаңдайды, қайғырады.
• ...Оқу орнын жаңа бітіріп, дипломын алып шыққан студент бірден дәрігер болып кете алмайды. Төрт-бес жылдық тәжірибеде төселіп, жолы болып, жақсы ұстазға жолықса, соның көрсеткендерін ерінбей-жалықпай үйреніп, өзіндік ізденіс жүргізсе ғана белгілі бір дәрежеде оқыған мамандығының мәнін түсінеді. Алдына келіп тұрған сырқаттың ауруын бірден байқай алатын дәрігерлік түйсікке, сезімталдыққа ие болады.
• ... Соңғы уақыттары денсаулық сақтау саласына қаражат көп бөлінуде. Бірақ соны қалай жұмсау керек? Бұл – басқа сауал. Бөлінген қаржының өзі пайдалы мақсатқа жұмсалмауы ықтимал. Мысалы, ақшамыз бар, соңғы заманауи аппараттарды шетелден сатып алуға болады, ал онымен кім жұмыс істейді? Бұл жерде тағы да айналып келіп кадр мәселесіне тірелеміз. Өйткені жоғары оқу орындарында студенттерді осы технологияға бейімдеп оқытсақ, олар оқуды бітіріп шыққанша әлгі аппарат ескіріп, оның орнын басқа жабдықтар алмастырады. Ортаңқол мамандар емес, кәсіби шеберлігі жоғары, өз ісіне адал кадрлар табу – өткір мәселе.
Көзкөрген
Адамгершілігімен емдейтін...
Көпжасар НӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі:
Нұртас Қазыбаевтың қазасы өте ауыр қаза болды. Өйткені Нұртас өмірден өте ерте кетті. Жақсы маман ретінде қалыптасып, ел-жұртына танылған кезінде өмірден озды. Өте өкінішті, әрине. Сондықтан оның өлімі де еліне, жұртына, бәрімізге өте ауыр болды. Бұл орны толмас, қайғылы қаза. Бұған Нұртасты шығарып салғанда көзіміз жетті. Нұртасты тек әулеті, достары мен жақындары ғана емес, бүкіл ел болып жоқтап, шығарып салды. Бұл енді Нұртастың тек өзінің әулетінің ғана емес, елінің, бүкіл қазақтың ұлы екендігін, сондай дәрежеге көтерілгенін, халқы мойындағанын көрсетті. Шынын айтсақ, бүкіл ел болып қатты қайғырдық, жоқтадық.
Ең бірінші, Нұртас өте керемет маман болатын. Көрген-білген жұрт оны «қолы алтын хирург», «алтын қолды дәрігер» дейтін. Себебі ол сан мыңдаған адамдарды ажалдан арашалап қалды. Солардың бәрі Нұртасқа шын көңілмен алғысын айтып, қариялар болса, батасын беріп жататын. Солардың ішінде мен өзім де бармын. 2008 жылы Нұртас өз қолымен өтіме операция жасады. Құдайға шүкір, бәрі сәтті болып, жақсы аяқталды. Биыл көзіме операция жасағанда Нұртас бастан-аяқ қасымда болды. Өзі жасамаса да, операцияға дейін де, одан кейін де жолығып, «Аға, қалай болды, не болды?» деп қайта-қайта сұрап отырды. Бұл оның тек қана маман, дәрігер ғана емес, адами қасиеті жоғары азамат екендігін көрсетеді.
Жалпы, көптеген дәрігерлер емдеген кезде дәрісін беріп, емін жасап, сонымен шектеледі ғой. Нұртастың керемет қасиеті – ол өзінің адамгершілігімен емдейтін, ауруға бар жан-тәнімен, ықыласымен, шын көңілімен қарайтын. Өзі өте кішіпейіл болатын, қарапайымдылығы тағы бар. Адам талғамайтын, елдің бәрін шын пейілімен жақсы көретін. Менің өзімнің Нұртаспен жеке қарым-қатынасым ерекше. Өйткені Нұртасты жастайынан білемін. Кезінде он жылдан астам есікпе-есік көрші болып тұрдық. Нұртастың өсіп-жетілгенін, азамат болып қалыптасқанын, жақсы маман болып, елдің аузына ілінгенін мен өз көзіммен көрген, өз құлағыммен естіген адаммын. Нұртастың жетістіктеріне қуанған, кезінде құттықтаған адамдардың бірімін.
Адами қасиеті бар, маман ретіндегі мықтылығы бар, мұның сыртында Нұртас – өте бір текті әулеттің өкілі. Мен Нұртастың әкесі Кәкімжан ағамен көп жылдар қызметтес болдым, сол кісінің қарамағында істедім, ақыл-кеңесін тыңдадым, шарапатын, жақсылығын көрдім. Кәкімжан ағамыз белгілі жазушылығымен қатар, көрнекті мемлекет қайраткері болатын. Нұртастың әкесінен қабылдаған керемет бір қасиеті – ол кісі де елге, халыққа жақсылық жасап жүретін. Нұртаста әкесінің сол қасиеті, тектілігі бар. Орынша жеңгеміз де жай адам емес, ұзақ жылдар ұстаздық етті, көптеген адамдарды тәрбиеледі, жазушылық қыры да бар. Әрине, осындай тәрбиелі әулеттен шыққан адам да жай адам болмайды. Нұртас осы үлкен әулеттің сенімін ақтады, Қазыбаевтар әулетінің абыройын асырды, мерейіне мерей қосты. «Е, мынау Кәкімжанның баласы екен ғой, Қазыбаев екен ғой» дегендей үлкен абыройға жетті. Осы әулеттің құрметіне лайық азамат болды. Және тек қана әулеттің емес, бүкіл халықтың, елдің, қазақтың азаматы болды. Суық хабарды алғаш естігенде өзім қатты қиналдым, біраз уақытқа шейін өз-өзіме келе алмадым. Себебі Нұртас нағыз жанып тұрған кезінде кетті. Енді жатқан жері жайлы болсын, нұры пейіште шалқысын. Оның Нұртас деген аты ешқашан ұмытылмайды. Өйткені Нұртастың қолы тиген, Нұртастың жақсылығын көрген, онымен кездесіп, сөйлескен азаматтар Нұртасты еш уақытта ұмытпайды, әрқашан есінде сақтайды.
Қарап тұрсақ, Нұртас 1995 жылдан бастап ҚР Президенті Іс басқармасы Орталық клиникалық ауруханасында істейді екен. Оның ішінде 1996 жылдан бастап хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болған. Бұл аз уақыт емес. Соңғы кезде аурухана бас дәрігерінің орынбасары болды, барлық хирургиялық іс-шаралар, операциялар Нұртастың қарауында, қамқорлығында болды. Қызмет істеген ұжымы, дәрігер достары бар, Нұртасты есте қалдыратындай шараларды жасауы тиіс. Мысалы, хирургия бөлімшесіне ме, басқаға ма, Нұртастың атын берсе жақсы болар еді. Күнделікті көрген, білген, араласқан әріптестерінің естелігін жинап, кітап етіп шығарса жақсы болар еді. Қалай дегенмен де, Нұртасқа қандай атақ берілсе де, нендей сый-құрмет жасалса да артық емес.
Әріптестер айтқан сыр
Ағамдай арқа сүйейтін едім
Гүлзада НҮСІПБЕКОВА, Нұртастың курстас, қызметтес досы:
...Соңғы жиырма шақты жыл бойы біз Нұртаспен бірге қызмет істеп, тек дос қана емес, ағалы-қарындас қалпына еніп кеткен едік. Лауазымдарымызға қарамастан, ол мені «Гулька» дейтін, мен оған ағамдай арқа сүйейтінмін.
Нұртастың дәрігер ретіндегі кәсіби шеберлігін бәрі жазып та, айтып та жатыр ғой. Мен өзім бір мысалды ғана еске алғым келеді. Туған әпкем Гүлмира ауыр халде ауруханаға түскен. Асқынған зоб дертіне ота жасау керек. Таңертең оны ота бөлмесіне алып кетті. Сол-ақ екен, Нұртас телефон соғып: «Гулька, сенің әпкеңе мен екі отаны бірден жасаймын, өтінде тас бар екен, қабынып тұр. Қалдырған күнде де бір жетіге жетпей қайтып келеді, соны айтып қояйын деп едім», – деді. Мен, әрине, шошып кеттім: «Өліп қалмай ма? Жездемді шақырып, рұқсат сұрайын», – деймін.
«Неге өледі, өлмейді, қорықпа. Сенің әпкеңді өлтіріп, қарап тұрады деймісің?!. Уақыт жоқ, науқас ота үстелінде, мен кеттім!» – деді де, Нұртас тұтқаны қоя салды. Менде зәре жоқ. «Ұзақ ауырып, жүдеп-жадаған әпкем екі бірдей отаны көтере алмаса қайтем?» деймін, «бірдеңе болып кетсе, жездем мені қоса өлтіреді, құдай-ай, не болар екен?» деймін. Арада үш сағат өтті, хабар жоқ. Шыдай алмай, ота бөлмесіне қарай жүгірдім. Жете бергенімде Нұртас өзі шыға келді, күліп келеді.
«Ә, қорықтың ба?! Айттым ғой, бәрі жақсы болады деп, бәрі дұрыс, қазір жансақтау бөліміне әкетеді, көп ұзамай есін жияды, барып көр өзің», – деді де, арқамнан бір сипап қойып жүріп кетті. Әпкем есін тез-ақ жиды, палатада отырмын. Өзі бір әзілкеш, күлдіргі адам, бұрын да бір отадан өткен, сонда ұйықтататын дәрі берер алдында соңғы сөзін «Прощай, Родина», – депті. Кейін оны естігендер күліп, «Прощай, муж» немесе «прощайте, дети», «прощай, мама» демей, бүкіл Родинада нең бар?» десе: «Енді осындай кезі келгенде советтік патриотизмді көрсетіп қалғым келген шығар», – деген екен.
– Бұл жолы Нұртасқа не дедің? – деп сұрадым күліп.
– Еш нәрсе деген жоқпын. Ең соңғы есім бар сәтте желкемнің астына қатты бірдеңе қойып, басымды шалқайтып, қайырғанын білемін. «Құрбан шалатын қой сияқты бауыздайды екен-ау!» деген ой келді. Одан кейін еш нәрсе білмеймін. Бір қызығы, еш жерім ауырған жоқ, жайбарақат бір тыныштықта, рахатқа батып жатырмын. «Әй, осы мен пейіштің төрінен бір-ақ шыққан жоқпын ба?!» деп ойлаймын, – дейді әпкем. «Зоб ісігімен қоса, өтіңді тастарымен бірге алып тастағанын білесің бе?» десем, «Оны мүлде сезіп жатқан жоқпын. Ота дегеннен өлгенше қорқушы едік, дәрігердің бәрі Нұртастай болса, денедегі артық нәрсенің бәрін алдыра беруге болады екен», – деп күледі әпкем. «Қолы қандай жеңіл еді. Нұртастың бір оқпен бірнеше қоянды атып ала беретінін білгенде «тамағымның астындағы салбырап тұрған майды сылып алып, жарасатын жерге жапсыра салшы» дейтін едім» – дейді. «Енді неге айтпадың?» деп күлген әйелдерге: «Егделеу дәрігер болса айтатын едім, «тәтелеп» жүрген бауырымдай Нұртасқа әзілдеуге аузым бармады» дейді. Бәріміз бұл әзілді әрі қарай қазбалап, неше саққа жүгіртіп, күлкіге бөлендік.
Жалпы, ота деген оңай нәрсе емес екені белгілі. Отадан өткен көп науқастардың қиналып қалатын кездері болады. Ал мына палатада жатқан науқастардың дені тазарған сияқты, көңілдері көтеріңкі, әзілдейді, күледі, дерттен арылған, өмірге деген үміті оянған. «Құдай сақтады» десе-дағы, қолымен бері тартып алған оташы дәрігерлердің ғажайып құдіретіне таңданады, ризалық білдіреді, «шебер дәрігердің шипалы қолы ауыр отаның өзін жеңілдете алады екен-ау» деп, Нұртастардың барына шүкіршілік етеді. Дәрігерге бұдан артық қандай құрмет болсын!
Осы орайда, мен Нұртас дәрігердің тағы бір ерекше қасиетін атап өткім келеді. Ол орысша айтқанда, адамдардың «настрой», «настроение» деген сезімдеріне ерекше көңіл бөлетін. Анығырақ айтқанда, науқастардың да, емшілердің де көңіл күйлерін бақылап, байқап жүретін. Науқас адам ем шараларына да, емші дәрігерлерге де сеніммен қараса, шын пейілімен қабылдаса, сенсе, ондай адамды емдеу де жеңілірек. «Ем – сенімге, сенім – сезімге серік, бір-біріне сабақтас ұғымдар» деп білетін. Сондықтан да ол ең алдымен өзінің дәрігерлік білімін тереңнен тартып, бар ауқымымен бойына сіңірген, кәсіби біліктілік қанына сіңіп кеткен, көп отаны қолымен өткеріп, көп тәжірибені жинап үлгерген, шыңдалып біткен шымыр жан еді. Оның жүзінен ешқашан әлденеге абыржу, қобалжу дегендер білінбейтін. Денесін тік ұстайды, аяғын нық басады, жайдары жүзі әрқашан жарқын, жұрттың бәрімен жылы амандасады, сергек жүреді, сеніммен, сендіре сөйлейді. Оның жылы шырайы, ақжарқын ашық көңілі, әсерлі әзілдері, табиғи тағылымы кез келген жүректі селт еткізіп, кез келген жанды өзіне тартып әкетер еді...
Жүзінде нұры тасып тұратын
Ғалия РАХМЕТОВА, Нұртастың әріптесі, гинеколог-хирург:
Нұртас – өте жоғары кәсіби деңгейі табиғи тума талантпен ұштасқан бір ғасырда бір туатын дәрігерлердің бірегейі. Ол адал, сәбидей ақжүрек болмысымен бір көрген жанды өзіне баурап алатын бекзат болмыс иесі еді. Көрген адамның есінен кетпейтін. Науқас адам дәрігердің дәрісінен бұрын оның бір ауыз жылы сөзі мен жайдары қабағына мұқтаж болады. Сондықтан өзгенің жанын өзінен артық қоятын, мейірімді жаннан ғана Нұртастай дәрігер шығады. Әсіресе хирургтің өзге дәрігерлерден екі есе мейірімді, екі есе жайдары, екі есе адал болғаны абзал. Өйткені әл үстінде жатқан адамдар дәрігерге өз өмірін сеніп тапсырады ғой. Осы жағынан қарағанда Нұртас нағыз хирург еді. Дертіне дауа іздеп келгендер оны көргеннен-ақ өмірін сеніп тапсыратын. Ота жасаудың қас шебері болатын. Оның оталары өте сәтті шығып, талай жандар өмірге қайта келгендері үшін шынайы ықыластарымен, куаныштан көздеріне жас алып Нұртасқа алғысын жаудыратын.
Біз кейде жайшылықта күпініп, мына жарық дүниеде мәңгі жүретіндей көреміз ғой. Қатты ауырып, шыбын жанымыз мұрынның ұшына келгенде тіпті өзіміз дәрігер бола тұра, кімге барарымызды білмей қаламыз. Сондайда сүйенеріміз Нұртас еді. Ол өміріміздің арашашысындай көрінетін. Ол барда өзімізді биік қорғанның қалқасындағыдай сезінетінбіз.
Нұртас ешқашан қабақ шыту дегенді білмейтін. Біздің аурухананың басқа емдеу орындарынан бір саты болса да жоғары тұратынын ескерсек, яғни бұрын мұнда депутаттар, ел тізгінін ұстаған азаматтар, қаламгерлер, артистер секілді еліміздің беткеұстарлары ғана емделе алатын. Соңғы он жыл көлемінде ғана қарапайым адамдарға ақылы түрде қызмет көрсетуге рұқсат етілді. Айтпағым, лауазымы жоғары, танымал адамдардың көбісі тәкаппарлау, өркөкіректеу келеді. Олар ауырғанда мінездері тіпті екі есе қиындап кетеді. Нұртас олардың әрқайсысының көңілін тауып, ауруы жанына батқанда көрсетіп қалған мінездеріне күліп қарап, өзін бейне олардың баласы, бірінің інісі, бірінің жақын сырласы ретінде ұстайтын. Сондықтан ауруынан айыққандар алғысын жаудырып, оның жібектей мінезіне тәнті болатынына талай куә болдық. Адамдарды шен-шекпені, атақ-дәрежесі, байлығына бола бөле-жара қараған емес. Ол үшін адам деген бір ғана ұғым болды. Науқастың өміріне қауіп төнсе, қолынан келгенше құтқарып қалуға тырысатын. Ажалға арашашы болғанын ешқашан бұлдаған емес. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін мәрттік, адам деген атқа, арға, дәрігерлік кәсіпке адалдық. Біреу сенер, біреу сенбес, шындығында, Нұртас Кәкімжанұлының әр тірлігіне адам сүйсінетін. Қандай істе де барын, жанын салатын. Не нәрсеге болсын жүрдім-бардым қарау оның болмысына жат еді. Қолға алған жұмысын кәсіби деңгейде орындап шығатын. Қарап отырсам, Нұртас үшін тығырық деген ұғым болмаған секілді. Өзі өмірге құштар жан болғандықтан, кез келген қысылтаяң шақтан жол тауып шығатын.
Нұртас жамандыққа өзгені емес, өзін кінәлайтын, әр адамның өмірі үшін қайғырып, әр адамның амандығы үшін қуанатын санаулы деген ізгі жандардың қатарынан болды. Ол ешқашан «мен істедім, мен аман алып қалдым, сол үшін сен маған қарыздарсың» деген емес. Жай дәрігер мен нағыз дәрігердің айырмашылығы, міне, осында.
Қызмет бабынан тыс та біз Нұртаспен отбасымызбен жақын араластық. Демалысқа, алыс сапарға, қонаққа барсақ та екі отбасы қатар жүретінбіз. Нұртас бізден біршама жас кіші болғандықтан, кішіпейілдік танытумен ылғи көзге түсетін. Тіпті біреудің қателігін көріп тұрса да, «олай емес, қателесесіз, былай» деп көрген емес. Күні кеше ғана көз алдымызда жайдары күлкісімен, жібектей мінезімен сүйсіндіріп жүрген азаматымыздан айырылып қаламыз деп ешқайсымыз ойламаппыз. Қаншама жыл қасында жүрсек те, оның тым құрыса бір рет «жүрегім» дегенін естімеппіз. Сондықтан да Нұртастан айырылып қаламыз-ау деген ой ешқайсымыздың үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті.
Өмірде барша адамның атына заты сай бола бермейді. Нұртас десе дегендей-ақ, жүзінен нұры тасып тұрған жан еді. Егер «Жаннатта өмір сүретін адам қандай болуы керек?» деп сұраса, мен еш ойланбастан Нұртасты атар едім...
Бетті дайындаған Роза Қараева