Таңдауынан жаңылмаған тұлға

Астана күні мерекесі қарсаңында қызмет бабымен Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең ауылына жолымыз түскен еді. Біраз жерлерді аралап, қайтарда облыстық кітапханаға бас сұққанымызда қарсы алдымыздан елге еңбегі сіңген құрметті ұстаз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы Сайлаубек ағамыз жолығып қалды. Ол кісі осы кітапхана ғимараты ішінде орналасқан аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады.
Ұстаздық жолынан айнымай, ұзақ жылдар бойы өзі туып-өскен ауылдағы мектепке басшылық еткен тәжірибелі педагог, білікті математик Сайлаубек Қыдыралиев 1939 жылы 24 желтоқсанда Қарасай ауданының Тұрар ауылында туған. Осындағы жетіжылдық мектепті жақсы бағамен бітіріп, 1955 жылы Қаскелең ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектеп-интернатында оқыған. Сол уақыттарда аудан бойынша жалғыз қазақ мектебі саналатын бұл мектепте еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқыған. Бүгінде бұл ескі білім шаңырағы шағын мұражайға айналған. Елбасымен бір сыныпта оқыған Сайлаубек Қыдыралиевпен болған әңгіменің кейбір тұстарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Сайлаубек Қыдыралиев, Елбасының сыныптасы, Қарасай аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары
Үнемі алғы шепте жүретін
– Осыдан жиыр­­­­ма жыл бұ­рын Кеңестер Ода­ғынан бөлі­ніп шы­ғып, өз ал­дына дер­бес мем­лекет құр­ған Қазақ­стан­ның бүгінде әлемде өз орнын бекемдей бастауы сөзсіз Тұ­ң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баев­тың салиқалы саясатының жемісі екені даусыз. Өз басым шын мәнін­дегі ұлт қөшбас­шы­сына айналған осын­дай ірі тұлғамен кезінде бір ауыл­да бірге өсіп-өніп, бір сыныпта оқығанымды мақ­тан тұтамын. Қайда жүрсек те біз, Ел­ба­сының сыныптас достары, жыл сайын дәстүрлі түрде бас қосып, арнайы жиналамыз. Биыл да Қаскелеңде, Алматыда қауышпақпыз. Біз,  сыныптастары, Нұрсұлтан Назарбаевты, негі­зінде, бала күнімізден Сұлтан деп атаймыз. Сонау 1993 жылы Сұлтан өзі бас болып, бәрімізді бір жинап, арқа-жарқа болғанымыз бар. Бұдан кейінгі басқосуларға ол міндетті түрде өзінің ұстаздарына, сыныптас достарына, ауылдастарына деген ыстық ықыласты сәлемін жолдап отырады. Мұнымен қатар Наурыз мерекесі, Жаңа жыл мейрамы, Тәуелсіздік күні сияқты басқа да үлкен мерекелі даталарда бәрімізге жүрекжарды құттықтауын жолдауды ұмытпайды. Мұның өзі бала күнгі достарды бағалау, туған ауылды құрметтеу, ел мен жердің қадірін айрықша сезінуден туындаған қасиет болса керек. Біздің Сұлтан мектепте оқып жүрген кезінде-ақ маңайын­дағыларды елеп-ескеріп жүретін. Ол достыққа адал, әлсізге қамқор, мұқ­тажға жанашыр болып өсті. Өзі сабақты кілең «беске» оқыды. Ол қашанда үлгерімі төмен ұл-қыздарға ақыл-кеңесін беріп, көмегін көрсетуден тартынбайтын. Қоғамдық жұмыс­тарға белсене араласып жүріп, ұстаздар қауы­мынан да жоғары баға алып, үнемі алғы шепте жүрді. Қазір де сол көш­басшылық қасиетінің ерек­шелігі айқын көрініп тұрады.

Сұлтан жасаған «виньетка»
Біздің сыныпта 42 оқушы болды. Өкінішке орай, қазір біразы арамызда жоқ. Дегенмен қалғанымыз шама-шарқымызша еліміздің әрбір өңірінде елге қызмет етіп жүрміз. Қызметке ерте араласқан Сұлтанның ел басқаруға деген қабілеті бала күнінен, сол мектеп қабырғасынан қаланған. 1958 жылы мектепті бітірерде мектеп басшылығы Алматыдан арнайы фотограф шақыртып, сыныптастар мен ұстаздарымыздың портреттерінен құралған суретті естелік қағаз шығармақ болды. Бұл суреттер топтамасын «виньетка» деп атайтын. Ол кезде ауыл, аудандарда арнайы фотосалондар жоқ болған­дықтан, «виньетканы» қалада ғана жасайтын. Содан әлгі суреттерімізді топтастырып, шығар­тып алып келу сынып жетекшісі мен мектептің «пионер вожатыйына» тапсырылған болатын. Алайда сынып жетекшіміз сол кезде сырқаттанып қалып, оның орнына мектеп басшылығы комсомол комитетінің секретары болып жүрген Сұлтанды жіберетін болып шешті. Содан біздің сыныптың «виньеткасын» алып келу үшін «пионер вожатый» мен Сұлтан Алматыға кетеді. Сұлтан қаладағы фотосалонға барса, әлгі сурет­тер дайын болғанымен, әлі қағазға орна­лас­тырылып, шығарыла қоймаған екен. Ол дайын дү­ниені алып кетуді қаламай, сынып «виньетка­сын» салондағыларға өзі айтып отырып, әр оқушы мен мұғалімді өз ретімен орналастырып, аты-жөндеріміздің шрифтісіне дейін таңдау жасап, суреттердің айналасын қалауымен көркемдеп, безендірген. Кейін ол суреттерімізді Алматыдан алып келгенде, біздің «виньеткамыз­дың» ешкім­дікіне ұқсамайтынын бірден байқа­дық. Мұндай суретті топтамаларда, әдетте, мектеп директоры, оның орынбасарлары, басқа да беделді мұға­лім­дер мен сынып жетекшісі бірінші қатарда орын алып, оқушылар бірінен-соң бірі содан кейінгі қатарларда орналасатын. Ал Сұлтанның жасатқан нұсқасында біздің сынып жетекшіміз Сейітхан Исаев ағамыздың суреті оқушылардың дәл ортасында тұр. Ал барлық сыныптастар бұл жерде білімі мен тәртібіне сай орналасқан. Ұстазымыздың сол жағында – өзі, өзінен кейін  – мен, содан кейін Едіге деп, рет-ретімен кете береді. Мұны көрген кейбіреулер «құрметті ұстазды шәкірттермен араластырып қойғаны не­сі?» дегенді айтты. Әйтсе де жетекшімізді біз­дің ортамызда орна­лас­тырып қою ол Сұлтанның идеясы болған. Кейін осыған ұқсас «виньетка­лар» көбейіп кетті. Бұл елеусіз ғана бір оқиға болғанымен, мұның өзі біздің Сұлтанның сол кезде-ақ ерекше көр­кем ойлайтын, ешкімдікіне ұқсамайтын шешім қабылдай алатын, ұйымдас­тыру қабілеті зор адам екендігін танытып жү­ретін.
«Мұнда вагон доңғалағын тықылдату үшін келгенім жоқ»
Мектепті бітірісімен біздің әрқайсысымыз әр тарапқа кеттік. Мен де өзге жастардай еңбек пен білімге құлшынып, өз болашағымды жаса­уым керек болды. Ол кезде социалистік жарысқа түскен Кеңес Одағы бойынша «Еңбек ада­мын» тәрбиелеу үрдісі қарқын ала бастаған. Елімізде сол кезеңдерде «Еңбек резерві» деген болған. Осы жоба-жоспар негізінде әр салаға қажетті мамандар, әсіресе жастардың жұмысшы топ­тары жасақталып, қажетті өндіріс орында­рына жіберіліп тұрған. Мен болсам «Қазақстан маг­нит­касын жаңғыртамын, болат қорытушы бола­мын» деп талпынып, бір топ қатарластарым­мен бірге Свердловскіге комсомолдық жолда­ма­­мен аттанып кеттім. Ол жаққа Қазақстанның барлық облысынан жиналған 21 бала бардық. Ол уақыттарда қазақты ешкім танымайды. Орыст­ың жерінде бізді арнайы қарсы ал­ғ­ан ешкім болмады. Барған күні күздің суы­ғында топырлап вокзалда түнеп шықтық. Ерте­сінде Свердловс­кінің болат қорытатын зауытының жанындағы кәсіптік училищеге бардық. Алайда қолымызда жолдамамыз болса да, ондағылар «бала саны толық» деген желеу­мен бізді Орал тауларының шығысындағы қиян­да жатқан Красноуфимск деген бір шағын қалаға жіберді. Содан пойыз­бен жүріп оты­рып, әлгі қалаға бардық.
Бұл жердегі училищедегілер денсаулығы­мызды да, білімімізді де қайта-қайта тексерді. Ақыры бізді қабылдайтын болды. Бірақ мұндағы училище болат қорытушыларды дайындамайды екен, мұнда «вагоноосмотрщик» деген маман­дық­қа баулиды екен. Содан «мен бұл жерге қолыма ұзын сапты балға ұстап, вагон доңға­лақ­тарын тықылдатуға келгенім жоқ» деп, үзіл­ді-кесілді бас тарттым. 21 баланың бесеуі менің жағыма шығып, біз елге қайтып кеттік. Ал­­ма­тыға келе сала «Еңбек резерві» мекемесінен құжат­тарымды алуға келсем, сонда сыныптасым Сұл­тан кездесіп қалды. Ол Украинаның Днеп­родзержинскісіне жолдамамен кетіп бара жатқан беті екен. Сол жолдама оған үлкен мүм­кіндіктер жолын ашып берді. Қалай десек те, қандай қадам жасап, қандай шешім қабылдаса да, біздің Сұлтан елдің тұлғалы азаматы ретінде де, Елбасы ретінде де ешқашан таңдауынан жа­ңыл­ған емес.
Қазір, қарап отырсақ, кешегіден көп дүние өзгерген. Кеше ғана қазаққа «кімсің» деп кеуде кергендер бізбен санасатын болды. Биыл Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл толады. Арқа төсінде елордамыз – Астана қаласы бой көтерді. Бүгін – сол Алаш атын асқақтатқан Нұр­сұлтан Назарбаевтың төл туындысы саналатын Астанамыздың туған күні. Еліміздің бейбіт аспанында көк байрағымыз мәңгі қалықтай берсін!

Ол қашанда бірінші болатын

Күләш Әмірова, Елбасының сыныптасы, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі
– Нұрекең жастайынан зерек, алғыр болып өсті. Түр десең түрі бар, бой десең бойы бар. Барлық қоғамдық жұмыстардың алдыңғы шебінен табыла білетін. Сол жыл­дары біздің мектепке ЖенПИ-дің прак­тикант бойжеткен қыздары келіп, сабақ беретін. Жастары сәл үлкен болса да, олардың кейбірі біздің Нұрекеңе сырттай ғашық болып жүретін. Біз де мұны сезе­тін­біз. Оныншы сыныпты аман-есен бітіргеннен кейін бірнеше жас­ты Теміртауға жолдамамен жібере­тін болды. Көпшілігіміз, әсіресе қыздар жағы «Ойбүй, ол жақта неміз бар, одан да жақсы бір оқуды таңдап түсейік» деп, өзімізше шешім қабылдап, алысқа бармай қалдық. Сонда арамыздан суыры­лып шығып, екі-үш жігіт Те­міртауды бағындыруға аттанып кетті. Нұрсұл­тан сол кезде-ақ өз мүм­кіндігін бі­ліп, білімі мен білік­тілігіне сенген. Ол – қашанда бірінші болатын. Кеншіліктен басталған еңбек жолы уақыт өткен сайын үлкен-үлкен жауапты қыз­меттерге ұласып кете барды. Ол да болса Нұрекеңнің еңбек­қор­лығының, ізденімпазды­ғының, жалпы, лидерлікке ұмтылуының арқасында деп білемін.
Мектепте оқып жүргенімізде бүгінгідей емес, тәртіп қатал болатын. Оқуымыз бен жүріс-тұрысымызды мұғалімдер мен оқу секторы күнделікті қатты қадаға­лайтын. Онда әр сыныпта оқушы­ның білім деңгейі мен үлгерімін анықтап тұратын арнайы тақта бар еді. Сол тақтадағы тізімде Нұрсұл­танның аты үнемі жоғары жақта тұратын. Мен де жақсы оқыдым. Бірақ математика, геометрия пәндерінен кейде «үш» алып қалатынмын. Бір күні әлгі тақтаға үңіле қарап тұрған Нұрсұлтан «әй, Күләш, мына тригонометриядан неге «үш» алғансың? Кәне, дәптеріңді алып кел, қалған есептеріңді дұрыстап шығарып берейін» деп, қиын сабақтардан бізге көмек­тесуші еді. Аз күннен кейін тақ­тадағы маған қойылған үштік­тердің орнына «бес» деген бағалар тұ­ратын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста