Абайдың өлеңдері, қара сөздері, философиялық ойлары – бүгінгі ұрпағына таусылмас қазына. Сондықтан Абай атамыздың өлеңінен нәр алып, қара сөздерінен ой түйіп, философиялық пікірлерімен санаспайтын қазақ кемде-кем. Абай ақын, философ қана емес, ұлы ойшыл болғанының да айғағы – ол қалам тербеп, ой айтпаған дүние жоқ. Ел басқару, демография, дүние-мүлік, мал-жан, дін тіпті заң да жазған. Әйтсе де бүгінгі күні Абайдың діни көзқарасын, дүниетанымын бұра тартып, өз ұстанымдарына пайдаланушылардың қатары аз емес. Осы орайда «Сіздің танымыңыздағы Абай қандай?» деген сауалды әр сала өкілдеріне ұсынып көрген едік...
Мақаш ТӘТІМОВ, демограф:
Мен Абайды өзіме жолбастаушыдай санаймын. Ең алғаш студент кезімде демография саласын қолға алып, зерттей бастаған кезімде Абай атамыз түсіме кірді. Қасында Шәкәрім мен Мұхтар Әуезов те болды. Абай атамыздың түсіме кіруін мен сол уақытта маған берілген аяндай қабылдадым. Сол уақыттары қазақ даласын жайлаған талай нәубет, аштықтан аман қалған қазақты түгендеуді міндетім санадым. Түсімде үлкен селдің ортасында Абай, Мұхтар, Шәкәрім ақ шапандарымен тұр екен. Олар сол селді тоқтатқысы келіп, әуреге түсіп жүр екен. Түрлері үрейге толы. Біраздан соң селмен бірге олар да ғайып болып, орнын қалың көк, шөп басты. Сол уақытта мен қазақты ұйысқан ұлт ретінде көргісі келген бабаларымыз мені желеп жүр екен. Селдей аққан қиыншылықтар да өтіп, халқымыздың саны өсіп көбейеді екенбіз деп жорыдым. Демографиямен дендеп айналыса бастадым. Абайдың түсімде, осылайша, жол сілтеуі бүкіл өміріме бағыт-бағдар бергендей болды.
Құлбек ЕРГӨБЕК, филология ғылымының докторы, профессор:
Менің танымымдағы Абай – ұлылардың ұлысы. Ол – көне дінді, көне қытай, орта ғасырдың араб философиясындағы адами имандылық, гуманистік идеяларын қазақ даласына әкелген тұлға. Мүмкін, бұған Фарабидің де ықпалы тиген болуы керек. Менің танымымдағы Абай – мәңгілік Абай. Біз оның қадірін жете түсінген жоқпыз. Тірі кезінде сабадық, өлі кезінде жауластық. 20-30 жылдары Абайдың тұқымдарын жер аудардық. Мәселен, Абайдың ұлы Тұрағұлдың сүйегі Шымкентте бір зауыттың астында жатыр. Абайдың ұл ұрпақтарынан ешкім қалған жоқ. Қыздан шөбере-шөпшек болуы мүмкін. Абайдың тікелей ұрпақтарын жойып жібергеніміз үшін оның рухынан кешірім сұрау ешбір қазақтың ойына келетін емес. Оңтүстік Қазақстан – рушылдық пиғыл танытып, бір ескерткіш қойған адамға 90 ескерткіш қоюмен әуре. Шымкент қаласының ортасынан Құнанбаев Тұрағұл Абайұлына неге ескерткіш орнатпаймыз? Сонда бұл біздің Абай рухынан сұраған кешіріміміз болар еді. Менің танымымдағы Абай – менің баламның баласының, баласының құрдасы, сырласы, рухани қорегін беруші ұлы тұлға. Яғни ол ұрпақпен бірге мәңгі-бақи жасай беретін болады. Қазіргі абайтанушылар Абайды дұрыс танымай жүр. М.Әуезов біраз жерге алып барды, бірақ заманадан қорқып, қате трактовка жасаған жерлері көп. Ал кейінгі абайтанушылар М.Әуезовтен аса алмай, соны қайталаумен, шиырлаумен келе жатыр. Абайға жаңаша таным керек, ол үшін қазақ рухани дүниетанымының жаңа биігіне көтерілуі тиіс.
Қалдыбек СӘБДЕНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
Абайдай дана ақын жоқ. Бұл – талассыз дүние. Әйтсе де маған ол философиялық ойларымен ерекше жақын. Бүгінгі күні де орын алып жатқан кейбір дүниелерді Абай осыдан 100 жыл бұрын айтып кеткен. Сондықтан Абайдан үйреніп, оның ойына сүйенуден қашпау керек. Былтыр жұбайым қайтыс болғанда қатты қайғырдым. Сонда өзіме Абайдың сөзімен тоқтау айтып, есімді жидым. Сол секілді дана Абайдан жұбату, қолдау күтетін кездерім аз емес.
Сіздің танымыңыздағы Абай қандай?
Читайте также
Шоқан шындығы неде?
«Артық туған Абылай...»
Жақсылық Грек-рим күресінен Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің бозкілемдегі бейнеті мол жылдары туралы
Ұзақбай Құлымбетовті ұмыту – тарихымызды естен шығару деген сөз...
Жер жүзіне палуандықпен атын жайған... қазақтың Қажымұқаннан басқа кімі бар?
Сарқыты сарқылмайтын аға
Последние статьи автора