Көзі тірі болғанда биылғы сәуір айында Камал Сейітжанұлы Смаилов 80-ге толар еді. Оның өмірден өткеніне 10 жылдай уақыт болды. Бірақ осы бір қазақтың дарынды ұлының, журналист-жазушы, кино және телевизияның аса көрнекті маманы, аяулы азаматтың жарқын бейнесі менің көз алдымда, тірі кезіндегідей күлімдеп, жылы шырай танытып, «бауырым» деп тұрғандай көрінеді.
Алғаш рет онымен 1959 жылдың жазында Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенде таныстым. Газеттің жауапты хатшысы, жерлесім Сағат Адипов: «Мәскеу пойызымен батыстан іссапармен Алматыға оралып бара жатыр екен, Ақтөбеден Сұлтанғали Қадыров деген жолдасым телефон соқты, Камалды қарсы ал, саған хабар бер, кездесіп қалайық депті, менің университетті бірге бітірген жолдасым ғой, қазір «Білім және еңбек» журналын басқарады», – деді. Екеуміз вокзалға келдік. Жол бойы Сағат ағай Камалды мақтаумен болды. «Ішіміздегі жасымыз еді, бірақ сабақты күшті оқыды. Өте талантты, қаламы жүйрік, жазғыш еді. Оқу бітірісімен «Лениншіл жаста» қызметке қалды. Қазір жаңа журналды басқарып отыр. Келешегі мол, әлі ол ұзаққа барады» деп көпіртіп мақтаумен болды. Мен басымды изеп, тыңдаумен болдым. Мәскеу пойызы да келіп тоқтады. Пойыз жарты сағат аялдайды. Ол кезде шығарып салу, қарсы алу рәсімін жасау әдет болатын. Сәкең жеңіл үстел дайындатып қойған-ды. Үстелге бірден жайғастық. Камал екеуі сағынысып қалған екен, құшақтасып, сүйісіп, мәз-майрам болып қалысты. Екі достың қарым-қатынасына мен қызыға қараумен болдым. Кездесу құрметіне екі-үш рюмка шарап алдық. Асығыс болса да, жеңіл тамақтанып, өткен-кеткенді айтып отырғанда поездың жүрер уақыты да болып қалған екен. Сағат досына мені таныстырды. «Інім, өзіміздің ізімізді басып келеді, бізде практикада жүр, өзі – ақын, өлең жазады», – деп мені көтермелеп қойды. Ол кезде баспасөзде алғашқы өлеңдерім жарық көріп тұратын. Соны айтып, мені біраз жерге апарып тастады. Камал болса бас изеп, жатырқамай, ішке тартып: «Алматыға барғанда маған келіп тұрсаңшы», – деп жалпылдап жатты. Бірақ менен ақын шықпады. Кейін өлеңді қойып кеттім, газетке мәдениет, өнер, білім жайында мақала, суреттеме жазуға қарай ойысып кеттім. Кейін Алматыда кездескенде Сағаттың айтқаны есінде қалған болуы керек, Камал: «Өлеңдерің қайда? Берсеңші газеттерге», – деді. Мен күліп: «Өлеңмен қоштасқанмын, қара жаяу мақала жазуға көштім», – деп қысқа жауап бердім.
Камалмен сол алғашқы таныстығымыз кейін жалғаса берді, ағалы-інідей болып, көңіліміз жарасып кетті, бір-бірімізге деген тілектестігіміз артып, жақын болып кеттік. Орталық партия комитетінде біраз уақыт бірге қызмет істедік.
Камал ағамыз шығармашылық жағынан да, қызмет жағынан да кілең өсумен болды. Журналдан кейін комсомолдың Орталық Комитетінің секретары болып істеді. Жастық жалынымен осы жылдары жастар баспасөзіне басшылық етті, жастардың шығармашылық өсуіне, мәдениет пен өнерге атсалысуына мұрындық болды. Әрі өзі бұрқыратып газет-журналдарға жазумен болды. Біз, жастар, оның жазғандарын қызыға оқитынбыз. Тақырып аясы кең, ғылым мен өнер жаңалықтарын насихаттауға, оны журналистік шеберлікпен қызғылықты, көркем тілмен жеткізуге тырысатын, цифрларды ойнатып жіберетін.
Жоғары биліктегілер жас қаламгердің жан-жақты ізденістерін, ойлылығын, ұйымдастырушылық қабілетін көре білді. Оны қазақ киностудиясын басқаруға жіберді. Кино саласына қызығушылық осы жылдары үстем болып тұр еді, ұлт кадрлары аз болатын. Комсомолдың көрігінде қайнап-өскен Камалға қазақ киносына жастарды кеңінен тартып, жаңашыл жастарды осы іске жұмылдыру тапсырылды. Табиғатынан жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш, бастамашыл Камал киноға келгенде бір топ жаспен бұл творчестволық мекеменің жұмысын жандандыруға көп күш салды. Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази бастап, достары арасында жеті тапал аталған жігіттер, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, «Қоңыр күз» повесімен жастарға кеңінен танылған Қалихан Ысқақов және басқалар киностудияны жастардың озық идеясының ошағына, шығармашылық айтыс-тартыс пен диспуттың қызу көрігіне айналдырып жіберді. Кілең қаламы ұшқыр, білімпаз жастар енді прозадан киносценарий жазуға машықтанып, жаңа жанрды игеруге ойысып кетті. Кино өнерінің табиғатын жете меңгеруге белсене кірісті. Киностудияның жұмысы жанданып жүре берді. Жастар өз еңбектерінің жемісін көріп, есейе, марқая түсті. Алынбайтын қамал жоқ, жастар кино саласын да тізгіндеп, мойындатып үлгерді.
Камал Сейітжанұлы аз уақыт Орталық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары болып істеді. Бірақ Камалдың жүрегі өз хоббиіне – шығармашылық жұмысқа оң иығын беріп тұрды. Мұны сезген жоғарғы басшылар оны Мемлекеттік кино комитетін басқаруға жіберді. Өзі сүйген, жанына жақын кәсіпке Камал зор ынтамен келіп кірісті. Өмірде, басшылық қызметте жинақтаған тәжірибесін іс жүзінде пайдалануға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл кино саласын басқарғанда өмірге жақсы туындылар келді. Қос сериялы «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» фильмдері республика шеңберінен шығып, одақтық, әлемдік деңгейге көтерілді. Бұл ұлттық кинотуындылар осы күнде классикалық өнер туындылары ретінде қазақ мәдениетінің мақтанышына айналды. Оларды қазірге дейін көрермендер қызыға көреді, тәрбиелік, танымдық маңызын әлі де жоғалтқан жоқ.
Көп кешікпей Камал Сейітжанұлы Телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетке басшылыққа келді. Кино мен телевизияның техникалық жағынан да, мазмұндық жағынан да, танымдық-тәрбиелік жағынан да ағайындас салалар екендігі белгілі. Бұл саланы басқару Камалға жаңа кәсіп түрі болған жоқ. Бұрынғы игерген саланы жаңа талапқа, уақыт сұранысына сай ілгері басқару болып табылды. Ең бастысы, ол өнерлі, ізденімпаз, ойшыл, жаңалықты сезіне білетін жастарды маңына топтастыра білді. Жаңа тақырып, жаңа формат, жаңа шешім табуды ұжым алдына міндет етіп қойды. Телевизия мен радио көңіл көтеретін, думанды кештер өткізумен ғана шектелмей, қоғамның идеологиялық қарымды құралы екендігін де естен шығармау ескерілді. Өйткені бұл ұжымның өкілдері биліктің тікелей қадағалауында болды. Саясатты да насихаттау талап етілді. Осындай жағдайда телевизия саясатқа да, халықтың болашағына да, ұлттық өркениетке де адал қызмет етуге тиіс еді. Мұны Орталық партия комитетінде қызмет істеп шыңдалған кәнігі маман иесі Камал Сейітжанұлы бір мезет те естен шығарған жоқ. Бәрін електен өткізіп, телевизияның қоғамның қажетін де, саясаттағы ұстанымын да сабақтастыра, ұштастыра жүргізуге күш салды. Жадағай, ұраншыл саясаттың шоқпарына айналмай, телебағдарламаның танымдық, тәрбиелік, өркениеттік құндылықтардан сырт қалмауы жете ескерілді. Камалдың қолдауымен көгілдір экран арқылы «Қымызхана», «Тамаша», «Алтыбақан» сияқты бағдарламалар көрермендерге жол тартты. Ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер насихатталды. Олардың көркемдік шешіміне де көп көңіл бөлінді. Сонымен қатар телевизия арқылы өндірістік-индустриялық тақырыпқа, республикадағы аса маңызды өндіріс ошақтарындағы еңбек адамдарының қажырлы еңбегін көрсетуге де көп көңіл бөлінді. Ауыр индустрия техникасы ғана емес, жаңашыл еңбек озаттарының мәнді өмірі, жасампаз тіршілігі көгілдір экранда көрініс тапты.
Радио мен телевизияда бірге істеген қыз-жігіттер оны мінезінің ашықтығы, қарым-қатынастағы қарапайымдығы, журналистік тапқырлығы, идея беруге шеберлігі үшін жақсы көрді. Оны нағыз демократ басшы деп таныды. Комитеттің төрағасына қызметтестері именбей кірді, ойындағыларын ірікпей, еркін жеткізді. Камекең оларды ықыласпен тыңдады, айтқандарының бағалы жерлерін түртіп алып, қажетті дәндерін есепке алып отырды және оларды кәдеге асыра білді. Әріптестерінің қасы-көзіне, түр-түсіне, бет-келбетіне, ұлтына қарамастан, ешкімді алаламай, іскерлігіне, жұмысқа жауаптылығына, тапсырманы орындаудағы тиянақтылығына қарап бағалады. Соған қарай сый-құрметке, марапатқа ие болуына, әлеуметтік көтермелеу сыйлықтарын алуына қамқорлық жасап отырды. Сондықтан да оны қарауындағылар әділ басшы деп санады.
Шығармашыл еңбектің қыр-сырын ол жақсы білді. Бұл сала қызметкерлерінің еркелігі мен серілігін, асаулығы мен аңғалдығын кез келген басшы түсіне бермейді, олармен тіл тауып жұмыс істеуге икемділігі де жетісе бермейді. Бұларға басшылық ету үшін солардың тілін білетін, мінез-құлқын, өнерінің құнын айыра алатын Камекең секілді маман-менеджерлер керек еді. Солар ғана өнер адамдарымен қоян-қолтық араласып, жемісті жұмыс істей алды. Соны ескерген республиканың бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың оған Орталық партия комитетінің мәдениет бөлімін басқаруды тапсыруы тегін емес. Бұл қызметте де Камал Смаилов тізеге басып, сойыл соғып, шоқпар ала жүгіруге әуестенген жоқ. Төзімділік, толеранттылық, мінезділік танытты, іскерлік, түсіністік көрсете білді.
Тоталитарлық жүйе кезінде билікке тым демократияшыл басшы ұнай бермейтін. Менің журналистикадағы тұңғыш басшым, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Кенесбай Қосбаевтың бірде Камал туралы әңгіме болғанда «осы жігіт көңілшек, елгезек мінезін ең болмаса бір мысқалға азайтса, нағыз іскер басшы шыққалы тұр» деп айтқанын естігенім бар.
Шығармашылық жолын журналистикада «Лениншіл жас» газетінде – әдеби қызметкер, «Білім және еңбек» журналында бас редактор болып бастаған ол кеңес өкіметі тараған соң журналистикаға қайта оралды. «Ақиқат» журналын басқарды. Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланды. Журналистер одағына ұзақ жыл басшылық етті. Көп кітап жазып, жарыққа шығарды. Ғылыммен де айналысты. Өнертану ғылымының кандидаттық дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында кафедра басқарды, студенттерге дәріс берді.
Бұл сан салалы жұмыстарда ол өзін жақсы жағынан көрсете білді. Еңбектері бағаланып, көп марапат, наградаға ие болды. Республика Жоғарғы Кеңесіне әлденеше рет депутат болып сайланды.
Камал Смаиловтың телевизия мен кино саласында, қазақ журналистикасында сіңірген еңбегі айтарлықтай. Жақсы кинофильмдер мен телетуындылардың дүниеге келуіне де себепші, ұйытқы болды. Бұл салаларда көп шәкірт тәрбиеледі.
Ең бастысы, оның басшы ретіндегі, шығармашылық қайраткер ретіндегі ерекшелігі кіммен болса да жұмыс істеуге бейімділігі еді, кіммен болса да әңгіме-дүкен құрып, ортақ тақырыпта сөйлесе білуге қабілеттілігі ерекше еді. Мынау – бала, мынау жас қой деп, ешкімді кемсітпей, оларды әңгімеге тартып, сөйлесе білетін. Кішіпейіл, ешкімді жатырқамайтын. Елдің бәрін өзіне дос көретін.
Оның өзіндік бір артықшылығы – кіммен болса да тіл табыса білетіндігі еді. Ол кәрі тарлан Ғабит Мүсіреповпен де, асау, турашыл, бірбеткей Олжаспен де, білгір, ауыздыға сөз бермейтін шешен Мұрат Әуезовпен де, Батыс мәдениетімен дертті болған, энциклопедиялық білім иесі Асқар Сүлейменовпен де, жаңашыл модернист, технократ Ғаділбек Шалахметовпен де, арынды, арқалы ақын, қыңыр мінезді Өтежан Нұрғалиевпен де тіл табыса білуі осыған дәлел бола алады. Оның достары көп болды. Өзінің мектептегі парталас досы – академик Төрегелді Шармановпен достығы дүниеден өткенге дейін жалғасты. Араларына бір сызат түскен жоқ. Жалынды жауынгер, майданда ерлікпен қаза тапқан публицист ағасы Баубек Бұлқышевті көзі тірісінде пір тұтып, оған табынып, сиынумен болды. Өмір бойы кумир тұтты. Университет бітірерде менің жазған «Баубек Бұлқышевтің публицистикасы» деген диплом жұмысымды кітапханадан алдырып, оқып шығып, риза болып, маған алғыс айтқаны бар. «Мұның аздап кеңейтсе, дайын тұрған кандидаттық диссертация ғой», – деп қолпаштағаны әлі есімде.
Мені Камалмен алғаш таныстырған Сағат ағайым бірде маған хат жазып жіберіпті. Онда ол Камал курстасына деген өкпе-ренішін білдіріпті. «Бірге оқығандағы ең жақын жолдасым еді. Наны жүріп, өсіп кетті. Екі рет министр тағына отырды. Жамбылдағыларға құлаққағыс етіп, жәрдемі тимеді. Беделі бар, облыстағыларға сөзі өтеді. Бірақ бізді ол ұмытып кетті. Содан арамыз суып кетті», – деп жазыпты. Камалға өкпе-назын жеткізсе деген болуы керек. Не деп жеткіземін?! Кездескен сайын Камалдың Сағаттың отбасын, жағдайын сұрап бәйек болып жататыны маған мәлім. Сағат туралы жылы сөзден басқа ештеңе демейтін. «Мінезі құрғырды қойсаңшы, біздің Сәкеңнің мінезі қыңыр, өз айтқанынан қайтпайды, дипломатиясы жоқ, әріптестерімен мәмілеге келуге бара бермейді, өз мінезінен тауып жүр ғой, әйтпесе қаламының жүйріктігінде, азаматтығында еш айып жоқ», – дейтін Камал маған кездескенде. Ал Сағат ағайымның болса, оған өкпесі қара қазандай, ренішін шұбата жөнелетін. Бар айтары: ескі достарын ұмытып кетті. Қол ұшын бермейді дейді. Камал болса ешкімді ренжітіп, өкпелетіп жүрмін деген ой қаперіне кіріп те шықпайды. Өйткені оның жүрегі достарына әрдайым адал. Ешкімді ренжітіп, көңіліне қаяу салдым деп ойламайтын. Ешкіммен жауласып, кеңірдек жыртыспайтын. Бекзат, биязы, иі жұмсақ азамат болатын. Кісіге қиянат жасауға бармайтын. Отбасына да жайлы болды. Жұбайы Надия Нажмеддинқызы Шманова КазГУ-дың орыс филологиясын өзімен бір жылда бітіріп, КазПИ-де студенттерге орыс тілінен сабақ берді. Ғылым кандидаты болды, кафедра басқарды. Камалға екі ұл, бір қыз сыйлады. Тату-тәтті өмір сүрді. Өкінішке қарай, ұлы Нұрлан азамат болғанда сырқаттан ерте дүние салды. Отбасына көңіл айтып барғанымызда қазақтың белгілі қайраткер қызы, республиканың мәдениет саласын басқарған, Үкімет төрағасының орынбасары болып істеген Манура Мерғалиқызы Ахметова: «Кеше ғана Камекең бізде бөлімде болған еді, қызмет бабында сөйлесіп, әңгімелескен едім. Сонда баласының қатты сырқаттанып жатқанын, жан күйзелісін сездірген де жоқ еді. Неткен төзімді адам еді!» – дегені әлі есімде.
Жұбайының да бұл ауыр қайғыны бастан кешуіне тура келді. Ол өзі қазақтың белгілі қайраткер азаматы Әнуарбек Нажмеддинұлы Шмановтың туған қарындасы еді. Әпекең болса, Мәскеудің халықаралық қатынастар институтының алғашқы түлектерінің бірі болатын. Француз тілін, бұл елдің әдебиетін жақсы білетін. Комсомол, партия ұйымдарында ұзақ жыл қызмет етті. Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. «Білім» қоғамын басқарды. Өте сауатты, зиялы азамат еді. Қарындасы да – аға үлгісін көріп өскен, тәрбиелі адам. Жұбайы дүние салғаннан бері оның үш томдық шығармалар жинағын жарыққа шығаруға, деректі кинофильмнің түсірілуіне ұйытқы болды. Марқұм жұбайы туралы мектептерде, студенттер арасында кездесу өткізіп, жылы естеліктер айтып жүргенін Қамекеңмен «Ақиқат» журналында бірге істеген жазушы Марат Мәжитов әрдайым сүйсіне баяндайды: «Біздің апай Қамекеңнің отбасын өзі бардағыдай басқарып отыр. Ұлы Сәлім – бизнесте, қызы Зайра дәрігер болып істейді. Немерелері – әжесінің қамқорлығында», – дейді ол.
Біздің Камекең – қаламгер-қайраткер, киногер, тележурналист, жазушы-публицист. Сан қырлы дарын иесі, елгезек, елге қадірлі азамат еді. Тірі болғанда, бұл күндері 80-ге келер еді. Оның жылы жүзі, әрдайым күлімсіреген бейнесі – әлі көз алдымызда. Біз, оның достары, әріптестері Камекеңді ешқашан ұмытпаймыз. Оның есімі – біздің жүрегімізде!
Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымының докторы, профессор