Қазақ баспасөзінің чемпион қаламгері
Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы, ел спортын насихаттауға телегей-теңіз еңбек сіңірген, қазіргі Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының алғашқы президенті, 1966 жылы – Лондонға, 1970 жылы Мексикаға барып, футболдан әлем чемпионаты жайлы қалам тартқан алғашқы қазақ.
Сейдахмет Бердіқұлов (1933 – 1994) – жазушы, публицист, журналист. 1933 жылы 9 мамырда Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Қарақастек қыстағында дүниеге келген. 1956 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1965–1970 жылдары – «Қазақстан пионерінің» редакторы, 1970–1986 жылдары – «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы, 1986–1994 жылдары «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды.
...Ғажап! Футбол дүбір салған көктем тағы келді. Күн жылыды, жер көгерді. Адамзат біткен алақандарын жайып, жандарына жылу жинай бастады. Мал төлдеді, топырақ бусанды, балалар доп қуа бастады. Сейдахмет аға ғашық болған футбол ойыны бір жылда жер кіндігін бір айналып, қазақ топырағына тағы келді. Енді сол футболға ерекше ғашық жүректі Сейдахмет аға жоқ... Бірақ көктеммен ілесіп келген футбол бар. Тәубе. Әлгі футбол қуған мың баланың арасында Сейдахмет ағасын оқыған бір түйір бала болса болғаны! Жаңа ғасырдағы қазақ футболының жауынгерлеріне Сейдағаңдай, Тұмағаңдай ұлтын сүйген үлкен жүректі жандардың арман-тілегін аманат етіп сол жалғыз түйір бала-ақ жеткізеді, бұйыртса!
...Оу, футбол келді тағы да! Сейдахмет аға атындағы жүлдеге қаламгер атаулы шапқылайтын футбол додасы келді! Мамырдың 7-9-ы аралығында осы доданың бесігі болған Алматыда сол футбол бәсекесі тағы да дүрілдеп өтіп жатыр. Қайран Тұмағам-ай, көктеммен бірге құлпыратын дала гүліндей өлмейтін өлең жазған екенсіз-ау, «Футбол келдідей»! Олай болса, сіз де тұрыңыз, Сейдешіңізді ертіп алып, ортамызға келіңіздер. Футбол алаңының аспаны сіздердің рухтарыңызбен нұрланып тұрсын, Ардақтыларым!
...Сейдахмет Бердiқұлов ғажап журналист, тамаша жазушы, ерекше ұлтжанды қаламгер болатын. Әсiресе футболды ерекше жазды Сәкең. Футбол туралы қаламымен теңдессiз өрнек салып, жаза алған Сәкеңнiң мол мұрасы қанша ақтарса да жалықтырмайды. Сонау бұлт астындағы Мексикадағы болсын, мынау мұнарға оранған Ұлыбританиядағы болсын, әлемдiк футбол додасын Сәкең қазақы көзбен, қазақы сөзбен, қазақы жүрекпен жазған кезде жанарыңа жас үйiрiледi. Қандай тойды да көретiн көз көп, куә болар көкiрек сансыз, бiрақ соны санасында қорғасындай ерiтiп, көрмегенге көргендей етiп жеткiзетiн жазудың жампоз шеберi Сәкең, Сейдахмет ағамыз едi.
1994 жылы Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының (AIPS) Манчестерде өткен ел VII конгресіне барып қайттым. Келген бетте Дүрәліні ертіп, ауыр халде жатқан Сейдағаңа бардым. «Аға, Манчестерден келдім, Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан спорт журналистері атынан AIPS-тің жиынына қатысып келдім» дедім. Жалт қарады, көзі от шашып, жайнап кетті. Іле-шала көзінен жас шығып кетті. «Жеттік пе, соған да айналайын» деп ағыл-тегіл жылады. Мен де өзімді ұстай алмадым, көзден жас парлады. Сейдағам сондай елін сүйген ер еді...
Шіркін-ай, тірі болғанында Сейдахмет ағамыз бүгін 80-ге толар еді. Сейдахмет аға 61-ақ жыл өмір сүрді. О, өмір-ай, кезінде Сәкең маған өлмейтін адамдай көрінуші еді. Киімнің жақсысын киді, сұлудың жақсысын сүйді (Күлатай жеңгемізді айтамын. – Н.Ж.), еркін, еркелей өмір сүрді, творчество ләззатын бір адамдай-ақ татты... «Жалған дүние» деген рас екен, аяқ астынан ауырып, мойын бұрғызбай алды да кетті Жаратқан Алла. Ер жігітке 61 жас деген не тәйірі?! Бүгінде біздің өзіміз Сейдахмет аға келген жастан асып кеттік. Ойлап отырсам, Сейдағаңдар сол кезде келген жасымен емес, еткен еңбегі, жеткен биігі, білім-парасатымен ел ағасы бола білген екен-ау! Бүгінде қазақта «нағыз шал жоқ», «абыз ақсақал аз» деп жатамыз ғой, сол секілді жастар аузына қарайтын ел ағалары да азайып кетті. Кезінде солардың бірегейі менің ұстазым Сейдахмет Бердіқұлов болатын. Рухыңнан айналайын, қазақ баспасөзінің чемпион қаламгері, жазушы, қайраткер, мәңгілік ұстазы Сейдағаң, Сейдахмет Бердіқұлов!
Несiп ЖҮНIСБАЙҰЛЫ, Сәкеңнiң шәкiртi, республикалық Sport-“Спорт” газеттерiнiң директор-бас редакторы, Қазақстан спорт баспасөзi қауымдастығының президентi
Бердіқұловтың бешпенті
Бүгін – қазақ спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұловтың туған күні. Абыз аға тірі болғанда, бүгін 80-нің сеңгіріне шығар еді...
Сейдағаң туралы жазғандар аз емес. Өзінің тәрбиесін көрген шәкірттері де ұстаздарын ұлағаттап, басқалар да қалам тартып, марқұмның қандай адам болғандығын еске түсіруде. Солардың ішінде маған филология ғылымының докторы, профессор, әдебиеттанушы ғалым, көрнекті тіл маманы һәм қоғам қайраткері Бауыржан Омарұлының мына бір жазғандары ерекше ұнады (әрі қарай Баукеңнің шұрайлы өз тілімен):
«Қазақ баспасөзінің лексиконында қашаннан қалыптасқан «Шерханның шекпені» деген ұғым бар. Тәлім беруі жағынан теңдесі жоқ бас редактор Шерхан Мұртазаның мектебінен өткендер «Шерағаңның шекпенiнен шықтық» деп желпінеді. Желпінетіндей жөні бар. Бәрі де бәйге атындай жарап тұр. Ылдиға салса, төске озады. Руханиятымыздың қара нары саналатын осы айбарлы ағамыздан кейін бас редакторлық болмысы бөлек тағы бір тұлғаның есімі ерекше аталады. Ол – сырбаз суреткер, қажырлы қайраткер, батыл басшы Сейдахмет Бердіқұлов.
Әдебиетіміздің айбынды ақсақалы Әбділда Тәжібаев «Өнердегі батылдығың қайтпасын, батыр інім!» деп бата берген Сейдағаңның ерлігі мен өрлігі туралы мысалдар жетіп-артылады. Шерханның шекпенінен шыққандар секілді Бердіқұловтың бешпентінен өргендер де шетінен жүйрік болды. Олардың қай-қайсысы да бүгінде ақпарат пен әдебиет әлемінің шаңырағына бір-бір уық болып қадалды. Шерағаңның шекпені де, Бердіқұловтың бешпенті де қазақ баспасөзіне құт әкелді.
Бешпент демекші, тектілігі түрінен көрініп тұратын бітімі бөлек Бердіқұловта бешпенттің жеті атасы бар еді. Сәні келіскен Сейдағаң көбіне-көп галстук тағып қылғынбай, мойнын жауып тұратын ыңғайлы свитер кие салатын. Мұндайда ол, әрине, әдемі бешпенттерінің бірін иығына іліп, көзіне қара көзілдірік тағады. Былғары бешпент те, барқыт бешпент те Бердіқұловқа қона кетеді. Оны осы күйінде жиі ұшырататындықтан, бешпентсіз Бердіқұлов бізге біртүрлі көрінетін.
Бердіқұлов бешпентінің жылуын сезініп үлгерген ұрпақтың соңы біздер болдық-ау деймін. Қайтейік, оқу бітірген шағымыз оның 16 жыл басқарған «Лениншіл жасынан» басқа қызметке ауысатын кезіне тап келді. Бердіқұлов бешпентінің ішінде небәрі бір жылдай ғана жүріппіз. Сондықтан сайыпқыран бас редактордың тәрбиесінде ұзақ жыл болған азулы ағаларға қызыға қараймыз. Тарлан атанған да, арлан атанған да – солар. Олардың бойынан біздегідей қырық күндік кемдік табыла бермейді. Шетінен кескекті ердің сойындай ширығып тұрады. Кесек турайды...»
Бұл – Бауыржан ағамыздың «11-інші қаламұш» деген кітабында Несіп Жүнісбайұлы туралы жазған эссесінен алынған үзінді. «Солардың ішінде Бердіқұлов өз бешпентінен шығарып қана қоймай, сол бешпентін бір шәкіртінің иығына ықыласпен жауып қалдырып кеткен сияқты» деп Бердіқұловтың сүрлеуіне шындап түскен шалымды да шыдамды алғашқы шәкірті жайлы жазған.
Сол кітабында Бауыржан аға Сейдағаң туралы да жазған. Онда сол жылдары Қазақ мемлекеттік университетінiң журналистика факультетi студенттерiнiң бәрiнiң арманы «Лениншiл жасқа» («Жас алаш») қызметке қалу болғанын жазады.
– Өйткенi олар күн сайын құлаш-құлаш мақалалар жариялап жататын, еркiн жазатын, батыл пiкiр айтатын журналистермен бiрге қызмет iстегiсi келдi. Солардың бәрiн басқарып отырған, басылымның өзгеше стилiн, бөлек бет-бейнесiн қалыптастырған, атағы жер жарған редактор Сейдахмет Бердiқұловтың басқару мектебiнен тәлім алуды қиялдады. Университет бiтiре сала осы басылымның табалдырығын аттап жатқан қыз-жiгiттерге жұрт қызыға қарады. Бiз де қызықтық, армандадық. Содан бiрiншi курстан бастап газеттi жағаладық. Студент кезiмiзден Бердiқұловтың сайыпқыран шәкiрттерi томағамызды алып, топқа салды. Киелi шаңырақтың босағасынан сығалап жүрiп, қасиетiне қаныға бастадық. Берекелi басылымға оның дәстүрiн ұғынып, сипатын сезiнiп бардық. Сейдахмет Бердiқұловтың сол қолымен жазылған бұйрығымен «Лениншiл жасқа» қызметке алынғандардың бiр несiбесi артық болды. Олардың арасынан ұстаздың дәстүрiн жалғаған бас редакторлар өсіп шықты. Сөздiң қадiрiн бiлетiн, стилi жатық Бердiқұлов мектебiнiң шәкiрттерi қайда да қарымды екенiн көрсеттi, – деп Б.Омарұлы Сейдағаның тәрбиесінің күшті болғандығына да тоқталып өткен.
Одан әрі:
«Барған басылымы жайнап сала беретiн бас редактор Бердiқұловтың құдiретi неде? Ол — құрсаулы жүйенiң өзiнде еркiн тыныстаған адам. Ақиқатты тайсалмай айта бiлдi. Бас редактор Бердiқұлов өте батыл болды. Жастар ұйымының басшылығы әр кез онымен санасты. Көктем мерекесi деген желеумен әр жылғы 22 Наурыз күнi жасыл немесе көгiлдiр түстермен безендiрiп, арнайы нөмiр шығарып тұрды. Бұдан да зор басылымдар тырп етпей жатқанда, Наурыз күнi жасандырып газет басуға рұқсат алу оңай емес-тi. Сол жасыл түс кейiн дiнiмiзге мойын бұрғызды, көпшiлiгiмiздiң иманымызды оралтты, көгiлдiр түс жалауымыз болып көгiмiзде желбiредi. Қатал цензураның тұсында да Бердiқұлов басқарған басылым ұлтқа пайдалы дүниелердi жариялап отырды», – деп Сейдағаңның батылдығына сүйсінген жерлері де бар.
Бауыржан ағамыз жазғандай, «Несіп ағам Бердіқұловтың бешпентін әлі күнге дейін кір шалдырмай ұстап келеді». Әрі Нес-ағаң жалғыз емес. Қазір Сейдағаңның төл шәкірттері Несіп Жүнісбайұлы, Қыдырбек Рысбек, Дүрәлі Дүйсебай ағаларымыздан үлгі алып, солардың соңынан ерген спорт журналистері көп-ақ. Бәрі де қазақ спорт журналистикасының атасы һәм негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұлов екенін біледі әрі мойындайды. Көбісі Сейдағаңды пір тұтады. Ендеше, Сейдағаң салған сара жол өміршең деуімізге негіз бар.
Бетті дайындаған Сейдахмет Бердіқұлов сыйлығының лауреаты Н. САСАЕВ
шәкірт лебізі
Уайымы ұлтының болашағы еді
Қыдырбек Рысбек, Сейдағаңның шәкірті, спорт қайраткері:
– 1991 жылдың желтоқсан айында журналистикадағы ұстазым, қадірлі ағам Сейдахмет Бердіқұлмен сұхбаттасудың сәті түсті. Сол әңгіме республикалық «Спорт» газетінде жарық көрді. Сейдағаңның сондағы бір сөзі жадымда жатталып қалды. Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялап, Мәскеуден іргені енді бөле бастаған кез еді. Ұстаз ұлт азаттығы туралы сөз қозғай келе: «Егер Тәуелсіздік алғанымыз рас болса...», – деді. Мен аға неге бұлай айтып отыр деп, іштей біртүрлі болдым. Кейін азат ел ретінде тірлігіміз түзеліп, бірақ тіліміз тәуелділікке түскенде; түрі қазақ, бірақ іші орыстанған замандастардың өз ұлтына деген қырыс көңілін көргенде; жеті жарым мың шақырым шекарамыз шектесетін Ресейдің Қазақ елін әлі де уыстан шығарғысы келмейтін саясатына көзіміз толық жеткенде; бес құрлыққа миллиондаған адамдарын мысықтабандап қондырып, түбі жер шарын жеке-дара билеуді көксеген Қытайдың ішкі пиғылын ұққанда; мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тың «демократия орнатамыз» деген желеумен араб елдеріне жасаған озбырлығын көргенде – қайран ұстаздың осыдан 21 жыл бұрын айтқан сөзі еріксіз ойға оралады.
16 миллион ғана адамы бар, ал байтақ даласы 500 миллион халықты бағуға жарайтын Қазақ еліне ең керегі – бейбіт тірлік. Алланың бұйрығымен тыныштықтың арқасында күн санап ілгері басып келеміз. Сейдахмет аға сол кезде-ақ азаттықтың жолы оңай болмасын терең түйсініп, алпауыт мемлекеттердің бізге бақай есеппен қарайтынын сезген екен. Алла тағала Алаш жұртын көптің өктемдігінен, озбырдың қиянатынан сақтасын деп, күні-түні дұға қылсақ, бейбітшілігім ұзағынан болып, қазақтың да қара ормандай қалың елге айналатын күні туар, ағайын.
Көп адамға жөн сілтеген жан еді...
Сайын Тұрсынов, ардагер спорт журналисі:
– Сейдағаң ерекше жан еді ғой. Өзі солақай болды. Бірақ өмірде солақай болған жоқ. Адал, шыншыл болды. Редакцияда істесе де, баспада істесе де, қарамағындағы адамдарға көп көмектесті. Айналасындағыларға шапағатын шашты. Қаншама адамға жөн сілтеді, қаншама адамға жақсылық жасады. Қаншама бұлақтың көзін ашып, қаншама таланттың томағасын сыпырып, журналистика майданына қосты. Өзінен кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, жігерлендіріп отырды. Жастардың намысын жанып, шабытына қанат бітірді. Жүрегі «қазақ» деп соғатын. Ұлтжанды болды. 86-жылғы аласапыранда көп жерлерде ойын бүкпесіз айтып, шырылдады. Қазақ спорт журналистикасына өлшеусіз еңбек сіңіріп, мәңгілік қолтаңбасын қалдырды. Кейінгі ұрпақ біліп жүрсін, айтуымыз керек, Сейдағаң қазақ спорт журналистикасына, осы бір тың салаға, қаншама қазақы сөздер енгізді. Орысшадан аударғанда, қазақы мәтінге салып, жігін білдірмей жіберетін. Мен Сейдағаңмен бірге жұмыс жасаған жоқпын. Бірақ кездесе қалсақ, «сенің ана мақалаңды оқыдым, дұрыс жазылған, жарайсың» деп жебеп-демеп қоятын. Ал бізге Сейдағаңның мақтауынан артық құрмет бар ма? Мәз болып, қуанып қалатынбыз. Сейдағаңның ықыласы мен мақтау-мадақтауы кез келген жүлде, дипломнан артық болатын. Солай Сейдағаң ерекше жаралған жан еді...
Сейдахмет Бердіқұловтың есімі мәңгі өшпейді!
Анатолий Пятибратов, ардагер спорт журналисі:
– Журналистика саласына ауысқым келіп, осы салаға жұмысқа тұру керек болғанда, еңбек жолымды сонау Чукоткадан бастауға тура келді. Содан Магаданға ұшу керек болып, ұшаққа билет таппай қиналдым. Сол кезде орыстілді әріптестерім Бердіқұловқа шығып, ол кісі билет тауып берді. Кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне қарасты Спорт және дене тәрбиесі комитетінде қызмет етіп жүргенімде Бердіқұловпен екінші рет кездестім. Сонда «сен Чукоткаға ұшып кеткен жоқ па едің?» деп, бір әзілдеп алды. Ол кісі жаны жайсаң, қайырымды адам болатын. Сол кездері кәнігі жазушы болып көсілген кезі еді. Кейбір кітаптары шет тілдерге аударылған. Әйтсе де қарапайым, ақкөңіл кейпін жоғалтқан жоқ. Кейін Sport@ks газетінде жұмыс жасап жүріп, Бердіқұлов атында спорт журналистеріне тағайындалған жүлде бар екенін білдім. Содан Бердіқұлов жүлдесінің лауреаты болуды армандадым. Ақыры сол жүлденің иегері атандым.
Қазір Анапада (Ресейде) ұлым мен келінімнің қолында тұрамын. Алыстағы менің балаларым мен немерелерім де Бердіқұловты жақсы біледі, құрметтейді. Өйткені төрімнің көрнекті жерінде аспан түстес көгілдір диплом тұр. Онда немерелерімнің атасы Қазақстанға кеңінен танымал тұлғаның атындағы сыйлықтың лауреаты екені алтын түстес жарқыраған әріптермен кестелеп жазылған. Өзім де, ұрпағым да Қазақстан мен қазақ спорт журналистикасына елеулі, ғажайып жанның атындағы сыйлықтың лауреаты екенімді мақтан тұтамыз.
Бердіқұловтың білігі
Дүрәлі Дүйсебай, Сейдағаңның шәкірті, белгілі журналист:
– Сейдахмет Бердіқұлов – өткен ғасырдың 70-90-жылдары қоғамның дамуына ықпал еткен елеулі тұлғаның бірі. Спорт әдебиеті, спорт журналистикасына сіңірген еңбегін былай қойғанның өзінде, ел өркениетінің қай саласында да ол кісі салған із әлі сайрап жатыр.
«Тақырыпты қатырыпты» деп, Көпен көкем айтқандай, Сейдағаң тақырып қоюдың қас шебері болды. Кез келген редакторлар секілді алдына келген материалдың алдымен тақырыбына шұқшиятын. Өзге әріптестерінен ерен ерекшелігі – сол қолымен шекесінен шертіп кеп жібергенде, жұтаң тақырыптың өзі жұтынып шыға келетін. Тақырыптары онсыз да ойнап тұратын Несіп ағам да Сейдағаңның алдында кейде қауқарсыз.
Бірде Медеуде өтіп жатқан үлкен бір жарысқа КСРО-ның айдарынан жел ескен атақты конькишісі келе қалып, мұндай мүмкіндікті қалт жібермейтін Несағаң ол азаматтан сұхбат ала қойсын. Материалды әдеттегідей ертеңгілік мәшіңкеге басып, тастай қылып редакторға кіріп кеткен. Бір кезде ентігіп келіп тұр. Бір нәрсені күбірлей сөйлеп қасыма келді де, «апырай-апырай» деп басын шайқай берді. «Мынаны қарашы, – деді сосын маған бұрылып, – мен «Он екі (әлде «он үш» – ертеректегі екі конькидің салмағы ғой. – Д.Д.) келілік конькимен – әлем рекордына» деп тақырып қойып едім, «Он екі» дегенді белінен бір тартты да, «Шойындай» деп қайқаң еткізді. Тамаша! Мен де соншама ауыр конькимен жеңіл сырғанаған жүйріктің ерлігін көрсетпек едім ғой. Қазақ үшін шойыннан ауыр не бар?» деп таңданып еді.
Сейдағаң – талай мықтыны осылай талай рет таңдандырған. Ол кісінің спортқа енгізген терминдерінің өзі бір зерттеу институтының иығына жүк.
Қарамағындағы журналистердің жарқ еткен бір қонымды идеясы болса, беттен қақпай, қолдауға дайын тұратын. Жұртты елең еткізген Оңласын Әмірқұловтың «Кісікиік» атты шытырман оқиғалы шығармасы да сол тұста жарияланған еді. Өзі түнімен көз шырымын алмай жазған материалын бастыру үшін мәшіңке бөліміне кіре бере бір жас перінің тура сол тақырыпқа қатысты дүниесін саңқылдап бастырып жатқанын ести салып, ізінше кері бұрылып кете баруының өзі нені ұқтырады. Редактор жас әріптесінің мақаласын «лақтырып тастап», өз материалын шығарып жіберсе, біреу бірдеңе дер ме еді?! Мұндай ұлағаттылық ол кісіде молынан кездеседі қаза берсең.
Қайраткерлігі, яғни мемлекетшілдігі, ұлтшылдығы бір-бірін толықтырып тұратын асыл қасиеттері десем артық бола қоймас. Өзі қатты ауырып, төсек тартып жатқанда Несағаңмен көңілін сұрап, ауруханаға бас сұқтық. Нарттай болып жатыр екен. Сәлемімізді алып, артық сөзге бармай жатып бірден «Намысың» қалай? Әлде менің көмегім керек пе? Хат жазсам ба деп жүр едім?..» – деп барып тоқтады. Шаршап қалды. Сол кезде жоғары жақ көмек қолын созуды тоқтатып, Жүнісбаев құрған «Намыстың» аяғы шатқаяқтап, мұрты қисая бастаған-ды. Айтып жатқаны – сол. Ауыру қатты меңдетсе де, өз жағдайын емес, елдің, спорттың жағдайын ойлап жатты. «Республиканың спорт комитетін басқаратын азамат-ақ еді» деп отыратын замандастары.
Біз желтоқсан оқиғасына байланысты Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шәймерденов секілді жазушылардың ерлігі туралы жиі айтамыз. Солардың тасасында Сейдахмет Бердіқұлов феномені ұмыт қала береді. Меніңше, оның сол коммунистердің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде-ақ Қазақстан Компартиясы ОК хатшысына «Саусағыңызды шошайтпаңыз, жолдас хатшы! Бізді құртқан – сол саусақ!» деп кесіп айтуы – кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерлік. Біле білгенге өз мүддесінен гөрі ел мүддесін жоғары қойған Сейдағаң қандай құрметке де лайық.